«МЕН» ЖӘНЕ ОЛ

Аягүл Мантай (Мәскеу)     

 

Жүректің жылуы

Кеше құрбым екеумізді Мәскеуде он жылдан бері тұратын қазақ құрбым қонаққа шақырған. Метроға кіріп, жол картасына ақша салмақ болып,  кезекке тұрдым. 

Жүзінен зиялылық есетін жасы алпыстағы кісі жол ақысына карточкамен ақша төлейін десе, құрылғы дұрыс істемей тұр ма,  төлей алмады. Кассадағы орыс әйел «адамдардың уақытын алып тұрсыз» деді. Әлгі кісі қайта кезекке тұрды. «Сәл күтіңіз. Қазір мен сізге жол билетін сатып алып беремін», – дедім. «Жо-жоқ, рақмет, карточкамда ақша бар», – деп алғысын айтты. Кезекте тұрған кісілер ұялды ма, «тағы бір карточкаңыздан ақша төлеп көріңіз» деп үлкен кісіні өткізіп жіберді. Әлгі кісі жолбилетін сатып алып, маған басын изеп, рақмет айтып, кете барды. «Мен ол кісіге көмектеспедім де ғой. Қандай зиялы адам» дедім ішімнен.

Құрбым екеуміз кейде метрода бір жол картасымен  жүре береміз. Себебі, әрқайсы­мызға жеке-жеке төлейміз. Троллейбусқа міндік. Құрбымды төлеп, өткіздім. Енді өзім троллейбустың салонына өтейін десем, «үш минут күтіңіз» дейді. Жүргізушінің қасында үш минут тұрып, өтейін десем, «тағы үш минут күтіңіз» дейді. Троллей­буста отырған орыс келіншек өзінің жол картасымен маған төлеп, өткізді. Қалтамнан ақша шығарып, рақмет айтып,  беріп едім, алмады.

Үйіне қонаққа шақырған құрбымыз Қазақстанға кетіп бара жатыр. Бізге екі сөмке артық затын берді. «Таксимен қайтайық. Алдымен троллейбусқа міну керек, одан шығып, метроға.  Сөмке ауыр», – деп «жанжал» шығардым. Такси ша­қырып, үшеуміз таксиге міндік. Қонаққа шақырған құрбым бір құрбысымен кездесетін болып, жолдан түсіп қалатын болды. Себебі, ол баратын жер біздің жолы­мызда еді. Үш қазақ қазақша сөйлесіп, таксистің  миын жеп қойдық. Құрбымыз «мен осы жерден түсіп қалайын» десе, таксист «сіз Ашаннан түсем дедіңіз ғой, тура қасына апарып тастайын» дейді. «Қандай жақсы адам» деп ойлап қойдым.

Машинасының салонына көп кәмпит қойыпты. «Өзге таксистердің машинасы­нан кәмпиттер көрмедім. Сіз жұмыс іс­тейтін компанияның таксилерінен де көрмегем» десем, «кейде машинама мінген балалар аналарына «кәмпит жеймін» деп жылайды. Балаларға алып қойғам, жеңіздер» дейді.

Жолда біраз кептелісте тұрып қалдық. «Қазір таксометр ақшаны босқа айналдырып, біраз ақшаларыңызды қағып алады», – деп өшіріп қойды.

Құрбым екеуміз жасы әрі кетсе, қырықтағы адам шығар десек, елу алтыда екен. «Адамның жаны таза болған соң, жүзі де нұрланып, жас көріне ме?» деп ойладым. Құрбым біз төлеуге тиіс ақшаның үстіне ақша қосып берді. Солай әділетті еді, себебі.

Адамдарға жақсылық жасау, мейірім­ділік таныту – ақшамен бағалан­байды. Жүректің жылуы да жетеді.

 

 

Еркіндік пен табиғилықты сағыну

 

Үш-төрт күн бұрын жердің бәрі аппақ еді. Таңертең ерте тұрып,  терезеден далаға көз салсам, қар ери бастапты. Жердегі қар кеше де осылай жатты ғой. Еріп жатқан қарды өмірімде бірінші рет көргендей ұзақ қарадым.

 

Өткенде қатты суық болған күндері құрбым дүкеннен жиі оншақты  нан әкеліп, үйректерге күн сайын апарып беріп тұрды. Айтқандай, біз Мәскеу өзенінің  жағасында тұрамыз.

«Адамдар қызық іздеген кезде, демал­ғысы  келгенде ғана үйректерге нан береді. Күн қатты суытып кеткелі олар үйректерді ұмытып, өздерінің жанымен қайғы болып кетті», – деді құрбым. Мен оның мейірім­ділігіне, жанының тазалығына таңғалам. Өмірде құрбы-құрдас іздемейтінім де сол: ол мың досқа татиды-ау.

Үйде туралып тұрған нан бар екен. Өзен жаққа қарай аяңдадым. Үйректер суда еркін жүзіп жүр. Суға нан тастап едім, бәрі еркелеп жүзіп келді. «Кешіріңдер, сендерге көп күн келмедім. Мен құрбым секілді мейірімді емеспін», – дедім.  Қасыма екі-үш орыс кісі келіп, үйректерді тамақ­тандырғанымды тамашалап тұрды.

Мәскеуде орман көп. Жазда құрбым екеуміз орманға барып, тоғанның жаға­сында отырғанды ұнатамыз. Суда еркін, еркелей жүзіп жүрген үйректердің еркін­дігін жақсы көрем. Негізі адамнан басқа құс-жануарлардың бәрі еркін, табиғи ғой. Біз, адамдар ғана еркіндігімізді шектейміз… Тіпті, өз жеке пікірімізді айтуға да қорқамыз.

О бастағы табиғи күйімізді жоғалтып аламыз. Өзімізде жоқ табиғилықты сағын­ған кезде табиғатпен ғана сырласаты­нымыз сол шығар.

 

 

Кітаптың исі.  Рассел және Тоня әжей

 

Үш-төрт күн бұрын үйден оқитын кітап іздедім. Шынымды айтсам, интернеттен кітап оқи алмаймын. Кітаптың исін иіскеп отырып оқығанды ұнатам. Бұрын Алматыда тұрғанда ылғи кітап сатып алатынмын. Мәскеуде тұрып жатқасын өзім сыйлайтын қыздарға кітаптарымның бәрін таратып жібердім. Қазір Мәскеуде кітапты сирек сатып аламын. Көбіне кітапханадан жаздырып аламын.

Осыдан жиырма жылдай бұрын дүние салған үй иесі Иван атайдың кітаптарына көз жүгірттім. Бұл кітаптардың көпшілігін бұрын оқып тастағам. Қолыма Джек Лондонның «Железная пятасы» түсті. Жиырма бетін парақтадым. Жоқ, тартпады. Қазір кітапхана жабық. Бірақ менің  кітап оқығым келді.

…Шынымды айтсам, көңіл-күйіме байланысты біраз уақыт кітап оқымадым. Кейде кітап оқудан да жалығасың. Араға жақында Набоковтың «Машенькасын» оқыдым. Харектерден сюжет жасайды. Орыс жанының, яғни жазушы жанының жалғыздығын түсінесің. Адамдардан, анығы өзінен-өзі қашып жүрген кейіпкер. Оқуға тиіс кітап деп санамаймын, бірақ оқуға болады.

…Қатты кітап оқығым келді. Ашқарақ­тана үйдің ішін тінтіп кітап іздедім. Қолыма Бертран Расселдің «Почему я не хрис­тианин» кітабы түсті. Құрбыма біреу сый­ласа керек. Тілі жеңіл. Ойы түсінікті. Жал­пы, біздің көптеген философия ғылымымен айналысып жүрген ғалымдар әйгілі фило­софтардың кітабын қазақшаға дұрыс ау­дар­майды. (Кейбірінің студенттерге аудар­татынын бұған дейін де айттық). Түсін­генім: философиялық дүниелерді қа­зақ тілінде емес, орыс тілінде оқыған жеңіл. Айтқандай, ғалым Гүлжихан Нұрышева­ның сауатты аудармасын ерекше айтуға болады. Өзім қатты құрметтейтін ғалым.

…Рассел дін туралы, Құдай туралы, бол­мыс туралы өз көзқарасын таратып жазады. Оны оқып отырып, өзіңді бір «шеңберге» тығып тастағаныңды мойындайсың.

Бүгін үйге үй иесі Тоня әжей келген. «Мына кітапты кім оқып жатыр?», – деді. «Мен» деп едім, «Мен өзімді христиан санамаймын, оқиыншы. Дүйсенбі әкеп беремін», – деді.

Сексен екі жастағы орыс әжейдің өзінің философиясы барына, философиялық дүниені оқығысы келгеніне риза болдым.

 

 

Әжемнің «қорғаушылары»

 

Әжеме ауылдың жаңалықтарын айтпа­саң, «менімен ешқайсың сөйлескің келмейді» деп ренжитін. Құлағы естімейтін әжемнің құлағына  апам (әкемнің ағасының әйелі), шешем, немерелері, бәріміз кезек-кезек айқайлап, қай туыстың келіні жүкті екенін, қай үйде жақында той екенін айтамыз.

Әжеме ең ұнайтын жаңалық: жүкті ке­лін туралы әңгіме еді. «Айтыңдар, бала­сының атын мен қоям» деп бұйрық береді. Әжемнің тапсырмасын апам мен мамам орындамай көрсін. Тоқсандағы әжемді келіні босанған үй құрметтеп шақырып, баласын бесікке салдырып, әжеме көйлек- орамалын беріп, немересінің атын қойғызады. Әжем «Қыжымгүл, Қыздаргүл, Қызболмас» деп өз заманын­дағы «модный» есімдерді қойып келеді ғой.  Әжеме ол есімдердің «модадан» қалғанын түсіндіріп көр, таяғымен бір салуы мүмкін. «Менің қадірлі жеңгемнің аты, менің текті жиен әпкемнің аты. Солардай болсын деп қойдым» деп «фактімен» сөйлегенде өзің ұялып қаласың.

…Әжемнің басында бит болмаса, ауыратын. Әжемнің басында екі-үш ақ бит жүретін, бірақ оны өлтіруге болмайды. Әжем «арам қанымды сорады» деп сенеді, былайша айтқанда, ақ биттер әжемнің «қорғаушылары» еді. Ақылды биттер болғаны сондай, ешкімге жұқпайды ғой, өздерінің территориясы әжемнің басы ғана екенін біледі.  Бір жылы әжемнің басындағы биттердің бәрі жоқ боп кетті. Мамам басымды қайта-қайта қарап, бит таба алмай, «енді бетіміздің суын бес төгіп, бит іздейтін болдық. Жұрттың қыздарының басында бар бит неге сенде жоқ?», – деді күйініп. Анам – үсті-басын, үйді өте таза ұстайтын, базардан өмірде бір бәліш жеп көрмеген, жиіркеншек адам. Басымда бит болсыншы, жанымды шығарар еді. Әжемнің басы ауырып,  апам мен мамам ауылды аралап, бит іздеп кетті. Содан не керек, апам мен мамам бір үйден дәу қара биттер алып келді. Бәріміз жабылып, әжемнің басына салдық. Өкінішке орай, қара биттер әжемнің басын «жерсінбей», бәрі өліп қалды. Апам мен мамам әлгі үйге тағы барып, тағы биттер әкелді. Жоқ, бұл жолы да «жерсінбеді». Әжем «әй, ұзаққа бармаймын, менің басыма салған бит те тұрмайтын болды», – деді. Расында да, әжем ұзаққа бармады…

 

***

 

Көкемнің үйінен (әкемнің ағасы) аяғын әзер басып, кәрілік жеңіп, иығы еңкіш тартып, бүкірейген әжем көйлегінің етегіне бірдеңе салып, біздің үйге келе жататын. Қумын ғой, әжемнің олжалы келе жатқанын біле қоям.  Алдынан жүгіріп шығам.  Әжемнің көйлегінің етегінен төрт-бес картошка, үш-төрт пияз шығады. Әкем «апа-ау, үйде картошка да, пияз да бар ғой. Одан да үлкен балаңыздан қазы ұрлап келсеңізші» деп қалжыңдайды. Әкем екі ағайынды. Әжем әкемнің ағасының қолында тұрды. Әжем «ет пен қазылары қайда тұрушы еді?» деп серьезно сұрайды. Енді кіші баласының «тапсырмасын» орындау керек қой.  «Сарайда. Бірнеше қазы бар» дейді әкем. «Бойым жетпейді, үстөлге қойып алмасам» дейді әжем. Әжем кейде үлкен баласының үйінен ет ұрлап, «қуырдақ істеп жеңдер» деп кіші баласына әкеп беретін.  Қартайған адам да бала ғой. Әжемнің бұл «ұрлығын» көкем де, апам да (әкемнің ағасының әйелі) біледі. Апам «Жарықтық-ай, сендердің үйлеріңде ет жоқ деп ойлайды-ау», – деп күледі.  Әжем бір күні біздің үйге үлкен баласының үйінен тығып бірдеңе әкеле жатқанда немере ағам әдейі «ұстап алды». Анам далада ошаққа тамақ жасап, мен қасында көмектесіп тұрғам. Әкем біздің қасымызда әңгіме айтып тұрған. Әкем мен шешем, мен,  немере ағам, бәріміз ішек-сілеміз қатып күліп жатырмыз. Сасатын әжем бе, «әй, мынаны көтер, шаршап кеттім» деп қояды. «Әжем бұл жолы не әкеле жатыр?» деп күтіп тұрасың ғой. Әжемнің етегінен бұл жолы да картошка мен пияз шығады.  Әкем немере ағамның көзінше «апа, пияз бен картошка арзан ғой, келесі жолы қазы алып келсеңізші, үлкен қазы әкеліңіз» деп тапсырма беріп жібереді. Әжем екі үйге позитив сыйлап жүретін адам еді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *