ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚ БӘРІНЕН

дарынды ғалым Нұрсейіт Ақүрпеков жайында

 

71Екі сыныптан «секіріп» өткен бала

Луговой ауданы (қазіргі Т.Рысқұлов) «Құм­арық» ауылының орта мектебінде бүгін бұрын-соңды болмаған ерекше педкеңес өтіп жатыр. Талқыланып жатқан мәселе біреу, ол – жетінші сынып оқушысы Ақүрпеков Нұрсейіт Мұсабек­ұлының «ісі» туралы. Институтты өткен жылы ғана бітіріп келген жас ұстаз Зәуре осының алдында ғана мектеп директорының кабинетіне жылап келген. Оның бода-бода болып жылаған себебін сұрағанда ол:

– Ағай, мен жетінші сыныпқа, оның ішінде Ақүрпеков Нұрсейітке сабақ бере алмаймын. Сол қияңқы бала оқушылардың алдында менің беделімді түсірді. Мені басқа сыныпқа ауыстыруыңызды өтінемін, – деді жыламсырап.

Директор Отан соғысына қатысқан, көп қиыншылықты басынан өткізген, ұстаздық кәсіпті жанындай жақсы көретін, мұғалімдерге тіл тигіз­гендерді «халық жауындай» жек көретін сталиндік қатал тәртіптің адамы еді. Өзіне де, өзгелерге де ымырасыз қатал болатын. Мұғалімдердің, оқу­шылардың тәрбиелі, тәртіпті болуын қас қақпай бақылап отыратын. Мына сөздерді естігенде, қара-сұр жүзі әнтек бұзылып кетті.

– Немене, Ақүрпеков саған тіл тигізді ме, әлде, мазақ қылды ма? – деп сұрады қаһарлы дауыспен.

– Жо… жоқ, ол не дегеніңіз, ол бала маған тіл тигізген де, мазақ қылған да жоқ, – деді мұғалім мұрнын қайта-қайта тартып қойып, – ол, ол өте тәрбиелі, тәртіпті бала, сабаққа да алғыр, берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды. Онымен қоса, сыныптас балаларға көмектесіп жүреді.

– Олай болса, неге жылайсың? – деді директор аң-таң болып, – ол тәртіпті болса, сабақты жақсы оқыса, қайта қуанбайсың ба?

– Мәселе, Ақүрпектовтің сол жақсы оқитын алғырлығында болып тұр ғой, ағай. Оны кінәламай­мын, бірақ… әр сабақ сайын менің адымымды аштырмайды. Мен дайын болмаған жоғары сыныптарда өтуге тиіс сұрақтарды жаудырып, тығырыққа тірейді. Менің іс-жоспарым жетінші сыныпқа арналған ғой. Ол, тіпті, институтта оқылатын сұрақтарды қояды. Сыныпта мен емес, ол мұғалім сияқты. Мен жауап бере алмай қалсам, өзі жауабын айтады. Балалардан қатты қысыламын…

Кенет директордың жүзі жылып, қарқылдап  күліп жіберді.

– Е, е, тәйірі, сол ма еді жылау себебің?

– Сол ағай, мені басқа сыныпқа…

Қарт ұстаз мұндай әңгімені бұрын да естіген. Көп мұғалімдер, әсіресе, математика пәнінің мұғалімі, кешегі жауынгер Әбекең Нұрсейіттің өзінің жасына тән емес қабілетін, басқа балалардан көшілгері білімпаздығын жиі айтатын. Тіпті, оны жоғары сыныптарға кезексіз көшіру туралы ұсынысын да білдіріп қоятын.

– Зәуреш, айналайын, сен жылама, сол сыныпта қала бер. Көп ұсыныстар түсіп жатыр, Ақүр­пековтің мәселесін келесі педкеңесте талқылаймыз, – деді директоры мұғалімнің арқасынан қағып.

Міне, сол педкеңес бүгін өтіп жатыр.

– Мен бұрын, – деді директор тамағын кенеп алып, – оқушыны бірден екі сыныпқа көшіру заңға қайшы келе ме деп қорқып жүр едім. Ақүрпековтің аса қабілетті оқушы екенін мен де білемін. Кеше Оқу министрлігіндегі жолдастармен сөйлестім. Мәселені егжей-тегжейлі түсіндірдім. Сендердің айтқан ұсыныстарыңды да жеткіздім. Оқушыны бірден бір немесе екі сыныпқа көшіру отызыншы, қырқыншы жылдары әр жерде болған екен.

Егер баланың денсаулығы жақсы, оқуға қабілетті, зерек болса, екі сыныпқа секіртуге болады, бірақ, бұл баланың өзі және ата-анасы келіскен жағдайда ғана жүзеге асырылады деді ми­нистрліктегілер. Мен бұл ұсынысқа қарсы емеспін, ал сіздер не айтасыздар?

Мұғалімдер Нұрсейіттің сирек кездесетін дарынын, барлық сабаққа бірдей алғырлығын, тіпті, мықты споршы екендігін айтып қолдау білдіріп жатыр.

– Нұрсейітті мен әдейі тексеріп көрдім, – деді математика пәнінің мұғалімі Әбекең, – тіпті, оған жоғары оқу орнында өтетін қиын есептерді бердім. Таңқалғаным, ол бұл есептерді оп-оңай шешті. Мен оның сирек кездесетін қабілетіне тәнтімін. Ол осы бағытынан таймаса, кейін үлкен ғалым болады.

– Қазақ тілі грамматикасын да шемішкедей шаға­ды, – деді тіл маманы Жамал апай, – одан үлкен филология маманы шығуы мүмкін.

– Менделеев кестесін түгел жатқа біледі. Күрделі химия есептерін талдап шешкенде, менің өзім таңқаламын, – деді тәжірибелі химик Бөкең.

Соңғы сөзді директор алды.

– Жақсы, сіздердің пікірлеріңіз бір арнаға тоғы­сып жатыр. Нұрсейітті екі сыныпқа жоғарылатуға мен келісемін. Ал өзі не дейді  екен?

Мұғалімдердің өзін жер-көкке сыйғызбай мақ­таған сөздеріне ыңғайсызданып, қызарып тұрған Нұрсейіт бірден жауап бере қоймады.

– Шыныңды айт, бала, – деді директор жұмсақ дауыспен, – мына ұстаздарыңның ұсынысымен сені бірден екі сыныпқа көшірсек, сабаққа үлгере аласың ба? Онда сен өзіңнен екі-үш жас үлкен балалармен бірге оқисың, ол саған қиын болмай ма?

– Қиналмаймын, бәріне де үлгеремін, – деді бала батылданып, – тек әжем сиырды суар, бұзауды ар­қан­дап кел, самаурынға отын жар, атқа шөп сал деп көп жұмсамаса, жұмыстың жартысын ініме берсе, мен жақсы оқитыныма сенемін.

Мұны естіген мұғалімдер дуылдасып күліп жатыр.

– Қайтсін-ай, бала шынын айтып тұр…

– Еңбекке баулимыз деп баланы көп жұмсап, ығыр қылып жібереміз ғой. Оны мойындауымыз керек.

Осы кеңеске Нұрсейіттің сүйікті әжесі Нұрпия қатысып отырған.

– Ал, Нұрпия жеңгей, немереңіздің қарым-қабілетін естіп, біліп отырсыз. Оқу министрлігінің өзі оның екі сыныпқа көшірілуіне келісімін берді. Сіз не дейсіз, бұған қарсы емессіз бе? – деді директор көзі күлімдеп.

– Қуанып отырмын. Нұрсейітім оқуды ерте бітіріп, ерте ержетіп, ерте үйленіп, көзімнің тірісінде шөбере сүйгізсе деген арманым бар. Бәрің де бақытты болыңдар, – деді әжесі көзіне жас алып.

Бәрі оған қол шапалақтап қошемет көрсетіп жатыр. Сөйтіп, Нұрсейіт Ақүрпеков ауданда (мүмкін облыста) бірінші болып, бірден екі сыныптан «секіріп» өтіп, жоғары сынып оқушысы атанды. Бұған өзі қуанып, шаттанып шықты. Тағы бір қуанышы қойнына сыймай жүрген адам бар, ол – Нұрсейіттен «құтылғанына» қуанған жас ұстаз – Зәуре!

 

Абай мен Мұхтар елінде білім алған

 

Орта мектепті барлық пәндерден үздік бағамен бітірген Нұрсейіттің алдына қойған мақсаты өзіне айқын еді. Ол арманы – ұстаз болып, жас ұрпақты тәрбиелеу. Ыбырай атасы сияқты білім нұрын шашу. Осы арман жетегімен сонау қиыр шығыстағы Семей қаласына барып, сондағы пединституттың физика-математика факультетіне түсті.

Қойын-қонышы тарихқа толы бейтаныс қалаға жүрексініп келгені рас. Бұл қалада кезінде абыз Абай, ұлы Мұхтар, Шәкәрім сынды шайырлар оқып, білім, тәрбие алған. Сондай ұлыларға орасан зор білім берген, қасиетті білім ордасы, кәрі Ертістің жағалауындағы Семей білім қуып келген жас жігітті жатсынбай, бірден бауырына басты. Абай мен Шәкәрім, Мұхтар табалдырығын тоз­дырған көне кітапхана есігін айқара ашты. Мұхтар арқылы тарихын білген Семей армандар қаласы, тәтті сезімдер қаласы екен. Бұл кездегі Нұрсейіттің бойында оянған сезім аса күшті еді. Абай мен Мұхтардың табаны тиген көшелерді аралаған сайын бойына ерекше күш бітті. Солардың ізімен жүріп келемін деген ой бақытқа бөледі, іштей мақтанды.

Пединституттың озат шәкірті бір минут уақытын да босқа өткізбеді. Сабақтан қолы қалт еткенде Абай мұражайына барады. «Кітапханаға түйелер де кіріп кететін болған ба?» деп мысқылдап, мазақ еткен орыс шенеунігіне «Онда тұрған не бар, мұнда салпаң құлақ есектер де жүр ғой» деп жауап беріп, әлгі әумесерді өлімші етіп жайратып салған Абайдың ер Шеркештің қанжарындай өткір сөздері құлағына келеді.

Нұрсейіт Семейде оқып жүрген кезде «мыңмен жалғыз алысып» жазықсыз жапа шеккен Абайдың жатқан абақтысы сол күйінде сақталған болатын. Абақтыда жатқанда Абай тұтынған ағаш табақ, тостақ, қыл мойын күміс құман, мүйіз шақша қасиетті бойтұмардай болып сақтаулы тұрған. Жас жігіт осы заттарға тәу етіп, аялай сипап қояды. Әр сипаған сайын кеудесіне нұр құйылғандай бақытқа бөленеді. Ұлы Абай тұтынған заттарды ұстап көру милионның бірінің ғана маңдайына жазылған бақ қой. Өйткені, бұл заттарда Абай алақанының табы бар. Мұхтар да талай рет ұстап көрген шығар.

Әредік, кезінде Мұхаң команда құрып, футбол ойнаған саябақ «Полковник» аралына барып спортпен шұғылданып жүрді. Бойы екі метрге жуық алып бозбала институттың баскетбол, волейбол командаларының белді ойыншыларының бірі еді. Осы аралда зоовет пен мединституттың спортшы­ларымен талай сайысқа түсті. Ақыл-ойын жетілдірумен қатар, денесін де шынықтырды. Осы шынығу кейін оның көзмайын тауысып, сарыла еңбек еткен жылдарында көп пайдасын тигізді. Қанша ауыр ой еңбегімен айналысқанда да шаршау, қажу дегенді білмейтін.

 

Абай ауылында… Мұхаңмен кездесу

 

Бірде ойламаған жерден Мұхтар Әуезовпен кездесудің сәті түсті. Демалыс күні көп жастар аралда шаңғы теуіп жүрген болатын. Бір кезде дауыс күшейткіштен «Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов аралға келе жатыр» деген екі тілде айтылған хабар естілді. Шулап, мәз-мейрам болып жүрген ел бірден сілтідей тына қалды. Бұл өлкеде Мұхаңды бесіктегі балаға дейін біледі, атын мақтаныш етеді. Жағалау мен аралды жалғап тұратын ағаш көпір бар, мына хабарды естіген кәрі-жас шаңғыларын тастай салып солай қарай лап қойды.

Нұрсейіт ұзын аяқтарын көсілте тастап, көп нөкерімен келе жатқан. Мұхаңның алдына бірінші болып жетті. Көп кітабын оқыған, өзі пір санайтын жазушыны бірінші рет көруі. Келе ай-шай жоқ қолына жабысты:

– Ассалаумағалейкүм, аға, – деді зор даусымен, – сізді көргеніме қуаныштымын. Мұқаң да күлімсіреп қолын қысып жатыр.

– Пәлі, Семейдің барлық оқымысты қауымы осында жүр екен ғой, – деді жазушы жүзі жадырап, – бәрің де аман болыңдар.

Аралдағы ағаш атаулы қатты аязға әзер шыдап, сынып кетердей сықырлап тұрса да Мұқаңның қолы жұмсақ әрі жып-жылы екен. Сол алақанның жылуы мұның бойында мәңгі қалып қойды.

Келесі жазғы демалыс күндерінде курстасы, абайлық досымен бірге Жидебайдағы Абай ауылына барды. Абай соңғы күндерін өткізген тоқал тамдарды, қора-қопсыны аралап көрді. Ауыл молласын ертіп барып, ақынның тастан тұрғызылған төрт құлақты зиратына зиярат етті, әруағына Құран бағыштатты. Ұлы абыздың жатқан жерінің бір уыс топырағын орамалына түйіп алды.

Абай атасының әруағы қолдап, Нұрсейіт институтты үздік бағамен бітірді. Туған жерге арқаланып, қуанып оралды. Осы жерден оның қиын да қызықты ұстаздық ұзақ жолы басталды.

 

«Ең алғашқы махаббат – басталады партадан»

 

Ауылында ұстаздық етіп жүргенде болашақ жары, өмірдің ыстығы мен суығын жарты ғасыр бірге бөліскен Шишақызы Сәрсенкүлмен кездесті. Ол он екіде бір гүлі ашылмаған, тұлымы желбіреген, бүлдіршін қыз еді. Сұлу қызды алғашқы көргенде-ақ ғылымнан басқаны ойлап көрмеген сұлу жігіттің жүрегі тайдай тулап қоя берді. Бұрын неге байқамағанмын, сен де бойжетіп қалыпсың-ау деді іштей алабұртып. Сол секундтан бастап жігіт жай оғы түскендей ес жия алмай, есеңгіреп жүрді. «Қыз жүрегі сезімтал, әрі қу» деп халық бекер айтпаған. Жас қыз мына оқыған жігіттің өзіне шын ғашық болып қалғанын сезді. Сезді де іштей қуанды. Өз жүрегінің де сол жігіт деп дүпілдеп тұрғанын білді.

Жігіт бір-ақ сәтте өзгеріп шыға келді. Махаббаттың алапат күші жайшылықта бұйығы, момын жігіттің бойына керемет күш берді. Ол ғашықтық сырын әжесі Нұрпияға жасырмай айтып берді. «Мен үйленсем, осы қызға ғана үйленемін, әке-шешесіне барып құда түсіп кел» деп жалынды, қолқалады. Әжесі немересінің жай-күйін түсінді. Өзі де Сәрсенкүлді жасынан жақсы көріп «Осы қыз менің келінім болса екен» деп армандап жүретін. Ол сөзге келмей, құпия түрде қыздың әке-шешесіне барып, «келіссөз» жүргізді. Әженің қуанғаны – әке-шеше де, қыз да қарсы болмады. Араларында бір-ақ кедергі бар, ол – қыздың жастығы, әлі мектепті бітірмегендігі.

Сәрсенкүлсіз өмірім қараң деген жігіт «қыз мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскенше, қысқасы, қанша күт десе, сонша уақыт күтемін» деп серт берді. Ол талай қыздар өзіне көзін сүзіп, кеудесі көтеріліп-басылып, сезімін сездіріп жүрсе де бұл сертінен тайған жоқ. Сұлу қыз сұлу жігітке мәңгілік жар боламын деп мектеп партасында отырғанда-ақ сертін берді. Әрине, мұның барлығы жат көзден таса, құпия болды. Ол кезде «ең алғашқы махаббат – басталады партадан» деген жүрек шымырлататын әсем ән дүниеге келген жоқ еді.

***

Нұрсейіт Алматыға келіп жоғары оқу орындарында дәріс оқып жүрді. Кешегі ақ бантик байлаған ерке қыз да бойжетіп, жоғары оқу орнына түсті. Сол кезден бастап екі ғашықтың жарты ғасырға созылған сүйіспеншілік пен сыйластыққа толы жұбайлық өмірі басталды. Қос ұстаз қол ұстасып жүріп бақытты да тәтті ғұмыр кешті. Бақытжан, Бауыржан, Ақылжан, Нұржан, Гүлжан атты ұл-қыздары дүниеге келді. Қазір олардың барлығы жоғары білімді мамандар. Бір-бір отбасының отағасы, отанасы. Сәрсенкүл солардан туған немерелерін сүйіп-құшып, мауқын басады.

 

Ғылымның қия жолында

 

Нұрсейіт Ақүрпеков 1958 жылы бала жасынан армандап жүрген мәдениет пен ғылым, білім орталығы – Алматыға келіп, мұндағы ұстаздық жолын Темір жол техникумында бастады. Арада аз уақыт өткенде жас ғалымның білім деңгейін, ғылымға бейімділігін біліп, таныған зоовет институтының басшылығы оны өздеріне жұмысқа шақырды. Сөйтіп, ол өмірінде тұңғыш жоғары білім ордасында дәріс оқуға, ғылыммен түпкілікті айналысуға мүмкіндік алды.

Алматыда тұрып еңбек ету алғашқы жылдарда жас отбасына оңайға түскен жоқ. Нұрсейіт азаннан қара кешке институтта болып дәріс оқиды, тәжірибе сағаттарын өткізеді. Қолы сәл босаса кітапханаларға барып, білімін жетілдіреді, ғылыми жұмыспен шұғылданады. Түнде де тыным көрмей, кезекті лекциясына дайындалады, көкейде жүрген түрлі ғылыми мақалалар жазады. Жұбайы Сәрсенкүл бұл кезде пединс­титуттың биология факультетінің күндізгі бөлімінде оқиды. Қолында екі-үш баласы және Нұрпия әжесі бар. Сәрсенкүлдің жағдайға байланысты сырттай оқуға ауысайын дегеніне Нұрсейіт үзілді-кесілді қарсы болды, сырттай оқып тиянақты білім ала алмайсың деді.

Әжесінің қолында болғаны бұл отбасына өте жақсы болды. Бұлар жұмысқа, сабаққа кеткенде жас балаларға бас-көз болып, тамақтандыратын, бір мезгіл қыдыртатын осы кісі. Нұрсейіттің түнгі уақытын пайдаланып жұмыс істеуіне, Сәрсенкүлдің са­баққа дайындалуына үй иесі баба Варвара көп кедергі келтіреді. Ол балаларға ақырып-зекірумен қатар, түн ортасына жетпей барлық электр қуатын өшіріп тастайды. Бұлар «іш қазандай қайнайды, бірақ, күресерге дәрмен жоқтың» күнін кешеді.

Пәтерден-пәтерге бәдәуи сияқты көшіп-қонып жүргенде Нұрсейітке ең қымбаттысы уақыт еді. Баспана қиыншылығын көріп жүрсе де өзіне тән қайсарлықпен ғылыми жұмысын жалғастыра берді. Ташкент қаласына барып аспирантураға түсті. Оны ойдағыдай аяқтаған соң, физика-математика ғылым­дарының кандидаты атағын сәтті қорғап шықты. Мектепте математикадан сабақ берген Әбекең ағайының «Нұрсейіт түбінде үлкен ғалым болады» деген сөзі көрегендік болып шықты. Өз еңбегінің арқасында ол қабырғалы, ірі ғалымдар қатарына қосылды.

Ғылым жолы қашанда ауыр ғой. Ол барлық қиындықтарды қайыспай жеңіп, табыстан-табысқа жете берді. Жас ғалым бірнеше ғылыми кітап, жүздеген мақала жазды. Сондай күрделі еңбектерінің бірі – «Физика – ауыл шаруашылығында» деп аталатын  тың мәселелер көтерген көлемді кітабы. Кейін бұл кітап жоғары оқу орындарында арнайы пән ретінде сабақ кестесіне кірді.

Тума талант, болаттай берік дарынды ғалым Қазақ Ұлттық университетінде, Темір жол және Медицина институттарында дәріс оқып, танымал ғалым атанды. Дәріс оқи жүріп, ол студенттерге арнап көптеген оқулықтар жазды. Көрнекі құралдар тізбегін жасады. ҚазҰУ-дің ядролық физика кафедрасының доценті ғылыми дәрежесіне ие болды.

Терең білімді педагог-ғалым, парасатты ақыл-ой иесі, халық шаруашылығының әр саласында білімді, білікті мамандар дайындауға өлшеусіз үлесін қосты. Оның әріптестері: «Нұрсейіт дәрістерін қарапайым мысалдарды келтіре отырып, ұғынықты етіп жеткізетін еді. Ол үнемі студенттерге әкелік, ағалық сезіммен қарап, қамқорлық жасайтын»,  – деп еске алып отырады.

Жұбайы Сәрсенкүл былай деп естелік айтады:

– Нұрекең ғалымдығымен қатар, өнерді, әдебиетті жанындай сүйетін адам еді. Опера және драма театрларының тұрақты көрермені болды. Ауылдан қонақ келсе, оны бірден театрға сүйрейтін. Жақсы қойылымды мақтап, нашар шыққандарына реніш білдіріп отыратын. Өзі де өнерден құралақан емес, басқосуларда жас кезінен өзі сүйіп тыңдайтын Құрманбек Жандарбековтің репертуарындағы халық әндерін зор да әдемі даусымен шырқайтын. Құрдастары «Сен неге әртіс болмадың?» деп әзілдеуші еді.

Көптеген өнер адамдарымен жақсы қарым-қатынаста араласып тұрдық. Райымбек Сейтіметов, Құман Тастанбеков, Рахметолла Төлеубаев үйімізде жиі қонақта болатын. Отағасының бағытымен үй-ішімізбен өнерге құмар болдық. Бала-шағамызды, әжемізді ертіп театрға, концерттерге, айтысқа жиі барып тұрдық.

Нұрекем өмірден ерте озды. Тірі болғанда, бүгінде 80 жасқа толар еді. Ол кісінің туған күнін отбасы – бала-шағасы, туған-туыс, дос-жаран, әріптестері болып ұдайы атап өтеміз. Көзі тірісінде көпшіліктің сый-құрметіне бөленген, көпшіл, ұлтжанды азаматымызды еске ала отырып, жаныңыз жәннатта болсын, рухыңыз әрқашан ұрпақтарыңыз бен өзіңізден дәріс алған шәкірттеріңізді желеп-жебеп жүрсін деп тілек айтамыз. Адами биіктікті аласартпай, аз ғана ғибратты ғұмыр кешкен сіздің рухыңыз уақыт өткен сайын биіктей береді. Шолпан жұлдызындай жарқырап жана береді!

 

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *