Сауатсыздықпен күрескен Алаш ұлы

ҚР Ұлттық кітапханасы мен Алматы энергетика және байланыс университеті бірлесіп «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» өткізді. Оған оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер және арнайы шақырылған меймандар қатысты.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Дамыған елде руханият бірінші орында тұрады. Ол – барлық адамға азық. Рухани байлығы мол адам ғана шын мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Міне, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында осы мәселелер кеңінен тарқатылған болатын. Ал күні кеше ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы сол бағдарламаның заңды жалғасы.

«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі», – деді Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында.

Алаштың ардақты ұлдарының бірі, Сыр елінің азаматы, жас кезінен қоғамдық және мемлекет жұмыстарына тығыз араласқан қайраткер Темірбек Жүргеновтің жүріп өткен жолы да бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол да біздің төл тарихымыздың бір беті.

Университет фойесінен ҚР Ұлттық кітапханасының өкілдері ұсынған, Т.Жүргеновтың өмірінен, шығармашылығынан сыр шертетін құнды құжаттар, газет-журнал, кітаптар қойылған көрме орын тепті. Сондай-ақ, Алматы энергетика және байланыс университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымының кандидаты Серік Махмұтов тізгінін ұстаған «дөңгелек үстелде» жиналған жұртшылық назарына қоғам қайраткерінің тұлғасын ашатын, архивтік құжаттарға негізделген бейнефильм ұсынылды.

Әдемі кештің қонағы болған ерлі-зайыпты – республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Алматы қаласы бойынша Гран-при жеңімпазы, Т.Жүргеновтің туысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәбит Иманғалиев пен зайыбы, ҚР білім беру ісінің үздігі Зүбәйра Қыстаубаева Т.Жүргеновтің балалық шағынан, оның өсу жолынан қызықты естеліктер және бала Темірбектің ұстазы ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов туралы әңгімелеп берді.

Ұлттық кітапхананың «Қазақстан кітаптары» қызметінің жетекшісі Мадина Баянқызы да Т.Жүргеновтің сан қырлы болғанын баяндады.

– Ол 1933 жылы әуелі сауатсыздықты жою, жаппай бастауыш мектептер ашу ісін қолға алады. Мәселен, 1933–1937 жылдар аралығында, яғни төрт жылда Қазақсанда төрт мыңнан астам мектептің ашылуына мұрындық болған. Сол кезде «Әрбір мұғалім, кем дегенде 35 адамның сауатын аш!» деген ұран көтеріл­ген. Комиссариат жанына ересек адамдарды оқыту жөніндегі басқарма құрылады, «Төте оқу» атты газет, мыңдаған оқулық-кітап басылып шығады, мектептер ашылады. Осы жылдары ол ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының  қалалардағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырған. Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Әбілхан Қастеев және тағы да басқа қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасаған. Қазақстанда алғашқы музыка театрын ұйымдастыруға үлкен үлес қосты, – деді баяндамашы.

Сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының доценті, педагогика ғылымының кандидаты Айгүл Садықова да алаш ұлының ғибратты өмір жолына кеңірек тоқталып өтті.

Жастардың мағыналы әңгімелерді ұйып тыңдағанына қуандық. Кешті    1-курс студенттері әнмен әрледі. Жансая Тоқ­та­рова домбырамен «Қымыз құйғыш» әнін,  ал Дулат Тәжікенов «Әлқисса» күйін орындады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *