ҚОҚЫСЫ ЖОҚ ҚАЛА

Әлемде қоқыстың өзін кәдеге жаратып, одан қыруар пайда тауып отырған мемлекеттер жетерлік. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісі күншығыс елінде де жүйелі жолға қойылған.

Мәселен, Жапонияның Токусима префектурасына қарасты Сикоку аралында Камикацу деген шағын қала бар. Міне, сол қала қоқыспен күрес мәселесінде ғаламат жетістіктерге қол жеткізіп, бүгінде мәдениеттің жоғары үлгісін көрсетіп отыр.

 

Олар қоқыссыз Өмір сүруді қалай үйренді?

Жалпы, жапондықтар табиғатпен үйлесімді өмір сүруге өте бейім халық. Сол себепті, қоршаған ортаға ерекше мән береді. Жапон ұғымына сүйенсек, «кез-келген орынды саған дейінгі таза қалпынан да тазартып кету керек».

Камикацудың қоқыссыз қалаға айналғаны соншалық, оның көшелерінде бірде-бір қоқыс жәшігі тұрмайды. Өйт­кені, қаланың өзінде орталықтандырылған қоқыс тастай­тын арнайы орын жоқ. Жарамсыз қалдықтарды  қаланың сыртында орналасқан арнайы мекеме қабылдайды. Әр отбасы үйінен шыққан қажетсіз қалдықтарын арнайы қоқыс өңдейтін жерге  өздері апарады. Онда үйден сұрыпталып келсе де, ішіне бөгде зат түсіп кетпеді ме деп, жұмысшылар қоқысты қайта тексереді. Тәртіп солай.

Мекеменің талабы бойынша қоқыс 34 категорияға бөлініп, әрбір қоқыс жеке-жеке контейнерлерге салынады. Оның ішінде қағаз қалдықтарының өзі бес түрге: жур­налдар, газеттер, орауға және  жазуға арналған қағаз, сон­дай-ақ, картондар болып бөлінеді. Одан бөлек, плас­тикалық стакандар мен құтылар, темір қалбырлар,  пайда­ланылған тіс пастасының түбегі мен оның қақпағы, әйнек­тер, темір, ағаш, тамақ қалдықтары сияқты қоқыстардың өз контейнерлері және бар.

Қаланың әрбір тұрғынына (шамамен, 1,5 мың адамнан асады) қоқысты қалай сұрыптау қажеттігі туралы 27 беттік нұсқаулық кітапша берілген. Онда қоқысқа қатысты бар­лық ақпарат бар. Сондай-ақ, қоқыс өңдейтін орталықтағы әрбір контейнердің сыртында бұл қалдықтың не мақсатқа пайдаланылатыны, өңделген соң қандай қажетті затқа айналатыны жайында да толық ақпарат жазылған. Міне, қала көшелерінде сол арнайы қоқыс салатын контей­нерлерінің бірі де жоқ.

Мұндай жетістікке жету үшін алғашқы 15 жыл қала  тұрғын­дары үшін оңайға соққан жоқ. Қандай қалдық болса да: қағаз, пластик, әйнек, темір, жанатын, жанбай­тын, қайта өндірілетін деп сұрыптап отыру бүгінде олар үшін түк емес. Күнделікті таңғы кофені қалай тастамай ішетін болса, қоқысты да солай сұрыптап салуды дағдыға айналдырған.

Әлбетте, бұл есігіңнің алдында жоғарыда айтқан 34 түрлі контейнер тұрады деген сөз емес. Мәселен, көкөністің, жұмыртқаның қабығы секілді органикалық тұрмыстық қалдықтар жеке-жеке пакеттерге салынады. Сондай-ақ, жиі қолданыла бермейтін батарейкалар мен тозығы жеткен киімдерді кәдеге жаратудың өз жолы бар. Қоқысты жинау қызметі бір күнді тек бір қоқыс түріне арнайды. Яғни қоқыс жәшігі бүгін әйнек заттарға арналса, ертең пластиктерге арналады деген секілді, күнде түрленіп отырады.

 

Қоқыстың күліне дейін кәдеге асады

Шағын қаланың өзі тұнып тұрған тәрбие мектебі ғой, шіркін! Камикацу тұрғындары ескі киімдерді де кәдеге жаратудың жолын тапқан. «Барлығын іске жаратамыз!» деген қағиданы ұстанып, экологиялық тәжірибені жүзеге асырып отыр. Бұл игілікті іс «сізге керек емес затқа көршіңіз зәру шығар» деген ойдан туындапты. Осыны ескерген қала билігі қалада Сіrcular деп аталатын алмасу пунктін ашып қойған. Онда тұрғындар өзіне ұнамайтын заттарын апарып өткізеді де, сол жерден көңілі қалаған затын тегін алып кете алады. Сондай-ақ, Камикацуда өңдеуге келетін ескі киімдерді қайтадан тігіп, мүлде басқа сәнді киімге айналды­ратын фабрика жұмыс істейді. Онда тозығы жеткен маталардан, ұсақ-түйек заттардан түрлі кәдесыйлар мен сөмкелер жасалы­нады. Мұндағы тігін жұмыстарымен, негі­зінен, жергілікті тұрғындар-зейнеткерлер айналысады.

2011 жылы Токусима билігі Камикацу­дың төңірегіне екі қоқыс өртейтін зауыт салуға шешім шығарады. Алайда, қала мэрі қомақты мөлшерде бөлінетін субсидияға қарамастан, бұл бастамадан бас тартқан. Есесіне, өздерінің қолға алған түрлі тәжіри­белерінің арқасында қала тұрғындары адам сенгісіз нәтижеге қол жеткізеді. 80 пайыз қоқыс қалдықтарына екінші рет «өмір сыйлап», яғни қажетке жаратып, қалған 20 пайызын ғана өртеуге жіберіп отырған. Ал өртелген қоқыстың күлін олар құрылыс материалдарын жасауға пайдаланады. Камикацу тұрғындары 2020 жылға қарай жүз пайыз қоқыссыз өмір сүруді жоспар­лап отыр. Бүгінде шағын қалаға мектеп оқушылары мен студенттерді экскурсияға апарады. Мұнда, сондай-ақ, әлемнің түк­пір-түкпірінен экологтар келіп, қоқыссыз өмір сүрудің ғажайып үлгілерін тамаша­лайды.

Ереже бұзылса, айыппұл тӨлейді

Жапонияның бір ғана қаласының өзі­нен жасыл экономиканың жапондық ғажап үлгісін байқауға болады. Әйтсе де, олар бұл күнге жету үшін аз қиындық көрген жоқ. Қоршаған ортаның ластануы деген мәселені бұл ел де басынан кешірген. Өткен ғасырдың ортасында әрбір аралдың аумағына қарай өнеркәсіп түрлері қарыш­тап дамиды. Соған орай тұтынушылардың сұранысы артып, сауық құратындардың қатары көбейе түседі. Алайда, мұның барлығы ауаның, судың ластануына әкеліп соғады да, жалпы, қоршаған ортаға «жедел даму» едәуір зиянын тигізеді. Соның әсерінен жапондықтардың денсаулығы күрт төмендеп кетеді.

Кейін, 90-жылдары Жапония эколо­гияны мықтап қолға ала бастайды. Қор­шаған ортаның ахуалын жақсартуға бағыт­талған бірқатар жобаларды (кәсіпорын­дарды мемлекеттік қолдау, экологиялық бағдарламаларды енгізу, соның ішінде қоқысты өңдеу) жүзеге асырады. Осы арада қала тұрғындары үшін қоқыс қалдықтарын сұрыптау мен оның мөлшерін азайтудың қаншалықты маңызды екені жайындағы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.

Деректерге сүйенсек, кейбір елдерде қоқыс қалдықтарын, мәселен, өртелетін (тамақ қалдықтары, түрлі орама қағаздар, лас қағаз, мата, киім, ұсақ қалдықтар, резең­ке, т.с.с) , өртелмейтін (металдан жасал­ған заттар, керамика, әйнек, ұсақ тұрмыстық электр құрылғылар, лампалар) деп әр күнге бөліп, жинайды. Ал әйнек бөтелкелер мен желім құтылар, металл қалбырлар екінші мәрте өңделуге болатын заттар қатарына жататын болғандықтан, оларға бір күн арнаған. Тоңазытқыш, теле­дидар мен кондиционер секілді тұрмыстық техникалар бөлшектеліп, оның ішіндегі сирек кездесетін түрлі металдар екінші мәрте пайдаланылуға өткізіледі. Яғни қоқысты жинау қызметі бір күнді тек бір қоқыс түріне арнайды.

Бірқатар қалаларда қоқыстарды сұрып­тап салу үшін түрлі-түсті пакеттерді пай­даланады. Әйтсе де, бүгінгі күні бірқатар мемлекеттер сұрыпталған қоқысты бақылау оңай болуы үшін түссіз «мөлдір» пакетті пайдаланғанды жөн көреді.

Камикацу тұрғындары қоқыс тастау үшін арнайы уақытқа бағынады. Мәселен, әр аптаның сәрсенбісі сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін өртелмейтін қоқысты өткізеді. Кар­тон мен басқа қағаздар – әр айдың бірінші және үшінші дүйсенбісінде, ал органика­лық қалдықтар – сейсенбі мен сенбі күн­дері қабылданады. Ұлттық мерекелер кезінде қоқыс тасымалдау қызметі ел қа­тар­лы демалуға құқылы. Айтпақшы, қоқыс тасымалдау қызметінің жұмыс кесте­сін жергілікті әкімшілік белгілейді. Егер жалпыға бірдей міндетті талап орындал­маса, тұрғындар айыппұл төлейді.

P.S. 

Қоқысқа қарсы күрестің түрлі амалдарын қолдана отырып, жа­пон­дықтар алақандай жерін таза ұстады. Жұдырықтай жұмылды. Тәртіпке бағынып, талапты орын­дады. Есесіне саф ауасы, мөлдір суы бар, жасыл желекке оранған өркениет жолына бет алған мем­лекетке айналды. Бір ғана Ками­кацу қалашығы бізге қаншама ең­бек­­тің үлгісін көрсетті. Демек, та­лап пен тәртіп бар жерде нәтиже бар.

Біз неге жапондарды үлгі тұта­мыз? Өйткені, оларда қоршаған ортаға деген мәдениет жоғары. Табиғатты аялауды ұлттық дәстү­рінің бірі санайды. Сондықтан бұл дәстүр халықтың санасына бала жастан сіңіп, қалыптасады. Қысқа­сы, жапондардан үйренем десең, үлгі көп.

 Сіз білесіз бе?

Жер бетіндегі тұрмыстық қоқыстардың 70-80 пайызын қайта өңдеп, халық игілігіне жарамды түрлі заттар шығаруға болады екен.

Ашып, борсып кететін тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар.

Тақырыпқа орай

Жапондардың үйдегі әйеліне дейін үлкен Үйдің қамын ойлайды

«…Табиғаттан қорқу емес, онымен үйлесімде өмір сүру жағынан жапон үлгі екені анық. Мысалы, жаңағы Нұрбосын айтқандай, (Нұрбосын Жанпейісов, Жапо­ниядағы Тохоку университетінің профес­соры – Қ.И.)  үйде отырған әйелдеріне дейін ғаламдық жылынуға қарсы қандай үлес қосу мәселесін ойлай­ды дейді. Мәселен, олар майлы ыдыстың майын шүберекпен сүртіп алып барып қана жуады. Өйткені, майлы су, бірінші­ден, құбырды кірлетеді. Екіншіден, мұхит­қа барып қосылса, қоршаған ортаға зала­лын тигізеді. Үйдегі әйеліне дейін үлкен Үйдің қамын ойлайды… Ал біз не істеп жатырмыз?

Өркен Кенжебектің facebook парақшасынан.

 

Қоқыстан тұрғызылған мектеп

Аргентинаның Мар-Чикита поселкесінде қайта өңдеуге болатын қоқыстардан салынған мектеп бар екен. Білім ордасын салуға мектеп оқушылары мен мұғалімдер өздері көмектескен көрінеді.

Бұл идея американдық сәулетші Майкл Рей­нольд­стің жобасы бойынша қолға алыныпты. Мектептің қабырғалары күндіз жылу жинайды да, түнде сол жиналған жылудың көмегімен ғимарат іші суымай тұрады екен. Осылайша жылдың қай кезе­ңінде болса да бірқалыпты температура сақта­латын көрінеді.

Қабырғалардың арасына 25 тонна қоқыс кеткен. Оған ішіне топырақ толтырған көліктің дөңгелектері, темір қалбырлар, әйнек және пластик құтылар, алюминий банкілер мен картонды пайдаланыпты. Электр қуатын күн сәулесінен алады. Ал судың орнына жаңбыр суын қолданады. Яғни  жаңбыр суы алдымен арнайы су қоймаларында жиналып, кейіннен сүзгіден өтіп, әбден тазартылған соң тұтынуға жіберіледі. «Қолыңнан келсе…» деген осы да.

 

Әзірлеген –

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *