Көз көрген Қытай

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Бір белдеу, бір жол – бірегей жоба

 

2012 жылдың қыркүйек айында Аста­наға ресми сапармен келген Қытай Төр­ағасы Си Цзиньпин Назарбаев Универси­тетінде дәріс оқып, «Бір белдеу, бір жол» жобасын құру идеясын ұсынған еді. Ол жобаны саясат, сауда, көлік, қаржы және адам өлшемдері негізінде дамытуды қолға алу керектігін айтты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұл идеяға бірден қолдау көрсетіп, жоба аясында еліміз әлем­нің барлық елімен экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, адамзат өркениетінің жедел түрде кеңи түсетінін білдірді.

Кейін ҚХР Төрағасы Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне де жасаған іссапарында өзара бірігіп, Жібек жолының экономикалық белдеуі мен Жібек жолының ХХІ ғасырдағы теңіз жолын жасау жөнін­дегі нақты ұсынысын жариялады. Содан бері «Бір белдеу, бір жол» идеясы кең етек алып, оны жүзден аса ел қуаттап, оның жартысы Қытаймен ынтымақтастыққа қол қойып үлгерді.

Қазіргі уақытта «Бір белдеу, бір жол» XXІ ғасырдағы ең ірі жобалардың біріне айналған. Жоба әлем халқының жартысы­нан көбін өзара байланыстырып, әр түрлі сала бойынша біріктіріп отыр.

Өткен жылы Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев:

– Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары мил­лион­даған адамдардың экономикалық белсенділігін төмендетіп,  өмір сүру дең­гейіне әсер етті. Соның нәтижесінде соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады. Осындай жағдайда халықаралық коопера­цияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезіну­де… «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартым­ды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді, – деді.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қыз­мет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажеттігін айтқан еді. Қазіргі таңда Қазақстан осы мәселе бойынша нақты шаралар қабыл­дауда. Ал ол өз кезегінде сараптама мен қаржыландыруды талап ететіні анық. Елбасының пікірінше, Азия инфрақұ­ры­лымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржы­ландырып отыру қажет.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Еура­зияда ежелгі Жібек жолын жаңа форматта қайта жаңғырту идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға дер кезінде берілген жауап екенін жеткізген Қазақстан Президенті «Бір белдеу, бір жол» идеясын ойдағыдай жүзеге асыру үшін мүдделі мемлекеттер арасында өзара сенім орнап, олардың тең құқықты және кез-келген ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды екенін де айтып келеді.

 

Қазақ-қытай қатынасы

 

Қытайда «Екі ел қатынасы – халық достығына, ал халық достығы – жүрек жақындығына» деген сөз бар екенін білдік. Ал қазақ ұлты қадым заманнан көршімен де, қоңсымен де емен-жарқын араласып, арада арба да, дорба да жүргізгенін тамырлы тарихтан білеміз. Қазіргі уақытта қос ел өзара саяси, экономикалық, әлеу­меттік, қауіпсіздік және рухани байланыс орнатып, екіжақты ынтымақтастықта өмір кешуде.

Бүгінге дейін ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен 14 рет кездесіп, екі ел арасындағы алыс-берісті талқылаған екен. Ал Қазақстан Президенті күншығыстағы көршімізге іссапармен 23 мәрте барыпты. Ел тәуелсіздігін алып, алғашқы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезеңмен салыстырғанда қазіргі уақытта қазақ-қытай арасындағы сауда көлемі 40 есеге артқанын сарапшылар айтып жүр.

2010 жылы Қытай елі 41 ЭКСПО көрмесін өткізіп, оған тұңғыш рет қатыс­қан Қазақстан жеке павильонын салды. Ал былтыр Астанада өткен ЭКСПО көрме­сінде Қытай павильонының жалпы көлемі 1000 шаршы метрді құрап, көрме алаңын­дағы ең үлкен аумаққа ие болды.

Сондай-ақ, 2017 жыл Қытайдың Қазақ­стандағы туризм жылы атанып, елімізге 1 мил­лионнан астам қытайлық турист саяхаттап келген. Бұл екі елдің мәдени, экономикалық қатынасын одан әрі тереңдете түсуге сеп болды.

2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиада ойындарының алауын алғаш болып Алматы қаласы қабылдағанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл Қытай елінің көрші елге деген сенімі мен достық ықыласынан туған қадам еді. Бұдан бөлек, жарты әлемнің таңдайын қақтырған әншіміз Димаш Құдайберген Қытайда ұйымдастырылған «І am sіnger» байқауына қатысып, қазақтың да көмейіне бұлбұл ұялайтынын дәлелдеп берді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы дос­тық байланыстан туған осындай шара­ларды тізе берсек, бір емес, бірнеше кітап жазуға болады. Осының барлығы екі елдің ежелден келе жатқан тарихи сабақтас­тығының арқасында орнаған әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланысы­ның бүгінгі таңда бірнеше есеге артқанына айғақ бола алады.

 

Жібек жолы: кеше-бүгін

 

2014 жылдың 22 маусымында ЮНЕС­КО-ның кезекті 38 сессиясында әлемдік мұралар кеңесінің төрағасы  Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның «Жібек жолы: Чанъань – Тянь-Шань дәлізі жол желісі» бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіргенін жариялады. Оның ішінде үш елдің 33 жәдігері, яғни 25 археоло­гиялық мұрасы, 3 көне тарихи құрылыс ныса­ны, 1 көне мола және 4 храм ескерт­кіші бар.

Мұралар тізімінде қазақ жерінен (VІІІ—XІV ғ.) ғасырларда салынған Ақыртас кешені, Өрнек (VІІІ—XІІ ғ.), Қарамерген (ІX— XІІ ғ.), Құлан (VІ—XІІІ ғ.), Қостөбе (VІ —XІІ ғ.), Талғар (VІІІ—XІІІ ғ.), Ақтөбе (VІІ—XІІІ ғ.) және Қойлық (VІІІ—XІІІ ғ.) секілді көне қалалар бар. Олардың бәрі өз дәуірінде Жібек жолы бойындағы ірі сауда орындары болып, Шығыс пен Батыстың арасын байланыстырып отырған.

2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин «Нұрлы Жол» Жаңа эконо­микалық саясаты мен «Жібек жолы эконо­микалық белдеуі» бағдарламасын үйлестіру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Жібек жолы бойында орналасқан елдердің экономика, жүк тасымалы, өнеркәсіп, энергетика және байланыс саласындағы ынтымақтастығын арттыруды көздейтін қытайлық бастама мен «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатының ұштасуы қос мемлекет арасындағы көпсалалы экономи­ка­ның ілгерілеуіне әкеледі.

Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақ­станның өндіріс саласындағы ынтымақтас­тығы жоғары деңгейге жетіп, құны 26,8 млрд. доллар болатын 51 жобаға қол қойыл­ған. Сондай-ақ, еліміз арқылы Қы­тайдың 13 қаласынан Еуропа бағытына көптеген жүк пойыздары өтеді. Бұдан бөлек, Қазақстанда 5 Конфуций инсти­туты ашылса, көрші елде 3 Қазақстан орталығы жұмыс істейді.

Жібек жолы энергетикасында да бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. 2006 жылдың 25 мамыр күні тұңғыш рет шет ел­ден Қытайға құрлық арқылы келетін мұнай құбыры іске қосылды. Ал бұл – Қазақ­станның үшінші ел шекарасы арқылы экспортталмайтын алғашқы мұнай құбы­ры. Жалпы, ұзындығы 2800 шақырым­ды құрайтын желі Атырау–Кеңқияқ–Көм­кер–Атасу жолы арқылы Алашанькоу беке­тінен өтіп, Қытайдағы соңғы бекет – Душаньцзыға (Майтау) жетеді.

Сонымен қатар, 2014 жылы Қытайдың ұсақ тұрмыстық бұйымдар шығаратын көптеген өндіріс ошақтары шоғырланған Иу қаласынан Еуропаға дейін теміржол арқылы жүк тасымалдау желісі іске қосылды. Тауар арнайы жүк пойызына тиеліп, Шыңжаңдағы Алашанькоу шекара өткелінен Алматыға, одан әрі Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты елдерге жетеді.

Қытайлық өнімнің қазіргі бағыты ежелгі Жібек жолының көшірмесі іспетті. Тек сол дәуірдегі түйе керуендерін ғасырлардан кейін тас, темір, әуе жолдары алмастыра білді. Бұл олар үшін теңіз жолы арқылы тасымалдаудан әлдеқайда тиімді болып отыр. Яғни уақыт пен қаржылық шығынды бірнеше есе үнемдеуге жол ашылған.

Қытаймен теміржол байланысы Қазақ­стан үшін де ыңғайлы болмақ. Былтыр 720 тонна бидай тиеген жүк пойызы шығыс­тағы шекарадан өтіп, Ляньюньган порты арқылы Вьетнамға жөнелтілді. Бұл – қазақстандық астықтың Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тұңғыш экспортталуы. Екі елдің стратегиялық қарым-қатынасының күн санап артуына байланысты Қазақ­станның Оңтүстік Корея, Жапония және тағы да басқа Оңтүстік-Шығыс Азия мемле­кеттеріне экспорттаған тауар көлемі 4,5 млн. тоннаға жетіп, импорт көлемі 2 млн. тонна болған. Осының бәрін екі ел арасындағы достық қатынастың шынайы белгісі деп білуіміз керек.

Ал мен көрші ел туралы не білдім? Ол туралы «Алматы ақшамының» келесі нөмірінен оқи аласыздар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *