ӨМІРДЕН ӨТСЕҢ ДЕ, КӨҢІЛДЕН КЕТКЕН ЖОҚСЫҢ…

Тай-құлындай тебісіп, балалықтың бал шырынын бөлісіп өскен  құрдасым, мал шаруашылығының білікті маманы  Ыдырыс Бәйтілесұлы тірі болғанда бүгінде 70-ке толып, төрінде төбедей болып отырар еді-ау…

Біз – төртеу едік. Ыдырыс, Оралсейіт, Сейдомар және мен. Құрдас едік, дос едік, сырлас едік. Үнемі жұбымыз жазылмастан бірге жүретінбіз.

 

«Төртеу едік.

Төртеуміз де ерке едік,

Өстік бірге өмір сырын

ерте ұғып.

Мойымадық еңсе түсіп езіліп,

Жап-жас қана жалын едік,

өрт едік.

«Еңбекшіде» бізсіз бір той

 өтпейтін,

Өте қалса, бір қызығы

 жетпейтін…

Қанша сотқар болса-дағы

бұл төртеу,

Шарап ішіп, шылымды да

 шекпейтін…».

 

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Балалыққа жарасатын қызықтың біразын бастан кешірдік. Тату болдық. Сабақ біткесін үйді-үйімізге тарасып, тамақ ішіп болғасын қайта жарасып, табыса қалатынбыз. Ауылдың ортасында ескі медпункт болатын. Қабырғалары жарылып, арық қойдың қабырғасындай ырсиып, құлайын деп тұратын. Бірде соның үнемі ашық тұратын дәлізіне жиналып, төртеуміз ал келіп күлейік…

«Шарты мынау – кім көбірек күлсе егер,

Күле білсе сықылықтап кім шебер,

Жүлдегер деп танып соны сыйлыққа

Бермек болдық екі уыс құмшекер…».

Осылайша күлкі жарысы басталды да кетті. Бір-бірімізге қарама-қарсы отырып алып, ал келіп күлейік. Күлген адамның, оның үстіне өзін-өзі зорлап, күшеніп күлген адамның қайбір бет-әлпеті оңып тұрады дейсің. Біреуміз қызарып, біреуміз көгеріп отырсақ керек. Кейпімізді көріп, тағы да күлеміз. Әйтеуір бітпейтін көп күлкі…

«Байқамаппыз қанша мезгіл өткенін,

Күннің батып, ұясына шөккенін.

Ессіз-түссіз, ағыл-тегіл күліппіз,

Өтсе керек уақыт та көп-көрім.

Қызық болды шынында да бұл бір іс,

Тоқтамады шетсіз-шексіз шын күліс.

Күле-күле ішегіміз түйілді,

Құлап қалды Оралсейіт пен Ыдырыс…».

Ол екеуі бүк түсіп құлап жатса да күлкілерін тияр емес, іштері бүлкілдеп жатыр. Сөйлеуге шамасы жоқ, тек күлкі. Анда-санда үһлеп қояды. Бірақ күлкі толастар емес.

«Біз де күлдік, болмайды ғой жеңбесе,

Құлай жаздап әзер тұрдым мен неше.

Кім біледі түні бойы күлер ме ек,

«Бұл кім ей!» деп күзетші шал келмесе…».

Шынында да өз бетімізше күлкіні қоя алмауымыз әбден мүмкін еді. Өйткені, сөйлейік десек, ерніміз жуыспайды, тек «еһе-еһе» деп күле береміз. Ә дегенде саңқылдап, жарқын-жарқын шыққан күлкіміз бірте-бірте әлсіреп, батарейі отырған қолтелефон сияқты «шиық-шиық» ете бастады. Сонда да болса, күлкіні тоқтата алатын дәрмен болмады бізде. Есірік болған немесе есірткі шеккен адамдай, бас алмастан күле бердік. Күзетші әкейдің ащы айқайы күлкінің буына мас болып отырған біздің көңілімізді елең еткізді. Ұйқыдан оянғандай болдық.

«Аңғалдық-ай, шалалық-ай, шалалық,

Отырмын мен қадіріңді жаңа ұғып.

Жиі енеді бұл күндері түсіме

Кіл күлкімен өткен сол бір балалық…».

Ол күндерді ұмыту мүмкін бе? Жас ұлғайған сайын келмеске кеткен сол күндер көңіліңнен тым жиі көрініс табады екен.

Өмір жолы бір басқа. Арман жолы бір басқа. Мектеп бітіргесін бет-бетімізбен кеттік. Ыдырыс Қызылорданың пединститутын бітірді. Алдымен мектепте мұғалім, сосын шаруашылыққа ауысты. Оралсейіт су шаруашылығы мамандығын алды. Аудандағы егінді орналастырумен айналысатын үлкен жылжымалы мехколоннада инженер болды. Сейдомар аудандық ішкі істер саласында әр деңгейде басшы қызмет атқарды.

«Мен болсам кеттім ақын боп, Азырақ бақытсыздау боп…», – деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, мен сол кездегі жалғыз университеттің Журналистика факультетін бітірдім. Аудандық «Өскен өңір» газетінде коррек­торлықтан бастап редактордың орынбасарлығына дейін көтеріліп, 20 жылдай қызмет атқардым. Сосын өлеңнің соңынан еріп Алматыға аттандым. Осылайша төртеуміз төрт бұрышқа кеттік.

«Төртеу едік.

Төртеуіміз де ерке едік…

Төртеумізге тап болды да төрт елік,

Төрт бұрышта жүрміз қазір, уақыт жоқ,

Күлмек тұрсын, алуға да шер төгіп…».

«Төртеу едік» деген толғау өлеңім осылай бітетін. Сол төртеудің ішіндегі үлкеніміз (5-6 ай), қамқоршымыз Ыдырыс еді… Басымыз қосылған сайын маған өлең оқытатын. Бұрынғы өлеңдерімді оқи қалсам: «Жаңасын оқы, қане тағы не жаздың?», – деп шұқшиып сұрайтын. Бұл сөздері маған әрі қамшы, әрі демеу болатын. Ыдырыс келеді дегеннен отыра қалып өлең жазатынмын. Кітаптарым шыққан сайын демеушілік танытып, елге тарауына қолұшын беріп жүрді. Кейбір достарым бір-екі кітабымды алуға жарамағанда, ол жүздеген кітабымның өтуіне мұрындық болды. «Сен жаза бер, біз аламыз, оқимыз», – деуші еді, жаның жәннатта болғыр…

Ыдырыс Жүсіпов бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына арнады. Еңбек жолын ауылдың орта мектебінде мұғалім болудан бастап, кейін бригада есепшісі, өндіріс бригадирі, қой фермасының меңгерушісі, шаруашылықтың бас зоотехнигі және кеңшар директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Білімі мен білігін туып-өскен ауылының өркендеуіне, дамуына арнады. «Еңбекші» кеңшарында сол уақытта мал басы мүйізді ірі қара 171 бас, қой 32866 бас, жылқы 747 бас және түйе 223 бас болатын. Бұл кеңес мемлекеті тарап, еліміз егемендікке қол соза бастаған тұс болатын.

Осындай аласапыран кезеңге тап келгеніне қарамастан Ыдырыс Жүсіп кеңшар директоры болып тұрған кезде «Еңбекші» кеңшары еттен, жүннен, төл алудан ауданда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Ауылдың әлеуметтік жағдайы мен рухани өміріне де ден қойды. Кеңшардағы көне дүкенді мешітке лайықтап қайта салғызды. Зират басына шырақшыға және дұға оқуға арнап үй тұрғызды. Ауылдың бір адамын айлық тағайындап, шырақшы етіп қойды. Мұның бәрі ауылдастарының көңілін хош етті.

Ауданда ұжымшарлар мен кеңшарлар тараған тұста да ол азаматтық танытты. Қайсыбір шаруашылықтар темір-терсекті бөлісіп жатқанда Ыдырыс Бәйтілесұлы төрт түлік малды жасына, жынысына қарай сараптап, кеңшар еңбеккерлеріне үлесін бөліп беріп, ауылдастарын бір тәнті етті…

Ол жас уақытында тепсе темір үзетін жігіттің өзі болды. Студент кезінде еркін күрестен қалалық және облыстық жарыстардың жеңімпазы атанды. Бертін келе шаруашылық жұмысын атқарып жүріп кеселге ұшырады. Сол ауру әбден қажытты… Ақыры сүріндірді… 63-ке – Пайғамбар жасына қараған шағында алып тынды…

Ыдырыс бала кезінен ән-жырға әуес болып өсті. Мектепте жүргенде ән айтып, домбыра шертетін. Құдай қосқан қосағы Мақсат та әнші болып жолықты. Қызылорда педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт атындағы университет) көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі екен. Оқуды бірге бітірді. Отау көтеріп, үйлі-жайлы болды. 4 перзент (екі ұл, екі қыз) тәрбиелеп өсірді.

«Жаңа дос жаныңда жүргенде, ескі дос есіңде жүрсін» деген тәмсіл бар халқымызда. Алыста жүрсек те ауылдағы досты ұмытқан емеспіз. Балдай тәтті балалық, шәрбаттай шырын шақ бәрі ауылда өтті. Сол бір өзгермес өмір мен ескірмес кезеңді есіңнен қалай шығарасың! Олар сол қалпында жадыңда жаңғырып тұратын, көңіліңді өзіне еріксіз бұратын құдірет емес пе? Сондай керемет кездің куәсі болған досыңды ұмыту тым әбестік болар еді. Біз сені, Ыдырыс, ұмытқанымыз жоқ, ұмытпаймыз да. Өмірден өтсең де, көңілден кеткен жоқсың! Тірі болғанда бүгінде 70-ке толып, төріңде төбедей болып отырар едің. Тағдырдың жазуына не шара бар…

Үлкен ұлы Ерсейт әкесі Ыдырыс алғаш білім алған, мұғалім болып еңбек жолын бастаған орта мектептің директоры. Әкенің бір арманын жалғастырып келеді… Қалған ұлы мен қыздары түрлі салада тер төгіп жүр. Жесірі Мақсат зейнеткер, ардагер ұстаз. Немерелерін өсіріп, балаларының тілеуін тілеп отыр. «Орнында бар оңалар» деген осы емес пе?..

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close