Тәуелсіздік — баға жетпес байлығымыз!

скачанные файлы

Серік ЖҰМАБАЕВ

Қазақ елі – Тәуелсіз мемлекет, дербес, азат ел. Егемен ел болғанымызға 25 жыл толады. Тарих үшін бұл әрине, қас қағымдай сәт. Бірақ жер бетінде тәуелсіздігін сақтай алмаған, азаттықты аңсап жүрген қаншама елдер бар. Олар дербестік алып, әлемге танылмақ түгіл, әлі күнге дейін бостандығын ала алмай жүр. Ал қазақ елі 21 жыл ішінде іргелі, айбынды мемлекетке айналды. Бүкіл әлем таныды, тамсанып, таңғалып келеді. Бұған тәубе деуіміз керек. Біз бұл тақырыпта тәуелсіздігін сақтай алмаған және азаттықты аңсап жүрген елдер төңірегінде аз-кем тоқталғанды жөн көрдік. 

Этнографтардың пайымдауынша, әлем­де 3,5 мыңнан аса ұлт бар екен. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының қатарында бүгінде 193 мемлекет қана бар. Әрине, БҰҰ құрамына тек Тәуелсіздігі танылған мемлекеттер ғана мүше бола алатыны белгілі. Енді әлемде тәуелсіздігі танылмаған қанша мемлекет барын осыдан-ақ бағам­дай беріңіз. Тіпті 50 миллионнан аса халқы бар күрдтер де, 20 миллионнан аса ұйғыр­лар да әлі күнге дейін дербес ел бола алған жоқ. Шотландиялықтар да Ұлы­бри­та­ниядан тәуелсіздігін алғысы келеді. Олар тәуелсіздікке қатысты референдумды 2014 жылы өткізуді жоспарлап отыр. Венеция халқының да Италиядан бөлінгісі бар. Бавария Германиядан тәуелсіздік алғысы келе­тінін ашық жеткізіп жүр. Корнуолл халқы, Джерси аралы Ұлыбританиядан дер­бестікті аңсаса, Палестина халқы Израильден бөлініп, егеменді ел болғысы келеді. Австрияның қарамағындағы чех­тар, словактар т.б. ұлттардың кейбірі авто­но­мия сұраса, енді бір ел дербес мемлекет атануды аңсап жүр. Санамалай берсек, әлемде тәуелсіздігін ала алмай жүрген, азат­тықты аңсап, дербестікке қол жеткізе алмай жүрген елдер өте көп. Онымен қоса, тәуелсіздік алғанымен оны мойындата алмай отырған мемлекет те қаншама?! Мәселен, Африка құрлығында Сомали тер­риториясындағы Сомалиленд, Пунт­ленд, Галдумуг, Нортленд елдері, Пәкіс­тандағы Вазиристан, Мьянмадағы Шан және Ва елдері өз тәуелсіздігін мойындата алған жоқ. Кейбір елдердің тәуелсіздігі әлемдік қауымдастықтың бір бөлігінің тарапынан мойындалды. Мысалы, Сахара араб демократиялық республикасын – 49 ел, Палестинаны – 97 ел, Косовоны – 60 ел, Тайваньды – 23 ел, Абхазия мен Оң­түс­тік Осетияны екі ел ғана мойындап отыр. Ал кейбір елдер өзара бір-бірінің тәуел­сіз­дігін мойындамайды. Израиль мем­ле­ке­тінің тәуелсіздігі көптеген Араб елдерінің тарапынан таныла қойған жоқ. Сол секілді Қытай Тайваньның, Чехия мен Словакия Лих­тенштейннің, ал Лихтенштейн Чехия мен Словакияның тәуелсіздігін мойындай қойған жоқ.

Камал БҰРХАНОВ, қоғам қайраткері:

– Әлемде 193 мем­лекет бар. Оның үстіне, АҚШ, Канада, Жаңа Зе­ландия, Австралия се­кілді елдер ұлт­тың негі­зін­де емес, жан-жақтан жи­нал­ған эми­грант­тардың есебінен құ­рыл­ған. Сон­дық­тан тәуелсіз мемлекеттер әлемде 193 емес, одан да аз деп есептеймін. Сондай-ақ кезінде түрлі жағдайларға байланысты тәуел­сіз­дігінен айырылып қалған мемлекеттер бар. Мәселен, Үндіс­тан, Пәкістан, Бан­гла­деш, Африка елдері, Бразилия, Индо­незия, Оңтүстік Америка т.б. көптеген елдер дер­бес­ті­гінен айыры­лып, өзге елдің боданында болды. Кейін түрлі жағдайларға бай­ла­нысты қайтадан азаттық алды. Сол секілді біз де кезінде тәуелсіздігімізден айырылып, Кеңес одағының қара­ма­ғында өмір сүрдік. Соңғы ханымыз Кене­сары хан неге қиын жағдайда қайтыс болды? Басы Петербургте, де­несі Бішкекте қалып қойды. Өйткені ол екі жақпен қырқысты. Солтүстіктен орыс патшасы, оңтүстіктен Қоқан ханы қыспаққа алды. Біздің ел Қоқан әскерін Қызылордадан Бішкекке дейін қуып шықты. Өкінішке орай, Кеңес одағы кезіндегі тарих­на­мада осы қақтығыста «қазақ пен қырғыз соғысты» делінген. Ол дұрыс емес. Қазақ қырғызбен емес, Қоқан хандығымен соғысты. Ал қыр­ғыз­дар Қоқан ханның құрамында бол­ды. Осындай қиын-қыстау кезде біз тәуелсіздігімізден айырылып қалдық. Алайда кейін келе-келе етек-жеңімізді жинап, егемендігімізді алдық. Бұл ара­лық­та қаншама көтеріліс, ұлт-азаттық қақтығыстар орын алды. Бірақ тәуел­сіздікке қол жеткізіп, егеменді ел бол­ға­нымызға 21 жыл толды. Тарихта талай-талай ауыртпалықты бастан ке­шір­се де, ешкімге басын имеген қазақ халқы қазір әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде. Ендеше әрқашан да әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең байтақ ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі нығая берсін, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін дегім келеді.

Шынында да, Тәуелсіздігіміздің арқа­сын­да Қазақстан қарыштап дамыды, бар­лық жағынан ел абыройы әлемге асқақ­та­ды. Шетелден миллионға жуық қан­­дас­­тарымыз көшіп келді. Тәуелсіздік болмаса, олар қалай көшіп келер еді. Бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта, экономика мен өмірдің өзге де салала­рын­да өзіндік орны мен күші бар мемлекетке айналды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі, тіпті төрағалық та етті. Осының барлығы да – Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *