ТҰЛҒАТАНУ ҮРДІСІ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

Өз ой-пікірімен де, іс-әрекетімен де көпшілікке темірқазық бола білетін дара тұл­ғалардың орны қашан да бөлек. Қоғам­дық санаға қозғау салатын да, үлгі-өнегесімен ел-жұртты соңынан ерте алатын да, адамның жанын ізгілендіріп, рухани баюға бағыт нұсқап, жол көрсететіндер де – солар.   

«Алматы ақшамы» тұлғатану мәселеле­ріне үнемі жіті көңіл бөліп, осы тақырыпты жан-жақты тарата жазып келе жатыр. Оқыр­ман бұған «Тұлғатану», «Адамдар. Жыл­дар. Тағдырлар», «Жарық жұл­дыздар», «Бұрынғының адамдары-ай!» және тағы да басқа тұрақты айдарларымыз арқылы көз жеткізе алады. Бұл айдарлар аясында елі­міздің кеудесі қазынаға толы кемең­герлері мен ойшылдарының, қалам қайраткер­лері мен сахна саңлақтарының, өнер майтал­ман­дары мен спорт сайыпқырандарының ғұмырын­дағы қызықтар мен шыжықтар баяндалады.

Осы орайда біз «Биыл кімдердің мерей­тойлары болады?» деген сауалға жауап іздеп, бірауық күнтізбеге үңіліп, біраз ғалам­тор ақтар­ған едік. Сол талпынысы­мыздың нәтижесін назар­ларыңызға ұсына отырып, босағамыздан бері аттап үлгерген 2019 жылы да газеттің тұлғатану саласын­дағы игі дәстүрі әрі қарай жалғаса беретінін естеріңізге саламыз.

Әмина Өмірзақова
Әбілхан Қастеев

Қаңтар

1 қаңтарда белгілі журналист Серік Пірназар 65 жасқа толды;

10 қаңтарда театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі, Жезқазған му­зыка-драма театрының көркемдік жетек­шісі Досжан Жанботаев – 70 жас­қа, ал бокстан үш дүркін респуб­лика чемпионы, ҚР еңбек сіңірген жаттық­ты­рушысы, ҚР еңбек сіңірген қай­раткері Тұрсынғали Еділов – 60 жасқа;

11 қаңтарда Қазақстанның халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова 55 жасқа;

14 қаңтарда философия ғылымының докторы, профессор Гүлжихан Нұры­шева 60 жасқа;

15 қаңтарда мемлекет және қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел 70 жасқа;

18 қаңтарда белгілі айтыс ақыны Бөрібай Оразымбет 65 жасқа;

20 қаңтарда әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова – 65 жасқа, театр және кино актері, Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Нұрәсілов – 70 жасқа, ал ақын Ауыт Мұқибек – 50 жасқа;

27 қаңтарда «Құрмет» орденінің және С.Сейфуллин атындағы сый­лық­тың иегері, жазушы Кәмел Жүністегі 80 жасқа толады.

Сәкен Сейфуллин

Бұл айда Қазақстанның халық әртісі, ұлттық театр өнері негізін қалау­шылардың бірі Елубай Өмірзақовтың туғанына 120 жыл (01.01), Сүгір жырау Бегендікұлының туғанына 125 жыл (01.01), әйгілі қобызшы Дәулет Мық­тыбе­ков­тің және күйші-дом­бырашы Мұрат Өскен­баевтың туғанына 115 жыл (01.01), даңқты қобызшы-ком­позитор, күйші Сүгірдің шәкірті Жаппас Қалам­баевтың және Қазақстанның халық әртісі, әнші, ұстаз Ғарифолла Құрман­ға­лиевтің туғанына 110 жыл (01.01), КСРО халық суретшісі Орал Таңсық­баевтың және Қазақ­станның халық суретшісі Әбілхан Қас­теевтің туғанына 115 жыл (14.01), Қа­зақ­станның халық жазу­шысы, ақын Әбділ­да Тәжібаевтың туғанына 110 жыл (22.01), КСРО және Қазақ­стан халық әртісі, актриса Сәбира Майқа­нованың туғанына 105 жыл (01.01), Қазақстанның халық әртісі, әнші Рабиға Есімжанованың туға­нына 105 жыл (05.01), жазушы Саттар Ерубаевтың туғанына 105 жыл (30.01), ақын, аудармашы Ізтай Мәмбетовтің туға­нына 90 жыл (01.01), айтыс ақыны Көпбай Омаровтың туғанына 90 жыл (03.01), Қазақстанның халық әртісі, домбырашы, ұстаз Әзидолла Есқалиев­тің туғанына 85 жыл (01.01), жазушы, сықақшы, ұстаз Сейіт Кенжеахметұлы­ның туғанына 80 жыл (12.01), мемлекет және қоғам қайраткері Шайсұлтан Шаяхметовтің туғанына 80 жыл (07.01), жазушы Жақсылық Түмен­баев­тың туғанына 75 жыл (05.01), мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаді­ловтің туғанына 75 жыл (15.01), Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ибрагим Исаның туғанына 70 жыл (07.01), М.Мақатаев атындағы сый­лықтың иегері, ақын Ерік Асқаров­тың туғанына 60 жыл (10.01) толады.

 

Ақпан

1 ақпанда белгілі ақын, журналист Абзал Бөкен 70 жасқа;

3 ақпанда Қазақстанның халық әртісі, әнші Нағима Есқалиева – 65 жасқа; ал журналист-жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, актер Омар Қыйқымов – 60 жасқа;

4 ақпанда дәстүрлі әнші, халық­аралық байқаулардың жүлдегері Ерлан-Ідіріс Құжиманов 50 жасқа;

5 ақпанда Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Бағдат Сәмединова – 65 жасқа; «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жазушы Дидар Амантай – 50 жасқа;

7 ақпанда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, актриса Гүлжамал Қазақбаева 70 жасқа;

17 ақпанда жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт 70 жасқа;

19 ақпанда белгілі футбол ардагері, төре­ші Фанас Салимов 55 жасқа;

21 ақпанда ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы 50 жасқа;

25 ақпанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Сәулебек Асылханұлы 70 жасқа;

26 ақпанда «Түркі әлемі» студиясы­ның бас директоры, сықақшы, журна­лист Доқтырхан Тұрлыбек 70 жасқа толады.

Шәкен Айманов

Бұл айда КСРО халық әртісі, режис­сер, актер Шәкен Аймановтың туғанына 105 жыл (15.02), Қазақстан­ның халық жазушысы Сәкен Жүнісов­тің туғанына 85 жыл (01.02), мемлекет және қоғам қай­раткері, экономика ғылымының докторы, академик Қаратай Тұрысовтың туғанына 85 жыл (02.02), абайтанушы, әдебиет және өнер зерт­теушісі Төкен Ибрагимовтің туғанына 80 жыл (15.02) толады.

 

Наурыз

7 наурызда шаңғы спортынан 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Владимир Смирнов 55 жасқа;

11 наурызда журналист-жазушы Орысбай Әбділдәұлы 80 жасқа;

18 наурызда белгілі сықақшы Толым­бек Әлімбекұлы 65 жасқа;

22 наурызда журналист-жазушы, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай 60 жасқа;

25 наурызда мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов 60 жасқа;

25 наурызда ақын Ғұсман Жанды­баев – 75 жасқа; ал журналистика ардагері, «Алматы ақшамы» газетінің бұрынғы Бас редакторы Ерғали Сағат – 70 жасқа толады.

Бұл айда Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі Әнуарбек Үмбет­баев­­тың туғанына 105 жыл (20.03), Қазақ­станның халық әртісі, актриса Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл (08.03), аудармашы Әбілмәжін Жұмабаевтың туғанына 90 жыл (22.03), журналист-жазушы Бекежан Тілеге­новтің туғанына 85 жыл (10.03), ақын Мақсұт Неталиевтің туғанына 85 жыл (09.03), жазушы Қалаубек Тұрсынқұ­ловтың туғанына 85 жыл (25.03), диктор, тележурналист Тыныс Өтебаев­тың туғанына 75 жыл (14.03), Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, әйгілі әнші, өнертанушы Жәнібек Кәрме­новтің туғанына 70 жыл (22.03), белгілі киноактер Талғат Нығматуллиннің туға­нына 70 жыл (05.03) толады.

Бердібек Соқпақбаев

Сәуір

1 сәуірде ҚР Мемлекеттік сыйлығы­ның иегері, жазушы, тарихшы Қойшы­ғара Салғараұлы 80 жасқа;

5 сәуірде күрестен КСРО чемпионы, ел кубогының иегері, балуан, бапкер Аманжол Бұғыбаев 70 жасқа;

6 сәуірде суретші, қарутанушы-этнограф Қалиолла Ахметжан 70 жасқа;

8 сәуірде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Бақтияр Тайлақ­баев 60 жасқа;

26 сәуірде боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асыл­бек Қилымов 55 жасқа;

27 сәуірде Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, ақын, журналист Аманғазы Кәріпжанәулеті 55 жасқа;

29 сәуірде Қазақстан Жазушылар ода­ғының басқарма төрағасы, ҚР Мем­ле­кеттік сыйлығының иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет – 65 жасқа, «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлығының иегері, ақын Маралтай Райымбекұлы – 50 жасқа толады.

Бұл айда Қазақ Ғылым академия­сының негізін қалаушы және тұңғыш пре­зиденті, профессор, академик, гео­лог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың туға­нына 120 жыл (12.04), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер Таңат Жайлыбе­ковтің туғанына 90 жыл (15.04), жур­налист-жазушы Балғабек Қыдырбек­ұлының туғанына 90 жыл (15.04), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы­ның иегері, жазушы Қоғабай Сәрсе­кеевтің туғанына 80 жыл (01.04), ком­позитор Тілес Қажығалиевтің туғанына 70 жыл (25.04) толады.

Бибігүл Төлегенова

Мамыр

2 мамырда ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, композитор Ақтоты Райымқұлова 55 жасқа;

4 мамырда ақын Болат Жетекбай 55 жасқа;

8 мамырда ақын, аудармашы Байбо­та Серікбайұлы Қошым-Ноғай 65 жасқа;

9 мамырда белгілі театр және кино актері Бауыржан Қаптағай – 65 жасқа; Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, актриса Данагүл Темірсұлтанова – 55 жасқа;

12 мамырда тарих ғылымының док­торы, профессор Уахит Шалекенов – 95 жасқа; Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі, әнші Қапаш Құлышева – 70 жасқа;

15 мамырда Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Жәр­кен Бөдешұлы – 75 жасқа; ал Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі, актер Ерік Жолжақсынов – 60 жасқа;

19 мамырда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші, продю­сер Қыдырәлі Болманов 55 жасқа;

20 мамырда Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі Нариман Қаражі­гітов 85 жасқа;

21 мамырда Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл 65 жасқа;

23 мамырда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рама­зан Тайманов 65 жасқа толады.

Бұл айда Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушылардың бірі, ақын Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл (05.05), Қазақ археологиясының негізін қалаушы, тарихшы, әдебиетта­ну­шы, академик, профессор Әлкей Марғұланның туғанына 115 жыл (11.05), медицина саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессор Ишанбай Қарақұ­лов­тың туғанына 110 жыл (01.05), журна­лист, аудармашы Ғаббас Жұмабаевтың туғанына 95 жыл (05.05), тарих ғылы­мы­ның докторы, археолог Кемел Ақы­шев­тің туғанына 95 жыл (23.05), Қазақ­стан Республикасының тұңғыш қорға­ныс министрі, әскери қайраткер, «Халық қаһар­маны», армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 95 жыл (25.05), мемлекет және қоғам қайрат­кері, белгілі қаламгер Кәкімжан Қазы­баев­тың туғанына 90 жыл (10.05), әйгілі сықақшы Оспанхан Әубәкіровтің туға­нына 85 жыл (04.05), ақын Сағи Жиен­баевтың туғанына 85 жыл (05.05), фило­логия ғылымының докторы, ғалым, ақын Өтеген Күмісбаевтың туға­нына 80 жыл (20.05), мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухама­нов­тың туғанына 80 жыл (15.05), жур­налист, ақын Балтабай Әділдің туға­нына 70 жыл (01.05), театр режиссері, педагог, профессор Жанат Хаджиевтің туғанына 70 жыл (01.05), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер Жамбыл Құдай­бергеновтің туғанына 70 жыл (17.05), ақын, түркітанушы, әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің туға­нына 50 жыл (19.05) толады.

Сәбира Майқанова

Маусым

1 маусымда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер, режиссер Мұрат Ахманов 60 жасқа;

6 маусымда Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, сықақшы, журналист Еркін Жаппасұлы 65 жасқа;

13 маусымда филология ғылымының докторы, профессор, жазушы, ұстаз Кәкен Қамзин 70 жасқа;

14 маусымда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса Жанат Чайкина 65 жасқа;

15 маусымда мемлекет және қоғам қайраткері, Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібеков 95 жасқа;

20 маусымда журналист, сықақшы Берік Садыр 65 жасқа;

22 маусымда Қазақстан журналисти­касының қайраткері, ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы 70 жасқа:

30 маусымда «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенғарақызы – 70 жасқа; кинорежиссер, продюсер Сергей Әзімов – 65 жасқа толады.

Бұл айда Кеңес Одағының Батыры, қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұ­ло­ваның туғанына 95 жыл (15.06), филология ғылымының докторы, про­фессор, түркітанушы Алтай Аманжо­ловтың туғанына 85 жыл (02.06) толады.

Герольд Бельгер

Шілде

11 шілдеде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, актриса Рая Мұхамедиярова 80 жасқа;

22 шілдеде Қазақстанның халық әртісі, әнші, ұстаз, профессор Лаки Кесоглу 80 жасқа толады.

Бұл айда белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы Ләйлә Мұхтар­қызы Әуезованың туғанына 90 жыл (30.07), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері, актер Ошат Рақымовтың туғанына 80 жыл (08.07), ақын, аудармашы Ерлан Бағаевтың туғанына 65 жыл (03.07) толады.

 

Тамыз

6 тамызда «Қайрат» футбол коман­дасының даңқты қақпашысы, спорт функционері, бапкер Құралбек Орда­баев 70 жасқа;

9 тамызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемле­кеттік жастар сыйлығының иегері, театр актрисасы Әсел Мәмбетова 60 жасқа;

16 тамызда жазушы Сәбит Дүйсен­биев 60 жасқа;

17 тамызда ҚР ҰҒА академигі, фило­логия ғылымының докторы, профессор Рәбиға Сыздық 95 жасқа;

19 тамызда атақты баскетболшы, 1988 жылғы Олимпиада чемпионы, Еуропа чемпионы, «Астана» баскетбол клубы­ның бас менеджері Валерий Тихоненко 55 жасқа;

23 тамызда ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғының иегері, ақын Ақұштап Бақтыге­реева 75 жасқа;

27 тамызда ұзақ жылдар «Қайратта» өнер көрсеткен белгілі футболшы Борис Жұманов 60 жасқа толады.

Бұл айда Қазақстанның халық әртісі, әнші Жүсіпбек Елебековтің туға­нына 115 жыл (28.08), Кеңес Одағының Батыры, әскери ұшқыш Нүркен Әбді­ровтің туғанына 100 жыл (09.08), мем­лекет және қоғам қайраткері, жазушы, Отан соғысының ардагері Сейдәлім Тәнекеевтің туғанына 95 жыл (05.08), журналист, аудармашы Сабыр­жан Шүкірұлының туғанына 80 жыл (12.08), Қазақстанның халық әртісі, әнші Мәдина Ералиеваның туғанына 65 жыл (02.08) толады.

Амангелді Айталы

Қыркүйек

2 қыркүйекте журналист-жазушы Сәуле Досжан 60 жасқа;

3 қыркүйекте филология ғылымы­ның докторы, профессор, әдебиеттану­шы ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғының иегері Шериаздан Елеукенов 90 жасқа;

5 қыркүйекте ҚР еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамед­қызы 50 жасқа;

6 қыркүйекте әнші Нұрлан Абдуллин 55 жасқа;

7 қыркүйекте мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев 80 жасқа;

10 қыркүйекте мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы 80 жасқа;

17 қыркүйекте ҚР Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы, экономист, банкир, қаржыгер Ғалым Байназаров 75 жасқа;

29 қыркүйекте кезінде «Қайрат» командасында ойнаған футбол ардагері Қайрат Айманов 55 жасқа;

30 қыркүйекте журналист, аударма­шы Сарбас Ақтаев 85 жасқа толады.

Бұл айда мемлекет және қоғам қай­раткері, публицист Сұлтанбек Қожа­нов­­тың туғанына 125 жыл (10.09), Қа­зақ­станның халық әртісі, актер Қапан Бады­ровтың туғанына 115 жыл (21.09), тарих ғылымының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың туғаны­на 95 жыл (05.09), КСРО халық әртісі, Мемле­кеттік сыйлық­тың иегері, композитор Сыдық Мұхамед­жановтың туғанына 95 жыл (21.09), жазушы, кино­драматург, актер Сәтімжан Сан­баевтың туғанына 80 жыл (16.09), мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспановтың туғанына 70 жыл (17.09) толады.

Әбіш Кекілбаев

Қазан

2 қазанда баскетболдан 1972 жылғы Олимпиаданың жеңімпазы, Еуропа және КСРО чемпионы Әлжан Жармұ­хам­медов 75 жасқа;

10 қазанда кезінде «Қайрат» коман­дасында ойнаған футбол ардагері, қазір «Тараз» футбол клубын жаттықты­ратын бапкер Вахид Масудов – 60 жас­қа; ал белгілі айтыскер ақын, компо­зитор Ақмарал Леубаева – 50 жасқа;

14 қазанда жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы­ның иегері Роза Мұқанова 55 жасқа;

15 қазанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғалымдар үйінің ди­рек­торы Ғайникен Бибатырова 85 жасқа;

16 қазанда ақын, айтыскер, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов 65 жасқа;

21 қазанда мемлекет және қоғам қайраткері, педагогика ғылымының докторы, профессор Жұмағали Нау­рызбай 70 жасқа;

Әбдіжәмил Нұрпейісов

22 қазанда Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлы­ғының иегері Әбдіжәмил Нұрпейісов 95 жасқа;

25 қазанда даңқты боксшы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, Еуро­па чемпионы Серік Қонақбаев 60 жасқа;

29 қазанда педагогика ғылымының докторы, профессор, психолог Құбығұл Жарықбаев 90 жасқа толады.

Бұл айда Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушылардың бірі, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл (15.10), әдебиеттанушы-ғалым, фило­логия ғылымының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың туғанына 105 жыл (04.10), мемлекет және қоғам қай­раткері, тілші-ғалым Нұртас Оңдасы­нов­тың туғанына 105 жыл (26.10), жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туға­нына 95 жыл (15.10), журналист-жазу­шы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 95 жыл (02.10), жазушы Мұхамеджан Дүзеновтің туғанына 95 жыл (18.10), Рейхстагқа ту тіккен батыр, «Халық қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 95 жыл (19.10), жазушы, журналист Сара Мыңжасарқызының туғанына 95 жыл (29.10), ақын, сықақшы Шона Смаханұлының туғанына 95 жыл (05.10), Қазақстанның халық жазу­шысы, аудармашы Герольд Бельгердің туғанына 85 жыл (28.10), Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші-композитор Әбдімомын Желді­баев­тың туғанына 85 жыл (15.10), жазу­шы Тобық Жармағамбетовтің туғанына 85 жыл (15.10) толады.

Фариза Оңғарсынова

Қараша

5 қарашада киноактриса, тележүр­гізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнара Дусматова 55 жасқа;

13 қарашада ақын Нұртас Исабаев – 65 жасқа; ал ақын Мұрат Шаймаран – 50 жасқа;

18 қарашада әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы, про­фессор Темірхан Тебегенов 70 жасқа;

20 қарашада тарих ғылымының докторы, профессор Бүркітбай Аяған 65 жасқа;

23 қарашада Қазақстанның халық әртісі, драматург, режиссер Талғат Теменов 65 жасқа;

25 қарашада жазушы, журналист Құлтөлеу Мұқаш 60 жасқа толады.

Бұл айда жазушы Бейімбет Майлин­нің туғанына 125 жыл (15.11), Қазақ­станның еңбек сіңірген дәрігері, меди­цина ғылымының докторы, профессор Бахия Атшабаровтың туғанына 100 жыл (01.11), ақын, драматург Берқайыр Аманшиннің туғанына 95 жыл (11.11), ақын, журналист Бүркіт Ысқақовтың туғанына 95 жыл (04.11), Қазақстанның халық әртісі, әнші Суат Әбусейітовтің туғанына 90 жыл (04.11), әдебиетта­нушы, аудармашы Баламер Сахариевтің туғанына 90 жыл (06.11), мемлекет және қоғам қайраткері Марс Үркімбаевтың туғанына 80 жыл (23.11), КСРО халық әртісі, актер, суретші Сүйменқұл Чокморовтың туғанына 80 жыл (09.11), композитор Бексұлтан Байкенжеевтің туғанына 70 жыл (07.11), ҚР Таэквондо федерациясының негізін қалаушы, осы спорт түрінен «қара белбеу» иегері, халық­аралық дәрежедегі бапкер Мұста­фа Өзтүріктің туғанына 65 жыл (23.11) толады.

 

Жәнібек Кәрменов

Желтоқсан

12 желтоқсанда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер Сағат Жылгел­диев 65 жасқа;

13 желтоқсанда ғалым, академик, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Әбдуәлі Қайдар 95 жасқа;

14 желтоқсанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Азат Сейтметов 55 жасқа;

16 желтоқсанда КСРО халық әртісі, әнші Бибігүл Төлегенова 90 жасқа;

18 желтоқсанда мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов 75 жасқа толады.

Серік Қонақбаев

Бұл айда қоғам қайраткері, алаш­ордашы, тілтанушы Телжан Шонан­ұлының туғанына 125 жыл (17.12), мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл (26.12), қазақ тіл білімі саласындағы тұңғыш профессор, түрколог, педагог Құдай­берген Жұбановтың туғанына 120 жыл (27.12), суретші, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Үкі Әжиевтің туғанына 95 жыл (23.12), театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі Қасым Жәкібаевтың туғанына 90 жыл (12.12), Қазақстанның халық суретшісі Гүлфай­рус Ысмайылованың туғанына 90 жыл (15.12), Қазақстанның халық жазу­шысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл (25.12), Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының туға­нына 80 жыл (06.12), журналист, пуб­лицист Жұмабек Кенжалиннің туғанына 65 жыл (30.12) толады.

Сондай-ақ, 2019 жылы ақын Сәбит Дөнентаевтың туғанына 125 жыл, Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің туғанына 95 жыл толмақ.

Әрине, мерейлі даталар тізімі мұны­мен шектелмейді. Біз күн­тізбеге қарап отырып, наза­ры­мызға іліккен белгілі тұлға­ларды ғана атап көрсеттік. Ал біз ақтар­ған күнтізбеден табылма­ған, сөйтіп, абайсызда аталмай қал­ған кісілер болса, олар неме­се олардың туыстары түсініс­тікпен қарайды деп ойлаймыз.

 

Әзірлеген – Сәкен СЫБАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *