Роза КӘРIБЖАНОВА, «Ғылым ордасы» РМК Бас директоры: ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДI

Тұлғалардың iзi қалған ғылым ордасы

– Роза Оспанқызы, қазақ ғылымы қай кезеңде де небiр ұлыларды әлемге танытып келдi. Мемлекет ғылымды қаржыландыру, қоғам мен экономикаға оның нәтижелерiнiң қажеттiлiгi және ғалым мәртебесiн арттыру негiзiнде үнемi қамқорлық жасап отыр. өмiрлiк мақсаттарды iске асыру үстiнде еңбектi ұйымдастыру мен басқару салаларындағы жұмыс қалай жүргiзiлуде?

– Бүгiнгi таңда қоғамның барлық саласында бастамашылық қасиет ерекше мәнге ие болып отыр. Барлық салада жаңаны енгiзу, оны үздiксiз жаңғырту, әсiресе, ғылымның жетiстiктерi мен озық тәжiрибеге негiзделген инновациялық жаңалықтарды өмiрге батыл енгiзу айрықша сұралуда. Елбасының: «Ұлттық экономика құрып, инновацияға көңiл бөлуiмiз керек», деп атап көрсетуi де осы мақсаттан туындаған, өйткенi, ендiгi заман – озық технологиялық экономиканың заманы. Биылғы Президент Жолдауында да қазақстандық инновациялық жүйенi нығайтудағы отандық ғалымдардың рөлi мен оларды қолдау туралы баса айтылды. Сондықтан, отандық ғылым кеңiстiгiне ұлттық екпiн түсiрудiң озық үлгiсi арқылы өз үлесiмiздi қосуға бар күшiмiздi салуымыз қажет. Бұл жаһандануға жұтылып кетпеудiң қуатты жолы.

Осы орайда бiз әлемдiк жетiстiктер мен тәжiрибенi өз болмысымызға сiңiре отырып, егемен елдiң өз ғылым және бiлiм жүйесiнiң болуы керек екендiгiн ұғынғанымыз абзал.

Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру қарқынды өсуде. Оның көлемi iшкi жалпы өнiмнiң өсу көлемiнен едәуiр алда келедi. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына 2011 жылы бюджеттен 28,8 млрд. бөлiнсе, 2012 жылы ол 49 млрд. теңгеге ұлғайып отыр. Бұл 70 пайыздық өсiмдi көрсетедi. Болашақта елiмiзде ғылымның өркендеуiне бұл қаржы өз септiгiн тигiзедi деп ойлаймын.

– Ұлт зиялысы саналатын ғалымдардың да төл мерекесi күнтiзбеге ендi. Бұл мерекенiң 12-сәуiрде аталып өтуiнде белгiлi бiр мән бар ма?

– Дәл осы күнi қазақ ғылымының алғашқы iргетасын қалаған болмысы дара тұлға – Қаныш Сәтбаев өмiрге келген болатын. Сондықтан да кәсiби мереке мен ұлы тұлғаның туған күнiн атап өту мақсатында Елбасымыз 12- сәуiрдi – Ғылым қызметкерлерi күнi ретiнде белгiлеп бердi.

Осы атаулы күнге орай, қасиеттi қарашаңырақта атақты ғалымға арнап үлкен мерекелiк шара өткiздiк. Оған алғашқы рет Сәтбаев қаласынан арнайы делегация шақырылды. Ғұлама ғалымның көзiн көрiп, тәрбиесiн алған шәкiрттерiмен қатар оның туған-туыстары қатысып, тәрбиесi мол кездесу болды.

Ендi «Ғылым ордасы» туралы шолу жасап өтсем деймiн.

2010 жылы 11-ақпанында Үкiмет қаулысына сәйкес Ғалымдар үйi мен Орталық ғылыми кiтапхананың және басқа да құрылымдардың бiрiгуi нәтижесiнде «Ғылым ордасы» РМК құрылды.

«Ғылым ордасы» Республикалық мемлекеттiк кәсiпорны орналасқан әсем ғимарат көркем-сәулет өнерiнiң ғаламат үлгiсi. Бұл – бұрынғы Қазақ КСР Ғылым академиясы. Оның iргетасы 1948 жылы осы академияның тұңғыш президентi Қ.И.Сәтбаевтың тiкелей қатысуымен қаланып, 1957 жылы толық салынып бiттi. Бұл жалпы көлемi 40 мыңдай шаршы метр бiрегей құрылыстың авторы – Мәскеуде В.И.Ленин мавзолейi мен Ташкентте Ә.Науаи атындағы опера және балет театры сияқты сәулет жауһарларын дүниеге әкелген атақты ресейлiк сәулетшi, академик В. Щусев. Шевченко-Пушкин-Құрманғазы-Қонаев көшелерiмен ұштасып жатқан осы зәулiм сәулет туындысы ерекше көз тартады. Жасыл желекпен көмкерiлген ғимарат қазақ ағартушысы Шоқан Уәлиханов, орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин, академик Әлкей Марғұлан ескерткiштерi және «Шығыс күнтiзбесi» субұрқағымен ерекше үйлесiм тапқан.

Академик Қаныш Сатбаевтың ұсынысымен және тiкелей басқаруымен салынған қазақ ғылымының осы бiр қасиеттi қара шаңырағында Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Кеңес Одағының Батыры Мәлiк Ғабдуллин, Дiнмұхамед Қонаев, Ғабит Мүсiрепов, Уфа Ахмедсафин, Дмитрий Сокольский; Қазақ КСР Ғылым академиясының бұрынғы президенттерi Шапық Шөкин, Шахмардан Есенов, Мұрат Айтқожин, Nмiрзақ Сұлтанғазин; қазақтың алғашқы академик-қызы Нәйлә Базанова, Ермахан Бекмаханов, Евней Бөкетов және тағы басқа да халқымыздың ардақты тұлғалары кезiнде ғылымға да, ел игiлiгiне де жан-тәндерiмен берiлiп, адал қызмет еткен болатын.

Ғылым да, бiлiм де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғылымы бүгiнгi таңда өз биiгiнде, өзгелермен қатар тең даму үстiнде. Осы мақсатта Қазақстан ғылымы мен бiлiмiнiң жетiстiктерiн насихаттауды жүзеге асыратын өзiндiк маңызы бар, әрi бұрын-соңды республикамызда болмаған, жаңа кәсiпорын – «Ғылым ордасы» болып табылады. Бүгiнгi таңда мекемеге ғылыми-ақпараттық ресурстарды бiр орталыққа шоғырландыра отырып, елiмiздiң ғылыми жетiстiктерiн лайықты деңгейде жұртшылыққа кеңiнен тарату, ғылым және бiлiм саласында өндiрiстiк-шаруашылық қызмет көрсету жүктелiп отыр.

«Ғылым ордасының» салтанатты ашылуы Алматыда 2011 жылдың 27-мамырындағы «Ғылымның дамуы – елiмiздiң болашағы» атты форум аясында Алматы қаласының Әкiмi Ахметжан Есiмов, Қазақстан Республикасы бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов, ҚР ҰҒА президентi, ҚР ҰҒА академиктерi және басқа да ғылым саласының iрi өкiлдерiнiң қатысуымен өттi. Онда «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнына болашақта елiмiздiң ғылыми-интеллектуалдық әлеуетiн бiрiктiру мiндетi жүктелдi.

Осылайша, елiмiз егемендiгiнiң жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында ақпараттық, бiлiм беру, ғылыми-зерттеу iстерiн үйлестiретiн жеке ғылым мен бiлiмнiң тарихын және жетiстiктерiн мәдени-ағарту қызмет көрсету арқылы халықаралық деңгейде насихаттап, көпшiлiкке кеңiнен таратуға арналған iрi кешен – «Ғылым ордасы» дүниеге келдi. Бұл мекеменiң пайда болуына себеп болған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сол жылғы Жолдауында айтылған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясынан туындаған ғылым, бiлiм және мәдениет салаларының алдына қойылған маңызды мiндеттер едi. Сондықтан, «Ғылым ордасы» РМК-ның алдағы жоспарлары мен атқаратын iстерi осы үш iрi саланы қамтып отыр.

«Ғылым ордасы» ғимараты — Алматыдағы аса маңызды сәулеттiк ескерткiштердiң бiрi

– «Ғылым туралы» Заңға сәйкес ендiгi жерде бұрынғыдай қаржыны жоспар бойынша бөлу тоқтатылып, тек нәтижесi дәйектелген ғылыми жобаларға ғана грант берiлетiнi айқындалған. «Ғылым ордасында» осы мәселе қалай шешiмiн тапқан?

– Атақты ғалым, академик В.И.Вернадскийдiң пайымдауынша, «Әрбiр ұлттың ғылыми әрекетi үкiмет басшылығының саналы жiгерi мен қажырлы нұсқауының арқасында iске асуы мүмкiн». Осы бағытта Елбасының қолдауымен соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру қарқынды өсуде. Мемлекеттiк ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған гранттар нәтижесiнде 2012 жылы «Ғылым ордасы» РМК: «Дала – дипломатия жазба көздерiнде (XIII-XVIII ғғ.)» және «Қазақстан мен Ресей кiтапхана, архив және мұражайларындағы қазақ кiтаптары (XIX ғасыр және ХХ ғасырдың басы): тарихи-негiздемелiк зерттеулер», Орталық ғылыми кiтапхананың сирек кiтаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы материалдардың библиографиялық көрсеткiштер топтамасын жасау, «Айқап» журналы 1911 – 1915 жылдар (факсимилелiк нұсқа) 6 томдық, «Шежiре – жазба ескерткiштерi ретiнде (ХVII – ХIХ ғғ.) 2 томдық, Қазақстан Республикасы техникасының дамуындағы басым бағыттар бойынша электронды ресурстардың ғылыми қорының үлгiсiн жасау атты гранттар ұтып алды.

– Мемлекеттiк бағдарламада болашақта бiлiктiлiктi жоғарылатудың интеграцияланған орталықтарын ашу – оны дамыту үшiн типтiк бағдарлама жасау, отандық ғалымдарды қолдау, инновациялық әлеуеттi өсiру көзделген. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргiзiлуде?

– 2011 жылдың бiрiншi желтоқсанында Алматыда Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев ел егемендiгiнiң 20 жылдығына арналған Қазақстан ғалымдарының форумына қатысты. Форум күрделi жөндеуден өткен «Ғылым ордасы» ғимаратында өттi. Елбасы бұл жерде сирек кiтаптар мен қазақстандық ғалымдардың ең құнды еңбектерiнен тұратын «Қазақстан Егемендiгiнiң 20 жылдығына – ғылымның жаңа стратегиясы» атты кiтап көрмесiн көрдi. Осы жерде ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасының ғылыми жетiстiктерi» атты көрмеде Елбасымызға өндiрiске ендiрiлген және ендiрiлуге дайын Қазақстан ғалымдарының абсолюттiк инновациялары көрсетiлдi. Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Президент Н.Ә.Назарбаев: «Бiздiң мақсатымыз – ғылымның дамуына жаңаша серпiн беру», яғни «Ғылым туралы жаңа заңның» қабылдануы ғылым саласының қарқынды дамуына жасалынған институционалдық негiз екендiгiн айтып өттi.

Әбу-Насыр әл-Фарабидiң «Ғылымды үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерiк-жiгерi, тiлек-мақсаты ақиқат пен әдiлдiк үшiн талап жолында болуы шарт. Жай ләззат iздеу, кәсiпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек», – деген нағыз жанашырлықпен, ғұламалық ұлағатпен айтылған парасатты пайымдауы – бүгiнгi ғылым жолына бет алған әрбiр жас ғалымның, үмiткердiң ой-санасында жанып тұратын қанатты қағида. Осы киелi қара шаңырақ жастарды патриоттық пен отансүйгiштiкке, зерделiлiк пен парасаттылыққа, адамгершiлiк пен имандылыққа баулып, оларды iскерлiк рухында тәрбиелеуге таптырмайтын ерекше орын.

Ғылымның рөлi халыққа қызмет ету, ол игiлiкке жету құралы десек, «Ғылым ордасы» игiлiкке жетудегi дәнекерi. Оның бiрiншi бағыты – бұрынғы Қазақстан Ғылым академиясының бас ғимараты мен онымен жалғаса салынған құрылыстарды қажеттi деңгейде күтiп-баптап ұстау және барынша тиiмдi түрде ғылым мен бiлiм iстерiне және мәдени шараларға пайдалану. Ғимарат – мемлекет қорғауындағы Алматы қаласы бойынша аса маңызды сәулеттiк ескерткiштердiң бiрi.

«Табиғат мұражайында» 5 жарым мың жәдiгер бар

 – Ғылым ошағының этномәдени бiлiм мен тәрбиеге көңiл бөлуi қалай?

– Ғылыми мекемеде Ұлттық ғылым академиясы, 5 миллионға жуық кiтап қоры бар Орталық ғылыми кiтапхана, «Ғалымдар үйi», Қысқы бақ, Сурет галереясы, Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы, Ғылыми мұрағат, 11 ғылыми-зерттеу институты және қызметкерлерге арналған асхана орналасқан. Қоғамдық ғылымдар ошағы мен кеңiстiгiне және гуманитарлық рухани ортаға iс жүзiнде жақындату мақсатымен қасиеттi ғимаратта ҚР Ғылым және бiлiм министрлiгiнiң Ғылым комитетiне қарасты Тарих және этнология, археология, Философия және саясаттану, Шығыстану, Әдебиет және өнер, Тiл бiлiмдерi, Экономика, Математика, Информатика, Машинатану институттары да орналасқан.

«Ғылым ордасының» ақпарат кеңiстiгiнде тиiмдi қызмет атқару мақсатын көздей отырып және бiзде дайындалған кiтап, кiтапша, журнал, жарнама, плакат, буклет, визитка, постерлердi сапалы түрде шығару үшiн заманауи талапқа сай қондырғылармен жабдықталған жедел баспахананы өзiмiзде аштық. Тәжiрибелi дизайнерлiк топпен қамтылған баспаханамызда Алматы қаласының ғылыми-зерттеу, оқуағарту және тағы басқа да мекемелерiнiң ақылы тапсырмаларын орындауға мүмкiндiк бар. Мекемемiз заңды жолмен орындалатын қосымша кiрiс көздерiн де iздестiруде.

Құрамымыздағы «Орталық ғылыми кiтапхана» ұжымы соңғы жылдары «Ұлы тұлғалар» сериясы бойынша Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрiм Құдайбердiұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Жүсiпбек Аймауытов, Мiржақып Дулатұлы, Мәшһүр Жүсiп, Бауыржан Момышұлы, венгр қыпшақтанушысы Иштван Қоңыр және көптеген көрнектi ғылым, бiлiм, қоғам қайраткерлерiне арналған ғұмырнамалық кiтаптар шығарды. Ұлы тұлғаларды дәрiптеу мiндетiмiз болғандықтан, осындай кiтаптарды бiз алдағы уақытта да дайындайтын боламыз.

«Ғылым ордасы» үшiн екiншi маңызды жұмыс – Ғылым мұражайларын одан әрi дамыту. Ғылым ордасының құрамында «Табиғат мұражайы», «Археология мұражайы», «Сирек кездесетiн кiтаптар мұражайы» және «Қазақстан ғылымы тарихының мұражайы» бар.

Жарты ғасырлық тарихы бар «Табиғат мұражайының» ғылыми және экспозициялық қорында 5,5 мың жәдiгер бар. Бұл – көрермендер үшiн ең қызықты мұражай. Oйткенi, онда Қазақстан жерiнде миллиондаған жылдар бұрын мекендеген мамонттар, жойылып кеткен сүтқоректiлердiң қаңқалары мен сүйектерi қойылған. Жалпы айтқанда, бұл – республикамыздың жануарлар әлемiнiң сыры, сипаты және айнасы.

1973 жылы Тарих, этнология және археология институтында отандық археологтардың жинаған жәдiгерлерiнiң негiзiнде «Археология мұражайы» құрылған. Мұражай қорында мыңнан астам жәдiгерлер тiркелген. Ғылыми, тарихи және эстетикалық құндылықтары ерекше сонау тас дәуiрiндегi заттармен толықтырылған. Елiмiздiң барлық аймақтарынан жиналған осындай бай мұра бiздiң көне және орта ғасырлық тарихымыз бен мәдениетiмiздiң айғағы. Мұражайдың iргетасын академиктер Әлкей Марғұлан, Ақай Нүсiпбеков, Кемел Ақышов қалаған.

«Сирек кездесетiн кiтаптар мұражайы» Орталық ғылыми кiтапхананың көне қолжазбалар мен сирек кiтаптар қоры негiзiнде ұйымдастырылған. Онда қазақ даласы мен одан тыс жерлерде сақталған тарихи, мәдени және ғылыми маңызы зор қолжазбалар мен кiтаптар жинақталған. Ондағы мақсат – қоғамдық-тарихи маңызы бар XIII – XX ғасырлардағы мәдениет пен отандық жазба мұралар қорын жан-жақты көрсету. Мұражайда «Алаш» зиялыларының алғашқы басылымдағы кiтаптары да бар.

«Қазақстан ғылымы тарихының мұражайында» 2012 жылдың екiншi жартысында 6,5 мыңнан астам жәдiгер жиналды. Ғылымның көпғасырлық тарихын зерттеп, жетiстiктерiн дәрiптеу мақсатында құрылған алғашқы республикалық деңгейдегi мұражай.

Мұражай экспозициялары ортағасырлық ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Мұхаммед Қашқари, Жүсiп Баласағұн, Қадырғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектерiнен бастау алып, XIX ғасырдағы қазақ ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев өмiрi мен шығармашылығы арқылы жалғасын табады. Мұнда қазақ халқының жерiн, елдi-мекендерiн, тарихын, тұрмысын, салт-дәстүрiн зерттеген Орыс жағрафиялық қоғамының мүшелерi – атақты шығыстанушылар, Қазақ КСР Ғылым академиясының тарихы мен оның басшылары және белдi өкiлдерiнiң еңбектерi қойылған.

Кәсiпорынның негiзгi мiндеттерi – Қазақстанның ғылыми мұрасын жинақтау, сақтау мен насихаттау. Осы мақсатта «Ғылым ордасы» ұжымы ғылыми-зерттеу институттары, жоғарғы оқу орындарымен келiсе отырып ғылыми-техникалық әлеуетiн зерттеп, мұражайларға қажеттi жәдiгерлер жинауды ұйымдастырып келедi.

Оларды жүзеге асыру барысында жүргiзiлетiн жұмыстар ғылымды, ғылыми-техникалық әзiрлемелердi, өндiрiс пен бiлiмдi интеграциялауға әдiстемелiк негiз болып табылады. Олар ғылыми еңбектердi, мерзiмдi және сериялы басылымдарды шығару, ғылыми-техникалық деректер банкiн қалыптастыру, ғылыми конференциялар және басқа да ғылыми iс-шаралар жүргiзуге жол ашады. Сонымен қатар, мемлекетаралық және халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысу, шетелдiк ұйымдармен келiсiм-шарттар жасауға мүмкiндiк бередi.

Бұл жобаларды iске асыру үшiн ғылым мен бiлiм жүйесiн, ақпараттық инфрақұрылымдарды дамыту, ғылыми қауымдастықтың интеллектуалдық қуатын ортақ мақсатқа жұмылдыру және өскелең ұрпақты ғылыми iзденiстерге тарту қарастырылған. Ұлттық ғылымның әлеуетiн саралау, ғылыми-техникалық жетiстiктерiн көпшiлiкке таныстыру, республикамыздың халықаралық ғылыми ақпарат нарығына енуi мен одан өз орнын иелену бағытындағы игi iстерге осы мекеме атсалысуда.

«Ғылым ордасының» Үлкен залында 2012 жылдың 5-сәуiрiнде академик С.С.Қирабаевтың 85 жылдық және академик А.С.Бейсенованың 80 жылдық мерейтойларына байланысты салтанатты кеш өттi. Жиынға Қазақстан Республикасы бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов қатысып, сөз сөйледi.

Үстiмiздегi жылғы сәуiр айында «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорны Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасымен бiрлесiп «Қазақ жерiнiң ортағасырлық ғұламалары және олардың ислам өркениетiндегi орны» атты ғылыми-тәжiрибелiк конференция өткiздi. Онда Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi «IX – XVI ғасырдағы Отырар және отырарлық ғалымдар» деген тақырыпта баяндама жасады. Осындай шаралардың бiрi – «Қазақстан инновациясының атласы» тақырыбында сұхбат-конференция, Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың 5 томдық библиографиясы мен «Бауыржан Момышұлы» атты «Ұлы тұлғалар» сериясы бойынша жарық көрген кiтаптың тұсаукесерi, «Ғылым – әлеуметтiк-экономикалық өркендеудiң басты факторы» атты ғылыми-тәжiрибелiк конференциялар және Қазақстан Республикасы рәмiздерiнiң 20 жылдығына арналған көптеген игi шаралар өттi.

16-мамырда белгiлi ғалымдар, көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерлерi мен БАҚ өкiлдерiнiң қатысуымен «Ғылым ордасында» академик Дiнмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Д.А.Қонаев және оның Қазақстан ғылымындағы орны» атты дөңгелек үстел мен кiтап көрмесi өте мәнерлi әрi мағыналы түрде өттi.

Жуырда ғана, 18-мамырда бiзде Халықаралық музейлер күнiне арналған «Музейлер және мәдени туризм» атты үлкен iс-шара өтiп, соңында «Табиғат мұражайының» палеонтологиялық залының тұсаукесер рәсiмi болды.

«Ғылым ордасы» – республикамыздың ғылыми-мәдени ошағы. Алматы қаласының Әкiмi Ахметжан Есiмовтiң 2012 жылды «Мәдениет жылы» деп жариялағаны Ғылым ордасының ұжымына қосымша мiндеттер жүктеп отыр.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close