ҚОРҚОР ТАРТУДЫ «МОДАҒА» АЙНАЛДЫРҒАН бозбаланың болашағы бұлыңғыр

Айнабай МӘДИ

«Прайм Плаза» сауда және ойын-сауық орталығында «Бiз есiрткiсiз өмiрдi қалаймыз!» тақырыбында шаһарымыздағы Оқушылар үйi белсендiлерi ұйымдастырған қалалық байқау қорытындыланды.

– Мақсат – жас ұрпақты қоршаған ортаның жағымсыз әсерiнен жирендiру арқылы салауатты өмiр салтына бейiмдеу, денсаулықтың қадiрiн түсiндiрiп, оған деген жауапкершiлiктi сезiндiру, – дейдi байқаудың басы-қасында жүрген Алматы қалалық Бiлiм беру басқармасы тәрбие бөлiмiнiң бастығы Қатипа Молдабаева. Қатипа Қасқырқызы айтса айтқандай, бүгiнде жастар арасында есiрткi тұтыну белсендi түрде сәнге айналып барады. Тiптi, алматылық жастардың бiраз бөлiгi темекiден бас тартып, қорқор (кальян) тартуды «модаға» айналдырған. Жарнамасы да жарқырап тұр. Сонда қалай? Қорқордың есiрткiден не айырмасы бар? Бiле-бiлгенге айтарымыз, оның құрамында неше түрлi психотропты заттар жетерлiк. Ата-ана, мектеп қайда қарайды? Дос-құрбының елтiгенiн көрген жеткiншек не оңады? Сол жас өреннiң есiрткiге тәуелдi боп бара жатқаны аз емес. Наркомафияның дамуы мен қоғамның енжарлығы есiрткiге деген шектен тыс белсендiлiктi байқатты.

Есiрткiге тәуелдi әр адам жылына кемiнде он адамды тартады. Сондықтан, жас жеткiншектер арасындағы есiрткiге тәуелдiлiк пен есiрткi таратушылармен күресу үшiн қаланың қосымша бiлiм беру ұйымдарының белсендi балалары арасынан үгiт бригадасы құрылып, фестиваль-байқау өткiзiлiп отыр. №1 Оқушылар үйiнiң «Денсаулық» тобы нашақор адамның өмiрi өлiммен аяқталатынын бейнелесе, №2 Оқушылар үйiнiң «Успех» тобы жастарды жаман әдеттен жирендiрдi. Оқушылар сарайының «Арай» тобы жастарды денсаулығын шынықтырып, баянды болашаққа бастамашы болуға шақырса, №7 Оқушылар үйiнiң «Ювента» тобы қал- қадерiнше нашақорлықпен күрестi насихаттады. Байқау жас өреннiң жiгерiн жанып, намысын қайрады, Отанының салауатты азаматы болуға үндедi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *