Оттан түспейтін қазан

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

«Бұл бала үйге бармайтын болды ғой…»

Термешілер арасында «Шалқар термесі» атты республикалық байқау өтіп жатқан. Осы жиынға күйеуі екі жыл қатарынан шақы­рылды. Кейінгісі де 2002 жылы Шымқалада болды. Жан-жақтан келген жұрт көп. Алма­тыдан барғандар арасында Берік пен ақын Исраил Сапарбай бар. Қазылар алқасының құрамында болу үлкен сын ғой.

Бәрі ойдағыдай өтіп, күйеуі пойызда Исраил ақынмен бірге қайтты. Екі серінің арасында айтар сөз таусылсын ба, Алматыға жеткенше небір әңгіменің тізгінін жібергенін Гүлфайруз айтпаса да шамалайды. Үйге келетін уақытында қазан көтерген. Екеуі бірге кіріп келгенде кәдімгідей қуанып қалды. Беріктің өзі жақсы көретін кісі­лерді міндетті түрде үйге ала келетінін бұрыннан жақсы біледі. Оған ешқашан таң қалған емес, тек алдын-ала айтып, ескертіп қоймайтыны қиын.

Мұндай оқиғалар екеуі бас қосқан алғашқы жылдан бастап-ақ қалыптасқан. «Берік те қызық» деген ой жылт ете қалған Гүлфайруздың есіне баяғы студент кезіндегі жәйттер түсті. Тіпті, кейде ақшасыз отыратын сәттер болатын. Бірақ соның өзінде көңіл­жықпас ағалары жолығып қалса, үйге қонаққа шақырып, қарыз алса да екеуі дастарханды жайнатып жіберетін.

– Мен үйге қонақ шақырсам, жолым ашыла түседі, – дейтін Берік. Шынында, Гүлфайруз кейде ойлап қояды, үйге қалай қонақ келеді, ертесіне-ақ Берік олжалы болып қайтады. «Әрине, Берік бақай есептің адамы емес, бірақ қонақ шақырғанның аяғы тура солай», – дейді, Гүлфайруз күліп.

Қазір шүкір, бәрі басқаша ғой. Гүлфайруз қазан көтеріп, ет асқаннан шаршаған емес. Мұн­дайда тәубашыл жан қайта шүкіршілігін айтып, қуанып кетеді. Гүлфайруз үшін әр келген қонақ жаңа бір леп, соны бір сый, тосын бір тыныс. Оның үстіне, Беріктің бірге жүретін ортасы елге елеулі азаматтар екенін жақсы біледі.

Міне, бұл жолы танымал композитор, ақын Исраил Сапарбай үйге бас сұғып отыр. Айтар ұлағатының өзі неге тұрады. Исраил ағасы келіп, дастархан басына жайғасып, оң-солына қарап болған соң:

– Бағана Алматыға жақындай бастағанда, Берік жуынып-шайынып, қырына бастады. Сыланып-сипанып, киімдерін түзеп, айнаға қайта-қайта қарағыштап, әтір сеуіп, тыным таппай қойды. Мұны көріп отырып «Е, мынау бүгін үйіне баратын бала емес қой» деп іштей ойлағаным рас. Сөйтсем, пойыздан түскен соң «Аға, көлік дайын, үйге барып шай ішейік. Ары қарай асықпай апарып салармын» дейді, — деп бір күлдіріп алды.

– Өз үйіне дәл осылай үлкен әзірлікпен, жақсы ниетпен келетін баланы көріп тұрғаным осы, – деп Исраил ағаның өзі де жымиып қояды.

Гүлфайруз мұндайға да әбден үйренген. Баяғыда Темірше ағасы үйлеріне келе қалса, ағалық ықыласымен бірге, адамды жадыратар әзіл-қалжыңдарын да ала келетін.

 

«Мынау Өзі мен іздеген ет екен»

Талантты қаламгер Темірше Сарыбаевпен күйеуінің жерлестігі әрі рухани жақындығы бар. Алматыға кейін көшіп келген ақын үлкен әдеби ортаға кірген соң өнімді еңбек етті. Өлең-жырлары газет-журнал беттерінен түс­кен жоқ. Өзі түрлі мүшәйраларда асығы алшы­­сынан түсіп жүрді. Ақкөңіл, жайдары Темкең біреудің сыртынан ғайбат сөз айтпай­тын жан еді. Марқұм, ел жақтан қалаға кештеу келгеннен кейін бе, әйтеуір Алма­тыда жүр­ген­де дос-жаран іздеп, ағайын аралап, аман­дық-саулықтарын біліп, жиі хабарласып тұратын.

«Туар ғасыр, туар ақын, туар жыр,

Құлпырады абатты Сыр, Қуаң, Қыр!

Өткен өмір жаңа өмірдің алдында,

Болымсыздау елестейді буалдыр…», –

деп, жырлап өткен ақын не айтса да, не жазса да, ағынан ақтарылушы еді. Ол Алматыға өзінің кештеу келгеніне өкінетіндей көрінетін. Бірақ туғалы елдің тірлігімен тынысы бір бұл ағасының мінез-құлқынан ауылдың исі аңқып тұратын. Гүлфайруз қоспасы жоқ, шынайы ағасы қонаққа келсе, бір жадырап қалады. Өзінің әңгімесі де қызық еді.

– Мынау өзі мен іздеген ет екен! – деді бірде үйде дастархан басында отырғанда, жылдаған өркеш араласқан түйе мен жылқының сүріне сүйсініп. Ет көрмей жүрген кісі емес қой, алайда ауылдың дәмі мен исін аңсап жүрген болса керек. Солай деп түсінген Гүлфайруз бен Берік те күліп жатыр.

– Ауылды қатты сағынғанда, осылай Берікпен үйге келіп тұрыңыз,– деді Гүл­файруз. Темірше ағасы бұл үйдегі балаларды да қатты еркелететін. Өзі балажан, олармен әңгімелескенде кәдімгідей үлкен кісімен сөйлесіп отырғандай болады.

Жыршылық өнерді, жыраулардың шығар­ма­ларын, Сыр сүлейлерінің мақам-саздарын жақсы білетіні Берікпен арадағы әңгіме барысында байқалып тұрады. Сөйтіп жүріп Берікке тілеулес, жанашыр жанның біріне айналды. Гүлфайруз бұл ағасына да талай дастар­хан жайып, батасын алып еді. Қазақ­стан Жазушылар одағында өткен шығар­машылық кешінде Темкеңнің ерекше жар­қырай көрінгенін Берік бірде мақтанышпен айтып келгені бар.

Өмірінің соңғы жылдарында ол ауыл жақты көбірек айтып жүрді. Әбділда Тәжі­баевтың «Қартайған шағымда Сырдың суына аяғымды малып отырсам, арманым жоқ» дейтін сөзін өзіне мысал ететін. Алматыға қырықтан асқан шағында келіп, жетпісті желкелеген кезінде Қызылордаға қайта көшіп кетті. Бірер жылдан кейін сол жақта дүниеден озды. Таңдап жазатын, талғап айтатын талғам­паз ақынның, жақсы ағаның асыл бейнесі Гүлфайруздың көңіл төрінде осылайша қалды. Кезінде Мардан ағасы екеуі бала жыр­шы Берікті Әбділда ақынның үйіне апарып, абыздың батасын алып берген оқиғасы мен талантты інісі туралы жазған «Күміс қоңы­рау» атты мақаласы өз алдына бір әңгіме. Өзінің Берікке арнаған:

«Бітірдің әнге әсемдік, жырға қанат,

Күйіңді және жүрміз мыңға балап.

Танимыз Жүсіпов деп салған жерден,

Газеттен қолтаңбаңа бір қарап-ақ.

 

…Серпіліп серіппедей сілте, Берік,

Жөнелсін жырдың жалы күлтеленіп.

Сыймайсың алты Әлімнің құшағына,

Етпесе өнеріңе ұлт егелік», –

деп келетін «Үзеңгі» атты өлеңі бар. Осындай жай­саң ағалар еске түссе, Гүлфайруз кейде кәдімгідей мұңайып қалады.

 

Бата алғанның бағы жанады

Жасынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өскен Гүлфайруздың екі сөзінің бірінде бата туралы айтқысы келіп тұратынын байқадым. Оның да өзіндік жөн-жосығы бар. «Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер» дейтін тәрбиенің игі әсері ғой. Оған қоса, өзінің ата-бабалары мен Беріктің тұқым-зәуза­тының бағзы өмірлерінен жақсы хабар­дар Гүлфайруз үшін үлкеннің, дуалы ауыз абыздардың беретін батасының орны бөлек.

Баяғыда үлкендердің айтуымен көңілінде қалған бір оқиға жиі ойына оралады. Гүлфайруз Беріктің аталарымен бұрыннан аралас-құралас­тығы бар, құдандалы отба­сынан шыққан. Беріктің атасы Жүсіп Жақы­пұлы кезінде кіреге шығып жүреді екен. Сол кісі 1970 жылдар шамасында Беріктің әкесіне – баласы Мырзалыға:

– Мен бұл жолы үйге жермен қайтамын, маған жарамды ат тауып бер, – дейді. Атын тауып бергесін, кетерінде: «Әлхамдулла әлхамның берекетін берсін!» деп бата береді. Сонда мұны естіген ауылдың білгір шалдары:

– Әлхамның берекеті – мыңжылдық. Әлхам­ның берекеті дарыса, денің сау болып, несібелі өмір сүресің. Әкең жақсы бата беріп кеткен екен, – депті. Айтқанындай, Беріктің әкесі қанды қасап ұлы Отан соғысынан елге аман-есен оралды. Ұрпақ өсіріп, бақытты ғұмыр кешті, дастарханы мол, қонақжай кісі болды. Гүлфайруз өзінің атасы­ның өмір жолын бір адамдай-ақ біледі. Міне, оның бата алуға құмар болуының астарында осындай сыр жатыр.

«Әлқисса, Жүсіп бидің даналығын,

Айтайын батасының даралығын.

Жалғаған Әлхам менен Әлхамдулла

Мыңжылдық пен мыңжылдық аралығын.

 

…Үлгі боп қасына да, досына да,

Ақ жолда жүрген адам тосылар ма?!

Үш жүздің басын қосып ана жылы,

Ас берген Жақайымға осы бала.

 

Қара жер, көгілжім көк куә бұған,

Қазақтың өнері үшін туа қалған.

Жақып пен Төлегендей атасынан

Сопылық, шайырлығы мұра болған.

 

Ақ пейіл, ақ дастархан, ақтан асы,

Берікжан Мырзалының ақ ботасы.

Берікке «Әлхамдулла» жыр боп қонды,

Кешегі Жүсіп бидің ақ батасы!», –

деп бұл әулет жайында ақын Маралтай Райым­­бекұлы шалқыта жазып еді. Гүлфай­руздың ұғымы бойынша бата дарыған адам­ның бағы жанып, жолы ашылады. Ауыл баласының қонақ келгенде қолға су құюға таласуының астарында да осындай мән жатыр. Өйткені, бата – болашақтың бастауы. Қазақ атамыз ешқашан қателесіп көр­меген. Бұған күмәнданудың өзі күнә. Гүлфайруз осының бәріне имандай сенеді. Үйде қара қазанын оттан түсірмейтіні де сондықтан.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *