«Әкімдердің кабинетінде домбыра тұруы тиіс»

«Алматы ақшамында»  осын­дай тақы­рыппен (№69, 16.06. 2018 ж.) Қали Сәрсенбайдың мақаласы жарияланған еді. Осыған орай редакцияға қоңы­рау шалушылар қатары да аз болмады. Олардың бір­сыпыра­сының ойын екшеп беріп отырмыз.

– Мемлекет басшысының 1 шілдені «Ұлттық домбыра күні» етіп жариялауы, бұл шын мәніндегі ел көкейіндегіні дөп басқан тамаша тарту болды, – дейді «Қалқаман-2» ықшамауданынан телефон шалған Сәкен Сәбитов деген оқырма­нымыз. – Шыны керек, кейінгі кезде, әсіресе, кеңес өкіметі тұсында домбыраның қоғамнан, оның ішінде концерттерде, оның ішінде үкіметтік концерттерде шеттетілгенін байқаушы едік. Сондықтан ол заманда адам ғана емес, әр ұлттың рухын көтеретін домбыра сынды бас аспаптар да құқай көргенін жасыруға болмайды. Әрине, қазір домбыра жөнінде бұлай айта қоймаспыз. Дегенмен, проблемалық жағдайлар бар екені рас. Осы ретте Елбасының мынадай шешім қабылдауы, бұлт арасынан шыққан күндей күйге бөлегені рас. Аталмыш мақаланы оқығанда менің есіме бірден осы жағдай сап ете қалды. Ендігі жерде домбыра дидарына дақ түспеуі керек. Бұдан былай бұл аспаптың қасиеті туралы танымдық дүниелер көбірек жарияланып, жиі сөз болуы керек. Егер мен қателеспесем, домбыра жөнінде «Ақсақ құлан» күйі туралы түсірілген мультимедиялық дүниеде ғана аздап айтылады. Ғылыми тұрғыдағы аздаған зерттеу дүниелер бар ғой, алайда фильм тұрғысында берілсе ол халық санасына тез жетіп, жатталып қалған болар еді. Әсіресе, мұндай қадамның мектептен бастау алғаны дұрыс, – деп оқырман өзінің ақжарма пікірін білдіреді.

Ал енді «Шаңырақ-1» ықшамау­данынан хабарласқан бауырымыз Қ.Қонысбаевты мақаладағы Мәриям Хакімжановадан алынған дерек қызық­тырған екен. «Көп нәрсені бағамдай бермейміз ғой. Ал енді әлгі алапат аштық кезінде саябақтың ішінде домбырасын құшақтап қатып қалған адам, атақты қобызшы Ықыластың келіні Рәзияның ерлігі сұранып тұрған фильм ғой. Осыны көретін көз бар ма?» деп, автор орынды ұсыныс айтыпты дейді оқырман.

– «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадырдың айтқан сөзі бүгінде нақылға айналып кетті ғой. Расында осы бір сөзді кейде көшемізге, көрнекті жерге кісі бойындай етіп жазып қойса қайтеді», – деп пікір бөліседі, «Таугүлден» хабарласқан Әли Құмаров деген азамат. – Олай дейтінім, кейде осы сөздің авторы Қадыр екенін де айта бермейміз. Әрине, сөзі халықтың сөзіне айналып кеткен Қадекең шексіз бақытты адам ғой, бірақ қарапайым адами этиканы да ұмытпаған, ескерген жөн. Нағыз қазақ демекші, бұл ретте нағыз қазақ алдымен әкімдер болса, мұраты­мызға жеткеніміз ғой. Мақалада «Әкімдердің кабинетінде домбыра тұруы тиіс» деуін қолдаймын. Себебі, халықпен жұмыс істейтін әкімдердің кабинетінен домбыраны көрген қазақтың да қуанып қалатынына күмән жоқ. Мұндайда ауызға тек әкімдерді алмай, барлық басшы­лардың кабинетінде домбыра тұруын міндет­тейтін тағы бір жарлық шықса ғой деп армандайсың.

 Р.S. Әрине, бұл тақырып бір күннің шаруасы емес. Елба­сының арнайы Жарлығына арқау болған домбыра төңіре­гінде әлі де атқа­рылар шаруа жеткілікті.  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *