Киеңнен айналдым, «Киелі бесік»!

Рая ЕСКЕНДІР

Қазақ қыздарының парасат мектебі атанған Қыздар педагогикалық университетінде халқымыздың ең қадірлі, ең киелі мұрасы бесігімізді ұлықтауға арналған, төл мәдениетімізді жаңғыртуға бағытталған «Киелі бесік» республикалық өнер байқауы өткен еді. Тұңғыш рет қолға алынып отырған бұл іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынып, жүзеге асып отыр.

Қазақ үшін бесіктен киелі не бар? Ата-бабамыз қастерлеп, қасиет тұтқан бесік әрбір үйдің төрінде тұратын, ырымы жақсы құнды дүние.

Көнекөз қариялардың батасы «бесігің тарылмасын, бесігің тербелсін» деп келуі де осы мағынаны білдірсе керек. Бесікті халқымыз өте киелі, құнды деп бағалағаны сонша, оны ашық қалдырмайды, бос бесікті тербетпейді, бесікті екі кісі көтермейді. Тіпті, қатты көңілі қалған адамның өзіне «бесік көрмеген» деп айтқан бір ауыз ауыр сөзі жетіп жатыр. Міне, осындай халқымыз үшін киелі құндылық болып табылатын бесік болашақ ұлттың аналары, ұрпақ тәрбиешісі болып табылатын қазақ қыздарының құтханасының төрінен орын алды.

Осылайша жақсы ырымның бастауы болған фестиваль шымылдығы оқу ордасы­ның басшысы Гаухар Алдамберге­нованың құттықтау лебізімен ашылды.

– Білім мен ғылымның қарашаңырағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастама танытуымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, мерейін таcытуға бағытталған бірегей шара. Бұл фести­валь – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазыналарымызды қадірлеуге, жастарды отбасылық құндылық­тарды құрметтеуге үндейді. Қазақ елінде тұратын түрлі этнос өкілдері мен халық­тардың салты мен төл мәдениетін насихат­тауға бағытталған бұл байқау алдағы уақытта да дәстүрге айна­латынына кәміл сенімдімін. Бұған себеп те жоқ емес. «Береке, қайда барасың? Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатқа айналған ұлы сөз бар қазақта. Расымен де, елдің табысты һәм ырысты болуы береке-бірліктің арқа­сында. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің елең-алаң жылдарында, 1995 жылы Қазақ елін мекендейтін барлық этностардың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Бұл бірегей институт­тың бүгінде елімізде орнаған бейбітшілікке қосқан үлесі зор деп ойлаймын. Қазіргі күнде сан ұлтты ұйыстырған, талай тілекті тоғыс­тырған мерейлі мемлекетімізге өзге жұрт қызыға қарап, үлгі алушылар көп, – деді.

Оқу орнының басшысы осыдан соң бүгінгі Қазақстанның тыныштық пен тұрақтылықтың мекеніне айналғандығына да тоқталды.

– Біз әлемнің көз алдында бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналдық. Біз бүгінгідей аумалы-төкпелі кезеңде Елба­сы­ның саяси батылдығының арқасында тәуелсіз Қазақстанның әрбір даму кезеңі жетістік­тердің, көпұлтты Отанымыздың бірлігі мен тұрақтылығын нығайтудың жылдарына айналғанын айқын сезініп отырмыз. Тарих толқынында «мың өліп, мың тірілген» ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы асыл арманы шындыққа айналып – тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ел бірлігін ту етіп, елімізде сан түрлі этностың баласы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Келісім мен бірлік, Отанымыздың тағдырына деген ортақ жауапкершілік – Қазақстанның табысты дамуының басты стратегиялық ресурсы, ертеңгі күнге деген біздің сеніміміз бен күшіміздің басты қайнар көзі. «Береке бастау бірлік, ел іші тату тірлік» демекші, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандарда киіз туырлықты қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі мен ынтымағы десек, артық айтқанымыз емес. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық, бесенеден белгілі. Баршаңызға бірлік пен ынтымақты ту еткен мәні зор, маңызы ауқым­ды шараға қолдау білдіріп, белсенділік танытқан­дарыңыз үшін шынайы ризашылы­ғымды білдіремін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деп, барлық қатысу­шыларға сәттілік тіледі.

Байқау екі кезеңді қамтыды.

Алғашқы кезеңде бесік тақырыбындағы театрландырылған қойылымдар көрсетілсе, екінші кезеңде бесік тақырыбындағы халық әндері, бесік жырлары, ана әлдиі мен бесік туралы әндер орындалды.

«Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге», – деп Мұқағали ақын жырласа, қазақ тарихында бесікті өлеңге қосып, әнге арқау етпеген бірде-бір ақын, бірде-бір сазгер жоқ екен. Міне, бесіктің киесі деген осы да.

Байқау шартына сай қатысушылардың өнері театр қойылымының ақпараттық насихатталуы, бұрын зерттелмеген тың идеяны көрсету, декорация, костюм және актерлік шеберлік сынды бағыттар бойынша бағаланды. Ал музыкалық бағытта әннің сөзі мен әуенінің сапалылығы, шығарманың күрделілігі, орындаушының сахналық киім үлгісі мен мәдениеті назарға алынды. Қазылар алқасының құрамында мәдениет қайраткерлері, ақын, жазушылар мен танымал өнер жұлдыздары болды. Сонымен тұңғыш рет өткізіліп отырған фестиваль қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің ұжымы үздік атанып, бас жүлдені жеңіп алды.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінің өнері қазылар алқасы тарапынан жоғары баға­ланып, бірінші орынға ие болды.

Екінші орынды Украин мәдени орталығы мен Жамбыл облысы, Жуалы ауданының өнер ұжымдары алса, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Х.Досмұха­ме­дов атындағы Атырау мемлекеттік универ­ситеті мен Жамбыл облысы, Қордай ауда­нының өнерпаздары үшінші орынға табан тіреді.

Сонымен қатар, арнайы ынталандыру сыйлығымен Орыс мәдени орталығы, Неміс мәдени орталығы және Алматы облысы, Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің қатысушылары марапатталды.

Сәтін салса, бұл байқау алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтетін болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *