Ресей конституциясына өзгеріс енгізілмек

Президент Путин қандай мақсатты көздеп отыр?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Биылғы жылдың  15 қаңтарында  Ресей президенті Владимир Путин әдеттегідей Федералдық жиынға жолдау арнап, онда ел Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігі туралы айтты және елдің  саяси-әлеуметтік дамуының басым бағыттарын белгілеп көрсетті. Бұл  Ресейдің өз ішінде ғана емес, көптеген шет  мемлекеттерде де елеулі қозғалыс пен үнқатулар тудырды. Кремль басшысының баяндамасын халықаралық саясаттанушылар мен сарапшылар қызу талқылап, әлемдік БАҚ құралдары әр алуан көзқарас-пікірлер білдіре бастады. Мұның себебі белгілі. Ресей Федерациясы әлемдегі  ядролық қаруға ие  қуатты держава, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес мүшесінің бірі. Оның сыртқы және ішкі саясаттағы ұстанымы  халықаралық қатынасқа, геосаясатқа елеулі түрде ықпал етіп, көптеген мәселелерді шешу­де айтарлықтай рөл атқарады. Сондықтан да  алпауыт АҚШ-тан бастап, Еуропаның Британия, Германия, Франция сияқты үстем мемлекеттері Мәскеумен санасуға  мәжбүр және мүдделі.

Демек, шетелдік БАҚ құралдарының   Ресей басшысының  кезекті жолдауы елдің кәдуілгі  ішкі мәселесі деп қарамай оған жіті назар аударып, әрқилы пікірлер білдіріп, түрліше болжам-жорамалдар  жасаулары заңды да қисынды.

Мәселен,  американдық әйгілі  Assocіated Press былай деп жазады: «Ресей президенті Владимир Путин сәрсенбіде парламент пен министрлер кабинетінің рөлін күшейту үшін Конституцияға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасады. Оның мұнысы президенттік мерзімі  аяқталған кезде саясатта ықпалын сақтап қалатындай орынға жайғасу ниетін білдіретін қадам болуы мүмкін. Ол сондай-ақ, Ресейдің парламенттік басқару жүйесінде тұрақты болатынына сене қоймайтынын сездірді. Путиннің пікірінше  президенттің премьер-министр мен кабинет мүшелерін отставкаға жіберіп, әскери ведомство мен қауіпсіздік қызметінің басшыларын тағайындайтын және де қарулы күштер мен құқық қорғау органдарына басшылық ететін құзыреті болуы керек.

АҚШ-тың тағы бір танымал The New York Tіmes газетінің жазуынша:

«Путин өзінің дәстүрлі жыл сайынғы жолда­уында демократияны нығайтуға бағытталған конституциялық өзгерістер жайында айтты. Мұнысы 1993 жылы демократиялық жолмен сайланған бірінші президент Бория Ельциннің бүлікші заңнамашылардың бас көтеруін басу үшін Мәскеудің орталығына танктер жіберіп, сонан соң жаңа Конституцияны қабылдау мақсатында референдум өткізуге  жарлық шығарғаннан кейінгі Ресейдің саяси жүйесіндегі ірі өзгеріс болуы кәдік».

Ал The Wall Street Journal басылымы: «Авторитарлық басқару әдісіне бейім кейбір басшылар биліктен айырылмау үшін конститу­цияға өзгеріс енгізіп жатады. Путин заң талабын бұзған жоқ. 2008 жылы президенттіктен кетіп, премьер-министр болды, ол кезде төрт жыл бойына  президенттік қызметті Дмитрий Медведев атқарды. Базбір талдаушылардың түсінігінше, Путин Сингапурдың көшбасшысы Ли Куан Ю сияқты билікті біртіндеп беріп, өмірінің соңына дейін тұрақтылықтың кепілі болып қалмақшы. Енді бір сарапшылардың айтуынша,  Путин өзінің билікте ұзақ отыруына байланысты түйінді мәселелерді біледі. Сондықтан оны артына қандай мұра қалдыратыны ойландырады» дейді.

Мұндай көзқарас білдіріп,  түрлі  жорамал­дар жасаудан ағылшын баспасөзі қалыс қалып жатқан жоқ.

Британдық Guardіan газетінің пайым­дауынша: «Путин келесі президенттің билігін бәсеңдету үшін Конституцияға түзету енгізбекші. Оның осыны айтуы мұң екен, арада бір сағат өтісімен премьер-министр мен үкімет отставкаға кететінін жариялады. Бұл Путиннің президент қызметінде болуы мерзімінің шектеулігіне байланысты Кремльден кететінен күні бұрын билікті берудің іргетасын қалау әрекетін білдіреді».

Атақты   Би-би-си телерадио корпорация­сы­ның тұжырымы: «Президент Путинге тұрақтылық ұнайды. Бұл оның жиі айтатын тақырыбы. Үкіметтің шұғыл отставкаға кетуі күтпеген жаңалық болды. Айтуларынша мұны министрлердің өзі білмей қалған. Бір сәт баяғы 1990 жылдардағы президент Ельциннің премьер-министрлерді қолғапша ауыстырған кезеңі келген сияқты болған. Бірақ Владимир Путин Ельцин емес, бұл оның билікті ұзақ уақыт қолда ұстап тұруға жобаланған кең ауқымды жоспарының бастапқы қамдамдары тәрізді» дегенге саяды.

Тағы бір ағылшын  басылымы  The Tіmes де осындай пікірде. Онысын былай тұжырым­даған: «Владимир Путин қызметінен кеткеннен кейін Ресейді ұзақ уақыт басқаруға пейілді. Путин президент не премьер-министр ретінде Ресейді жиырма жылдан астам басқарды. Мұндай бақ Кеңес Одағының тұсында тек Сталинге ғана бұйырған. Қалай дегенмен де, Путин өз елін басқаруда  елеулі із қалдырып отыр.

Кремль басшысы президенттік қызметі аяқталатын 2024 жылдан әрі қарай да өзіне билікті қамтамасыз ету үшін саяси жүйеде осындай сілкініс жасады. Енді Конституцияға енгізілетін өзгерістерге сәйкес келесі президенттің құқық-құзыреті қазіргі Путиннің билігінен  кемдеу болады».

Осы сияқты Германияның да екі-үш басылымының пайым-пікірін келтіре кеткіміз келеді.

Spіegel: «Владимир Путин ойламаған жерден сюрприз жасай алады. Оның жаңажылдық мейрамдар аяқталысымен мұндай қадамға бару күтпеген жаңалық болды. Президент, губернаторлар және жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер құрамына кіретін – Мемлекеттік кеңеске конституциялық өкілеттілік берілмек. Бұған дейін ол жәй декоративтік міндеттер атқарып келді. Бірақ та оның қандай құзыретке ие болып, қандай қызметтерге басшылық ететіні әлі белгісіз. Бұл Қазақстандағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың қызметтен кетіп, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билік сақтап қалған үлгісін еске түсіреді. Путин де сондай бір үлгіні жасап, премьер болғысы келе ме, әлде басқа бір жолды таңдай ма, әзірге беймәлім болып тұр».

Suddeutsche Zeіtung: «Ресейлік бақылаушы сарапшылар Путиннің мақсаты мен Медведевтің қызметтен кетуі туралы қандай да бір тұжырым жасай алмай бас қатыруда.  Путиннің шын мәнісіндегі ой-ниеті және өзіне кімді саяси мұрагер етіп қалдыратынын болжауға ешкім тәуекелі мен батылы жетпей отырған сыңайлы. Сондай-ақ, ең маңызды сұрақ: Путин расында да президенттің билігін шектей ме, әлде ұлғайта ма? Мұның да жауабын табу қиындау».

Zeіt: «Путиннің бірден конституциялық реформа жөнінде айтып, үкіметті таратып жіберуі 2024 жылдан кейінгі жоспарын аңғартқандай… 2024 жылы оның президенттік мерзімі бітіп, екінші рет сайлауға түсе алмайды. Бұл ретте әр түрлі болжам мен қауесет 2018 жылдан кейін-ақ айтала бастаған. Бұған әзірше біржақты жауап айтыла қоймайды. Алайда, мүмкіндіктердің шамасы белгілі. Жобаланған конституциялық реформаға қарағанда Путин президенттіктен кейін Кремльде басқа бір лауазымды қызметті атқаратын болады».

Ендігі кезекте  Франциядағы БАҚ құралда­рының жазғандарына зер салып көрейік.

Сонау 1944 жылдан бері шығып келе жатқан, солшыл либералдық көзқарастағы  Le Monde апталығы мынадай ой-түйін білдірген: «Ресей президенті Владимир Путин Федерал­дық жиынға және саяси элитаға арналған өзінің жолдауында Ресейде жүзеге асырылуға тиіс іс-шараларды белгілеп көрсетті. Мәселе мұнда елеулі өзгерістер хақында, оның ұғымынша Ресей қоғамы осыған пісіп-жетілген. Демек, президент қандай да бір тәуекелге барып отырған тұрған жоқ. Өйткені, екі палатаның көпшілігі оны қолдайды. Олар Кремль қожайынының еркіне қарсы шыға қоймайды».

Шыға бастағанына елу жылдай болған әлеуметтік-либералдық бағыттағы Lіberatіon газеті: «Президенттің құқық-құзыретін парламентке, Жоғарғы сотқа, сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңесі мен Мемлекеттік кеңеске бөліп беру билікте жаңаша тепе-теңдікті тудыруға ұмтылысты көрсетеді. Бұл екінші жағынан  Владимир Путинің жиырма жыл бойына өзі пайдаланып келген құзыреттерді келесі президентке   қалдырмаудың амалы. «Путин үшін Кремльден кеткеннен  кейін оның қалдырған мұрасының жоғалып кетпеуі маңызды», – дейді француз-ресейлік «Обсерво» талдау орталығының директоры  Арно Дюбьен. – Путин ұсынған реформадан соң оның орнына келген президенттің ондай өкілеттіліктері болмайтыны айдан анық. Билікті айтылғандай бөлісу тәуекелді төмендетеді».

1880  жылдан жарық көріп келе жатқан христиандық күнделікті таңертеңгілік La Croіx газеті: «Конституциялық реформа мен үкіметтің кенеттен отставкаға кетуі – Ресейдің саяси алаңындағы аздаған жер сілкінісі секілді. Әдетте президенттің парламентпен және саяси элитамен наурызда өтетін кездесуі ертерек өткізіліп талайды таңқалдырды. Кездесуде Путин сөзді демографиялық дағдарыстан бастай отырып, күтпеген жерден парламент пен премьер-министрдің билігін ұлғайтатын конституциялық реформаға ойысты».

Халықаралық оқиғаларға көбірек ден қоятын, жетпіс жылдан астам тарихы бар  Le Parіsіen апталығы да Ресейдегі саяси жаңалық­тан тыс қалмаған: «Бұл шынында да күтпеген оқиға болды. Президент Владимир Путин алда болатын конституциялық реформалар туралы айтқаннан кейін іле Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев  сәрсенбіде өзі басқарған үкіметтің отставкаға кететінін мәлімдеді. Енді парламент мақұлдаған соң үкіметті Федералдық салық қызметінің басшысы, жұртқа аса танымал емес Михаил Мишустин басқармақшы».

Бұл айтылғандарға қоса, Жапонияның жапоншадан өзге 21 тілде хабар тарататын NHK (Эн-Эйч-Кей) мемлекеттік-қоғамдық теле-радио корпорациясы: «Путин Конституцияға биліктің құрылымын түбегейлі өзгертетіндей  толықтырулар енгізу қажеттігін айтты. Ол бойынша Мемлекеттік думаның рөлі артып, Мемлекеттік кеңестің мәртебесі өседі. Рейтингі 30 пайыз төңірегіндегі Медведевті ауыстыру оның билігіндегі президент әкімшілігінің беделін арттырады. Ал Жапониямен қатынас мәселесіне келсек, жағдайды Путин билеп тұрғанда ешқандай жағымды өзгерістер бола қоймайды»  деген пікір  білдірген.

Өз кезегінде Қытайдың жұртшылыққа танымал  мемлекеттік Синьхуа ақпараттық агенттігі тым әріге бармай: «Ресей сарапшыла­рының сөзіне қарағанда, үкіметтің отставкаға кетуі – кабинетке экономиканы жақсы білетін адамдарды тартудың қамы. Путиннің Конституцияға өзгерістер енгізу жайындағы ұсыныстары да сондай мақсатты көздейді» деп қысқа қайырған.

Египеттің Al-Youm al-Sabіa ақпараттық порталы: «Ресей президенті Владимир Путин өзінің дәстүрлі Федералдық жиынға арналған жолдауында елдегі отбасыларын жан-жақты қолдау, оның ішінде баланың туылуына қаражаттық көмек көрсету жайына жете мән берген… Себебі, Кеңес Одағы тараған кешегі 1990 жылдары қиын экономикалық және әлеуметтік кезеңде Ресейде тұрғындар саны күрт кеміп кетті. Бұған қоса, Путин өз елінің ешкімге қауіп төндірмейтінін, оның әскери саладағы қадамы Ресейдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталғанын айтты. Ол сондай-ақ, парламентке басқа өкілеттіліктермен бірге премьер-министрді тағайындау құқығын бермек, бірақ та Ресейдің басқару жүйесінде күшті президенттік билікті де сақтап қалғанды дұрыс көреді»  дейді.

Мына жәйтті айтпасқа болмайды. Ресеймен қарым-қатынасы  мұнай саудасына байланысты аздап күрделеніп тұрған Беларусь елінің басылымдары  Кремльдің реформалық өзгерістерін өз пайымдауынша талдап, талқылаған.

Беларусь жаңалықтары агенттігі: «Ресейде конституциялық сілкініс бой көрсетті. Ендігі жерде Путин Лукашенкоға қысымын азайта ма? Мәселе сонда! Өйткені, Кремльдің одақтасты өзіне кіріптар ету әрекеті Минскінің қарсылығын күшейте түсті».

Интернеттік ақпараттық TUT.by порталы: «Біз үшін беларустық және шетелдік дабыл қағушылардың Путин Белоруссияны Ресейге қосып, 2024 жылдан кейін де билікте қалады деген теориясының келмеске кеткені маңызды»  дейді.

Солидарность газеті: «Путиннің өзінің өкілеттілігін ұзартуға бағытталған «Одақтық мемлекет» жобасы қабылданбады. Кремль ендігі жерде ішкі саясатқа көбірек назар аударып, көбірек көңіл бөлетін болады. Бізбен интеграция сияқты сыртқы саясаттағы ұсақ-түйек мәселелерге қызығушылық төмендеп, оған уақыт та  болмайды».

Негізі сонау 1906 жылы қаланған Наша нива қоғамдық-саяси газеті: «Жоба бойынша Мемлекеттік кеңестегі басшылық орынға Путин жайғасады. Кейбіреулер 2024 жылдан кейін де бұл билік тармағын Путин басқарады деп айтып жүр. Яғни президенттікке басқа біреу сайланады. Бірақ бәрібір билік Путиннің қолында болады…

Беларустар үшін  Ресей мен Беларусь бірігеді, Путин «Одақтық мемлекетті» одан әрі басқарып, билігін сақтап қалады деген сценарийдің болмағаны маңызды. Бұл мәселе талқыланған  күннің өзінде басқа үлгі ұсынылған. Бұдан былай беларустардың еркін тыныстай беруіне болады. Белоруссияны қосып алу Путинге оңай болмады. Не Беларусь, не Лукашенко  бұған ыңғай мен ықылас білдірген жоқ» деп жорамалдайды.

Тек осы аталғандар ғана емес, Ресейдегі саяси өзгеріске Канада, Италия, Түркия,  Израиль, Үндістан, Австралия, Армения, Әзербайжан,   т.б. елдердің БАҚ құралдары назар аударып, талдау сипатындағы шағын мақалалар берген.  Олардың көпшілігінің мазмұны бір-біріне ұқсас болғандықтан қайталап жатуды жөн көрмедік.

Біздің Қазақстаннан  Tengrіnews интернет порталы да үн қосып,  саясаттанушы Оразғали Селтеевтің пікірін келтірген: «Ресей Федерациясы үкіметінің отставкаға кетуі  «қазақстандық сценарий» бойынша билік транзитіне  дайындық болмақ.  Президент Владимир Путиннің Федерал­дық жиынға кезекті 16-шы жолдауы Ресейдегі биліктің ауысуына қарай жасалған қадам-қаракет…».

Жасыратыны жоқ, Ресей Конституциясына өзгерістер енгізіледі дегеннен бері «РФ-сы парламенттік басқаруға көшеді», «Мемлекеттік кеңестің құзыреті күшейеді»,  «2024 жылдан кейін президенттің үстінен бақылап отыратын жоғары орган құрылады» деген сияқты болжам мен  қауесеттердің желдей ескені  белгілі.

Жуырда  В.Путин Сочиде «Сириус» орталығында Ресейдің әр өңірінен келген ЖОО-ның оқытушылар мен студенттерімен кездескенде оған осы сыңайдағы сұрақ қойылды. Ол сонда: «біз үшін парламенттік басқару тиімсіздеу, себебі әр елдің өзіндік дәстүрі мен мәдениеті, даму ерекшеліктері бар, ал президенттің үстінен қарайтын тағы бір орган құру, қос билікке жол беріп, тоқырауға ұшыратады, ақырында  құрдымға кетіреді», – деп жауап қайырды.

Негізінде РФ-дағы саяси өзгерістерге біз де жете мән беріп, тиісті қорытынды шығарып отыруымыз керек. Өйткені, Ресей біздің көршіміз, стратегиялық әріптесіміз, ТМД, ЕАЭС, ОДКБ ұйымдары бойынша одақтасы­мыз. Оның сыртқы және ішкі саясаттағы іс-әрекеттері бізге де әсерін тигізеді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *