ҰЛЫ ДАЛА АЙБАРЫ – НҰР-СҰЛТАН!

Нұр-Сұлтан Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан.

Қазіргі  уақытта  астананың аумағы 722 шар­шы шақырымнан асады, тұрғындар саны – 1 млн.-асады.

Қала төрт ауданнан – «Алматы», «Сары­арқа», «Есіл» және «Байқоңыр» аудандарынан  тұрады.

Қала аумағы аласа терраса – жайылма жер бедері түрінде келеді. Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады.

Нұр-Сұлтан қаласының ауа райы күрт континенталды – қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң.

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Елорданы эконо­микалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.

Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары.

Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған.

Нұр-Сұлтан қаласы  Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.

Қаланың ірі кәсіпорындары: Целиноград вагон жөндеу зауыты, «Цесна-Астық» концерні, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолау­шылар вагонын құрастыру зауыты, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауыты.

Елорда Қазақстандағы ірі бизнес орталығына айналды. Мұнда кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді. Қалада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіп­керлік нысандары жұмыс істейді.

Біздің дәйектеме:

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы  халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен саммиттер, өзге де  тағылымды іс-шаралар өтетін Еуразия кеңіс­тігінің орталығына айналды. Соңғы жылдар ішінде Қазақстанның елордасы бірнеше рет барша әлемдік қоғамдастықтың басты назарында болды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерей­тойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VІІ Қысқы Азия ойын­дарының қатысушылары мен қонақтарын қабыл­дады. 2017 жылы елордада ЭКСПО–2017 халық­аралық көрмесі өтті,  Есіл өзенінің сол жаға­лауын­да  көрме кешені – ЭКСПО-қалашығы бой көтерді. «ЭКСПО–2017» көрмесінің архитектура­лық симво­лына айналған көрме кешенінің орталық нысаны «Нұр әлем» деп аталады. Алып шар тәрізді ғимарат – әлемдегі ең үлкен сфера. Оның диаметрі 80 метр болса, биіктігі – 100 метр. Сегіз қабаттан тұратын нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға ар­налған. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспо­зициясына арнайы бөлінген. Аталмыш сфераның төменгі табанындағы 5 мың шаршы метр аумақта Ұлттық павильон бар. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасам­паздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтиды. Павильонның бірінші бөлімі ландшафт, мәдениет, тарих, Қазақстанның өткені мен болашағы туралы мәліметтерден тұра­ды. Ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика – қуат көз­дерінің негізгі түрлері сандық, мульти­медиялық және интерактивті технологиялар арқылы ұсынылады.

 

Астана  келбеті  –  ұлт келбеті

Елордадағы   бірегей  сәулеткерлік ғимарат­тар:

«Қазақ Елі» монументі.

«Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды.

Белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайы.

Әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы.

Теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығы.

«Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры.

Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті.

«Қазақстан» орталық концерт залы.

Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараты.

Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборы.

Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборы.

«Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасы.

Біздің дәйектеме:

Нұр-Сұлтан қаласының бүгінгі құдіретті де ажарлы келбеті  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұжырымдағандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.

Ел  және Елбасы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі  осы  отыз жылға жуық уақыт ішінде  бұл тұжырым  әрдайым қатар аталатын егіз ұғымға айналған. Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы

1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті, қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастыруды дәл осы перзентіне  сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді. Елбасының тарихи феномені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді. Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жоспарлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Ұлт көшбасшысының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің мемлекет құрып, таңғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалардың арқасында дүние жүзі «Қазақстан кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине, мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев. Оның көшбасшылық сипаты Қазақстан экономикасын әлем бойынша экономикасы ең тез дамыған елдердің бірінің дәрежесіне жеткізді. Тұңғыш Президенттің жеке үлесі және халықтың қуатты қолдауының арқасында әлемге «Қазақстандық даму моделі» кеңінен таралды. Бұл модель терең ойластырылған бағдар бойынша біртіндеп және сенімді дамуға негізделеді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – біздің елімізде бейбітшілік пен келісімді қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Тәуелсіздік таңында құрылған Ассамблея өзінің маңыздылығы мен тарихи қажеттілігін көрсету ісінде Қазақстанның жаңа бірегей қоғамдық және мемлекеттік институтына айналып отыр.

Елбасы жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берді: «Еуразияның қақ ортасында салынған жаңа астананың модернизациялық миссиясы мол. Мұнда жаңа кеңістік, жаңа координаттар жүйесі, жаңа уақыт пайда болды. Бұл жалпы жаңару мен жаңа тәртіптің пайда болуына серпін береді», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінде  Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері – Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.

Елбасы  тұлғасы ел  тарихындағы, оның бас шаһары – Нұр-Сұлтан қаласының өміріндегі тұтас бір дәуірді сипаттайды. 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *