Өркениет философы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы ЮНЕСКО өкілдерімен, Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Криста Пиккатпен кездесті. Кездесу Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңындағы іс-шараға арналған болатын.
Шығыстың екінші Аристотелі, ұлы ойшыл және ортағасырлық ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойын атап өтуді 2016 жылы БҰҰ-ның «Өркениеттер альянсы» VІІ ғаламдық форумында «әл-Фараби – өркениет философы» атты секциясының ашылуы кезінде ҚазҰУ ұсынғанын атап өткен жөн. Секция жұмысы барысында ҚазҰУ-дің қайырымды қоғамды дамыту концепциясы шетелдік ғылым белділері арасында кеңінен қолдау тапты. 2020 жылы ЮНЕСКО ұйымының басшылығымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту туралы жоспарланған іс-шара өтеді.
ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтанов:
– ҚазҰУ-де әл-Фараби мұрасын зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Университетте ұлы ойшылдың мұражайы ашылып, кітаптары жарыққа шығарылып, халықаралық Фараби оқулары өткізіліп отыр. ҚазҰУ Ыстамбұл және Иордан университеттерінде әл-Фараби ғылыми орталықтарын ұйымдастырды. Сонымен қатар, жоғары оқу орны технология мен рухани-адамгершілік қасиеттер біріккен тұғыры негізінде жасалған Al-Farabі Unіversіty smart cіty атты бірегей жобасын ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, қонақтарды университеттің «Қоғамның қайырымды тұрғындарын қалыптастыру» деген бүгінгі міндетті жобасымен таныстыра келіп, Әбу Насыр әл-Фарабидің өркениет туралы еңбектері мен философиясы, олардың жаһандану кезеңіндегі өзектілігінің өскені туралы да айтып өтті.
Бұл жоба әл-Фарабидің трактаты мен Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы айтылған ойлармен сабақтасып жатыр. Кездесу кезінде шығыстың ұлы ғалымының ойлары мен еңбектерін кеңінен жария ету үшін әлемдік деңгейдегі «әл-Фараби – 2020» атты кең көлемдегі ақпараттық-насихаттау жұмыстары қолға алынғаны туралы баса айтылды. Өз кезегінде Алматы қаласындағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне барынша күш салатынын жеткізді.
Р.ЕРЕЖЕПҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультеті.