ҮНСIЗДIК МӘДЕНИЕТI ҮРЕЙ ТУДЫРАДЫ

  • ЗИЯЛЫНЫҢ СӨЗI

8Газетiмiздiң маусым айындағы №77, 78 сандарында жарияланған Таласбек Әсемқұловтың «Оқығам жоқ…» атты мақаласы оқырмандардың арасында үлкен резонанс тудырды. «Car city» базарында сауда-саттық жасайтын Дабылбек Сеңкiбеков ағамыз өзiн сол «оқығам жоқ» дейтiн ортадан теперiш көрген, зиялылардың зиянды үнсiздiгiнен қажыған адамдар қатарына жатқызады.

Дабылбек аға базарға сауда-саттық жасау үшiн емес, ғылыммен айналысу үшiн барады. Ол үшiн базар – өзiнiң сүйiктi iсiмен айналысатын тып-тыныш орта. 1978 жылы консерваторияны тәмәмдаған музыкатанушы ағамыз бiраз уақыт осы оқу ордасында сабақ берген екен.

– Дабылбек аға, бiраз жыл оқытушылық қызметте болыпсыз. Жұмысыңызды тастап, базарға келуiңiзге не себеп болды?

– 90-жылдары, жалақы уақытында берiлмейтiн қиын-қыстау кезеңде жұмыстан кейiн көшеде ұсақ-түйек сатып күн көре бастадық. Арада бiраз уақыт өткен соң жұмыстан шығып, бiржолата базарға келдiм. Автокөлiкке қажеттi аксессуарлар, ұсақ-түйек заттар сатамын. Қазiр базарда жүргенiме 20 жылдай болды. Бұл шешiмiме еш өкiнбеймiн. Керiсiнше, «Неге дипломымды ала сала осында келмедiм?» деп өкiнемiн. Өйткенi, базардағылар менiң тып-тыныш жұмыс iстеуiме жағдай жасап отыр. Базарға бiреулер өсек  айту үшiн, әсiресе, әйелдер жағы үйде iштерi пысып, байыз таппаған соң келедi. Яғни, олар базарға тек ақша табуға емес, уақыт өлтiру үшiн келедi. Ал мен базарда уақыт шығындамау үшiн ешкiммен араласпаймын, тiптi, амандаспаймын да. Неге амандаспаймын? Өйткенi, базар жұмыс емес, базарда бастық жоқ. Мен өз-өзiме бастықпын.

Кейбiреулер базарда сауда-саттық жасаймын десем, маған жаны ашып сөйлейдi. Мен олардың бұл қылығына күле қараймын. Өзiмнiң музыкалық аспаптарда ойнайтын музыкант емес, теоретик болғаныма қуанамын. Өйткенi, менi кернеймен немесе сазсырнаймен базарға кiргiзбес едi. Менiң пiкiрiмше, шығармашылық адамының өзгелерге бағынып, жұмыс iстеуi – қиын нәрсе. Базарда мен оңаша отырып ойлана аламын, ғылыммен шұғылданамын. Жалпы, өзiм адамдармен етене араласуға құлықсызбын. Менде дос жоқ. Бiр философ «Достар – уақыттың ұрысы» деген екен.

– Ғаламтордағы «Яндекс» iздеу желiсiнде және «Webern.kz» сайтында орналасқан жарияланымдарыңызда не туралы айтылады?

– Мен адамға өз өмiрiнен гөрi ғылыми жаңалық ашу қымбат деп «Квантты Веберннiң» 28-бетiнде жазғанмын. Сайтқа өзiм 40 жылға жуық уақыттан берi зерттеп келе жатқан теорияма қатысты мақалаларды орналастырдым. 1977 жылы дипломдық жұмысымды жазғанда өз теориямды ашқан болатынмын. Қазiр сайтта тұрған «Квантты Веберн» – сонау диплом жазу кезiнен басталған концепцияның жетiлдiрiлген нұсқасы. 1980 жылдары сол теорияның материалдарын бiраз жерде жарияладым. Дүние  жүзi ғылымында үйлесiмдiлiк проблемасы ХХ ғасырдың музыкасын дұрыс түсiндiрмейдi. Өзiм ашқан теория жарияланғаннан кейiн бүкiл әлем назар аударып, бұл заң маған танымалдылық әкеле ме десем, сiздердiң газетте Таласбек Әсемқұлов жазған «оқығам жоқтың» керi келдi. 33 жыл бойы осы «оқығам жоқ» принципiнiң зардабын тартып келе жатырмын. Өйткенi, «Квантты Веберн» теориясы бұрыннан келе жатқан өлшемдерге, қалыптасып қалған пiкiрлерге қайшы келдi.

5 мақалам Ғылым академиясының «Вестник» деген журналында басылды. 1980 жылдары Мәскеуге жылына екi рет қатынап тұрдым. Ол кезде сырттай оқитын едiм. Жазған жұмысымды Ресейдiң барлық профессорларына таратып бердiм. Бiрақ, олар үнсiздiгiмен менiң төзiмiмдi тауысты. Профессорлардың ұстанған ұстанымы да маған түсiнiктi едi: оқыған жоқпын, көрген жоқпын дей салу – оңай. Сөйтiп, Мәскеу менiң кандидаттығымды қорғауыма мүмкiндiк берген жоқ. Сiз бiлесiз бе, шығармашылық қызғаныш – өмiрдегi ең жаман қызғаныш. Мен Скрябин, Прокофьев, Шостаковичтердiң классикасына, яки, ХХ ғасыр классикасына басқаша әдiспен қараудың жолын ұсынып ем, ғалымдар соны қызғанды.

Ғылымда заңды бiр-ақ адам аша алады. Ғылымның қатыгездiгi де – осында. Ньютон, Эйнштейндер заңды тура қажет кезiнде ашты, егер олар 10 жыл кешiксе, дәл сол заңды басқа бiреу ашар едi. Мен ашқан теория – жалғыз, оны ендi ешкiм ұрлай алмайды. Өйткенi, теория 1977 және 1980 жылдары ғылыми басылымдарда жарияланып қойған.

– Сонда бұл теория ненi түсiндiредi?

– Қарапайым оқырман оны түсiнбейдi, өйткенi, оған өте жоғары музыкалық сауат қажет. Тiптi, оны ұғынуға 10-15 жыл бiлiм алған музыканттардың бәрiнiң бiрдей сауаты жете бермейдi. Теорияның аты – «Квантты Веберн». Бұл жерде «квантты» деген сөз – неоклассикалық, ерекше, өзгеше деген сөз. Негiзiнен, теория музыка мен физиканың арақатынасын, үйлесiмдiлiктi түсiндiредi. Мен сiзге қарапайым тiлмен жеткiзiп көрейiн. Мәселен, нақты бiр уақыт аралығында композиторлар өндiрiп жазады. Ал, осы жазылған музыканың дағдарысы мен iлгерiлеуi физикаға тiкелей байланысты. Ньютонның тұсындағы классикалық физика қарыштап дамыған уақытта Бах болсын, Гендель болсын, Вивальди болсын, бәрi өндiрiп жазды. Одан кейiн музыка әлемiне Бетховен, Моцарттар келдi. Бұл iлгерiлеу екi ғасырға созылды. Музыканың ендiгi гүлденген кезеңi ХХ ғасырмен тұспа-тұс келдi. Бұл кезеңде музыка да, жаңа физика да қарқынды дамыды. Сол себептi, өз жұмысымды «Квантты Веберн» деп атадым. Квантты физика бұл –  жаңа физика. Мұндағы жаңа өрлеу кезеңi өнерге Прокофьев, Шостакович, Скрябин, Шенберг, Дебюсси, Веберн секiлдi мықтылардың келуiмен байланыстырылады. Дәл осы дүмпудiң алдында музыкада мүлгiген тыныштық орнаған едi. Ал ХХ ғасырда физика көтерiлдi, соған байланысты музыка да игерiлдi. Мысалы, әдебиетте мұндай байланыс бар деп айта алмайсың.

– Осы еңбегiңiздi ел-жұртқа дәлелдеймiн деп жүрге­нiңiзге қанша уақыт болды?

– Негiзi, бұл теория менiң ойыма 1970 жылдары келген. Оны жетiлдiрiп, 1977 жылы дипломдық жұмысымда бiр-ақ қорғадым. Сайтымда «40 жылдан берi осы нәрсемен әуре боп жүрмiн. «Үнсiздiк мәдениетi» мен саналы адамның («homo sapiens») қайсысы өмiрге бiрiншi келген едi?» деп мысқылдап жазғанмын. Кезiнде Ғазиза Жұбанова менi оқудан шығып кетейiн деп тұрған жерiмнен алып қалған. Менi аспирантураға қабылдап, жолымды ашқан ректордың осы жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Аспирантураны Мәскеуде 5 жыл сырттай оқыдым. Алайда, профессорлар кандидаттығымды қорғауға мүмкiндiк бермедi. Егер сен талантты болсаң, сен оған еңбек сiңiрiп жеткен жоқсың, ол саған тегiн берiлген дүние деп есептеймiн. Ал «оқыған жоқпын» дейтiндер – сол Тәңiрдiң саған берген сыйына наразы, назалы адамдар. Олар «осындай талант маған неге бұйырмады, ол неге менен артық болуы керек?» деп ойлайды. Сөйтедi де, сенiң еңбегiңдi көрсе де көрмегенсидi. 1980 жылдан берi ғалымдар менiң жұмысымды жақсы-жаман демек тұрмақ, тiптi, бар деп те айтпаған. Яғни, менi қоршаған ортам, социум елемей отыр.

– Сiздiңше, ғалымдардың осынша ұзақ уақытқа созылған үнсiздiгiне тағы не себеп болуы мүмкiн?

– Басты себеп – қызғаныш. Менiң теориям өте қиын, еуропалық тақырыпта жазылған. Азияда бұл тақырыпты менен басқа ешкiм бiлмейдi. Осы тақырыпты пән  ретiнде оқытатын ұстаздар бар, бiрақ, бүкiл Орталық Азия бойынша теорияны терең бiлетiн жалғыз маман өзiм болып отырмын. Маған тең келер маман Ресей мен Еуропада да жоқ. Ғалымдардың осы уақытқа дейiн үн-түнсiз жатуының себебi – осы.

– Ал сайтты не мақсатпен аштыңыз?

– Сайтты «Квантты Веберн» теориясы Азия елдерi мен Еуропа мамандарының назарына iлiгер деген мақсатпен ашып қойдым. Материалдарым «Үлкен кеңестiк энциклопедия», «Википедия» және тағы басқа 1 миллион дереккөздiң iшiнде жыл бойы, сайтқа салынғалы берi бiрiншi орында тұр. «Яндекстiң» iздеу желiсiне «Гармония ХХ века» деп терсеңiз, менiң жарияланымдарым тiзiм бойынша бiрiншi тұрғанын көресiз. Жақында әлдекiмдер менiң сайтымды бұзбақшы болыпты. Оны қайтадан қалпына келтiрiп қойдым.

«Әлемде менiң сайтымды кiмдер оқып жатыр?» деген сұрақ менi мүлдем қызықтырмайды. Бастысы, теория тек маған тиесiлi екендiгiн жақсы бiлемiн. Бұл теорияны маған Құдай екi өмiр берсе де, тауысып бiтiре алмаймын. Осында Мәскеу консерваториясын бiтiрген Владимир Клопов деген бiлiмдi азамат бар. Оқып, пiкiрiн бiлдiрсiн деген мақсатпен жазғандарымды соған көрсетiп аламын. Жалпы, Алматыда «Квантты Веберндi» түсiнетiн бар-жоғы 15-20 адам бар шығар. Ал оның байыбына бара алатындардың басым бөлiгi Еуропа мен Ресейде тұрады. Өйткенi, «Квантты Веберн» – Германия, Франция, Ұлыбритания, Ресей секiлдi елдерге етене таныс, таза еуропалық музыкаға қатысты теория. Теорияның бiрiншi тарауында ХХ ғасырдың музыкасы туралы айтамын. Ал, екiншi тарауда оның алдындағы ғасырлар қамтылатын болады.

– Тиiстi бағаңызды қашан аламын деп ойлайсыз?

– Еңбегiмнiң бағасы маған кеш жетпесе екен деп тiлеймiн. Ғұмырымның 40 жылын арнаған дүнием бiреулердiң назарына iлiгiп қалар ма екен деп күнде үмiт қыламын.

Қазiргi өмiрiм базарда өтiп жатыр. Жалғыз жүргендi жақ­сы көремiн. Үнемi ой үстiнде жүремiн. Үйiмде теле­дидар жоқ, тек қана кiтаппен доспын. Күнде кешке үйге жетiп, тып-тыныш отырып жұмыс iстеуге асығамын.

Чайковский өзiнiң бiр хатында «Мен жалғыздықты жақсы көремiн. Өйткенi, тек жалғыз қалғанда ғана өндiрiп жаза аламын» деп жазады. Сондай-ақ, Шопенгауэр де «Жалғыздықты жақтырмайтын адам тәуелсiз болғанды да ұнатпайды» дейдi. Менiңше, жай адам топқа жүгiредi, ал, нағыз ғалым адамдар көпшiлiктен қашады.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Роза ӘРЕН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *