Менің жанрым – күнделік

 

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ

 

Өмірдің қызығы кетіп, шыжығы қалды-ау деймін

 

29.03.11.

Театр. Планерка. Театрда мен үшін назар бөліп, көз тоқтататын еш нәрсе қалмаған сияқты. Скучно. Жастар күн көрудің соңында. Достық қарым-қатынас азайған. Жақсы дәстүрлер жоғалған, жұтылған. Біреулер әбден құдайшыл, әсіредіншіл болып алған. Әсіресе, жастар. Жасанды тірлік.

Не очень приятно. Пікір алысу, талқылау, бірінің қуанышына бірі қуану деген аз. Сондықтан да сүреңсіз өмір, ортанқолды спектакльдер, күлді-көмеш образдар, т.б.

Осылай өмір сүріп жатырмыз.

Өмірдің қызығы кетіп, шыжығы қалды-ау деймін.

 

30.03.11.

Бүгін «Ымырттағы махаббат» нашар жүрді. Актерлер сылбыр ойнады. Тіпті, біреуінің жыныма тигені сонша, итеріп жібердім.

 

2.04.11.

Қар. Рахым Тәжібаевтың қайтқан күні. Өте дарынды күйші еді. Бірауыз сөз айттым.

Өмір деген осы. Осы күні бір тойда болдық. Физик Мейірхан Әбділдинмен бірге отырдым. Білімді, жан-жақты адам екен. Осындай адамдармен жолығып, сұхбаттассаң өзіңді жақсы сезініп, дема­лып қаласың. Болмаса қазақтың тойынан көбіне шаршап қайтасың ғой. Бос сөз көп.

…Балам бізге би, қожа, ал сырт адамнан ұялады, ұялшақ. Мен де сондай едім.

 

8.04.11.

Мені көп ой қажайды. Елдің келешегін ойлайсың.

Кейбіреулердің мұрнынан есек құрт түседі. Тек тапқан-таянғанына мәз. Гүл-гүл жайнап жүрген солар. Қалғандары басқа жақтан ауып келген тәрізді. Сон­дай дәуір боп тұр. Өзі аз халқы­мызды бөлшектеуді қашан қояр екенбіз.

 

12.04.11.

КазГУ-де екі кездесу өтті. Сағат 13-те мехматта, 15.00-де журфакта. Екі факультеттің мәдениеті, әдебиеті, әдебі жер мен көктей болып шықты. Мехмат өте күшті даярланған. Аса сүйіспен­шілікпен қарсы алды. Даярлықтары академично. Ал журналистер салдыр-салақ, білімсіздіктері көрініп тұрды. Онысын ашып айттым да. Жалпы, қазақ журналистерінің кейбірінің ой-өрісі, парасаты сұхбат алғанда анық байқа­лады. Оны талай байқап жүрмін. Жалпы, осы нақты ғылымның адамдары мықты бола ма деймін. Шашырамайды. Ойы орнықты. Ал әдебиет, мәдениеттің төңі­регін­дегілердің сөзі көп қой. Осы жолы соған толық көзім жетті. Мехматқа бес, сендерге үш қоямын дедім.

 

Бір терең дүние оқи алмайтын болдық

 

13.04.11.

Қазір сұхбат алушылар көбейді. Телевидение әр тесігіне тыққысы келеді. Не көп, журнал көп. Біріне-бірі ұқсас. Газеттер де солай көбісінің сауаты, деңгейі төмен, жазған­дары ұры-қары, қашып жүрген адамдар. Бір терең дүние оқи алмайтын болдық.

 

14.04.11.

«Шәкен жұлдыздары» кинофестива­ліне жылда қауіп төнеді. «Неге керек?» деген сөзді де естіп қалып жүрмін. Шәкен ұнамай ма, әлде мен бе? Дарын аз да, дарынсыз көп заман. Азға көп жабылады, қызғанады, қызығады, ақы­ры құртып тынады. Өмір заңдылығы… Еврей халқы ақылды жаратылған. Әлемді ақылымен билеп отыр. Совет өкіметін құлатқан да солар.

…Біздің бала тәрбиесінде кемшілік көп. Біздің балалар бір-бірімен жұлқылап ойнап, қабырғаны сызып, бірдеңені сындырып ойнаса, олардың балалары шахмат ойнап отырады.

16.04.11.

Өмірден артта қалған, ой-өрісі, сезімдері дамымай қалған бір ортада болдым. Көбісі жас адамдар. Сол жерден жылап шыққандай болдым. Біз өзі немен айналысып жүрміз?

 

18.04.11.

«Өзің туғанға дейінгі дәуірді білме­сең, нәресте қалпыңда қалдым дей бер» (Цицерон). Біздің оқу орындары­ның маңдайшасына іліп қоятын сөз ғой.

 

20.04.11.

Болат інім келіп «Ысқақ пірадардың 150 жылдығына ас берейік» деген идея тастады. Құптадым.

 

22.04.11.

Мәскеу. «Звезды содружество» ата­ғын тапсыру салтанаты. Полат Бюль-Бюль оғлы тапсырды. Швыдкой, Пахму­това, Кобзон, Джигарханян болды. Жақсы сөйледім. Риза болды.

 

26.04.11.

Бағдатқа қонақ шақырмаса ас батпайды.

 

Артыма қарасам 100 жыл өмір сүргендеймін

 

28.04.11.

«Менің жанрым – күнделік» атты кітабымның сүйінші данасын алып отырмын. Жақсы шығыпты. Бұл — жетінші кітабым.

 

9.04.11.

Мұқағалидың 80 жылдығына арна­лып бильярд пен шахматтан жарыс өтті. Бильярдтан Нұртілеу, шахматтан мен бірінші орын алдым. Тоғыз адамды жеңдім.

 

1.05.11.

Бүгін 3 рет жер сілкінді. Жақсы­лықтың нышаны емес. Қоғамда болып жатқан былықтарға қарсылықтай көрінді.

Игорь Вовнянкоға «Қазақстанда тұрғаныңа 70 жыл, 7 сөз қазақша білмейсің» деп ұрысып, қалжыңдаған болдым. Бұл да өзіңнің түпкі ойыңнан хабар берудің бір тәсілі ғой деймін.

 

2.05.11.

Айтыс. Кілең еркек ақындар. Бірінші орынды Жандарбек Бұлғақов деген жас бала алды. Аса дарынды, но нахалдау. Талантты адамға осындай қасиет те жабысып жүреді. Бұл күндері жер сілкінуін жалғастырып жатыр. Игорь Вовнянко телефондап Әбдірашит Сыдыхановтың (75 жаста) қайтқанын хабарлады. Бұл да бір өзі де, өнері де ешкімге ұқсамайтын қазақ еді.

 

6.05.11.

Жауын. Қуатбаймен офиске келдік. Өткен-кеткен әңгіме. Көп аянышты, қиын тағдырлар туралы да айтылды. Бірақ өткенге өкініш жоқ. Артыма қарасам 100 жыл өмір сүргендеймін. Соғыс жылдарындағы балалық шақ. Әр күнім бір жылдай болған кез. Салдарлы да, сапалы өмір кешкендеймін. Кеткен достарымды еске алып отырмын. Солардың жасай алмағаны менің мой­нымда сияқты. Әнуарлар түк көр­мей кеткендей, енді гүл ашып келе жатқанда қыршынынан қиылды. Ыдырыс, Оспанхан, Әнуар, Сайын, Матан, Мәрияш, Есболған, Күләй, Раушан, Уайыс, Әнуар, Әшірәлі, Құдайберген, Нұрекеев, т.б.

9.05.11.

Үйге Әшірбек Сығай келіп, өмір, өнер туралы гәплестік. Тілді, білімді азамат қой.

Балам шешесінен: «Ана нешедесің, қыз деген не?» деп сұрайтын көрінеді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *