ОН СЕГІЗ САҒАТТЫҚ КЕЗДЕСУ НЕМЕСЕ ТЕАТР ӘЛЕМІНДЕГІ ТӨҢКЕРІС

Станиславский, Немирович-Данченко, Чехов және басқалар туралы

Бұл шын мәнінде тарихи кездесу еді. Бірі Грузияда, екіншісі Мәскеуде туған екі тұлғаны өмір жолында өнер құдіреті кездестірді. Екеуінің  ынтымақтастығы арқасында театр өнеріне жаңа көзқарас, жаңа ұстаным жасалды. Бұл – жаңашылдыққа бет бұрған театр өнерінің майталмандары Немирович-Данченко мен Станиславский еді.

Қос тұлғаның тағдырына әсер еткен бұл тарихи кездесу 1897 жылдың 21 маусымында  Мәскеудегі «Славян базары» ресторанының жеке бөлмесінде өтті.  Әңгіменің негізгі тақырыбы – Мәскеуде жаңа үлгідегі театр құру мәселесі  болды. Екеуі тез тіл табысып, бірін-бірі керемет түсініп, ұсыныстарын толықтырып отырды. Күн кешкіріп қалғанда Станиславский кездесуді өзінің Любимовкадағы саяжайында жалғастыруды ұсынады. Келесі күні 18 сағатқа созылған кездесу аяқталады. Бұл кездесу екі қайраткер үшін де әсерлі болып, олар «орыстың жаңа үлгідегі театрын құру» жайында уағдаласады. Немирович-Данченко бұл кездесу жайлы өзінің «Жаңа театрдың тууы» кітабында: «Біз бірде-бір рет сөз таластырмадық. Біздің бағдарлама­мыз бірінен соң бірі өрбіп, бірін-бірі өте жақсы толықтырып отырды», – деп жазды.  Ал Станиславский болса, бұл кездесуді «Знаменатель­ная встреча»  деп атап, өзінің «Менің өнердегі өмірім» кітабының бір тарауын арнайды. «Бірде-бір әлемдік конференция өзінің маңызды мәселелерін біз секілді талқыла­майтын шығар? Біз болашақта айналысатын ісімізді кеңінен әрі терең талқыладық. Біз таза өнердің мәселесін, біздің көркем идеалдары­мыз: сахналық этиканы, техниканы, ұйымдастыру жоспарларын, репертуар тақырыптарын, біздің қарым-қатынас мәселелерімізді әңгімеледік», – деп жазды. Әңгіме барысында труппа, репертуар, қаржы-қаражат және ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Сұхбат үстінде ғажап тарихи сөздер де туындап жатты. Мәселен, «Кішкентай рөлдер жоқ, кішкентай әртістер бар», «Театрдың шығармашылық өмірінде қандай да болмасын тәртіп бұзушылық қылмыспен тең» деп сол кезде айтылған сөздердің мәні бүгінге дейін бұзылған жоқ.

Бұл кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған Немирович-Данченко еді. Оның: «Сізді қызықтыратын тақырыпқа өзіңізбен әңгімелесейін деп едім», – деген қысқа өтініш хатына, Станиславский: «Өте қуаныштымын. Сізді күндізгі сағат екіде «Славян базары» ресторанында күтемін», – деген жауап жібереді. Тура белгі­ленген уақытта екеуі ресторанның жеке бөлмесінде кездеседі. Әңгіме бірден қызып кетеді. Екеуі бірін-бірі бұрыннан танитын жандар секілді емен-жарқын әңгіме құрады. Көтерілген тақырып екеуі үшінде қызық әрі маңызды еді.

«Императорлық театрлар уақыттан қалып қойды. Олар бүгінгі күн талаптарына, көрерменнің рухани сұранысына жауап бере алмайды. Бізге жаңа сахналық форма, тың әдістерге толы сезім, көңіл-күй қажет», – деді Станиславский. Немирович-Данченко болса, оны қызу түрде қуаттап: «Келісемін. Дұрыс! Ең алдымен репертуар мәселесі ақсап жатыр. Әрине, Островский біздің мақтаны­шымыз болып қала берері даусыз. Бірақ бүгінгі көрермен өзін алаңдатқан мәселелерге жауап іздейтіні ақиқат. Соңдықтан бізге жаңа драматургия мен пьесалар қажет», – дейді.

Екеуінің айтқаны бір адамның шығармашылық принциптері секілді өріліп жатты. Себебі, екеуі де жаңа театр құруға мүдделес болатын.

Олар ресторанның жеке бөлмесінде түскі ас, бірнеше рет кофе ішеді. Уақыт кешке жақындаса да, әңгіменің аяқталар түрі көрін­беді. Соңдықтан Станиславский кездесуді өзінің Любимовкадағы саяжайында жалғауды ұсынады. Немирович-Данченко оны ризалық­пен құп алады.

Өзінің саяжайында Константин Сергеевич қонағына қағаз бен қалам ұсынып, екеуінің кездесуін хаттамаға түсіруді өтінеді. Өйткені, ол Владимир Ивановичпен әңгімеге үлкен мән берді. Себебі, олар биік мақсатты орындауға ұмтылған болатын. Екеуінің ұсыныстары шын мәнінде революциялық бағдарлама болатын.

Хаттамаға: «Біз міндеті мен мақсаты бар, Островский арман­даған халықтық театрды құрмақ­шымыз», – деген сөздер жазылды. Бұл болашақ театрдың негізгі ұстанымы болды. Жаңа бағдарлама бойынша әр спектакльдің  өзіне тән қойылымы, сахналық ерекшеліктері, декорациясы, жиһазы, кейіпкер­лердің киімі, бутофориясы болуы қажет. Әр спектакль драматургтің ойына, спектакльдің мазмұнына сай, суретшінің эскиздерімен көркем­деліп, безендендірілуі керек деген шешімге келеді екеуі.

Жалпы, Станиславский айтылған, келісілген жұмыстардың барлығын қағазға түсіретін. Істелетін жұмыстар ауыз-екі айтыла қалса: «Не верю!», – деп қолына қағаз бен қалам алатын. Бұл сөзді кейіннен Константин Сергеевич актерлердің репетиция кезінде жіберген шикілігін байқағанда да: «Не верю!», – деп оларды қайта ойнататын.

Осы кездесуде екеуі болашақта атқаратын қызметін де оңай бөлісті. Станиславский актерлер ойыны мен режиссураға жауап берсе, ұйымдастыру жұмыстары, репертуар мәселесімен Немирович-Данченко айналысты. Станиславский Владимир Ивановичті қатты құрметтейтін, сондықтан оған «вето» құқығын береді. Спектакльдің дайындық барысын бақылап, оған «вето» берген адам енді спектакльге жетекшілікті өз қолына алатын. Ол енді өзінің суреткерлік көзқара­сымен спектакльді аяғына дейін шығаратын. Екеуі осылай келіседі. Бұл шын мәнінде көрегендікпен жасалған дұрыс шешім еді. Бұл екі суреткердің де режиссерлікпен бірдей дәрежеде айналысуына мүмкіндік берген болатын.

Осы кездесуде болашақтағы труппа құрамы да анықталады.  Оған Немирович-Данченко дәріс оқитын Мәскеу филармониялық қоғамының музыкалық-драмалық училищесіндегі драмалық өнер класынан: В.Э.Мейерхольд, О.Л.Книпер, М.Г.Савицкая, И.М.Москвин, т.б. кірді.  Одан басқа Станиславский жетекшілік ететін өнер және әдебиет қоғамынан   М.П.Лилина, М.Ф.Андреева,А.А.Санин, А.Р.Артем, т.б. алынды.

Бұл қайраткерлерді тағдыр қалай кезіктірді, енді соған үңілейік.

Владимир Иванович Немирович-Данченко өте дарынды адам болды. Ол өзінің қабілетін жастайынан көрсетті. Владимир Иванович 1858 жылы Кавказда дүниеге келді. Әкесі – подполковник, Чернигов губерниясының помещигі болатын. Ал анасы армян ұлтынан еді.

Володяның балалық шағы Тифлисте (Тбилисиде) өтті. Үйлерінің жанында жазғы театр болатын. Ол жерге жиі барып тұратын бала төртінші сыныпта екі пьеса жазады. Одан соң театр үйірмесіне қатысып, оның белсенді мүшесіне айналады. Гимназияда оқитын Володя репетиторлықпен де айналысып, еңбектің дәмін ерте татады.

1876 жылы гимназияны күміс медальмен бітірген ол Мәскеу университетінің физика-математика факультетіне түседі. Одан заң факультетіне ауысады. Бірақ 1879 жылы университеттен кетіп, «Русская газета», «Будильник», «Русский курьер» басылымдарында әдеби сыншы болып қызмет атқарады. Осы кезде өзін беллетристика мен драматургияда сынап көреді. «Шиповник» атты алғашқы пьесасы Кіші театрда қойылады. Владимир сонымен қатар әңгімелер, повестер, романдар жаза бастайды. «Жаңа іс» («Новое дело») және «Өмірдің бағасы» («Цена жизни») пьесалары үшін ол Грибоедов сыйлығымен марапатталады. Ал 1891 жылдан бастап Мәскеу филармония училищесінің драмалық курстарында дәріс оқи бастайды. Осы кезде ол режиссерлердің, драматургтердің, актерлердің шығармашылығын назардан тыс қалдырмай бақылап отырады. Сол көп суреткерлердің ішінен Немирович-Данченконың таңдауы Станиславскийге бекерден-бекер түскен жоқ еді.

Константин Сергеевич Алексеев (Станиславский) 1863 жылдың 5 (7) қаңтарында Мәскеуде дүниеге келді. Оның ата-анасы алтын және күміс сым шығаратын фабриканттар болды. Бала кезінде Костя жиі ауыратын. Он жасына дейін «Р» және «Л» әріптерін айта алмады. Бірақ анасының аялы алақаны мен қамқорлығының арқасында әлденіп, өзін сергек сезініп, ілезде өз қатарластарының алды болады.

Алексеевтердің отбасында тоғыз бала өсті. Ауқатты ата-ана балаларының оқып-тоқуынан ақшаны аямады. Балалар шет тілдерін, семсерлесуді, биді үйренді. Мереке күндері үйде қойылымдар ұйымдастырып, оны ата-анасы мен туыстарына көрсететін. Әрине, бұл жұмыстардың ұйымдастырушысы Костя болатын. Кәмелеттік жасқа жеткен Константин әкесінің фабрикасында жұмыс істеп, оның іскер директорларының бірі болады. Ол кәсіпорындағы станоктарды жетілдіру мақсатымен бірнеше рет Францияға да іс-сапарға шығады. Дегенмен, осындай қарбалас жұмыста жүрсе де, бір бүйрегі өнерге бұрып тұрды. Күндіз жұмыс істеп, кешке Алексеев театр үйірмесіне қатысты. 1884 жылдан бастап ол өздерінің қабілет-қарымын, мүмкіндіктерін ғылыми түрде дамытатын театр үйірмесін немесе қоғамын құру идеясын көтеріп жүреді.  Ал 1885 жылдың қаңтарында талантты әртіс әрі дәрігер Марковтың құрметіне өзіне «Станиславский» деген атты алады. Театр өнері тарихында ол осы есіммен қалады.

1888 жылы ол Мәскеу өнер және әдебиет қоғамының жарғысын жасап, оның басшыларының бірі болады. Оның бұл ісіне сол кездегі қала басшысы болып тұрған туысы Николай Алексеев: «Костя өзіне қажетті іспен айналысып жүрген жоқ» деп ашуланатын. Бірақ Константин Сергеевичтің алғашқы қойылымдарынан кейін-ақ сыншылар оны орыс актерлерінің алдыңғы сапына қояды. Мәскеу жұртшылығы оны талантты актер, өмір шындығын шынайы көрсете алатын режиссер ретінде тани бастайды. Жас режиссер туралы айтыла бастағанда оның жұмыстарына Немирович-Данченко назар аудара бастайды.

Сонымен, 1898 жылы екі суреткер ашатын Мәскеу көркем театр труппасы Пушкин селосында жиналады.  Алғашқы репетиция басталар алдында Станиславский: «Біз қолымызға өзімізге күрделі,  бірақ қоғам үшін мәні мен пайдасы бар істі алып отырмыз. Біз тарихта алғашқы рет саналылықтың, парасаттылықтың, адамгершіліктің шуағын шашатын, қоғамның барлық мүшелеріне қолжетімді театр құрмақшымыз. Осы биік мақсатқа өмірімізді арнаймыз», – дейді.

Мәскеу көркем театры (МХТ) 1898 жылы өзінің тұңғыш премьерасы ретінде А.Толстойдың «Федор Иоаннович-патша» пьесасымен ашылады. Бұл қойылым көтерген мәселе сол XІX ғасырдың көкейкесті мәселелерімен үндес еді. Пьесадағы тарихи  оқиғалалар  бүгінгі күн мәселелерімен қатар өріліп жатты. Жаңа театрдың ашылуы Мәскеудің мәдени тарихындағы айтулы оқиға еді.

Антон Павлович Чеховты көркем театрдың өсіп-өнуіне үлес қосқан Немирович-Данченко мен Станиславскийден кейінгі үшінші адам десе де болады.

Жаңадан бой көтерген театрдың репертуарын жаңалап, жақсы дүниелерді қою мақсатында Немирович-Данченко өз дүниелерімен танылып қалған Антон Павлович Чеховты шақы­рады. Оның  алдында  Санкт-Петербургтегі  Алек­сан­­д­рийск театрында жазушының   «Шаға­ла» пьесасының қойылымы сәтсіз шыққан еді. Сол кезде үнжұрғасы түскен Чехов: «Жеті жүз жыл өмір сүрсем де енді пьеса жазбаймын», – деген болатын налып.

Сол «Шағаланы» алдын-ала оқып танысқан Кіші театрдың жетекші актерлерінің бірі Ленский Чеховқа: «Сізді жақсы көретінімді, сіздің талантыңызды жоғары бағалайтынымды білесіз. Сондықтан сізге өз ойымды ашық айтуым керек. Сізге айтар достық кеңесім: «театр үшін жазуды тастаңыз, бұл сіздің айналысатын ісіңіз емес», – деп жазды. Бірақ Немирович-Данченкоға «Шағала» қатты ұнады. Сондықтан өзі «Өмір бағасы» пьесасы үшін Грибоедов атындағы сыйлықты алғанда, комиссия мүшелеріне «сыйлық «Шағалаға» берілсе, дұрыс болар еді», – деген пікірін білдіреді.

Чеховтың сағы сынып жүрген кезде, «Шағалаға» ғашық Немирович-Данченко жазушының өз-өзіне келуіне,  оның жаңа театрдың болашағына сенуіне қатты әсер етеді. Ол Көркем театр сахнасында «Шағаланы» қоюға драматургтен рұқсат сұрайды. Бірақ автор бұл ұсыныстан бас тартады. Сонда Владимир Иванович: «Егер сен, «Шағаланы» бермесең, мені кескілеп, өлтіргенің. Себебі, «Шағала» режиссер ретінде менің бүкіл жан-дүниемді баурап алған, бүгінгі күннің пьесасы. Ал сен болсаң, театрдың репертуарын байытатын қазіргі замандағы жалғыз жазушысың», – деп хат жазады.

Осыдан соң Чехов «Шағала» пьесасын  Көркем театрға немқұрайлы ұсынады.

Премьера 1898 жылдың 17 желтоқсанында өтті. Бұл қойылым шын мәнінде өмірге жаңа театр келгенін дәлелдеп берді. Сол уақытта режиссер алғаш рет көркем шығарманы кеңінен түсіндіретін идеялық жетекшіге айналды. Чехов пьесасының мазмұнындағы тек өзіне тән ерекшеліктері көрермендерге керемет әсер етіп жатты. Жазушы өз шығармасында күйкі тірлікті дәл, әрі боямасыз бере білді. Актерлер сөзбен бере алмайтын сәттерді, паузамен,  бір-бірінің жүзіне  ойлана қарауымен, ішкі сезімдерін қимыл-қозғалыспен сәулелендіріп беруге ұмтылды.

Сол  «Шағаланың»  премьерасы өткен күні, 0 сағат 50 минутта Немирович-Данченко Чеховқа қуаныштан жүрегі жарыла: «Жаңа ғана «Шағаланы» қойдық. Табысымыз керемет! Пьеса көрерменді бірінші актінің өзінде-ақ баурап алды. Одан соң триумфтер тізбегі жалғасты. Сахнаға қайта-қайта шақыртулар алдық. Мен автордың бүгін театрда жоқ екенін айтқанымда, көрермендер саған жедел хат жіберуімді өтінді. Бақыттан басымыз айналды. Бәріміз сені қатты құшақтап, сүйеміз», – деп ақжолтай хабар жібереді.

Чеховта сол күні: «Көрермендерге жүрегімді жарып шыққан алғысымды жеткізіңіз. Қазір Ялтада жалғызбын. Сендермен бірге болмағаным жанымды жабырқатты. Сендердің жедел хаттарың мені дерттен айықтырып бақытты етті», – деп қуана жауап жібереді.

Көркем театр адам рухының өмірі туралы мәселені көтерді. «Шағала» пьесасы шын мәнінде жаңа театрдың өмірге келгенін дәлелдеп берді.Содан бастап, ұшып келе жатқан шағала бейнесі театрдың эмблемасына айналды. Чехов пен театрдың шығармашылық байланысы нығая түседі. Осыдан бастап, Чехов өзінің жазған барлық пьесаларын Көркем театрға беретін болды. Оның «Шие бағы», «Үш әпкелі-сіңлілер», «Ваня ағай» пьесалары театрдың шығармашылығы мен абыройын-беделін асқақтатты.

Көркем театр аз уақыттың ішінде Ресейдегі маңдайалды театрлардың біріне айналды. Оның қойылымдарын көруге асыққандар легі артты. Газеттерде театр қойылымдарын мақтаған сын мақалалар көбейді.

1900 жылдың қаңтарында Максим Горький «Ваня ағай» спектаклінен соң: «Вообще этот театр произвел на меня впечетление солидного, серьезного дела, большого дела… Я знаете, даже представить себе не мог такой игры и обстановки. Хорошо! Мне даже жаль, что я живу не в Москве, – так бы все и ходил в этот чудесный театр», – деп жазды Чеховқа. (Қараңыз: Горький и Чехов. Переписка, статьии высказывания. Изд. Академии наук СССР, 1937, М., стр. 50).

Сол жылы «Қарша қыз» («Снегурочка») пьесасының соңғы репетициясынан кейін Горький Чеховқа: «Көркем театр – Третьяков галереясы Василий Блаженый секілді Мәскеудегі ең ғажайып орын. Оны жақсы көрмеу мүмкін емес. Оған жұмыс істемеу – қылмыс. Құдай үшін!», – деп жазды. (Горький и Чехов. Переписка, статьии высказывания. Изд. Академии наук СССР, 1937, М., стр. 64).

Немирович-Данченконың өзі де талантты жазушы, майталман  режиссер бола тұра талантты жазушылардың пьеса жазуына, оны сахнаға шығаруға білек сыбана кіріседі. Бұл өз кезегінде  драматургтердің талантын ұштауға да себебін тигізеді. Сол драматургтердің алдыңғы қатарында Антон Чехов пен Максим Горький де болды. Қажет сәтінде ол осы жазушыларға өз кеңестерін де беріп отырды. Мәселен, 1900 жылдың қазанында Горький  «Мещандар» пьесасы жөнінде Немирович-Данченконың берген кеңестерін жоғары бағалайды. «Мәскеуге келгенім, мен үшін өте сәтті болды. Данченко-данышпан. Мен онымен танысқаныма қуаныштымын. Мен оған өзімнің пьесам жайлы айтып бердім. Ол болса, өте дәл, дұрыс екі-үш ескертпелерімен менің пьесама жан кіргізіп берді. Бәрін түзеп, орындарын алмастырып, сәтті дүние шығарды. Жарайсың!», – деп жазады ризалық көңілмен. (Сонда 67-бет).

Немирович-Данченконың адамгершілігіне, биік парасатына, талантына тәнті болған Максим Горький оған 1900 жылы жарық көрген әңгімелерінің бірінші томының алғашқы бетіне: «Ресейде шын мәнінде Көркем театр құрушы, қаламдас ағам Владимир Иванович Немирович-Данченкоға. Сіздің күш-қайратыңыз  бен ақылыңызға бас иіп, шын жүректен таңқаламын. Осындай ұлы да тарихи істе Құдайым сізге күш-қайратпен рухтың сергектігін берсін!», – деген қолтаңбасымен сыйға тартады.

Театр сахнасында Горькийдің бұдан басқа «Шыңырауда», «Егор Булычев» пьесалары табыспен қойылады.

Станиславский сахнадан талантты актер ретінде де көрінді. 1904 жылы Чеховтың туған күнінде театрда «Шие бағы» пьесасының премьерасы өтті. Станиславский пьесада Гаев бейнесін сомдады. Қойылымнан соң ол Чеховқа: «Мен әйел секілді көз жасыма ерік бердім. Пьесадағы іңкәрлік пен махаббатты ерекше сезіндім. Оның барлық сөзін, әрбір ремеркасын, әрбір үтір, нүктесіне дейін жақсы көремін. Бірақ бұл дүние сіз атағандай комедия емес, бұл – трагедия!», – деген болатын авторға өз көзқарасын білдіріп.

Сол жылы шілденің басында Антон Павлович Чехов дүние салады. Бұл Ресей халқының, әсіресе зиялы қауым өкілдерінің қабырғасын қайыстырып кетеді. Ал театр үшін бұл орны толмас қаза еді. Сол кезде Станиславский өзін жетім қалғандай сезінді. «Чеховтың беделі театрды жебеп тұратын. Мен оған үйреніп қалған едім. Ал енді өмірім үңірейіп қалғандай күй кештім», – деп білдірді өзінің сол кездегі жай-күйін.

Станиславский дайындыққа үлкен мән беретін. Кейде репетицияны кешкі қойылым басталғанша созып жіберетін. Кейде репетиция пластика мен дикция сабағына айналып кететін. Бір эпизодты шығару үшін актерге бірнеше үлгі ұсынатын. «Онымен қиын, бірақ онсыз мүмкін емес», – деген болатын бір актриса режиссердің оған бір сөйлемді оншақты рет қайталатқанынан кейін.

Станиславскийдің көзқарасы бойынша әрбір актердің биік мақсаты болуы тиіс. Оның өнері осы мақсатқа бағытталуы керек. «Егер актердің өнерде мақсаты болмаса, ол шынайы суреткер емес», – дейтін ол. Кейде репетицияны тоқтата сала, актерлерден кейіпкерлерінің сөздерін сұрайтын. Актердің қимыл-қозғалысы, дауыс ырғағына байыппен назар салып, неліктен осылай жасап жатқанын сұрайтын. Актерлердің ойынындағы жалғандықты байқаса: «Не верю!», – деп шорт кесіп, қайта ойнататын. Осындай «тар жол, тайғақ кешу» арқылы актерлер шеберлігін шыңдап, пьеса мазмұнын, кейіпкерлер әлемін ашатын. Осының бәрі «Станиславский жүйесі» деп аталды.

Патша заманында да, кеңес өкіметі тұсында да Мәскеу көркем театрының беделі жоғары болды. Билік тарапынан театрдың өсіп-өркендеуіне жағдай жасалды. Мәселен, 1906 жылы театр шет  елге гастрольге шыққанда, актерлер өнері мен шеберлігіне Лейпциг, Прага, Дюссельдорф, Франктфурт, Кельн, Варшава қалаларының жұртшылығы қошеметпен қол соқты. Ал 1922 жылы Көркем театр Еуропа мен АҚШ-ын аралап шығады. Берлин, Чикаго, Филадельфия, Детройт, Вашингтон қалаларында театрдың қойылым­дары табыспен өтеді. АҚШ-ғы бір баспаның өтініші бойынша Станиславский өзінің театрдағы жұмысы туралы кітап жазуды бастайды. Уақыт жетпегендіктен оны антрактіде, трамвайда, гүлзарларда тізе бүге сала жазатын. Бұл кітап 1924 жылы АҚШ-та «Менің өнердегі өмірім» деген атпен жарық көреді. Ал 1926 жылы орыс тілінде басылып шығады. Одан әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылады. «Станиславский жүйесінен» дүние жүзі театрлары сусындайды.

Немирович-Данченко да, Станиславский де өнерге, театр өнеріне құштарлығы мен қайсарлығы арқасында биікке көтерілді. Театр өнерінің жаңа бетін ашты. 1938 жылы Станиславский өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ол 1910 жылдан бастап сырқаттанса да, жұмысын, ізденістерін бір сәтке болса да тастамады.

1938 жылы Станиславский қайтыс болады. Бұл жай Немирович-Данченконы есеңгіретіп жібереді. Бірақ қарттық алқымдаса да, ол енді өзінің театрға өте қажет екенін терең сезіне бастайды. 1940 жылдың ақпанында ол: «Мен әлі театрларым мен театр майданына өте қажетпін. Ал менің жасым болса 81-ге келді. Бірақ та мені қарттық әбден меңдеп алды дегенді мойындамаймын», – деп жазды. Осы сөздерден-ақ, қиындықтан қаймықпай, кедергілерді қайсарлықпен бұзып-жарып келе жатқан суреткердің арынын аңғарасыз. Немирович-Данченко өмірден 1943 жылы өтеді. Екеуінің де тағдыры күресумен өтті. Сол 18 сағатқа созылған кездесу қос суреткерді күрес жолына бағыттап, жеңіске жеткізді.

 

 Нұрлан ЕСЕНОВ,

тарих ғылымының кандидаты.

Тараз қаласы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *