Медеуліктер «ЖЫЛ ӘЖЕСІН» анықтады

Медеу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен №172 мектеп-гимназияда  «Жыл әжесі –2018» байқауы өткізілді.

Бес турдан тұратын байқауда әжелер өзін-өзі таныстыруды өлең, қара сөз, видеоролик, тіпті, келіндерінің көмегімен руы, кіндік кескен жері, ата-баба, жанұя­сын бала-шаға, немере-шөберелеріне дейін жиналған көпшілікке таныстырып өтті.

Ою-өрнек ою бөлімінде әжелер әр түрлі ұлттық оюларды ойып, оларды оюдың қай түріне жататынын, ол қандай орындарда пайдаланылатынын түсіндіріп берді. Салт-дәстүрге байланысты көрініс көрсету кезінде Ахметова  Анархан әже ұмытылып бара жатқан, бүгінгі жастар түгілі, ел ағасы болып қалған үлкендердің де есінде жоқ «қазан шегелеу» дәстүрін еске салды.

– Ескі таныс, әзіл-қалжыңы жарасқан ауыл немесе көрші ауыл адамдары қыс ортасы ауып, күн ұзара бастаған мезгілде бір үйге бастарын қосып, осы үйдің қаза­нын шегелеуге келдік деп әзілдей келеді. Оларды үй иесі «біз де қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік» деп қазан көтереді. Сөйтіп, әңгіме-дүкеннің тиегін ағытып, өлең айтып, домбыра шертіп адамдар бір жасап қалатын болған», – деп түсіндірді Анархан әже. Ал Рысалды Қайырбаева әже қазақтың берік ұстанып келе жатқан «құй­рық-бауыр асату» дәстүрін көрсетті. Қасы­на әнші, домбыра­шылардан топ құрып, нағыз құдалықта отырғандай керемет әсер қалдыра жүріп, қонақтарға құйрық-бауыр асатты.

Күләш Қонаева әженің де қойылымы осал болған жоқ. Апыл-тапыл аяқ басуға талпынып қалған шөбересінің тұсауын көптің көзінше кесіп, үлкен атасынан бата алды. Сара Бижанова әже қалалықтардың бірі білсе, бірі біле бермейтін, жас нәрес­тенің бауырынан аяқ алу ырымын жасады. Халқы­мызда еңбектеуге ниеттеніп жүрген сәбидің  бауырынан ас салған ыдысты өткізсе, бала тез еңбектеп кетеді деген ұғым болған.

Келесі кезеңде әжелер құраған құрақ, сырған сырмақ, иірген жіптерін, екіншісі тоқымасын, үшіншісі әсем әнін, т.б. бар өнерлерін ортаға салды. Соңғы кезеңде әжелердің ас әзірлеу шеберлігі сынға түсті.

Әділқазылар алқасы «жарыс бар жерде жеңіс бар» дегендей, топ жарған әжелерді анық­тады. Гран-При  жүлдесін барлық кезеңнің талаптарын жоғары деңгейде орын­даған, бұрынғы ұстаз, бүгінде зейнет­кер, ардақты ана, аяулы әже Анархан Ахме­това жеңіп алды. Басқа әжелердің де иықтарына орамал жауып, бағалы сыйлық­тарға ие болды.

Жұмагүл ӘМІРЕЕВА,

Медеу ауданы әкімдігінің қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *