Талмай іздену табысқа жеткізеді

Бүтін дүниенің ағы мен қарасын, дұрысы мен бұрысын ажыратуға, жөн-жосығын пайымдауға, мән-мағынасын ұғынуға бұл жалғанға көзді тырнап ашқан сәттен бастап әр істің өзінің үйретер  ұстазы болады. Ол ұстазды өміріңде атқарар қызметі мен алатын орнына байланысты әрқалай атайды. Ең алғаш сан-салалы сұрақтарымызға жауап беріп, білмегенімізді үйреткен ұстазымыз ата-анамыз. Мектеп табалдырығын аттаған соң қолымызға қалам мен қағазды ұстатып, білмегенімізді ақылды досымыз кітаптан іздеп оқимыз. Әр пәнді жетік меңгеру үшін мұғалімдер аянбай тер төгеді. Ұстаз – ұлылықтың белгісі себебі ақын да, әкім де, ғалым да, дарын да ұстаздан білім алып, сол ұлы адамның алдында өтеді. Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан деп Абай атамыз айтқандай, мұғалімдерімізге тек білім емес, кішіпейілділік, адамгершілікті қосып үйретеді. Мектеп қабырғасында жүріп азды-көпті алған біліміміз біздің жоғары оқу орнында білімімізді жетілдіруге берілетін жолдамасы іспетті.

Ата-анамыз бізге шыншылдық пен адалдықты мектебіміз берген білімді өз деңгейінде алуды университет ізденуді ғылымға құштарлыққа үйретсе, ал өмір атты ұстазымыз осы үйренген дүниелердің барлығын сынаққа алып, шыншылдығың мен адалдығың, білімділігіңмен келген қиындық пен қуаныштарға жауап беруді үйретеді. Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп текке айтпаған. Бүгінгі ұстаз ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей  болып, жан-жақты білімді, білікті, сауатты, өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне жеткізе біледі. Шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жеткізе білетін нағыз ұстаз бола алады.  Әр мұғалімнің өміріндегі басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, мектептен алған білімін өмірде орынды пайдалану және  заман талабына сай азаматтарды тәрбиелеу.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің білім саласына ерекше қолдау көрсетуінің, әлемдік деңгейдегі оқу орындарының озық тәжірибелерін еліміздің болашағы жастарға білім беру үшін мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында көптеген курс сабақтар оқытылып жатыр. «Білгенім – тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» демекші,  алдыма үлкен мақсат қойдым. Болашақ шәкірттерім өз Отанының білімді, белсенді жанашыр азаматтары болып қалыптасуына, жаңаша педагог болып, өркениетті еліміздің азаматы болатын тұлға қалыптасуына ықпал жасаймын деген ойдамын.

Менің педагогикалық ұстанымым оқушыларға әділ болып, олардың білім сапасын көтеру болып табылады. Қазіргі заманауи мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі емес, тарихы-танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылықты талап етеді. Абай атамыз айтқандай, «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты, сондықтан ұстаздық қасиетке  барынша  адалдық танытып, бар  ғұмырын ұстаздық саласына  арнау әрбір  адамның  қолынан  келе бермейтін іс. Ұстаз болу адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Білім саласында қызмет етіп, елді көркейтем деген адам аянбай еңбек еткенде ғана абыройға ие болады. Нағыз ұстаз адалдықты, шыншылдықты ту етіп, тәртіпке басын иіп, ерінбей еңбек етуі керек. Нағыз ұстаз көшбасшы болу керек. Әрбір білім саласындағы басшы қызметкер, әрбір мектеп директоры, әрбір мұғалім көшбасшы болып, шәкірттердің бойына мемлекетшілдік, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіре білгенде ғана Қазақ елі мәңгілік Елге айналады.

«Адам мен адамды теңестіретін – білім» екенін Мұхтар Әуезов айтса, өзге дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін біз білім алаңында олармен тең дәрежелі болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті елдер қатарында болуымыз үшін, ең алдымен, жастарымыздың білігі мен біліміне көңіл аударып, сандық көрсеткішке емес, сапалық көрсеткішке баса назар аударуымыз керек.  «Ұстаздық – ұлы іс» деп  кемеңгер жазушымыз М.Әуезов айтқандай, бұған лайық болу – үлкен абырой,  басты борышым деп есептеймін.

 

Жаңыл ҚАМБАРБЕКОВА,

№198 мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.                                     

Түрксіб ауданы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *