ПЕНДЕЛЕР ПЕШЕНЕСІ

Алақандай әңгімелер

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері

 

Айна

Теңіз – Ай мен  Күннің айнасы. Олар теңіздің мөлдір айдынынан өз бейнелерін көріп күлімсірейді.

Кейде Ай мен Күннің шаруасы болмай қарамай қойғанда  теңіздің тулап мазасызданатыны бар.

Теңіз түнеріп сала береді. Жал-жал толқындары аспанға шапшып ақ көбік боп аласұрады. Ышқынып-ысқырынып ішегін тартады. Күркіреген үйдей толқындары  үрейді ұшырады.

Ал күн шыға келсінші!

Моп-момақан, мөлдірей қалады.

Енді теңіз сұлулықтың айнасына айналады.

 

 

Плагиат

Оқырмандармен кездесті.

Жырларына ынтық  жиын еді. Ақынға жөпелдете сұрақ қойылды:

– Сіз кімсіз?

–  Ұлысыз ба?

–  Классиксіз бе?

– Мен кіммін? – деді ақын аңырып, – кіммін? Мен  айтқанды орындаушымын. Айтатын – жүрек. Жырлар менікі емес,   айтқандікі – жүректікі. Мен орындаушы құлмын, жүрегімнің құлымын. Ең бақытты құлмын!

Жұрт қол соқты.

Бірақ жұрт бұл сөздің басқа  жүрекке тиесілі екенін білген жоқ.

Бұл аты аталмаған ақынның жүрегіне көрсетілген құрмет болды.

Із

Төбе басына шыққан адам ентігін басады, тоқтап кідіреді. Жан-жағына қарайды, төңірегін шолады, көз тастайды. Сонда ол мынаны көреді: Төбеге өрмелеп көтерілген із жалғыз емес екен. Талайлардың ізі сайрап жатыр. Бірақ әрқайсысы төбеге әрқалай шығыпты. Біреу тарпаңдап тікесінен салған – табанымен жапырған көк шөп әлі түзеле қоймапты. Енді бір із көрінеді – жанын қинамай, асықпай қиялап, бөктерлей көтеріліпті. Тақырлау тұсымен саламын деп тайғанақтап, өкшесінің қырын батырып, әрең шыққан із де иесінің шыдамсыздығын аңғартқандай. Енді біреу қолындағы таяғына сүйеніп көтерілген. Табаны тұтпай, бірер рет бөкселей жантайып, тырбанып шыққанның да топырақты сүргілеген ізі сайрап жатыр… Тағдыр іздері…

Әркімнің ізі әр түрлі. Бәрі де өз әлінше – өз әдісімен төбеге шыққан.

Осылай әркім өз төбесіне тізе бүгеді.

 

Жаңғырық

Шалы:

–       Көшеде кімдерді көрдің? Саған ешкім ештеңе деген жоқ па?

Кемпірі:

–       Жоға, тәйірі… көшеде мендей жаман кемпір толып жатыр ғой…

Шалы маңғазданып:

–       Жоға, олай деме, көп емес, – деді, – Сендей кемпір әлемде біреу-ақ!

Сәл пауза жасап алып, сосын:

–       Ол біздің үйде! – деді.

Бұл да ескірмейтін махаббаттың жаңғырығы.

 

Жүрек

Адам асқан кезде ештеңені тыңдамайды.

Сасқан кезде жүрегін тыңдатады.

Адам жүрегін әуелі өзі тыңдау керек еді.

Құтқарушың жүрек емес пе?

Жүрегін тыңдай білгенге, өмір де жүрісін сыйлай біледі.

 

Құстар

Дән – күздің сыйы.

Дән толып піскен кезде, сарғайып сабағынан иіледі. Сол кезде дала шалқыған теңіздей толқиды. Күннің өткір сәулесімен шағылысқан масақ мұрттары миығынан күліп тұрғандай алқапты бойлап сыбдыр жүгіреді. Сарыала дүниенің ішінде шаң-шаң болған адамдар, қарлыққан айқайлар, тынымсыз гүрілдер кетіп бара жатады. Олардың бәрі сол сап-сары бояудың ішінде бір батып, бір шығып жүргендей әсер береді. Диқан қауым осы сап-сары дастарқанды жинап бола берген кезде шаршап, әбден қалжыраған комбайншы шаң-шаң болып терге малшынған көйлегіне әлдеқайдан қаңғалақтап жеткен жапырақ­тың жабысып қалғанын көрмейді.

Жапырақ… сап-сары жапырақ. Диқан үйге қайтар жолда тоғайлардың мұрты сарғайып алтын күздің айтпай келгенін аңдайды. Сонда барып сарыала жапырақтардың әуеде ұшып жүргенін көреді.

Аспанда құстар сызылтып ән салады, сол әнімен cap даланы тербелтіп, тебірентеді. Диқан көкірегіне ән ұялайды. Тілендиевтің әні… Әлгі құстар, құстар дейтін әні. Әннен айнымаған табиғатты көріп, «Тілендиев құс­тардан көшіріп ала қойған екен ғой», – деп жымияды.

Жүрегіне жылы сезімдерді шым-шым еткізіп, сарыала егіннің  үстімен сызылтып ән салып бара  жатқан Тілендиевтің құстарына қарап қалады.

Ұз-а-а-ақ  қарайды.

 

Мониторинг

Ол өзіне-өзі есеп берді. Қазіргіше мониторг жүргізді.

Ойлап қараса:

Біреудің танысы күшті,

Біреудің алысы күшті,

Біреудің сырласы күшті,

Біреудің құрдасы күшті,

Біреудің крышасы күшті,

Біреудің млисасы күшті,

Біреудің баласы күшті,

Біреудің парасы күшті,

Біреудің сыбайласы күшті,

Біреудің  сыр-айласы күшті,

Біреудің айналасы күшті,

Біреудің жарнамасы күшті…

Әйтеуір, бәрінікі күшті.

Ал өзінің?

Тәуба, тәуба… өзінің…

– Құдай берген қағанаты — қанағаты күшті!

 

Нан

Аспан мен Жер, тың мен ғарыш. Осы бір жұнттай жарқын атауларда символикалық байланыс жарқырай көрінеді.

Әлбетте, ғарышкерлер ылғи жерге оралғанда тұп-тура егін ортасына түседі екен. Сол сәтте ғажап та керемет хош иісті сезінеді екен.

Оларға  қазақ елі ғажап сый – Нан – ұсынады.  Дала дәні –Тыңның наны.

Талай елдің – түрлі ұлттың ғарышкерлері бұдан артық сыйды білмейді. Міне, тыңның көгілдір аспаны осындай кереметтерді біледі, осындай кереметтерге куә.

Қазақтың Наны жер мен ғарыштың жүрегі іспетті.

Ғажайып демей гөр.

Бұл маңдай тер мен намыстан жаралған қасиетті нан ғой.

Қазақтың наны.

 

Резюме

Феодализм – байлардың заманы болды.

Социализм – ұрандардың заманы болды.

Капитализм – кландардың заманы екен.

Әлгі изм… коммунизмді қиялдап едік…

Шіркінді, қиял да болса, әлі қия алмай жүргендер бар.

Измдердің түп-төркін сыры осы.

Егер илансаңыз, әрине…

 

Ніл

Күз келді.

Жапырағын жамылған ағаш біткеннің тұс-тұсынан сары бояу сары-сақиналары іліне бастапты.

Жапырақтар сарғыш тартқан, сәл сарғая түскені бар, бояуы қанық қызғылт сарысы көз қытықтайды, шым-шым қызылтымы да көрікті, қоңыр күреңінде күннің жалқыны жылтыл салады.

Көктемде бәрі басқаша еді. Жапырағынан жұрдай ағаштар сойдиып-сойдиып қарауыта қалғыған. Көк­темнің жылы шуағымен сіңірі жібіп, сидам бұтақтар көгіс тартқан. Бүр жарып, жапырлай оянған жапы­рақтардан  бұтақтары көрінбей қалған. Жапы­рақ­тардың жүзі дымданып көкшіл бояуы тамшылап тұр­ғандай еді. Алма, өрік, шие… біткен жапырақ арасынан түйнек салып,  салмағынан бұтақтары майы­са түскен.

Күзгі жапырақтар соның бәрін ұмыт­тырып сарала түске бояныпты. Бояуларға малынып маужырап тұр.

Осы сәт жапырақтар дүниедегі бар бояуды көру үшін жаралғандай еді.

Мұндай ғажайып күзгі бояуларға ғана тән-ді.

Ал бояулар болса ғайыптан пайда болмайды ғой.

Тегінде ол…

–       Жердің нілі.

 

Сағат

Үйге қонақ шақырылды.

Қонақтар сый-сияпатымен келді.

Бірі сағат әкеліпті.

Кеткен соң қараса, жүрмейтін сағат екен.

«Сағаты таусылсын дегені ме?..».

«Жамандық ойлағаны өзіне, жақсылық ойлағаным өзіме», – деді де жөндетушіге көрсетіп жүргізіп жіберді.

Сонан соң, сағаттың әйнек жиегіне жапсырылған тілдей қағазға бір ауыз сөз жазды:

«Өмір – сағатқа емес, тағдырға тәуелді!».

 

Трайбализм

Профессор күнде лекциясын:

– Сөзіміз далаға кетпесін, жазып отырыңдар, – деп бастайды.

– Біздің қоғамда кейбір жікшілдік ағымдарға орын жоқ. Олар аластатылуы керек. Ондай ескі қөзқарас, тайпалық ғұрып­тар тірлікке алауыздық әкеледі, бірлікті бұзады. Мұндай жікшілдік трайбализм деп есептеледі. Әрине, біздің қоғамда ондайға орын жоқ…

Осы сәт қалта телефоны зың ете қалды. Профессор:

–       Кешіріңіздер, – деп алды да, теле­фо­нын құлағына тосты. Ары қарай басын изеп, үнсіз тыңдай түсті де:

–       Иә, иә… ол өзіміздің бала ғой… иә, түбі өзіміз ғой,  өзімізді тартсақ кәнешні,  жақ­сы, жақсы, –  деп сөзін аяқтады да, лекциясын қайта жалғады:

–       Иә, біліп қойыңдар, жазыңдар әрі қарай… Трайбализм бізге жат, трайба­лизмнің басты көзі…

–       Өзіміз!

Дауыс артқы жақтан саңқ етті.

Профессор кімнің айтқанын аңғармай аңырды.

Студенттер ду күлді. Күлкі аяғы қолша­палаққа, одан қоңырау үніне ұласты.

Бәрі де күлкінің қанатында кетер-ау.

Бастысы, қолшапалақтың кімге соғыл­ғанын білсе ғой…

 

Ақсақалдың  аксиомасы

«Жақсымын дейтіндер әрдайым көп, ал жақсы адамдар әрдайым жалқы».

 

Актер

Купеде үшеу еді.

Танысу кезінде етжеңді егде жастағы жігіт ағасы:

–       Сен студент шығарсың? – деді бұйра бас жас жолаушыға.

Жас жігіт күлімдеп басын изеді.

Ал үшінші жолаушы – қияқ мұртты көркем жігіт:

– Аға, мен актермін, – деді өзінен сұрауға үлгіртпей.

–       Е-е-е, өзіміз екенсің ғой, – деді жігіт ағасы.

Актер түсінбей қалғандай сыңай танытты.

– Қалайша өзіміз?

–       Менің айтар бір қисыным бар. Сендер театр актері болсаңдар, біз тірліктің актерлеріміз. Бұл – бір. Сендер өзгенің рөлін ойнап жүрсеңдер, біз өзімізді-өзіміз ойнап жүрген актерлерміз, шырағым. Айырмамыз сендер – сахнада, біз – өмірде, – деп сөзін аяқтады.

Актер қолын шапаттады.

–       О-х-о-о! Үшеуміз де актер боп шықтық!

Үш актер қосыла күлісті.

Қисынды сөзге құлап түсетін қазағым-ай!

 

Бас

Компьютер класының кезекті сабағы еді.

– Жақсы жұмыс істеу үшін не керек?

Ұстаз сауалына шәкірттері шу ете түсті. Бірі:

– Компьютер керек! – деді.

– «Басыңмен ойла, басыңмен жауап бер», – дегенді қайтеміз? –

Адамның басы ақылдың кені. Демек, алдымен Бас керек, – деді ұстаз.

– Жоқ, бүгінде адамның басы – компьютер, бәріне компьютер жауап береді, – деді бір жіңішке дауыс.

– Сонда бас қайда қалады?

– Бас – ақылшы емес, компьютерге қызметші…

– Сабыр етейік. Компьютерді ойлап тапқан да осы Бас қой. Бастың ақылы ғой?

Үнсіздік.

– Демек, Бассыз ешкім де, ештеңе де өмір сүре алмайды.

Тағы да үнсіздік.

Албырт шәкірттерінің аптығын басқанына риза болған ұстаз:

– «Мынаның басы компьютер ғой», – деп мақтасақ та Бастың тегін қадірлей де, қорғай да білейік. Бас әманда бірінші! – деді ұқтыңдар ма дегендей даусын нығарлай түсіп, – Енді сабақтарыңа кірісіңдер!

Ұстаз сөзі үнсіз мақұлданды.

Түрлі бастар қайтадан компьютерлеріне лап қойды.

 

Ақыл

– Ақыл кімге керек қазір?

– Ақыл айтайын десе адам бар да, құлақ жоқ.

 

Тұтқын

Оның дейдісі көп.

— Мені түсінбей­сіңдер, – дейді.

– Мені көре алмайсыңдар, – дейді.

– Мені мойындамайсыңдар…

– Мені танымайсыңдар…

– Мені бағаламайсыңдар…

– Мені…

– Бұл кім өзі? – дейсің бе?

– Кім болушы еді? Өзің тауып көр…

– Жә-ә, мынау бір өзінен-өзі үрейленіп,  сонысынан құтыла алмай жүрген өз үрейінің тұтқыны ғой деймін?!

– Деймініңіздің жаны бар. Дөп айттыңыз. Ол – өз үрейінің тұтқыны!

– Япыр-ай, ә? – дейсің.

– Өз үрейінің тұтқыны!?

Естігенің жырақта қалса да, жаны бар сөз құлақта қалады екен.

 

Цензура

Мақала жазды – мақтанды,

Әңгіме жазды – баптанды,

Повесть жазды – шаттанды,

Роман жазды – көкке жетуге шақ қалды.

Қазіргі халі – пұшайман кеп. Ойы – Балқан, Балқан, Балқанда, кітабы болса – балконда. Оқырманы, елі де – әлеуметтік желіде.

Бұрында цензура деген болушы еді. Мынау өзгерген заманның өзгеше цензурасы секілді.

Ым-м…

Үнсіз ұқты. Иланды.

Ойланатын түгі жоқ… Өмір осылай құбыла береді.

– Әй, Өмір-ай…

 

Отшашу

Жылда… Жаңа жыл келгенде сағат он екіні соққаннан кейін дүние отшашуға бөленетін.

Жоғары қабаттан әсіресе, сатыр-сұтыр етіп, бірінен соң бірі бастырмалата көкке отшашу шашылғанын көру бір тамаша еді. Көше-көше, әр үй жарысқа түскендей боп көрінетін.

Бірінен-бірі асып түскісі келіп, сатыр-сұтыр даусы түнгі аспанды тітіретіп жіберетінін қайтерсің.

Биыл да сол бір сәтті тамашалауды асыға күткен. Бірақ бір-екі отшашу көтерілді де, төңірек тынши қалды. Жылдағыдай жарыс жоқ, төңірек жым-жырт.

– Ата, неге отшашу аз, – деп немересі шыдамсыздана сұрады.

– Шынында да неге бұлай? – деп үлкендері де таңданып жатыр.

Атасы болса ойын асықпай  айтты.

– Қалтаның түбі көрінгені ғой, – деді сабырмен, – отшашу да отбасының көрсеткіші!

Немере ұқпады, үмітпен сыртқа қарады.

Үлкендері ұққандай үндемей қалысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *