МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА ЖҰМЫС ТАБУЫНА КӨМЕКТЕСЕМІЗ

Қазақстан билігі мүгедек адамдардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға дейін арттыруға ниетті. Ол үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі жағдайды талдап, әлемдік тәжірибені зерттеді, мүгедек жандармен, ҮЕҰ және жұмыс берушілермен бірқатар кездесулер өткізді. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды экономикалық қызметке тартуға кедергі болатын негізгі проблемалар және шешілуі қажет міндеттер анықталды.

Жақында Алматыда өткен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысында сөз сөйлеген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2025 жылға дейінгі Мүгедектердің құқықтарын қамта­масыз ету және өмір сүру сапасын жақсар­ту жөніндегі Ұлттық жоспарды іске асыру аясында алдағы жылдары не істеу керек­тігін егжей-тегжейлі баяндады.

БІРІНШІ МІНДЕТ мүгедек адамдарды еңбек нарығына сапалы дайындау болып табылады. Осы бағыт шеңберінде мүгедек жандардың құзыреттілігі бойынша деректер базасын құру жоспарлануда. Мүгедектер жұмыс істей алатын кәсіптердің атласы әзірленетін болады. Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ІТ-дағдыларға мүмкіндігі шектеулі адамдарды оқытуды жүргізу жоспарланып отыр. Олар бағдарламалауға, өз бизнесін ілгерілетуге, электрондық коммерциямен және т.б. айналысуға мүмкіндік береді.

Барлық өңірде 18 жастан асқан мүге­дек адамдарды кәсіптік бейімдеумен және оңалтумен айналысатын Оңалту орталық­тары жұмыс істейтін болады. 2020 жылы 3 оңалту орталығын, 2021 жылы тағы 3 оңалту орталығын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орна­ластыру есебінен жеке оңалту орталық­та­рын дамыту жөнінде іс-шаралар қабыл­данатын болады.

ЕКІНШІ МІНДЕТ мүгедектігі бар адам­дардың кәсіпкерлікте жұмысқа орна­ла­суын және жәрдемдесуін көздейді. Негізгі тетік «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болады. Оның аясында жыл сайын кемінде 15 мың мүгедек адамды жұмысқа орналас­тыру жоспарланып отыр. 2020 жылы мүгедек жандарға 500 шағын несие және 380 грант, 2021 жылы 550 шағын несие және 420 грант бөлу жоспарлануда.

Бұдан басқа, жұмыс орындарын құруды субсидиялау тетігі қайта қаралатын болады. Стандарттар жеңілдетіледі, соның нәтижесінде 2021 жылдан бастап кемінде 200 арнайы жұмыс орнын құруды субси­диялау басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, мүгедек адамдарды мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы штаттық позицияларға, оның ішінде бас­шылық лауазымдарға тағайындау ұсыны­лады. Кадрларды іріктеу жұмыс тәжірибесі бар және біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандар қатарынан жүргізіледі.

ҮШІНШІ МІНДЕТ – мүгедек адамдар­ды тиімді жұмыспен қамту үшін жағдай жасау. Бұл бағытта мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу және оңалту бойынша қабылда­нып жатқан іс-шаралар туралы ақпарат­тандыру үшін егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Мүгедек адамдарға 111 колл-орталық, халықты жұмыс­пен қамту орталықтарының байла­ныс нөмірлері, сондай-ақ, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін пайда­лануға ыңғайлы мессенджерлер арқылы кеңестер көрсетілетін болады.

Кедергісіз орта мен қолжетімді көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту болжанып отыр.

Мүгедектерге тауарлар мен қызметтерді өз бетінше таңдау құқығын беру үшін келесі жылдан бастап Amazon және Alіbaba сияқ­ты табысты сервистер қағидаты бойын­ша әлеуметтік қызметтер порталы енгізілетін болады. Бұл 338 мың қызмет пен оңалту құралдарын ұсыну мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді және 101 млрд. теңгеге жуық игерудің ашықтығын қамтамасыз етеді.

ТӨРТІНШІ МІНДЕТ – мүгедектіктің алдын алу және сауықтыру. Осы бағыт шеңберінде Қазақстанда халықаралық Әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы әзірлеген «VіsіonZero» жарақаттанудың нөлдік тұжырымдамасын енгізу жоспар­лануда.

 

АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ

ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛ-АУҚАТ БАСҚАРМАСЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *