Кемелдікке жеткен әйелдер

 

Ризық беруші – Алла

 

Біз өткен жолы Зәкәрияның Мәриямның бөлмесіне кірген сайын қыста жаздық жемістер, ал жазда қыстық жемістер болатынын көріп, таңғала «О, Мәриям! Менен басқа сенің бөлмеңе жан баласы кірмейді. Мына жемістер саған қайдан келді?», – деп сұрайды. Қаршадайынан Алланы танып, жүрегі иман мен нұрға малынған Мәриям үлкен сеніммен «Олар Алладан», – деп жауап қатады.

Зәкәрия оны тірі жанға көрсетпей, жалғыз өзін биік мұнарада асырап-бағатын. Сонда Мәриямға үнемі періштелер түрлі жеміспен келетін болған. Періштелер кірген сайын Мәриям үнемі Алла Тағаланы зікір етіп отыратын. Сенімді дереккөздер Мәриямның сабырлы, зерек әрі өте мейірімді болғанын айтады. Періш­телердің Мәриямға түрлі жеміс әкелетінін естіген Зәкәрия оған қатты таңғалса, Мәриям үшін ол үйреншікті жағдай еді. Мәриям «Жемістер – Алладан. Алла қалаған адамына ризық береді» дейді. Бүгінгі күні бізде осы сенім бар ма? Біз отбасымызды қалай асыраймыз дегенге қатты алаңдаймыз. Ал Ханна Аллаға сенім білдірді. Ол күйеуі қайтыс болған соң «қызымды қалай асырап-бағам?» демеді. Ол оны Аллаға сеніп тапсырды. Сондықтан Мәриямға ризықтың өзін Алла тағала ең көркем түрде періштелер арқылы жіберіп тұрған. Зәкәрия – Алланың елшісі, пайғамбар. Ол Мәриямды асырап-бағып, қарауына алғанымен, Мәриямды тәрбиелеуші Алла Тағаланың өзі.

 

Жаңбыр кезінде дұға қабыл болады

 

Алла құлдарының бірін шынайы жақсы көрсе, ол адам қорқыныштан, түрлі кедейліктен ада болады. Алла сол адамның ризығын да өзі береді.

Зәкәрия егде тартқанша жұбайы екеуі бала сүйе алмады. Сондықтан олар Мәриямға өз балаларындай қарайтын. Зәкәрия бірде Мәриямнан Алла Тағаланың ерекше жомарт­тығын көреді. Дәл сол сәтте әлде мих­рабта ма екен ол бірден Жарату­шысына жал­барынады. Пайғамбар (с.а.с) жаңбыр жауып тұрған сәт Алланың ерекше жомарттығының көрінісі. Сол кезде Ол дұғаларға жауап береді деп түсіндіретін. Өзі болса киімін шешіп, жаңбырдың астына тұра қалатын. «Жаңбырдың тамшысы қазір ғана жаратылып, жоғарыдан бізге түсуде, бұл нағыз жомарттықтың кезі» деп түсіндіретін. Тіпті, ол жаңа піскен финикті аузына саларда да, солай айтатын. Сол кездерде Алла құл­дарының дұғасына жауап береді. Жаңа босанған жас ана баласын енді қолына алған сәтте бірден Аллаға шүкіршілік айтып, дұға тілесін. Тіпті, қонаққа бара қалсаңыз, сол шаңырақта дүниеге келген жас нәресте болса, бірден Аллаға жалбарынып, дұға-тілек тілеңіз. Оның қабыл болу ықтималдығы жоғары. Өйткені, жас нәрестенің өзі Құдайдың сыйы. Зә­кәрия сол михрабта ма, әлде Мәриям­ның жанында отырғанда ма екен, Аллаға жалбарынып, дұға тілейді.

Бала сұраған Зәкәрияның дұғасы: 

Бұл дұғаны бала сүйе алмай жүрген жас отбасылар жаттап алып, Құдайдан сұраса, тілегі қабыл болады. Зәкәрия: «О, Алла! Маған Өзіңнен ізгі ұрпақ бере гөр. Сен тілектерді қабыл алушысың ғой» деп жалбарынады. Зәкәрия неге ізгі ұрпақ сұрады? Ол қартайған шағында өзін тамақтан­дырып, бағып-күтетін бала сұраған жоқ. Ризық беруші Алла. Сондықтан ол таза, ізгі ұрпақ сұрады. Егер ұрпақ сұраған жан болса, осындай ниетпен сұрағаны абзал.

Зәкәрия Мәриямның бөлмесіне кіргенде оған ешқандай себепсіз Алла Тағаладан ризық келіп тұра­тынын көреді. Дәл сол сәт, сол орын, сол сағат Алланың мейірімі түскен Мәриямның жанында дұға-тілектің қабыл болатын есігі ашық болатын. Бұл жердегі ғажайып та сол – Алланың жомарттық танытқан сәтіне дөп түскен. Сон­дықтан Зәкәрия Аллаға жалбарынып бала сұрайды. «Мен де қартайдым, жұбайым да бала көтеруге қауқарсыз, кәрі. Бұл ақылға сыймаса да үмітімді үзбеймін. Маған таза, ізгі ұрпақ нәсіп еткейсің. Мәриямға ризық берге­ніңдей маған да бала бере көр» деп жалбарынады. Алла Зәкәрияның дұғасын қабыл алып, Яхия есімді ұл дүниеге келеді. Біз сұраға­нымыздан да қайырлысын беретін Алла ізгі ұрпақ сұраған Зәкәрияға бала беріп, оны пайғамбар әрі елші қылып жібереді.

Бәрін Естуші, Білуші, кемшілік атаулыдан пәк Алла біз бен сізге де Мәриямға нәсіп еткендей мықты иман, Зәкәрияға бергендей ізгі ұрпақ нәсіп еткей. Алла – тілектерді қабыл алушы. Келесі лекциямызда біз Мәриям туралы әңгімемізді қоры­тын­дылаймыз.

 

 (Жалғасы. Басы өткен сандарда).

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *