ПАЙҒАМБАР ДА ӨЗ АНА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕГЕН

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

(Қ. Мырзалиев)

Өз тілімізді жетік меңгеріп, көркем әрі әдеби cөйлей білу – Алла елшісінен (с.ғ.с.) қалған өнегелердің бірі.

Жер бетіндегі адамдардың әртүрлі ұлт өкіл­дерінен болуы — Алланың үлкен нығметтері мен белгілерінің бірі. Хақ Тағала Құранда «Көктер мен жердің жаратылуы мен тілдеріңнің және түрлеріңнің алуан түрлі болуы Оның белгілерінен. Шүбәсіз мұнда білім иелері үшін ғибраттар бар», дейді («Рум сүресі, 22-аят).

Адам баласы дүниеге келген соң Раббысын таны­мас бұрын жарық дүниені танып біле бас­тайды. Ол үшін ең әуелі ана тілін үйренуі қажет. Тәлім-тәрбиені, жақындарымен қарым-қатынасты туған тілінде ала бастайды. Бұл жөнінде Ахмет Иүгінеки:«Тәрбие басы – тіл!» деп, дәл айтып кеткен болатын. Олай болса, осы ана тілдің маңызы жөнінде Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне үңіліп көрелік.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ана тілі – араб тілі болатын. Ал, өзге тілді білгені жөнінде ешбір хабар жоқ. Тек кейбір деректерде бірнеше парсы сөзін қолданғаны турасында айтылғанымен, бұл Пайғам­барымыздың (с.ғ.с.) парсыша білді дегенді білдір­месе керек. Бұл кемшілік емес, керісінше араб тілінде Алладан түсірілетін уахиды терең түсініп, қауымына айна-қатесіз жеткізуі үшін бір тілді жетік білуі ерекше маңызға ие болатын.

Расулулла (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударған кезде яһудилерден және өзге де қауымдардан хаттар және делегаттар келе бастады. Олармен түсінісу үшін сахаба Зәйд бин Сәбитке иврит тілін үйренуге әмір береді. Себебі, яһудилердің жазғанда­рының дұрыс не бұрыстығын тексеріп, елеп-екшеп отыратын адам қажет болды. Зәйд бин Сәбит 15 күндік қысқа мерзім ішінде тапсырманы орындап, ивритше хаттарды оқып, жауап жазатын деңгейге жетеді («Муснәд», 5;136).

Көп ұзамай суриани тілінде хаттар келе бас­таған соң тағы да Алла Елшісінің (с.ғ.с.) тапсыр­масымен Зәйд бин Сәбит 17 күн ішінде сол тілдің де жазу емлесін меңгеріп, оқып, жауап жазатындай дәрежеге жетеді (Термизи, «Истизән» 22; Әбу Дәуіт, «Ілім» 2).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз ана тілін өте жетік меңгеріп, араб тілінің майын тамызып, көркем сөйлеген. Расулулланың (с.ғ.с.) сүт анасы Халима Бәну сағд руынан болатын. Бұл ру арабтар арасында араб тілін ең көркем, әдеби сөйлейтін ру ретінде танымал еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Халима анасының отбасында 4 жыл өмір сүріп, әдеби көркем сөйлеуге әбден машықтанады. Алла Тағала бұл жөнінде Құран Кәрімде:

«Біз барлық пайғамбарды аяттарымызды түсін­діруі үшін, сол қауымның ішінен, солардың тілінде сөйлейтіндерден жібердік». («Ибраһим» сүресі, 4-аят); «Біз Құранды сендер түсінсін деп араб тілінде түсірдік». («Юсуф» сүресі, 2-аят); «Ол анық араб тілінде жіберілді». («Шуғара «сүресі, 195-аят), – деген.

«Алла Тағала әр пайғамбарды өз ұлтының тілімен пайғамбар етіп жіберді», деген Әбу Зәррдан (р.а.) жеткен хадис осы аяттарды қуаттап тұр­ғандай (Тәфсиру ибн Кәсир, 2:522). Ислам діні арабтар арқылы бүкіл жер бетіне тарауы үшін Алла Тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) «Сәбә» сүресінің 28-аятында айтылғанындай, «Барлық адамдарға сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп», – жіберді.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өз ана тілін жетік білумен қатар, өз ұлты мен руын да жақсы көргендігін мына хадистерден аңғарамыз:

«Мен күмәнсіз Пайғамбармын және мен Әбділмутәліптің ұлымын, мен арабтардың ішіндегі араб тілін ең әдеби сөйлеушімін және Құрайыш руынанмын» (Фәйзул қадир, 3:38, хадис нөмірі: 2684), «Мен араппын, Құрайыш руынан шықтым. Менің тілім Бәну Сағд тайпасының тілі» (Фәйзул қадир, 3:44, хадис нөмірі 2696).

Мұсылман баласының өз ұлтын жақсы көруі — Алланың тағдырына ризалықтың бір көрінісі. Ал өз ұлтын сүюдің белгісі өз ана тіліңде сөйлеу арқылы көрініс табары хақ. Сахабалардың бірі Расулул­ладан (с.ғ.с.) «Уа Алланың Елшісі! Бір адамның өз қауымын жақсы көруі ұлтшылдық па?» – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Жоқ, тек егер өз қауымы­ның зұлымдығына болысатын болса, ол – ұлтшыл­дық», – деп жауап берген болатын (Ибн Мәжә, «Фитән» 8). Себебі белгілі бір ұлттың өкілі болып жара­тылуымыз Алланың хикметі екендігін мына аят дәделдей түсетіндей:

«Ей адамдар! Расында Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық. Және де бір-біріңді тану­ларың үшін ұлттар мен ру-тайпалар еттік. Аны­ғында, сендердің ең қайырлыларың — тақуаларың. Алла бәрін білуші, хабардар» («Хужурат» сүресі, 18-аят).

Олай болса, Ислам діні, ұлт, ру, халық, тіл ұғымдарын жоққа шығармайды. Керісінше, осы арқылы адамдардың өзара танысып, білісуі үшін Алланың заңы, қажеттілігі деп түсінген абзал. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өз ана тілін жетік білуі, араб тілінде көркем сөйлей білуі пайғамбарлық сипаттарының бірі екендігі жоғары­дағы аяттардан айқындалды. Ал Пайғамбар (с.ғ.с.) бойындағы қасиет пен қабілет, әрбір іс-амал бар­ша мұсылман үмметіне үлгі-өнеге екендігі Құранда былай баяндалады: «Сендер үшін Алланың елші­сінде көркем өнегелер бар» («Ахзап» сүресі, 21-аят).

Сондықтан өз қауымымызға дінді дұрыс жеткізуіміз үшін өз тілімізді жетік меңгеріп, әрі көркем, әдеби сөйлей білу Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған өнегелердің бірі емес пе?!

Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ, Алматы Орталық мешітінің бас имамы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *