СОНЫМЕН, БЕСЕУДІҢ ХАТЫН ЖАЗҒАН КІМ?…

немесе жазылған жәйттарға орай ой бөлісу, пікір алмасу

Алда сөз ететін дәуірдің әуенімен айтқанда (әрі қарай солай), Совет өкіметі орнаған соң, арадан оншақты жыл өтер-өтпесте басталған коллективтендіру науқаны қазақтар үшін қасақана қолдан жасалған – аштық, ашаршылық, жаппай қырғын, өлім-жітім екенін жөнді білмей, әйтеуір, ашаршылық дегенді құлақ шалғанмен,  онша мән бермейтінбіз. Сөйтсек, ол жөнінде жақ аштырмай, айтқызбайды екен ғой. Горбачевтың жариялылығы тұсында ғана еркіндеу ауызға алынып, ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу секілді шаралар іске аса бастады. Рас, оған дейін де некен-саяқ әдеби шығармалар, кітаптар жарық көріп, жариялылық күшіне мінді-ау деген шақтарда Әуезов атындағы театрда «Бесеудің хаты», «Сталинге хат» секілді пьесалар сахналанды. Тың тақырыпты қолға алып, жабық жайдың бетін ашқандардың бірі – аталмыш өнер ордасының директоры, әрі көркемдік жетекшісі, көрнекті актер, режиссер, текті тұлға, халық артисі Райымбек Сейтметов болатын.

Зәкір АСАБАЕВ, «Құрмет» орденінің иегері

Жасырары жоқ, осы екі спектакль арқы­лы өткен ғасырдың 1921–1932 жыл­дарында халқымыздың басынан кешкен алапат сүргін сырын біршама біле түскен­дей болғанымыз есте. Батыл қадамға барған Сейтметов бастаған өнер өкілдері алғыс-марапаттарға ие болды. Мұны еске алып отырғанымыз, «Бесеудің хатындағы» жоғары лауазым иесі бес азаматтың билік басындағы­ларға ақиқатты ашық айтқан ерлік, ұлтжандылық, жанашырлық, тәуе­кел­ге бел буа алғандарына иланып (сен­гендіктен). Онан соң, шынын айтсақ, бұған дейін көп жұрт (ішінде өзіміз де бармыз) бесеудің хаты деген не екені­нен бейхабар, анық-қанығын жөнді  біле бермейтінін кештеу аңғардық. Бұл заңды да еді. Әлгі екі спектакль бола­тын күні қашанда аншлаг. Өз респуб­ликамыздың түкпір-түкпірі мен көрші республикаларға гастрольге барып та көрсетілді. Сол кездерде шығатын қазақ, орыс тіліндегі басылымдарда мақалалар, мамандардың пікірлері толассыз жарық көріп жатты. Тиражы жарты миллионға таяу «Мәдениет және тұрмыс» журналы екібастан. Не керек, сөйтіп, ашаршылық, репрессия тақырыбын қозғаған екі спектакль республикамыздың мәдени өміріндегі елеулі құбылыс, оқиға болған-ды.

Бәрі жөн-ау, бәрі жөн, талас жоқ… Бірақ… бірақ…

Ол кезде уақыт-сәт жеткенде сол ыстық ықылас, әсер-сезім, сенім, наным берік орныққан ой-санаға күн­дердің күні ойла­маған жерден сызат түсіп, селкеулік білінер деп кім ойла­ған?! Ау, ағайын, бесеудің хатына бай­ланысты күмәнді жайлардың аз еме­сіне, аз деген не, күрмеуі мол күрделі түйіндердің аста-төк екеніне (әсіресе) соңғы кездерде ғана куә бола бастасақ, ол үшін кімді жазғырып, кімді кінәларсың? Ешкім, ешкімді де! Солай екен, ендеше, осынау күдік-күмәннің анық-қанығын айқындау, білу, саралау қажет емес пе? Тіпті, парыз деп те қарауға болады. Соған орай…

«Бесеудің хатын» тереңнен толғап, індете зерттеуді өзгелердің еншісіне қалдыра тұрып, өз тарапымыздан пікір білдіру қажет-ау деп қараған дерек, фактілерге ден қойып көрейік. Мәсе­ленки, сол нәрсе өзі шынымен бесеу­дің хаты ма, әлде бесеудің «сатқын­дығы» ма? Назар аудар, «сатқын­дықты» тырнақшаға алып отырмыз. Себебін алда білесіз. Әуелі…

Хатта аты-жөндері көрсетілген бесеу кім? Хат жазылған соң екі-үш күн айнала­сында, 1932 жылғы 4 шіл­деде БК(б)П Қазақ өлкелік комите­тінің бірінші хатшысы Филипп Исае­вич Голощекиннің алдында жатты. Аржағы түсінікті. Өтірікті судай сапы­рып, айтқаны айтқан, дегені деген болып тұрған келімсек билеушінің қаны басына шабады. Енді ше? Кіші октябрін аяқтап, малдан айырылған қазақ мың-миллиондап қырылып жат­қанда, Мәскеуге бәрі керемет деп ақпар беріп отыратын екіжүзді, қаскүнем неден тайын­сын?! Бір қарағанда, хатта баяндалғандар шындыққа ұқсайды. Ұқсайды емес, нақ солай. Сталин­ге жетсе не болмақ? Голоще­киннің содан зәресі ұшты. Хаттың қысқаша мазмұны былай:

«БК(б)П Өлкелік комитетіне, Голо­щекин жолдасқа!

«Бүгінгі Қазақстан – бұл 163 мил­лион сомның тауарлы өнімін беретін, 40 миллион малы бар өлке», – деп жазды­ңыз Сіз, Голо­щекин жолдас, 1930 жылы «Октябрь рево­люциясының жеңістері» деген мақала­ңызда. Бірақ қазір Сіздің мәлімдемеңізден кейін 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кеміп кеткені әмбеге аян болып отыр. 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлігі (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жекеменшікті орташалар мен кедейлер­дің ғана емес, сонымен бірге, негізінен алғанда, колхоздар мен колхозшылар­дың (ішінара совхоздардың да) қоғам­дастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады…

Мал басының қисапсыз кеміп кетуі мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екінші жартысынан бастап) жөнінде әлі күнге дейін ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс? Нағыз көзбояушылар, көпірме жоспар жасаушылар, оның үстіне, өздеріне жүктелген нақты істі басқара алмаған, көзбояушылықпен «бәрі де жақсы» деп тұжырымдап, өнеркәсіп саласындағы жетістіктерге арқа сүйеген. Сөйтіп, осынау елеулі мәселелерге жұрт­шылық назарын әлсіреткен жер органдары мен ауыл шаруашылығы кооперативтері одағының мүшелері неге жұртшылық алдында сабақ болар­лықтай сазайын тартпайды?!

Бұл жерде хат жазды делінетін бесеу­дің аты-жөнін атамауды жөн көрдік. Өйт­кені, олар бұған дейінгі жарияланым­дарда айтыл­ған, жазылған. Жазушылар одағы­ның органы «Жұл­дыз» журна­лында да аталды. (№1, 2019).

Міне, көріп отырғанымыздай, 1930–1932 жылдардағы қазақты қынадай қырған ашаршылықтың шын сипатын осы хаттан аңғару қиын емес. Ашар­шы­лық жөнінде айтыла-жазыла бастаған уақыттардан бері, бәлкім, өзге де мәлімет-деректер оқыған да, көрген де болармыз, білген де шығармыз. Дәл есте жоқ, мүмкін бесеудің хатымен де атүсті, үстірттеу танысқан болуымыз да ғажап емес. Алайда, енді көзіміз жетіп отырғандай, мына хатта көрсетілген дерек-мәліметтер кімнің болса да төбе шашын тік тұрғызары сөзсіз (өз басым тым ерекше күй кешіп, ауыр сезімнен арыла алмай жүргенімді жасырмаймын).

Мақсат — бесеудің хатын кімдер жазға­ны емес, жазылғанында. Бәлкім, ниеттері түзу болған шығар. Онда неге «хат жазды делінетін бесеу» дедік? Бұл жолы оған егжей-тегжейлі тоқтап, тал­дап жатпай, неге олай деуіміздің себебін және хатты шын мәнінде кім жазға­нын айтумен шектелуді ойладық. Онда да, жасырмаймыз, осы мәсе­лені ұзақ жылдан бері зерттеп, барлығын орын-орнына қойған, заман ауанын қапысыз ұғынып баян еткен Көлбай Адырбеков пен «Қазақ» газетіндегі мәліметтерге сілтеме жасай отырып. Өз жанымыздан алып бара жатқан жаңалық ашпайтын біздікі – жазылған жайлармен (көшіру емес) ой бөлісу, пікір алмасу, жеке көзқарасымызды аңдату. Сонымен…

Бесеудің хаты жазылды, Голоще­кинге жетті. Енді ол қандай қорытынды шығарып, не істеп, не қояды, оған тоқталмай, тоқ етеріне тартсақ, иә, иә, «хат жазды делінетін бесеу» деп неге айттық? Осы жөнінде бірер сөз. Шынын айтсақ, осынау жазбаны хатқа түсіруге түрткі болған да сол жағы. Мәселе, бесеудің хатын жазған сол хатта аты-жөн­дері аталғандар емес, мүлде бөлек, басқа адам екенінде. Өйткені, оны білу керек, білу парыз. Ол хатты өз атынан жазуға қорық­қан жоқ. Аса жоғары мансабын қимаған да ештеңесі жоқ. Тек бұған дейін жоғары билік басындағы­лармен сөзге келіп, сол үшін алған сөгісі бар еді, бір жағы сол, бір жағы хат жазды делінетін бесеудің уәдесіне ила­нып, әліптің артын бағуды жөн санады. Оның үстіне, хаттағы құпия айғақ-дәлел, бұлтартпас фактілерді терең біліп, қағазға түсіруге қабілеті жететін тек сол еді. Хат жазды делінетін бесеу оны жақсы білді. Мұның бәрі іштар­лық, қызғаныш дегеннен жұрдай Кете­генов көкем ұнатпайтын бәдік, әфсана емес, күні, айы, жылы, сағаты, мину­тына дейін айшықталған нақты құжаттар негізіндегі баяндау, құзырлы әңгіме (деуге бек сыйымды). Олай болса…

Хатты жазған кім? Ішекті көгерте бермей, соған келсек, ол – Әзімбай Леке­ров. Жас кезінде арабша, қазақша, орысша сауат ашқан, Семей облысы, Шар ауданы­ның тумасы, ұлтжанды, атақ-даңқы өз тұрғыластарынан артық болмаса, бір де кем емес зиялы, білімді, біртуар, ерекше жара­тылыс, текті тұлға. Және бұларға қосары­мыз, 1913–1919 жылдарда Семейдегі ерлер гимна­зиясында оқиды. 1920 жылы губер­ниялық атқару комитетінің Мұхтар Әуезов бастаған түркі халықтары бөлі­мінде нұс­қаушы бола жүріп, комму­нистік партияға мүшелікке қабылда­нады. 1923–1925 жыл­дары Қарқаралы, Павлодар уездерінде, кейін Бөкей, Ақтөбе губернияларында атқару коми­тетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 1925–1927 жылдары Қазақстан Халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы, Жоғарғы саяси-ағарту коми­тетінің бастығы болады. 1927–1932 жылдарда Мәскеуде Қызыл профес­сура институтын бітіріп жобалаушы-эконо­мист мамандығын алады. 1932–1937 жылдары  еліміздегі Марксизм-лени­низм институты­ның директоры боп істеді.

Жан-жақты білімді біртуар азамат­ты арадан жылдар өткенде оның шәкір­ті, болашақ көрнекті экономист-ғалым Серғали Толыбаев «Әзімбай Лекеров аға қазақтан шыққан тұңғыш жоспарлаушы-экономист еді» деп еске алды. Айтса айтқандай, Әзімбай Леке­ров экономиканы жоспарлау бойынша көптеген мақалалар жазды. Марксизм-ленинизм классиктері­нің шығармала­рын қазақ тіліне аударды. «Бесеудің хатына» байланысты зобалаңнан кейін бес жыл осындай жауапты қызметтер атқарған есіл ер 1938 жылы 26 ақпанда халық жауы деп атылып кетті. Деген­мен…

О баста қазақтың қамы үшін жазылған «Бесеудің хаты» нәтижесіз қалған жоқ. Ол хаттан хабары бар-жоғы белгісіз Тұрар Рысқұловтың 1933 жылғы 9 наурыздағы Сталинге жазған хатынан кейін Голоще­кин­нің орнына келген Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мир­­зоян астық қамбасын ашуға пәр­мен берді. Бірақ бұл кездерде Нығ­мет Нұрмақов мәлімдеген 7 миллион қазақтан 3 млн.-ға жуығы ғана қалған-ды.

Сөз басында айтқанымызға орай, біз «Бесеудің хатының» базбір тұстарына ғана назар аударып, қысқа қайырып отырмыз. Мақала тақыры­бын «Бесеудің хаты ма?» «Бесеудің «сатқындығы ма?» деп қойдық та, «сат­қындықты» тырнақшаға аламыз дедік. Ендеше, Әзімбай Лекеровтің 90 жас­тан асып өмірден озған жары, күйеуі туралы көп мағлұмат қалдырған Лида Лекерова не дейді, бір мезет соны тыңдап көрейік: «…Сол күні кешкісін Әзімбай үйге келді. Жайшы­лықта жайдары көрінетін қоңырқай өңінде қан-сөл жоқ, құп-қу. Жұмысында бір ыңғай­сыз жағдай болғанын ішім сезді. Маған ол ашу-ызадан… әне-міне жары­лып кетуге шақ тұрғандай көрінді. Қарсы алды­на отырып жөн сұрадым. Сол-ақ екен, көз жасына ерік беріп, ағыл-тегіл жылады. Өксігін баса алмай, ара-арасында: «Лида, мені бюрода өзім сенгендер сатып кетті… Сөздерінде тұрмай, Голощекиннің алдында қоға­дай жапы­рылды… Лекеровтің айтқа­нына көніп, хатқа қолымызды қойдық» деп, кінәнің бәрін маған артты. Бар жазығым, қырылып жатқан қазақты аштықтан сақ­тап қалу ғана еді… Ана бесеудің Голоще­кин алдын­да қауқар­сыздық танытып, мені орға итергені жаным­ды күйдіріп барады… қай­те­йін…» деп көпке дейін солқылын баса алмады.

Біз шетпұшпақтап, суыртпақтап қозға­ған, әлі күнге бүге-шігесі толық ашылмаған деуге болғандай телегей-теңіз алапатқа ұқсас бір ақтаңдақтың кей парасы осы. Орыс элита­сы мұндайды кешірмейді, кешірмеген. Сталин қайтыс боп, Берияның көзі жойылған 1953 жылдың ызғарлы жазы­нан кейін көп ұзамай КСРО Жазушылар одағын ұзақ жыл басқар­ған А.Фадеевтің өзін-өзі атып өлтір­генін еске ал. Иә, ащы шындық. Бәрі. Хат жазды делінетін бесеу­дің архив­тегі «кінәләрін» мойындап, тайқи салғандарына сенгің келмейді. О, Алла, Жоспарлау комитетінен алған құпия мәлі­меттерді хатқа түсірген Әзімбай Лекеровке жан адамға тіс жарып, жақ ашпаймыз  деген уәделе­рінде тұрмастан, көздері қиып жардан итере салғандары қалай? Ант-су ішіп, берген серт, уәде қайда? Мәрттік, жігіт­тік қайда? Әлде, бұл Мұхтар Әуезов айтатын «оқыған қазақтың» сиқы ма? Қалай десең, олай де, бесеу­дің хаты деген тәтті қиял, жалт етіп жоқ болған елес де­меске әдді жоқ. «Сат­қындықты» тырнақ­шаға алғаны­мыздың себе­бін де шамалаған болар­сыз деп ойлай­мыз. Ендігісі өз еркі­ңізде…

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *