Кездесу

Әңгіме

Дәнеш Ахметұлы 

 

Ол мені танымады. Кім білсін, аңдамаған да болар. Бәлкім, көрсе де көрмегенсіп сырт айналды ма, кім білсін, әйтеуір ол мені танымады.

Тағы көз тастадым. Сол Сейфілдің нақ өзі. Таяқ тастам жерде тұр. Бір қолында жетек­теген баласы бар, екінші қолын­да аузын бүрістіріп буған іші солыңқы дорбасы бар, аласа бойлы, төртбақ, шот маңдай, қыр­жық бет  қара жігіт бірде­меге алаңдағандай бо­лып, мазасызданып, жан-жағына қа­рағыштап тұр. Жайыла біткен шықшытты, қара қошқыл өңін­де шарасыздық табы бар. Ұялы тыш­қан көздері дүниені ін ішінен  бар­лағандай болып, жылт-жылт етеді.

Ол содан ары жылыстап кетер ме екен деп едім, жоқ олай болмады. Осы маңға жоғалтып алған әлдебір қимас затын аз дамылдап, тыныстап алып қайта іздегісі келген жанның сыңайын танытып,  күйбеңдей берген.

Жиырма екінші наурыз. Мезгіл шаншылған талма түстің шағы. Базар. Мейрамды ашу, құттықтау рәсімі бітіп, әр түрлі ойындардан соң ендігі кезек ән мен  еркін қыдырыстауға тиген еді. Ән шіркінде тегі тоқтау жоқ. Бірінің аяқтала берген ырғағын екіншісі іліп алып, мың бұрал­тып, құй­қылжыта жөнеледі.

Жұрт сеңдей соғылысады. Үлкен­нің де, кішінің де өңінде күлкі, аузын­да ақ тілек. Көрген жерде жайраң қағып, жаңа күнмен құттықтасады. Неше қилы асыл матаға малынып киінген қошемет­шіл қауым шатты­ғында тіптен шек жоқ. Егемендіктің, елдіктің белгісін­дей болған  Респуб­лика туы ашық көгілдір аспан аясында ішкі құпиясын құпиялап сездір­гендей болып, баяу бұлықсып, толқып, тербеліп қояды.

Есіме өткен жәй түсті.

Ол кезде де дәл осындай наурыз мерекесі еді. Ол кезде де осы араға дәл осындай ақ шаң­қан киіз үйлер тігілген. Наурыз ел мерекесі ретінде енді-енді   ғана тойлана бастаған әуелкі шақ еді. Қаптаған елде қисап жоқ. Біреуді біреу біліп болар емес. Қаз қатар тігілген киіз үйлердің ішіне қойылған үстелдер алуан түрлі дәмге белі қайысқандай болып көз жасқайды. Базаршы­лар лек-лек болып, есігі ашық үйлерге кіріп жатты. Сәл шетке­рек тігілген киіз үйдің алдынан қияс өтіп бара жатып, көзім біреуді шалып қалған еді. Салған жерден таныдым. Сейфіл екен.

Сейфіл он жыл мектеп қа­быр­­ғасында бірге оқыған сы­нып­тасым. Екеуміз бір партада отырдық.  Мектеп бітіру тойын бір күнде тойлап, бір сәтте орта білім туралы қағаз алдық.

Білім жұққан адамның қашан­да ұзап оқитын әдеті ғой.  Сейфіл орта мек­тептен соң, институтты бітіріп, білдей қызметкер болғанда, менің қолымнан  келгені шопырлық қана еді. Жылға жетпейтін мер­зім ішінде кесімді оқуын бітірдім де, кәдімгі көп шопырдың бірі болып шыға келдім. Ал Сейфіл бұл шақта аудандық астық қабылдау мекеме­сінің бастығы еді… Және біз оның арамыздан оза шауып, дөкей қыз­меткер болғанын мақтан ететінбіз.

Көре тұрып қайырылмай кеткенім жарамас деген ойға келдім де, есікті ашып, ішке ендім. Үйдің төр жағы адамға толып, сықасқандай болып көрінгенмен, босаға жақ тұсы әлі де бос екен. Кірген бойда Сейфілге ұмтылдым. Сызылтып тұрып сәлем беріп, қос қолым­ды қатар создым. Сейфіл жалт қарағаны болмаса, отырған орнынан міз бақпады. Тоқта деген­дей ишара жасады. Дүние­нің қорлығы ұмсынған қолыңды   алма­ғаны екен. Ыңғайсызданып қалдым.

— Сәке, мереке құтты болсын, — дедім тек тұрмай.

Ол үнсіз бас шұлғыды.

— Сәке, денсаулық қалай, — дедім үндемей қалуды өзіме бір түрлі сөкет көріп.

— Көріп тұрсың ғой, — деп ол кеңк-кеңк күлді. Кеңк-кеңк күлгенде кебеже қарны мен мол денесі  қатық құйған серкенің тұлыбындай болып ырқ-ырқ етті.

— Сәке, жағдай қалай, — дедім тағы да тыныш отырмай.

— Көріп тұрсың ғой, — деп ол быртық саусақтарын жайып, жан- жағына қарады.

Дәл осындай ортада, оның үстіне төрде отырған адамның жағдайы тегінде жаман бола қоймас дегенді үнсіз меңзеген­дей еді. Мен сезе қойдым.

Үйге кіруін кірсем де, қайта шығудың еш репетін таппадым. Опына бастағаным рас еді.  «Қап, бұл үйге бекер бас сұққан екенмін» деген ой өзегімді күйдіріп барады.

Осы кезде сау етіп, тағы бір топ адам кірді. Жапырлай қол алысып, жағалай амандасып жатыр. Бақсам, бұл келгендер әлдеқалай қызмет­керлер легі екен. Амандықтан кейін отыра бастағанымыз сол еді, Сейфіл маған күле қарап:

— Ренжімесең тысқа шыға тұрсаңшы, екінші топтың кіруін күтіп дегендей, — деп есік жақты нұсқады.

Сасып қалдым. Қатты әбіржі­генім сонша, бастық сөзін естіген бойда арты күйген күшіктей күйбектеп, есікке бет алдым. Сонша адамға жеткен орынның маған жетпегені, абажадай үйден ең болмаса, бір үзім нан ауыз тимей құр қол шыққаным мені алабөтен азапқа салғандай еді. Денем суып, бойым сәл қалтыраған күйде сыртқа шықтым да, сәл ұзаң­қырап барып, қайта айналып, осы үйге көз салдым. Сейфілге деген ыза мен реніш ішімде қазандай қайнап жатты…

Одан бері міне, аттай шауып, жиырма бес жыл  өтті. Тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық арай­лы таңы атты. Талай өзгерістер болды. Кезекті қысқартудың шоқпары тиді ме,  әлде басқадай кикілжіңге кез болды ма, кім білсін, Сейфіл баяғыда орнынан кеткен. Ол істеген мекеме жабыл­ды. Жұмыс­шылары тара­ды. Өзі әйтеуір өлместің күнін көріп, әрнені жағалап, тапқанын талшық етті.

Енді сол Сейфіл таяқ тастам жерде қатарымда тұр. Өзі сәл жүдеңкі. Кебе­же қарны солып­ты. Бір кезде тырсыл­дап, зорға сиып тұрған сырт киімдері қолпылдап бос қалыпты. Аузын бүріс­тіріп буған, іші қабысыңқы сетканы умаждап ұстаған күйі киіз үйге тағы көз тастады.

Адал еңбек кімді мұратына жеткіз­беген. Менің де өстіп, киіз үйдің алдында шәнтиіп тұрғаным сол адал еңбектің арқасы. Ең негізгісі атыңнан айналайын Тәуелсіздіктің арқасы. Өз алдыма шаруа қожалығын құр­дым. Төрт-бес жылғы тынымсыз құмырсқа тірліктің арқасында көшіміз түзеліп, тасымыз өрге домалады. Енді міне, үлкен мерекеге арнап, өз қожалығым­ның атынан киіз үй тігіп, қонақ қабылдап тұрған жәйіміз бар. Ішімнен жасаған иеме тәубе келтіріп, сыйынып та қоямын…

Мен енді бір қарағанда екеуміздің көзіміз түйсіп кетіп еді. Сейфіл ыржиып күлді, қымсынып, төмен қарағыштай берді. Мен қол бұлғап, бері кел деп, ишара жасадым.

Ол күлкісін тыймаған күйі не жүре­рін,  не жүрмесін білмеген­дей состиып аз кідірді де, артын­ша баяу басып, киіз үйге қарай аяңдады…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *