ТАЛАЙДЫҢ ДЕГБІРІН ТҮГЕСКЕН ФУТБОЛ

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бүгінде әлем назары Ресей жерінде футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында. БАҚ беттері әр матчтың өзіне тән қызығы мен шыжығы, қуанышы мен өкініші туралы қызу да жарыса жазып жатыр. Әлгі Фейсбук әлеуметтік желісін аша қойсаңыз да, беті толған «футбол». Желі беті де стадион болып кеткен бе дейсіз еріксіз.

Букмекерлік кеңселердің де айы оңынан туып тұрғаны анық. Доп додасына алдын ала сәуегейлік жасап, бәс тігіп жүргендер де аз емес.

Түнімен ұйқы көрмей, «көк жәшіктің» алдында экранға телміріп отыратын жанкүйерлердің арасында қыз-келіншектер де жоқ емес. Айтпақшы, теңбіл доп өнеріне тікелей атсалы­сып, оның дамуына үлес қосып жүрген 600-ден астам әйел бар көрінеді. Оның ішінде 20-ға жуығы футбол менеджері, 80-і – директорлар кеңесінің құрамында, ал 50-ден астамы футбол клубтарының президенті.

Бірақ негізгі айтпағым ол емес еді…

Қақпашы қыз

Жеті ұлдың арасында жалғыз өстім. Есімді білгелі қуыршақпен ойнамағаным айдан анық. Ағаларым жандарынан тастамайтын, әлде әке-шешемнің «жалғыз қыз, жылатпаңдар» дегенді сол кезде-ақ саналарына сіңіріп қойды ма екен, әйтеуір бір елі қалдырмайтын.

Көз ұшына дейін тартылып кеткен Арал теңізінің қайраңында қаңырап бос қалған үш кеме болатын. Ұлдарға еріп сол кемелердің ұшар басына дейін еш қиындықсыз өрмелеп шығып кете беруші едім. Рогаткамен шіл атып, оны қайық түбінде отырып отқа қақтап жейтінбіз. Енді бір сәт ләңгі теуіп кететінбіз. Қаз-қатар тігілетін асықтарды дәл көздейтін мергендігім мен ептілігім туралы да мақтана айтып кетейінші. Қол-аяқ күс-күс. Қыз сиқым жоқ. Білмеймін, үйдегілер солай дейтін. «Оның есесіне үй жинап, ыдыс-аяқ жусаң қайтер еді?!», – деп шешемнің сөйлейтіні есімде.

Сонымен, бәрінің басына «су құйып» тастап, енді футбол ойнауға шығамыз. Бұл «Ешкі ауылдың» (біздің көше осылай аталатын) балалары әке-шешелерінің айқай-ұйқайымен суларын тасып, қойларын қоралап болатын әр кеште кестесінен жаңылмай бастайтын дәстүрлі ойыны еді. Біздің көшені «ұстап тұрған» – біздің Егізбай (сыңарым), сондықтан футбол додасына қатысуыма ешкім қарсылық білдіре қоймайды. Былғары доп та біздің үйдің меншігінде.

Бірақ тек қақпада тұрушы едім. «Саған сол да жетеді», – дейтін ұлдар. Кейін мықты қақпашы да болып алдым. Солай. Кейбіреулер «майысқан нәзік түрің мынау, біріне де сенбеймін» деуі әбден мүмкін. Бірақ балалық шағымның еш әсірелеусіз, боямасыз көріністері осы.

Кейін, үйдегі ұлдармен бірге, түн ұйқымды спортқа ұрлатып, мен де «Горизонт» теледидарының алдында отырушы едім. Футбол, хоккей дейсіз бе, бәрінің ойыншыларын, жаттықтырушыларына дейін жатқа білетінмін. Тіпті, арнайы дәптер ашып, соған жеңістер мен жеңілістерді әдемілеп, ою-өрнектеп тұрып тізіп жазып қоятын да хоббиім болған.

Жанкүйерлер

Бір қызығы, бүгінде мүлдем футбол көрмеймін. Есейе келе оның орнын басқа құндылықтар басты.

Бірақ осы футбол үшін небір жанкүйерлердің ессіз әрекеттерін естіп, бас шайқайсың. Әрине, жасыл алаңда теңбіл доптан басқаны ұмытып, тері шүмектеп ағып жүретін футболшылардың әр сәтін бағалай да құрметтей білетін – нағыз жанкүйерлер!

Неміс ғалымдарының зерттеуінше, соңғы 20 жылда футбол көріп отырып, жүрегі тоқтап қалған жанкүйер­лердің саны  қырық мың адамға жеткен. Тарихта футболшылардың да алаңда жан тапсырған сәті көптеп кездескен.

1966 жылғы Англиядағы чемпионат алдында бас кубок қолды болады. Қадірлі кубокті бір апта дегенде, Лондон бағында иесі жетектеп жүрген ит көк шөптің арасынан тауып алыпты.  Сөйтіп, кейін Англия құрамасы жеңісінің құрметіне жайылған дастарқанға, яғни банкетке әлгі ит ең қадірлі мейман ретінде шақырылған екен.

1983 жылы Бристольда Майк Бэгли арбитр блокно­тындағы өзінің жасыл алаңның құқықтарын бұзғандығы туралы ескертпелер тізілген парақты аузына тығып жіберіп жеп қойған. Неткен ашу десеңізші!

Ал 1989 жылы итальяндық «Пьянта» клубында ойнаған Фернандо д’Эрколи өзіне көрсетілген қызыл карточканы шайнап жеп қойған.

2002 жылы «реалдық» Хосе Мария Лопес Силва өзіне қызыл карточка көрсеткен төрешінің иығын қыршып тістеп алыпты.

 

Нөмірлер

Алғаш рет футбол әлемінде, нақтырақ айтсақ, 1928 жылғы қазанда лондондық «Арсенал» мен «Челси» клубтарының матчында ойыншылар жейделеріне нөмір жазып шыққан. Арада бірнеше жыл өткенде басқа клубтар да бұл жаңалықты пайдалана бастаған. Ал әлем чемпионаттарында 1950 жылдан бастап нөмір қолданылады.

1978 жылы әлем чемпионатының алдында Аргентина құрамасының футболшылары нөмірлерді бөлісе алмай қалған деседі. Сондықтан бас бапкер Менотти ерекше амал ойлап тауыпты. Нөмірлерді әліпби бойынша таратып берген. Аргентиналықтар бұл дәстүрді 1982 жылғы әлемдік додада да қайталады. Тек Марадонаға ғана еркіндік берілген, ол өзінің 10-шы нөмірімен өнер көрсетті.

1999 жылы шотландиялық «Абердин» сапында марокколық Хишам Зеруали өнер көрсетті. Оны жанкүйерлер «Зеро» деп атап кеткен. Сондықтан футболшы өзіне «нөл» деген нөмірді таңдаған. Бірнеше жылдан соң Зеруали көлік апатынан қайтыс болғанда, оның құрметіне «нөл» нөмірін енді басқа футболшылар кие алмаған.

 

Төрешілер

Бұрын футболда ешқандай төреші болмапты.  Мысалы, XІX ғасырдың ортасында англиялық командалар матчтың алдында алаңға қанша ойыншы шығатынын, кездесу қанша минутқа созылатынын өзара келісіп алатын болған көрінеді. Ал дау-дамай орын алған сәттерде екі команда ортақ шешім шығарып отырған.

Бірде Итон мен Винчестердің студенттік командалары ортада біреудің «делдал» болуын қалаған. Сөйтіп, сол «делдалдар» әр команданың қақпасы артында тұрып, соғылған голдарды санап тұрған. Кейін «делдалдан» бөлек рефери пайда болды. Олар алаңның жиегінде тұрып, «делдал» қабылдай алмаған шешімдерді шығарған.

1881 жылы рефериге голдың соғылған-соғылмағанын анықтау міндеті қойылды. Бірақ мұндай өзгеріс көбіне ұнамаған: көптеген футбол клубтары төрешінің матч нәтижесі үлкен әсер тигізетінін айтып, қарсы болған. Ол кезде арбитрлер әлі де алаң жиегінде тұрады екен. Тек 1891 жылы ғана қазылар алаңға шыға бастапты. Сол кезде ысқырық та пайда болған көрінеді.

Айтпақшы, төрешілерде ысқырықтың пайда болуы бір қызық оқиғамен байланысты. Бұған дейін олар айқайлап сөйлейтін немесе қоңырау қолданатын. Бірақ матчтардың бірінде арбитр міндетін полиция қызметкері атқарды. Алаңда төбелес болған кезде ол көп ойланбай ысқырықты пайдаланған. Мұндайды күтпеген футболшылар дереу төбелесті қоя салады. Содан футбол шенеуніктері төрешілерге ысқырық беруді жөн деп санаған екен. Бұл оқиға XІX ғасырда болғанымен, ысқырық әлі күнге дейін сақталды.

 

Ырымдар

Кеңес кезіндегі атақты бапкер Валерий Лобановский «13» санына қауіппен қараған. Ол киевтік «Динамоны» жаттықтырған кезде алаңға ешкім осы нөмірмен шықпайтын. Жаңа киімдерді алып келгенде де, Лобановский 13-ші нөмірлі жейдені лақтырып тастайтын болған.

Голландиялық маман Гус Хиддинктің командасы бір ойында жеңіске жетсе, келесі матчқа сол кездегі галстугын қайта киеді. Ал жеңіліп қалса, сонда киген галстугымен қоштасады.

Голландия футболының аңызы Йохан Кройф матч басында сағызын қарсылас жаққа қарай түкіріп жіберетін болған. Бірде, 1969 жылы Чемпиондар кубогының финалында Кройф сол дәстүрін ұмытып кеткен. Бір қызығы, оның командасы сол жолы жеңіліп қалған.

«Шалькеде» ойнаған голкипер Норберт Нигбург алаңға Рим Папасының суретін алып шығатын болған. 90 жылдардағы Болгария құрамасының көшбасшысы Христо Стоичков ойын алдында бутсасына тиын салып қоятын болыпты. Мұның қаншалықты көмектескені белгісіз, бірақ Стоичков сол кезде көп гол соғатын футболшы екен.

Тақырыпқа орай айта кетейік, Қазақстанға  футбол 1909-1910 жылдары келген. Әуелі  Орал,  Атырау,  Ақтөбе,  Павлодар,  Семей,  Петропавл қалалары жастарының ермегіне айналған өнер уақыт өте бұқаралық сипат алған екен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *