Петр СМЕХОВИЧ, «№1 Аlmaty Еlektroavtobys parkі» ЖШС бас директоры: Алматы әлемдік қалалар қатарына қосылады

Аумағы 702,2 шаршы километрді құрайтын оңтүстік мегаполистің тұрғындары бүгінде 1,9 миллионға жетіп, соған орай, қаланың даму қарқыны да өсе түсуде. Бұл өз кезегінде адами, қаржылық ресурстардың бір орталыққа шоғырланып қана қоймай, күнделікті әлеуметтік тұрмыспен байланысты қызметтерді қамтамасыз ететін инфрақұрылымдардың сапасын арттыруды қажет ететін табиғи фактор.

Сол себептен, Елбасының аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламаларын жасау тапсырмасына сәйкес, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен әзірленіп, көпшілік талқысына ұсынылған «Алматы–2050» ұзақ мерзімді Даму стратегиясының жобасы белгілі сарапшылар мен  экономист ғалымдардан бастап, қатардағы қарпайым алматылықтардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Бұл маңызды құжаттағы стратегиялық 7 басымдықтың басты мақсаты – әлемдегі үздік смарт-тәжірибелерді қолдану арқылы ғаламдық «Ақылды» қала жасау.

Әрине, көлемі жағынан Сингапур, Люк­сембург, Бруней, Кипр сияқты кейбір шағын мемлекеттердің аумағынан артық жерді алып жатқан Алматыны ғаламдық деңгейдегі «Ақылды» қала жасау өздігінен бола қалатын дүние емес. Ол бүге-шігесіне дейін айқындалған нақты жоба, мол қаржы-қаражатпен бірге жаһандану кезеңіндегі ішкі-сыртқы әсерлерден туындайтын кедергілерді жеңе білумен және қала тұрғындарының ынтымақты тірлігімен жүзеге асатын кешенді, әрі күрделі шаруа. Бұл үшін «Алматы–2050» стратегиясында аталған: орталық пен шет аудандардың әрқилы дамуы және өмір сүру деңгейіндегі алшақтық; әлеуметтік теңсіздік; қоғамдық қауіпсіздік қатерлері; қоршаған ортаның ластануы; ресурстардың жетіспеуі; жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің әлсіреуі сияқты сын-тегеуріндерді азайтуға барша тұрғындар үлес қосуы қажет демекпіз.

Осы орайда, стратегия жобасында Алматыдағы қоғамдық көлік дамуының қала қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі және күрделі экологиялық жағдай туралы айтылған ой-ұсыныстар дер кезінде көтеріліп отыр деп санаймыз. Қарап отырсақ, еліміздің ең ірі қаласында тұрғындардың 39 пайызы ғана қоғамдық көлікті пайдаланады екен. Ал 41 пайызы жеке көлікпен жүреді. Ресми дерек бойынша, мұнда 520 мыңдай автокөлік тіркелген. Одан бөлек, сырттан 250 мыңдай машина кіріп-шығады. Яғни Алматының ауасын ластайтын негізгі көздердің басым бөлігі (80 пайызы) осы автокөліктердің үлесіне тиісті. Әрине, экологиялық залалдың салдарын азайту мақсатында көліктің табиғи таза тиімді түріне көшу және веложолдар салу сияқты бірқатар шаралар қарастырылуда. Алайда, нәтижесі қанағаттанарлықтай деу әлі ерте. Себебі, Алматының үнемі жаңбырлы болатынын ескерсек, тұрғындардың велосипедке ауысып отыру құлшынысы байқалмайды. Енді не істеуіміз керек?

Алматы қаласының экологиясын сақтау, жақсарту мәселесі бүгінде бірінші орында тұрғандықтан, ең алдымен, қоғамдық көлік жүйесін түбегейлі реформалау, бұл салада заманауи үздік технологияларды қолданысқа енгізу маңызды қадам болып табылады. Осы мақсатпен биылғы 14 қарашадан бастап, Алматы көшелерінде Falcon EuroBus компаниясының қазақ-неміс әріптестерімен бірлесе жасаған алғашқы электроавтобустары өз қызметін көрсете бастады. Бүгінге дейін Төле би көшесінің бойындағы №206 маршрутта жүрген 10 электроавтобус 175 мыңдай жолаушы тасымалдап үлгерді.

Бұл тың бастама туралы «№1 Аlmaty Еlektroavtobys parkі» ЖШС бас директоры Петр Смехович былай дейді:

– Әлемдік деңгейдегі үшінші буындағы FALCON M.ADІ маркалы жаңа электроавтобустар кез-келген ірі мегаполис үшін экологиялық жағынан өте тиімді екені даусыз. ТМД елдерінде тұңғыш рет шығарылып отырған бұл электроавтобустарды құрастыру барысында экологиялық қауіпсіздікке қатысты халықаралық талаптардың барлығы да қатаң сақталған. Алдағы жылы электроавтобустардың қатарын 50-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Ал, оны көптеп қолданысқа енгізу қаламызды экологиясы таза, мәдени және креативті мегаполиске айналдыруға мүмкіндік береді.

Иә, Алматы қаласының аймағындағы мегаполиспен эконо­микалық, еңбек және әлеуметтік тұрғыдан тығыз байланысқан Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай қалалары мен бес ауданның тұрғындары жолаушы ретінде қалаға қатынайтынын ескерсек, Стратегияда белгіленгендей, қоғамдық көлік қолданатындар санын болашақта 60 пайызға жеткізуге де мүмкіндік туады. Олар транзиттік-бағдарлы даму қағидаты бойынша қоғамдық көліктің тармақталған және әрқилы заманауи желісімен өзара қосылатын болады. Сол кезде әрі ыңғайлы, әрі жағармайсыз жүретін экологиялық тиімді электроавтобустарға сұраныс артатыны сөзсіз.

Ендеше, әлеуметтік өмір сапасы мен бизнес мүмкіндіктері бойынша болашақта әлемнің үздік 100 қаласына енуді көздеген Алматының Ұлы Жібек жолы орталығындағы жоғары стандартты көлік-логистикалық хабқа айналатын уақыты да алыс емес.

 

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,

журналист-жазушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *