ШЫҒЫС АЙНАЛМА ЖОЛЫ Тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерейтойында пайдалануға берiледi

Әйгерiм САУЫТБЕКОВА

Әне-мiне дегенше күз де келдi. Құрылысшылардың жұмысы көбейдi. Шынымен де, қала көшелерiндегi жолдар тым тез жөнделуге көштi. Әсiресе, Шығыс айналма жолының құрылысы жылдамдатылды. Мұнда жұмысшылар қызу қарқынмен күнi-түнi жұмыс iстеп жатыр. Себебi, олар жолды 4 айда салып бiтiп, ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығында толық тапсыруы керек. Айналма жолының құрылыс барысымен танысып шығып, магистральдiң пайдалануға берiлген бөлiгiн өз көзiмiзбен көру үшiн таяуда Шығыс айналма жолының бойымен жүрiп өткен болатынбыз. Сапарымызды әл-Фараби – Достық көшелерiнiң қиылысынан бастадық. Одан кейiн Луганский көшесi арқылы тартылған көпiр, Горная көшесiн көктеп өтетiн тоннель, Жарбұлақ сайындағы металл көпiрден өтiп, ең ақырында, Балтабай көшесiне дейiн жеттiк. Айта кету керек, айналма жолмен жүргенде бiр демалып қалады екенсiң. Жолдың айналасы гүлмен көмкерiлген. Ал, жаңадан төселген жол жамылғысының сапасы тiптi мiнсiз. Жолдың бетi теп-тегiс, бiрде-бiр кедiр-бұдыр жоқ. Жол құрылысының технологиялық ерекшелiгi – жол жамылғысының жоғарғы бес сантиметрi түрлi қоспалар мен целлюлоза қосылған арнайы асфальт бетонымен қапталған. Бұл жөнiнде жолды салып жатқан «Дормехстрой» ЖШС-нiң прорабы Юрий Шишкин мәлiмдедi. «Мұндай жамылғы Алматының климатында тиiмдi жұмыс iстейдi. Мәселен, қыста Алматыда жол бiрде қатып, бiрде еридi. Бұл – жол жамылғысының сапасына керi әсер етедi. Ал, жаңа асфальт «созылып-жиырылып» жұмыс iстейтiндiктен, жолға сызат түсуге жол бермейдi. Мұндай жамылғы, мысалы, Фурманов көшесi, әл-Фараби даңғылы және Абай көшесiнiң кейбiр бөлiктерiнiң бойында төселген», – дейдi ол.

Қазiр Шығыс айналма жолы Балтабай көшесiнен ары қарай Халиуллин көшесiне дейiн салынып жатыр. Одан кейiн Халиуллин көшесi мен Құлжа күре жолы қиылысатын жерде үш деңгейлi жолайрығы салынатын болады. Осымен Шығыс айналма жолының құрылысы аяқталады. Айналма жол құрылысы аяқталған кезде Алматыда кiшi көлiк сақинасы пайда болады. Оған әл- Фараби даңғылы, Шығыс айналма жолы, Құлжа тас жолы, Рысқұлов даңғылы және Саин көшесi кiретiн болады. Мұнда мүмкiн болғанша сол жаққа бұрылыстарға тыйым салынып, бағдаршамдар орнатылады.

Жалпы, шаһардың солтүстiк-шығысын оңтүстiк-батыс бөлiгiмен жалғайтын күре жолдың құрылысы бұдан 4 жыл бұрын басталған болатын. Бүгiн ұзындығы 7,8 шақырым болатын жолдың басым бөлiгi, яғни 5,6 шақырымы салынып болып, қазiр ел игiлiгiне айналып үлгердi. Жолдың қалған бөлiгiнiң құрылысы жыл соңына қарай аяқталады деп ұйғарылған.

Десек те, құрылыс барысында күрмеуi қиын мәселелер де жоқ емес. Соның ең бастысы, жол салынатын аумақта орналасқан тұрғын үйлердiң түйткiлi. Мәселен, айналма жолдың бойында 200-ден астам үйлер орналасқан. Бүгiнгi күнi олардың 90 пайызы бұзылып, мемлекет олардың иелерiне өтемақыларын төлеп қойған. Тек отыз шақты жер телiмдерiнiң иелерi мемлекет белгiлеген сомаға қанағаттанбай, орынсыз жоғары баға сұрап отыр.

Айта кету керек, Шығыс айналма жолын салуға бөлiнген қаржының басым бөлiгi тұрғындардан жер телiмдерiн сатып алуға жұмсалған болатын. Қалалық Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Владимир Меренковтың айтуынша, жол құрылысына республикалық бюджеттен 57 миллиард теңге бөлiнген. Мұның 37 миллиарды, яғни 60 пайызы жер телiмдерiн сатып алу мен үйлердi сүрiп тастауға жұмсалған.

Қазiр қала әкiмшiлiгi бiрақатар меншiк иелерiмен келiссөздер жүргiзiп жатыр. Бұл көп уақытты алатын өте күрделi процесс екенi белгiлi. Дегенмен, Владимир Меренков барлығы заң аясында, ымырашылдықпен шешiлетiнiн айтып, жол кестеге сәйкес салынып бiтедi дейдi. Демек, сәтiн салса, алматылықтар көптен күткен Шығыс айналма жолы биыл – Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына тарту етiлмек. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *