НАУРЫЗ – ОТБАСЫЛЫҚ МЕРЕКЕ

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,  Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры,

филология ғылымдарының докторы,  ҚР Гуманитарлық ғылымдар  академиясының академигі.

 

1926 жылы кеңес кезінде ата-баба дәстүрімен сабақтасқан ұлттық мейрам Наурызды «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен тойлауға тыйым салынды. Наурызды діни мереке деушілер әлі бар. Білместіктен айтады олар. Наурыз түркі халықтарының, оның ішінде қазақтың ұлттық мерекесі. Оны халқымыз 30 ғасырдан астам уақыттан бері белгілі дәрежеде тойлап келеді. Негізінен бұл отбасылық мейрам. Әрбір шаңырақ мүшесі жылдан жылға аман жеткеніне, қытымыр қыстан аман шыққанына, ағайын-туыспен есендікпен қауышқанына қуанған. Бұл мейрамды Ұлыстың Ұлы Күні деген.

Алпыс екі жыл бойы әр жанұя бұл мерекені өзінше тойлап келді. Араға 62 жыл салып қана 1988 жылы Наурыз мейрамы қазаққа қайта оралған еді.

Ұлыстың ұлы күнін қайта тірілтуге Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ұлт зиялылары ұйытқы болып, біраз тер төкті. Ал олардың бастамасына сол кезде Министрлер кеңесіне төрағалық еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақ халқының ұлттық мәдениеті, ана тілі, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңаруына үлес қосқан мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қолдау көрсетті.

Міне, қасиетті наурыз мерекесі есік қағып тұр. Бірақ біз оны жылдағыдай ат шаптырып, жүздеген ақ шаңқан киіз үй тіккізіп, қазан-қазан ет асқызып, көже қайнатып қарсы ала алмайық деп отырмыз. Бүкіл әлемді шарлап, қарсы келгенін жалмап отырған коронавирус індеті оған мүмкіндік берер емес. Дегенмен ұлттық мерекемізді атаусыз да қалмайды. Әрбір отбасы өз шаңырағында тойлайды. Бал татыған наурыз көжені ішіп, бауырсағын жеп, әнін салып, биін билеп атап өтеді.

Елбасы Үндеуінде: « Келе жатқан Наурыз мейрамы – бiздiң бiрлiгiмiздiң нышаны. Шуақты мереке қарсаңында әрбiр шаңыраққа шаттық пен игiлiк тiлеймiн! Барлық ауыртпалық бiздi айналып өткей. Қазақстан бұл қиындықты да еңсерiп, дамудың жаңа кезеңiне аяқ басады деп нық сенемiн» деп атап көрсетті. Демек түсіністік танытып, Ұлыстың Ұлы Күнін отбасымызды ұйымшылдықпен өткізейік, ағайын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *