«КЕМЕДЕГІНІҢ ЖАНЫ БІР»

Құсман ШАЛАБАЕВ,

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, кәсіпкер-меценат:

Баршамызға белгілі, біраздан бері 155-тен астам мемлекеттің ұйқысын қашырған коронавирус деген қауіпті кесел бізге де келіп жетті. Біздің сүйікті Алматымызда да індет жұқтырғандар тіркеліп отыр. Өкінішті, әрине! Бірақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан шұғыл шаралар дер кезінде қолға алынды, соны медет тұтамыз.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та жедел түрде іс-шаралар қабылдап, қазір шаһарда карантин жарияланып, блок-бекеттер қойылды. Соның бәріне тұрғындар түсіністікпен қарап, шыдамдылық, сабыр, төзім таныта білу қажет. Біз бұл кеселді жеңіп шығамыз. Себебі, біз біргеміз!

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеуін жариялады.

«Құрметті қазақстандықтар! Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер. Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс. Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті. Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады. Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын. Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенемін. Екіншіден, мен қазірдің өзінде ұлттық бизнес өкілдерінің ел-жұртқа көрсетіп жатқан көмегі үшін ризашылығымды білдіремін. Мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкілдерінің саны көбейе түседі деген үміттемін. Компаниялар иелері өздерінің қол астында еңбек етіп жүрген жандарға қаржылай да, моральдық тұрғыдан да жәрдемдеседі деп сенемін», – деді Елбасы.

Әрине, осынау сын сағатта елдің мықты азаматтары да атқа қонып, қарапайым халықтың жанынан табылып, көмек қолдарын созуда. Қазіргі таңда ең алдымен аса мұқтаж жандарға көмек көрсетуіміз керек. Елбасының тапсырмасымен «Nur Otan» партиясының жобалары аясында 150 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалатын болады. Сондай-ақ, елдің ішіне алаң кіргізген инфекцияның таралуына жол бермеу үшін Нұрсұлтан Әбішұлының шешімімен Тұңғыш Президент Қоры есебінен тағы 200 миллион теңге бөлінді.

Бүгінгі таңда осы індетпен күн-түн демей күресіп жүрген дәрігер-мамандарға деген алғысым шексіз. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің иығына ауыр жүк түсіп, үлкен жауапкершілік артылып отыр. Осындай күшпен жұмылып отырған Қазақстан елінің аспаны ашық, халқының өмірі мамыражай болғай!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *