«Нұр отанның» әлеуметтік бастамасы бойынша

алматылық зейнеткерлер университеттер мен колледждерде компьютерді тегін меңгереді

Нұрлан СҮЙІН

 

Алматыда биылғы жыл «Зей­нет­керлер жылы» болып жария­ланған. «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы осы атаулы жыл аясында және «Ар­дагерлерді ардақтайық» партия­лық жобасы негізінде әлеуметтік бастама көтерді. Ол – мегаполис зейнеткерлеріне арнал­ған тегін компьютерлік сауаттылық курс­тары. Халықаралық ақпарат­тық технологиялар университеті мен Алматы мемлекеттік поли­техни­калық колледжі алғашқылар болып қолдаған бұл бағдарлама Елбасы Жолдауындағы «Цифрлы Қазақстан» бағытымен де астасып жатыр. «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының «Е-nsіonery» бастамалы жобасына байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

 Елбасы Жолдауында айтылғандай, мемлекеттің бүгінгі таңдағы даму талаптарының бірі – қоғам компью­тер дәуіріндегі соңғы техникаларды толық меңгеруі қажет. Осы бағытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынып, қызмет көрсету жүйесі электронды форматқа көшуде. Елдің ең үлкен мегаполисі – Алматы бұл бағытта да көш басында болып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда.

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының бастамасымен жасалған «Е-nsіonery» жобасы да осы бағыттағы межелі түрде зейнет­керлерге арналған бағдарлама. Бүгін­де филиалдың бастамасын Халық­аралық ақпараттық технологиялар университеті мен Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі алғашқы­лар болып қолдап, жоба осы оқу орындарында жүзеге асуда.

«Е-nsіonery» бағдарламасы негізі­нен 50 жастан асқан, яғни алматылық зейнеткерлерге арналған. Бағдарла­маның бір курсы 40 сағат, сенбі, жексенбі күндері өткізіледі. Бір жарым айда курстан өтіп, компью­терлік бағдарламаларды меңгеріп шыққан тыңдаушыларға тиісінше сертификат беріледі.

Бағдарламаны партия филиалы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру басқар­масы арқылы жүзеге асыруда. Яғни басқарманың аудандық бөлімдерінің берген тізімі бойынша бағдарлама қатысушылары курстардан өтеді. «Е-nsіonery» бағдарламасы бойынша компьютерлік сауаттылық сабағына қатысқысы келген зейнеткерлер аудандық әлеуметтік бөлімдерге хабарласса болады. Тегін курстар екі деңгейлі. Тыңдаушылар бірінші ке­зеңде компьютердің базалық бағдар­ламалары бойынша сауат ашса, екінші кезеңде графикалық бағдарла­малар жасап, веб-сайттар ашу, интер­нет арқылы сауда жасау сияқты күрделі бағдарламаларды меңгереді.

 

Қайым-Мұнар ТӘБЕЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Алматы филиалы төрағасының орынбасары:

 

– «Е-nsіonery» бағдарламасы партияның «Ардагерлерді ардақ­тайық», т.б. әлеуметтік жобаларының аясында жасалып, қолдау тауып отыр. Жобаны жүзеге асыруға ІТ универ­ситет пен Политехникалық колледж­ден басқа да Алматыдағы оқу орындары атсалысады деп ойлаймын. Ең бастысы, жоба бір реттік немесе маусымдық емес, біз мегаполистің курстан өткісі келген барлық зейнет­керлерін қамтимыз деп ойлаймын.

 

Дамир ШЫНЫБЕКОВ,

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры, Алматы қалалық мәслихат депутаты:

– Бүгінгі өмірді цифрлық техно­логия бұқаралық ауқымда қамтып отыр. Заманауи техноло­гиямен тең қадам басу қажеттілігі Елбасы Жол­дауында, «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасында айтыл­ған. Осы тұр­ғыдан келгенде, «Нұр Отан» қалалық филиалының бастама­сын қолдауды жөн деп таптық. Бағ­дар­лама межелі түрде қоғамның егде буынына, яғни зейнеткер­лерге арнал­ған. Болжам бойынша 2025 жылға елдің аға буыны, зейнеткерлер халық­тың 11 пайызын құрайды екен. Міне, осы буын за­манауи техноло­гиялық сауатты болуы керек. Елбасы тапсыр­масына орай Қазақстан алдағы жыл­дарда әлемнің технологиялық дамы­ған, алдыңғы қатарлы мемлекет­терінің санатында болуы керек. Біз сол қатарға үлкеніміз де, кішіміз де цифрлы технологияны меңгерген қоғам болып жетуіміз керек.

Қазақстанның экономикалық, технологиялық драйвері – Алматы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы бастамашылардың бірі –«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close