Сағындықтың сырлары

 

Халқымызда әу демейтін қазақ жоқ деген бар. Әр қазақ тегін емес дегенге саятын ұғым. Солай екенін көріп-біліп, куә боп жүретініміз де рас.  Сөзді бұлай бастауымыздың себебі, «Өлеңдер» деген атаумен жарық көрген шағын кітапша авторы танымал әдебиетші де, ақын да емес, Кеңестік қоғам тұсында комсомол, Совет, партия органдарында қатардағы қызметкерден басшылық лауазымға көтеріліп,  ел ағасы атанған қайраткер, тұғырлы тұлға.

Таратып айтар  болсақ, 1913 жылы Көкшетау өңірінде өмірге келген Сағындық Байғонов Омбы қаласында мұғалімдер институтын бітірген, Сол­түстік Қазақстан облысының Чкалов ауданында мектеп директоры болып істеп, бір жылдан кейін аудандық комсомол комитетінің бірінші, одан кейінгі уақаттарда Еңбекшілдер, Айыртау аудандық партия комитет­терінің бірінші хатшысы, Ақмола облысы, Шортанды аудандық атқару комитетінің төрағасы, т.б. жауапты қызметтер атқарады. Бұл аралықтарда Алматы, Мәскеу қалаларында жоғары партия мектебінде тыңдаушы болады. 1954 жылы басталған Тың игеру науқа­нының бел ортасында жүріп, жоғары наградалармен марапатталады. Өлең жазғанына келер болсақ…

Оның ақын да, жазушы да, компо­зитор да емес, ретті жерде тілге үйіріл­ген тармақтарды қағазға түсіре жүретін, кейде сол өлеңдеріне ән шығарып, шырқап та жүретін шынайы жаратылыс иесі болғанын жоғарыда аңғарттық. Өлең жазуды 1950 жылдарда бастап, жазғандарының соңына күн, ай, жылын жазып отырғаны оның аса ұқыпты болғанына айғақ дерліктей. Шағын дәптердегі (кейбіріне ән шығарған) өлеңдер сол 1950 жылдардың соңымен (1959) бітеді. Одан кейін жазғаны жоқ. барға салауат, әлгіде ескерткеніміздей, оны айтулы, атышулы ақынға балап отырған біз жоқ. Өзі де олай қарамаған. Бірақ поэзияны пір тұтып, әулие санаға­нын ұмытпауымыз керек. Бұл исі қазаққа тән құбылыс екені неткен ғажап, шіркін!

Әкесі Сағындықтың мұраларын ұзақ жыл көзінің қарашығындай сақтаған, жоғары білімді, айтулы маман болған қызы Алма Алматыда абыройлы қызмет етті. Әттең, дүние, ғұмыры қысқа болды. Жақын інімнің жары, бізге келін боп келетін оның көзі тірісінде әкесі­нің жазбаларын кітап етіп шығарудың орайы келмепті. Әйтсе де, ештен кеш болса да, Сағындық Байғоновтың алпыс жыл бұрын жазған өлеңдері мен олардың кейбіріне шығарған әндері кітап боп қолға тиді, тәуба! Алманың аруағы риза болсын! Әкесі Сағын­дықтың рухы шат болсын!

Сағындықтың жан сырындай бір дәптер өлеңінің жарыққа шыққанын ет жақын, тума-туыс, күллі ұрпақтары, жекжат-жұрағат, жолдас-жора, достар, көз көргендер қуана қабылдағанын айта кетуді де парыз санадық.

 

Зәкір АСАБАЕВ,

«Казгор» жобалау академиясының академигі,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *