Кеңес АУХАДИЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері: Алматыны абаттандыруға атсалысқан жылдарды сағына еске аламын

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысы мен Алматы қаласының Құрметті азаматы Кеңес Мұстаханұлы АУХАДИЕВ туралы бір үзік сыр

Отыз жеті жасында үлкен шаһарды басқарған еді

Кейіпкеріміз  Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев  биылғы  желтоқсан айының соңында 80 жастың сеңгіріне шығады. Уақыт шіркін көзді ашып-жұмғанша  қалай зырғып өткенін аңғармай да қалыпты. Зерделі қариялық жасқа жеткеніне мың да бір шүкіршілік етіп, өткен күндерге көз жібере отырып, кезінде өмір соқпақтары мен қызмет барысында тағдыр қосқан талай қатар­ластарынан көз жазып қалғанын ойға алады. «Жалғыз ағаш орман емес», сол азаматтармен араласып-құраласып жүріп, елдің дамып-өркендеуіне хал-қадерінше еңбек еткенін көңіліне медет санайды. Бәрін жапырып істеп тастадым деуден аулақ, әйтеуір өзіне  республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың  сенім артып, жүктеген міндетін асқан жауап­кершілікпен атқаруға күш салған еді. Ол міндеттің бәрі ел мен халық үшін деген асыл парыздан туындап жататын.

Алматы — астана болып тұрған кез­де халық мол шоғырланып, көптеген әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы жүргізіліп, Іле Алатауының бауырын­дағы қала адам танымастай өзгерді. Кеңес Аухадиевтің  іскерлік қабілеті   37 жасында, Алматы қалалық атқару ко­митетінің төрағасы болып келген жыл­дары жан-жақты танылды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

1938 жылы дүниеге келген Кеңес Мұстаханұлы орта мектептен кейін Шұбар ауылшаруашылық техникумын үздік бітіріп, еңбек жолын Панфилов ауданының Ленин ұжымшарында трактор бригадасы­ның бригадирі болып бастап, осы аудан комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Содан кейін  Алматы облысының  комсомолын, республика комсомолының  идеологиясын он жылдай басқарды. Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымдық қызмет жолдарынан өтті. Жауапты партия және кеңес қызметтерінде Д.Қонаев, А.Асқаров, Б.Әшімов, Ө.Жәнібековтердің өнегесін көрген Кеңес Мұстаханұлы туған халқы­ның құрметіне бөленген азаматқа айналды. «Октябрь революциясы», үш мәрте «Құрмет белгісі» және «Парасат» орденімен мара­патталған қайраткер тұлға жасының ұлғай­ғанына қарамастан қоғамдық жұмыстан да қол үзбеді.

Соғыс салған жарадан жүрегім әлі күнге дейін сыздайды

– Мен өзі  соғыстың қарсаңында дүниеге келген екенмін. Атадан да, анадан да жалғызбын. Әйтеуір ата-баба ұрпағын жалғастырып қалғаныма тәуба етемін. Әкенің аялы алақанын сезіп, соңынан кекілім желпілдеп жүгіре алмағаныма өкінемін. Егер әкемнің көз алдында өссем, бұдан да бақытты болар ма едім деп әлі күнге өкінемін. Әкем Мұстахан Балқаш ауданындағы Желтораңғы ауылында 1912 жылы туыпты. Кеңес өкіметі кезінде әкесі Аухади әжептеуір қызмет атқарған екен. Алайда, әйелі Маржан байдың қызы бол­ғандықтан, отызыншы жылдары қамауға алынып, Алматыға айдалып кеткеннен қайтып оралмайды. Маржан әжеміз менің әкем Мұстахан мен Айтжан атты екі ұлымен жесір қалады. Жасы он сегізге іліккен Мұстахан Алматыға жол тартады. Сол ашаршылық жылдары Алматыға жете алмай, аштан қырылған жандардың өлігі жол бойында жатқан көрінеді. Қалаға аман-есен жеткен әкем жан бағудың қамы­мен әр түрлі қара жұмыс істеп жүреді. 1935 жылдың қысында қаладағы биоком­бинатта жұмыс істеп жүріп, жаз шыға шешесі мен бауырын алып, Шелек ауданы­ның «Қызыл жұлдыз» колхозына көшіп келеді. Қазіргі Малыбай ауылында шешем Зинатайды жолықтырып, екеуі отау құрады. 1939 жылы әскери міндетін атқа­руға шақырылып, Свердлов қаласына жібе­ріледі. Мен ол кезде алты айлық бала екенмін. Әкем тұңғыш перзентінің апыл-тапыл қадам басқанын да көре алмай, сол кеткеннен фин соғысына аттанып, одан аман қалады. 1940 жылы «Мәскеудің түбін­де жүрміз. Алла жазса, күзде елге барып қалармыз» деген хаты келген. Әскери міндетін Беларусь  жерінде жалғастырады. Әкемнің беларусь тіліндегі мектеп оқушысы күнделігінің парағына жазылған соңғы екі хатын әлі күнге сақтап келемін. Оның алғашқысы 1941 жылы 14 маусымда жазылған: «Амандық сәлем Мұстаханнан. Өте аяулы жаннан артық көруші, атыңнан айналайын, алтыным Айтжанға және жаным Кеңеске. Қалай, дені-қарындарың сау, күліп-ойнап жүрсіңдер ме? Кеңесжан­ның дені-қарны сау, ойнап жүр ме? Жеңе­шемнің халі жақсы ма? Ал маған келетін болсақ, аман-есен, денсаулықтың арқа­сында тіршілік етіп жүрмін, халім жаман емес, жақсы. Әйтеуір, ден сау болып, аман болсақ, көрісіп қалармыз деген үміт зор» деген. Ал соңғы хаты 1941 жылы 19 мау­сымда, соғыстың басталуына үш күн қал­ғанда жазылған екен. «Айтжан әке, бізді бір жаққа әкеткелі жатыр. Қайда екенін коман­диріміз де білмейді. Жоғары полкті басқарған командирлер білмесе, біздің қасымызда жүрген командирлер біз қан­дай болсақ, олар да сондай, бізге ұқсас. Айтарым осы, аман болсақ, көрісіп қалар­мыз деген үмітім зор. Қайыр қош болып тұрыңдар, амандықтарыңа мен тілектес. Барған жерде және хат жазармын саған».

Сол кездегі басшылық жаудың пиғы­лын алдын-ала сезіп, оларды еліміздің шек­арасына жақын маңға алып кетсе керек. Содан әкемнің хат жазбағанына қара­ғанда, соғыстың алғашқы күндерінде-ақ опат болса керек. Осылайша әкеміз 29 жасында өмірден өтіп кетті. Сол сұм соғыс болмаса, әкем өлмесе, әкемнің мейірім-шапағатын көріп, еркелеткенін сезіп, қам­қорлығына бөленіп өспес пе едім. Соның бәрінен мені қаққан, құр қалдырған — атың өшкір соғыс емес пе? Жасым ұлғайса да, соғыс салған жарадан жүрегім әлі күнге сыздайды. 18-19 жасында май­данға кетіп, ажал оғын құшқан қыршын жастармен салыстырғанда соңына ұрпақ қалдырып кеткенін көңілге медет еткеннен басқа шара қайсы?

Анам тартқан соғыс зардабын мен де, анамның өзі де, ешкім де айтып жеткізе алмайды. Анам Зинатай 1909 жылы туған, Жалайыр ішіндегі Бәйтеш деген кісінің қызы екен. Әкемнің інісі Айтжан, әжем Маржан және шешем Зинатай әкем әскерге кеткен соң Малыбай ауылында тіршілік етеді. Жақсы-жаманды көріп, ерте есейген анам өзінің ісіне өте жауапкершілікпен қарайтын ширақ, пысық, еңбекқор жан екен. Шелек өңірінде темекі өсіру ертеден қалыптасқан. Сол кәсіппен айналысып жүріп, звено бастығы, одан кейін қой фер­масын, соңынан сиыр фермасын басқарды. Жесір әйел, жетім баланың өмірі қым-қуыт мәселеге толы. Ол мәселе қызметте де, ағайын-туыс арасында да туындай береді. Темекі өсіріп көрмеген адам оның маша­қатын  көзге елестете алмайды. Оның үстіне соғыс жағдайындағы елдің тұрмысын қазіргі кезбен салыстыруға келмейді. Адам баласының шаршау тұрмақ, ауруға да қақысы жоқтай қиын кезең еді. Сондай ауыр бейнет көріп жүрген жандар, шы­нында да,  ауырмайтын. Адам іштей өзін-өзі қайрағанда бойына ерекше қуат бері­летін болар. 1951 жылдан 1960 жылға дейін Түрксіб бойындағы Майтөбе стансасында темір жол жұмысшысы, бақылаушысы  болып істеді. Ол жұмысты жергілікті халық «Ботабай» дейтін. Онысы «Путевой обходчик», «путевойдың» қазақшаланған түрі. Ол кезде темір жол бойындағылардың жағдайы тәуір болғаны белгілі, – деп еске алады қиындықпен өткен балалық шағын Кеңес Мұстаханұлы.

Қала құрылысына Димекең ерекше кӨңіл бӨлді

Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеген жылдары республика басшысы Дінмұхамед Қонаев шақырып, Алматының сейсмикалық жағдайына қарамастан 25 қабат биік үйді тұнғыш рет тұрғызу қажет екенін ақыл­дасқан еді. «Қазақстан» қонақүйінің мәсе­лесі осылай көтерілді. Сол арада ескі «Есік» қонақ үйі орнына жаңа үлгідегі автоматты телефон стансасын (АТС) салу жайы да сөз болды. Үш күннен кейін «Қазақстан» қонақүйіне лайықты орын табу мәселе­сімен А.Асқаровтың кабинетіне жиналып, Абай даңғылының бас жағындағы ашық орын дұрыс деген қорытындыға келеді. Бұл ұсынысты Димекең де қолдады. Қала көркіне айрықша сән берген  «Қазақстан» қонақүйі мен АТС үйі мейлінше қысқа мерзім ішінде салынды. Сапасы да ойдағы­дай болып шықты. Қалалық атқару коми­тетінің төрағасы ретінде Кеңес Мұстахан­ұлынан  қаланың  сыртқы келбетін де, ішкі ыңғайлылығын да қатаң бақылау талап етілді. Алматы қаласының бас жоспары 1976 жылдың қазан айында бекіді. Ол кезде «Тастақ» базарынан ары қарай үлкен, көрнекті құрылыс жүргізілмеген болатын, тек тұрғын үйлер ғана салынды. Қала шеті суармалы жер, жүгері егілетін. Бас жоспар бойынша қаланың оңтүстік-батыс, батыс жағына «Қазақфильм», «Орбита» ықшам­ау­дандары салынып жатқан кез еді. Ал «Ақсай» ықшамауданын болашақта салу көзделді. Өйткені, бұл батыс жақта жер қыртысы орнықты, мықты болып келетін.

Жетпісінші жылдары Орталық Коми­теттің үйін салу қолға алынды. Бұрынғы Үкімет үйінде  Министрлер кеңесі мен Жоғарғы Кеңес үшеуінің қатар орналасуы  тарлық ете бастады. Алдымен ол үйді қайда, қай араға саламыз деген мәселе көтерілді. Қалада ыңғайлы жерді табуға болатын еді. Оның бәрін Димекең ойластырып қойған екен. Қазіргі Сәтбаев —  Фурманов — Жел­тоқсан көшелерінің қиылысқан тұсындағы жапырлай салынған үйлерді ел «Шанхай» деп атайтын. Орталық Комитеттің жаңа үйі сол «Шанхайдан» салынатын болды. Ол арада көбінесе зейнеткерлер мен жұмыс­шылар  тұратын. Олар сәулетті жаңа үйлер­мен қамтамасыз етілді.  Жаңа жай салатын орынды тазарту үшін 1400 отбасы жаңа үйлерге көшірілді. Орталық партия коми­теті үйінің айналасын да соған сай жасау керектігі сөз болып, «Самал» ықшамау­данын салу жоспарланды. Алаңды жасау, алаңның шетіндегі Министрліктер үйін салу белгіленді. «Мұхит» дүкені, телеорта­лық бұрыннан салынып қойған болатын, Фурманов көшесі жағынан Мемлекеттік мұражай салынып жатқан-ды. Оның қарсы бетіне Фурманов көшесі жағына Ленин музейі салынатын болды.  «Самал» шағын­ауданын салу үшін, ондағы Антенна алаңы Есентай өзенінің батыс жақ шетін­дегі төбе­ге көшірілді. Республика алаңы мен Орта­лық партия комитетінің орнындағы ескі үйлер көшірілген соң құрылыс жұмыс­тары қолға алынды. Алаңның төменгі жағынан екі биік тұрғын үй, одан екі жаққа қанат болып шығып тұрған Ми­нистр­лік үйінің жобасы жасалып, іргетасы қазыла бастады. Республика алаңының құрылысына кіріс­кен кезде біреулер Мәскеуге «домалақ арыз» жазып жіберді. «Алматыда салынып жатқан алаң Қызыл алаңның көлемінен артып кеткенін» жазған «домалақ арызды» Димекең көрсетіп: «Енді мынаны қайте­міз?», — деді. Қаланың бас сәулетшісі А.Қа­панов қасына екі-үш адам ертіп барып, Кремльдің Қызыл алаңын өлшегенде біздің Республика алаңының ені 12  метрге артып кеткені белгілі болды. Димекеңмен ақылда­сып, басы артық 12 метр  алаңды тарылту үшін биік ағаш отыр­ғызуға болмайтын­дық­тан, қарағаш отыр­ғы­затын болып келісілді. Қарағаштың қаншалықты пайдалы екенін жақсы білгені сол кезде еді. Қырғызстан­дағы  қарағаш өсіретін питомниктен ағаш алдырылды. Кейіннен өзімізде де қарағаш өсірілетін болып, Республика алаңынан бөлек, Абай даңғылының, басқа да көшелердің бойына отырғыза бастады. Бойы аласа, шеңбер­леніп өсетін қарағаш қалаға көрік беріп тұрды.

Құрылыс жұмыстарының орнын таза­лап, енді кірісер алдында Мәскеуден Бас хатшы Л.И.Брежневтің өзі келіп, алаңның төменгі жағындағы он алты қабатты тұрғын үйдің ортаңғы бөлігіне дейін көтерілген темір қаңқасына ұзақ қарап тұрып: «Ох, Димаш, куда ты железо гоняешь?», — деді әзілдеп. Ол кезде биік құрылыстардың қаңқасын темірден тұрғызуға болмайтын, ондай құрылысқа тек Мәскеу рұқсат беретін. «Орталық партия комитетінің ғимараты мен Республика алаңын жақсы жерге орналастырған екенсіңдер. Ана биік таудың көрініп тұрғаны қандай жақсы», — деп Леонид Ильич жақсы баға беріп, қуан­тып кетті. Республика алаңы — Алматы қаласының көпшілік, салтанатты және әскери шерулер, спорт мерекелері, өзге де көпшілік шаралар өткізетін тұрақты басты алаңы болды. Оңтүстік жағы ансамбльдің басты бөлігі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғимаратымен (кейін Президент сарайы, қазіргі кезде қала әкім­шілігінің ғимараты – автор) жалғасты. Бұл ғимарат тұғыры негізгі алаң мен мінберден біршама әрірек салынып, тау көрінісімен астасып, жарастық тапты. Алаң солтүстік жағынан екі бірдей әкімшілік-қызмет ғимараты және он алты қабат екі тұрғын үймен жалғасты.

Алматы қаласы орталығының  өзегі болып табылатын Республика алаңы құры­лыс кешенінің ансамбліне кіріп, осы алаң­ның оңтүстік-шығыс бөлігінде 1977 жылы В.И.Ленин музейі ғимаратының құрылысы басталған еді. Кейіннен ол Президент резиденциясы болды. Республика алаңын­дағы құрылыстар көгалға бай, ашық алаң­да, Алатаудың қарлы шыңдарының аясын­да орналасқан. Фурманов көшесінің Абай даңғылымен түйіскен маңынан бес қабатты үйлер, «Мұхит» балық өнімдерінің сауда дүкені ашылды. Осы құрылыс жайларының барлығы бір-бірімен сәйкестендірілген тұтас ансамбль болып шықты.

Кеңес Аухадиев Алматы қаласын бас­қару кезінде Димекеңмен жақын араласа бастады. Үлкен адамның қасында жүрді. Жақсының шапағаты деп ел соны айтқан. Алматы бір күнде орнай қалған жоқ. Егер ыждағатты адам табылып, әрбір ірі құры­лыстың салыну тарихын зерттесе, талай адамның тамаша істері елге аян болар еді, амал не?! Алматының әдемілігін арттырып тұрған небір әдемі субұрқақтар Есен Дүй­сеновтің басшылығы тұсында салынған.

Алматының сол кездегі тұрғындары қаланың орталық бөлігіне шоғырланып қалған еді.  Ол кезде шаһарда  үй құрылы­сы да қарқынды дамыды. Алматы үй-құрылысы комбинатының  қуаты жарты миллион шаршы метрге дейін үй құрылы­сын салуға жетті. Тығыз қоныстанған  ел қалаға сыймай, Кеңкең  қаланың көлемін Саин көшесінен ары қарай ұлғайту туралы бастама көтерді.

 

Ірі мәдениет ошақтары кӨптеп салынды

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдар­ының ортасында ел игілігіне берілетін күрделі құрылыстар Алматыда көптеп жүргізілді. Бұрын қалада опера және балет театры болса, М.Лермонтов атындағы орыс драма театры, М.Әуезов атындағы қазақ драма театры, Оқушылар сарайы салынды. Ұйғыр театры күрделі жөндеуден өтті. Алма­ты мақта-мата комбинатының Мәде­ниет сарайы пайдалануға берілді. Елі­міз­дің астанасы болған соң осы құрылыс­тардың барлығына Дінмұхамед Қонаев тікелей араласып, басшылық жасап отырды.

Мемлекеттік мұражай бұрын 28 панфи­ловшылар паркінің ішіндегі шіркеуде болатын. Бір күні сол мұражай директоры Райхан Ескендірқызы Қосмамбетова Кеңес Аухадиевтің қабылдауында болып, халқымыз¬дың тарихына қатысты көне жәдігерлердің құрып кетудің алдында тұрғанын айтты. Сондықтан мемлекеттік жаңа мұражай салу жөнінде жоспар белгіленіп, көп кешікпей оның да құрылы­сы басталды. Алматының өзіне тән бір белгісіне айналған Көк базарды жаңаша салу да қолға алынды. Базардың айналасын қоршап тұратын «Әсем» тұрмыстық қызмет көрсету үйі де қоса салынды. Екеуі де қалаға лайық орынды иеленді. Көк базар­дың айналасы  адам сүйсіне қарайтын көркем үйлермен көмкерілді. Жібек жолы көшесі  ежелгі  сауда жолын еске түсіретін­дей орынға айналды. Алматыдағы әдемі, қасиетті қара шаңырақтың бірі — Акаде­мия үйі. Кезінде сол ғимарат толық салын­бай қалған екен, соны аяқтап шығуға басшылық жасауына тура келді. Абай мен Ленин даңғылдарының қиылысына Саяси ағарту үйін салу үшін сол арадағы политех­никалық институттың әскери кафедрасы орналасқан ескі үйді бұзу қажет болды. Сапа дегеннің қандай болатынын сонда көрді. Құрылысшылар әлгі ескі үйді бұза алмады. Ежелден қолданып келе жатқан ескі үйлерді бұзу әдісі нәтиже бермеді. Сонан соң түн ішінде қопарып қана бұзды. Шіркін, жер сілкінісі жиі болатын Алма­тының үйлері сондай сапада салынса ғой! Қазақ халқының мыңдаған зиялыларын қанаттандырған, еліміздің мақтанышына айналған Қазақ мемлекеттік университе­тіне арнайы қалашық бөлу де абыройлы іс болды. Құрылыс жұмысы ұзаққа созылып кеткенімен, принциптік жағынан өте дұрыс шешілді. Өйткені, оны салатын жер экологиялық жағынан таза, жан-жағы кең, ашық, жастардың жүріп-тұруына, дема­луына, спортпен айналысуына өте қолай­лы. Университеттің құрылысы жақсы жүрді. Оған университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков те көп еңбек сіңірді.

Пионерлер сарайының орнын белгіле­генде оны сол кездегі Ленин даңғылының (қазіргі Достық) жоғарғы жағынан, Респуб­лика сарайы мен «Қазақстан» қонақүйін «Арман» кинотеатрымен жалғастырып, одан кейін тұрғызылатын Алматы облыстық Саяси-ағарту үйін қосқанда тұтас құрылыс ансамблі ретінде тұрғызу дұрыс деп шешілді. Бұл ұсынысты Димаш Ахметұлы да қолдады. Пионерлер сарайының ішінде үлкен театрға ұқсас 800 орынға лайық­талған көрермен залы, қысқы бау, салтанат залы, әр қабатында үйірмелерге арналған бөлмелер, спорт залы болды. Пионерлер сарайының ғимараты  тұтас темір-бетоннан тұрғызылды. Әрлеу ісіне Маңғыстау ұлутасы, Қаратаудың мәрмәрі, Қордайдың граниті, ақ бор, кейбір бөлмелердің сыртқы жабындысына ерекше қабыршықты плита қолданылды. Пионерлер сарайы 2900 орынға лайықталды. Ғимараттың архитек­тура­лық-композициялық шешімі өзіндік ерекшелігімен көз тартты. Пионерлер сарайы пайдалануға берілгенде  салтанатты жиынды ашып, жүргізу Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ­стан Компартиясы Орталық Коми­те­тінің бюро мүшесі ретінде Кеңес Мұстаханұлына жүктелді.

Алматыдағы қазақ драма театрының жаңа ғимаратын салу мәселесі 1973  жылы көтерілген болатын. Әжептеуір басталған құры­лыс жұмысына қаржы жетпей, сол кездегі Кеңес Одағының құрылыс жоспа­рына енбегендіктен тоқтап  қалған еді. Уақыт өтіп жатты. Кеңкеңнің  Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшы­лығына келгеніне  үш-төрт ай болып қалғанда оның бөлмесінде  Әзірбайжан Мәмбетов бастаған бір топ атақты әртістер осы мәселе бойынша бас қосты. Димаш Ахмет­ұлының  да бұл құрылыс туралы  хабары бар болатын. Кейіннен Димекеңнің: «сол драма театры құрылысын қайта жалғастыруды бастай бергенің жөн», — деген сөзінен кейін құрылыс қайта жан­данды.

Сондай-ақ, Алматы мақта-мата комби­наты Мәдениет сарайының құрылысы қаланың оңтүстік-батысынан орын алып, ыңғайлы жерге салынды. Еліміз  астанасы­ның шеткері ауданында 250 мың тұрғын қоныстанғандықтан, осындай Мәде¬ниет сарайы қажет болды. Бас-аяғы 43 айда салы­нып біткен Алматы мақта-мата ком­бинатының Мәдениет сарайы қаланың қарқынды дамып келе жатқан ауданының жаңа мәдениет ошағына айналды.

1976 жылы КСРО Су шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік жоспарлау коми­тетімен келісе отырып, Үлкен Алматы каналының құрылысын жүргізуді мақұл­дап, оның бірінші кезектегі техникалық-экономикалық негіздерін бекітті. 1981 жыл­дың көктемінде қолға алынған канал құры­­лысы республикалық дәрежедегі екпінді құрылыс деп жарияланды. Канал шын мәнінде халықтық құрылыс болды. Канал Алматының да келбетін өзгертті. Қала­дан өткен каналдың бойы суға шомы­латын, жүзетін, су жағасында демалатын орынға айналды. Үлкен Алматы каналына Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың аты берілуі де халықтың көңілінен шықты.

Адалдықтың ақ шыңы

Рафаэль НИЯЗБЕК

Күн қанатын қаққанда, Ай қанатын,

Туған елдің орманы жайқалатын.

Арлы ананың ақ сүтін адал емген

Адалдықтың шыңына айналатын.

Дауылын да қарсы алып, бұршағын да,

Нағыз ерлер туатын құм-шағылда.

Құлагердің сен едің бір құлыны,

Уақыттың жетілген құрсағында.

Тұрғанда есіп алдыңнан көктем-арай,

Құсың неге ұшпасын көкке қарай.

Бақыт келіп басыңа қонды ақыры,

Әрі-бері тұсыңнан өткен талай.

Бақыт қуған төсінде құба белдің,

Арманы асқақ қашанда тұлғалы ердің.

Шағаладай шарқ ұрып сен іздедің,

Жоғалғанда шындығы туған елдің.

Көзі жетіп тұрса да озбасыңа,

Мәскеу кімнің қалмаған көз жасына.

Қонаевты сатпадың, сатылмадың,

Қатер төніп тұрса да өз басыңа.

Нұрлы аспанды қара бұлт торлағанда,

Арын кімдер сатпады сорлағанда.

Сатылмаудың өзі, аға, көзсіз ерлік –

Қылышынан қан тамған сол заманда.

Тұтқа болып дарбаза, қақпасына,

Қазақ қанша бақ боп қонған

жат басына.

Қонаевты сатқандар ертең бірақ,

Туған елін, кім кепіл, сатпасына.

Димаш елдің ары еді…

Арды сатып,

Кеткен жоқ па көп дүмді жан сыздатып.

Сатқындықты қай жұрт та мұрат көрген

Жер бетінен жоғалған қарғыс атып.

Тамырында барыстың қаны ойнаған,

Азаматсың сен бірақ арды ойлаған.

Димаш – ғалам болса егер,

Тереңіне

Тұнық ойлы сардарсың сан бойлаған.

Бір өзіңді найзағай-жасын көріп,

Дүр дүние тұрғанда қасын керіп,

Ұлы ағаның ұмытпай аруағын

Әр жыл сайын келесің асын беріп.

Шырақ жағып басына мұнараның,

Тәңіріден адалдық сұрағаның.

Сен болмасаң, жан аға, жүзге толған

Тойы өте ме дүркіреп ұлы ағаның.

Жүріп жатқан мезгілде тақ таласы,

Бізге неге күлмесін жат баласы.

Ақындардың аламан айтысы өтіп,

Тіршіліктің айтылған ақ-қарасы.

Қарау күштер топ жарып киліккенде,

Шындық жеңбей тұра ма сүйікті елде.

Қонаевтың рухы асып тұрды айтыста,

Биіктен де,

Биден де,

Биліктен де.

Ата жұрттың боздатқан боз даласын,

Біреулердің қайтесің көз қарасын.

Димаш рухын ту етіп тік көтерген

Қай басшы да білетін өз бағасын.

Сана қуып жетілген жас шағында,

Биікке өрлеп шығатын қас-қағымда.

Адалдықтың ақ шыңы сенсің, аға,

Будақ-будақ бұлт көшкен аспанында.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *