Парасат мектебі – Ұлттық мәртебеге ие болды

Тарих қойнауына кетер тұста 2018 жыл Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ұжымына үлкен сый жасады. Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығына сай Қыздар университетіне Ұлттық мәртебе беріліп, зор жауапкершілік жүктелді.

Рая ЕСКЕНДІР

Өзінің 75 жылға жуық тарихында бұл оқу ордасының басынан не өтпеді? Бел-белес, асу-асқардан өтіп келе жатқан оқу ордасы ұлтқа қызмет етіп, ақ жолынан бір сәт те адасқан емес. Орта Азия, тіпті ТМД мемлекеттері арасында тек қыздарға арналған оқу ордасы жоқ десе де болады. Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Тәңірі жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шаңырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген пайымы бұл оқу ордасының маңыздылығын айғақтап қана тұрған жоқ, шындыққа да айналған еді.

Аталмыш оқу ордасы Екінші дүние­жүзілік соғыстың аумалы-төкпелі кезінде ашылып, күні бүгінге дейін қыруар жұмыс тындырды. Айтулы ғалымдарымыз өз­дерінің  зерттеулерін, түрлі ғылым сала­сына қатысты еңбектерін осы оқу ордасының қабырғасында жазып, елдің игілігіне айналып келеді. Еліміздегі ұлағатты ұстаздардың ұстаханасына айна­лып отырған оқу ордасы бүгінге дейін 60 мыңнан астам білікті маман даярлап, Ота­нымыздың дамуына өз үлестерін қосуда.

Елбасымыз әркез Қыздар универ­сите­тін қамқорлап, бірнеше мәрте бұл шаңы­раққа арнайы ат басын тіреді. Арнайы келген сапарларының бірінде «Бір қызды тәр­биелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп үлкен сенім білдіріп, оқу орны ұжы­мының алдына нақты міндеттер қойған еді. Қазақ қыздарының қасиетті құтханасы тәлімді тәрбие мен өрісті білімнің ордасы ғана емес, қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар етіп ұстап келеді.

Гаухар Алдамбергенова

Қазіргі күнде білім ұясында студент­тердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиешісі саналатын болашақ педагогтар­дың бойында халқымыздың ұлттық құнды­лықтарын дарыту үшін бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып, универси­теттің отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуа­ныш ұялатады.

Атап айтқанда, Аккредит­теу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің 2018 жылғы ұлттық рейтин­гінде Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті 7-орынға ие болды. АРТА ұлттық рейтингі­сіне қатысуға еліміздің 75 жоғары оқу орны өтініш беріп, рейтингке 58 жоғары оқу орны қатысқан еді. Олардың 6-ы ұлттық, 21-і мемлекеттік, 7-і акцио­нерлік және 24-і жекеменшік білім беру ұйымдары. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің ұлттық рейтингі ар­қылы қазақстандық жоғары оқу орын­дарына өздерінің ұстанымдарын айқын­дауға, білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалауға, жоғары оқу орындары­ның жоғары сапалы жұмысына жәрдем­десуге және ең бастысы – білім алушылар­ды көптеп тартуға және жұмыс берушілер үшін тартымдылықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Университет студенттері халықара­лық, республикалық және аймақ­тық білім, ғылым, өнер және спорт жарыс­тарында жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының мерейін тасытып келеді. Мәсе­лен, тек 2017-2018 оқу жылын­да Қыздар университетінің студенттері 160-тан астам түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар атанды. Сонымен қатар, білімгерлер елімізде өткен түрлі ғылыми жобалар байқауы мен зияткерлік ойындарда да бағы жанып, жеңіс тұғырына көтерілді. Уни­верситет даңқы тек қана білім сайыс­тарында ғана емес, спорттық додаларда да жиі шығып жүр. Атап айт­қанда, оқу орнының спорт­шылары Қазақ­стан Рес­публикасының ІX Жазғы Уни­версиадасына спорттың 23 түрінен қаты­сып, 54 жоғары оқу орнының ішінде жалпы­командалық есепте 7-орынға табан тіреді. Аталған байрақты бәсекеде уни­верситет қоржы­нына жалпы саны 69 медаль түссе, 17-сы алтын, 14-ы күміс, 37-і қола.

Қазіргі күнде университеттің 6 факу­льтетіндегі 27 кафедра 42 бакалавриат, 23 магистратура және 4 PhD докторантура мамандықтары бойынша мұғалім маман­дарын даярлайды. Ал сырттай оқу бөлі­мінде 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясы қолданысқа енгізіл­ген. Болашақ педагогтарға 41 ғылым док­торы, 193 ғылым кандидаты, 22 PhD док­торы мен 202 ғылым магистрі білім береді.

Соңғы жылдары университеттің мате­риалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа нысандар көптеп ашылуда. Олардың қатарында Қазақ алфавитін латын графи­касына көшіру жөніндегі орталығы, «Art Дара» өнер галереясы мен «Дара» психоло­гиялық-педагогикалық түзету орталығы бар.

Ғылыми әлеуетті дамыту – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі. Елбасының отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының алдына ғылыми әлеуетті арттыру мәселесін қойып отыр. Қыздар университеті – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан оқу орны. Атап айтқанда, жақында Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары «YbBіNaFeO5 құрамды висмутты – фер­ритті алу жолы» атты патентке ие болды. Бұл табысқа инновациялық өнертабыс наноқұрылымды бейоргани­калық мате­риалды синтездеп алғаны үшін ие болып отыр. Сонымен қатар, бұл патент – Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық универ­ситетінің алғашқы өнертабыстық иннова­циялық патенті. Қыздар университетінің бір топ ғалымы бірнеше жылдан бері химия ғылымының докторы, профессор Мұха­метқали Матаевтың жетекшілігімен Жаратылыстану факультетінің базасын­дағы Кешенді химия-биологиялық ғылы­ми-зерттеу орталығында тәжірибе жүргізіп келген еді. Ұзақ жылғы ғылыми ізденістің нәтижесінде олар күн энергиясын түрлен­діру  құрылғыларына магниттік жартылай өткізгіш материалы ретінде спинтроника, микроэлектроника және компьютерлік техника құрылғыларына материал ретінде қолданыла алатын өнертабысқа қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, университетте Қазақ тілі мен әдебиеті және Филология мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес құрылды. Кеңес Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төраға­сының «Жоғары оқу орындарында фило­софия (PhD) докторы, бейіні бойынша докторы ғылыми дәреже беру бойынша докторлық диссертация­ларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер ашу туралы»  бұйрығына сәйкес құрылып отыр. Бұл оқу орнының ғана емес, еліміздегі филология ғылымының дамуына ашылған жол. Себебі, диссерта­ция­лық кеңес – ғылыми зерттеу жолына түскен болашақ ғалымдардың еңбегін саралап, ғылыми сүзгіден өткізетін жоғары ғалымдар кеңесі. Университет бастамасы­мен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халық­аралық Түркі әлемі зерт­теулеріне арналған симпозиум әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалым­дардың басын қосып, жаңа ғылыми зерт­теулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасап келеді. Алқалы жиынға Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Татарстан мен Башқұрт­станнан 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысқан еді.

Қазақстан жас педагог-ғалымдардың бірінші республикалық слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың қауым­дастығы құрылған болатын. Құрыл­тайшысы Қыздар университеті болып табылатын қауымдастықты құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын қазақстандық жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Бүгінде жас ғалымдардың бастамасымен бірнеше іргелі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қауым­дастық мүшелері робототехника бойынша стартап жобалар жасауды қолға алады. Оқу орнының базасында осы тарапта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған арнайы секциялық үйірмелер құру да көзделіп отыр. Онда университет ғалым­дары робототехника бойынша өңірдегі жоғары оқу орында­рының білімгерлері мен мектеп оқушы­ларын заманауи зертханалық жұмыстарға тартып, олардың ғылыми әлеуетін көтермек. Бұған Қыздар универ­ситетінің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді. Физика-матема­тика факультетінің жанындағы «Робото­техника» зертханасы Lego, Аrduіno және Raspberry роботтарымен, оқу-әдіс­темелік және бағдарламалық нұсқаулық­тармен жабдық­талған. Marwіn брендімен жабдық­талған жиынтықтар арқылы студенттер теория мен тәжірибені ұштастыра алады. Заманауи құралды да терең меңгере түседі. Сонымен қатар, оқу орнының жас ғалым­дарының бастама­сымен «T2T Networkіng» атты жоба бастау алды. Бұл бастама орта білім беру сала­сында басшылық қызмет атқаратын университет түлектері мен еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ сұхбат алаңын құрып, ауылдық жерде орналасқан мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтып отыр. Биыл­­ғы Жастар жылы мен Қыздар уни­верситетінің 75 жылдығы аясында қолға алынған жобалар өте көп. Жобаның басты мақсаты – оқу орны түлек­терінің бәсекеге қабілеттігін арт­тырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Соны­мен қатар, педагогтардың кәсіби әлеуетін жетілдіреді және білім беруде жаңа техно­логияларды қолдануды дамыта­ды. Универ­ситет сту­дент­терінің басым бөлігі ауылдық мектеп­тердің түлегі екен­дігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толық­қан­ды мең­геріп, жете танысқаны өте маңызды.

Университеттің әлемнің беделді жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысы да артып келеді. Бүгінде Қыздар университеті әлемнің 65 жоғары оқу орнымен ынты­мақтастық орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Түркия, Франция, Қытай, Ресей, Германия, Малай­зия сынды мемлекеттердің беделді университеттері бар. 2018 жылы универ­ситет ректоры Гаухар Алдамбергенова бастаған делегация шет елдің бірнеше жетекші жоғары орнына арнайы іссапар­мен барып, бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті мен Ұлыбританияның Western Іnternatіonal Сollege білім беру, ғылыми және мәдени байланыстар бойынша өзара ынтымақ­тастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжат академиялық ұтқырлық бағдарла­масы аясында студенттер, профессор-оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер алмасуды, бірлесіп ғылыми-зерттеу жоба­ларын әзірлеп, жүзеге асыруды, ағылшын тілі курстарын ұйымдастыруды, қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында оқытуды қарастырады. Сонымен қатар, Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова Польшаға жасаған арнайы іссапары аясында Катовицедегі іргелі жоғары оқу орны – Силез универ­ситетінің ректоры Анджей Ковальчикпен кездесіп, әріптестік байланыс орнатуға уағдаласты. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық Қыздар педагоги­калық университеті мен Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті бірлесіп латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретуге байланысты бірнеше тың жобаны жүзеге асырмақ. Бұған Түркия та­ра­­пы нақты қолдау көрсетуге мүдделі және арнайы жұмыс тобы құрылатын болады.

Осынау 75 жыл ішінде мұғалім маман­дарын даярлап, педагогтардың біліктілігін арт­тыруды сәтімен жүзеге асырып келе жат­қан қазақ білімінің қара шаңырағы бү­гінгі таңдағы әлемдік білімге батыл қадам басқан бәсекелестікке төтеп бере алатын­дай мамандар даярлау үшін аянбай еңбек етуде.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *