КҮРЕКТЕР

1Біздің елде жұмыссыздық деген пәлекеттің пәлегі жайы­лып кеткен деп кім айта алады? Біздің елде жұмыссыздық атымен жоқ, халық шіркін тоқ, балалары­ның арты боқ…

Біздің қазақ жұмыс та­былмай бара жатса да: «Екі қолға бір күрек!» деп көңілі жайланып жүре береді. Содан болар, Қазақстан көшелерінде екі қолдарына бір-бір күректен, керек десеңіз, екі қолдарына екі күректен ұстап жүргендер көп. Автобус аялдамаларында да, қоғамдық орындарда да қол­дарына күрек  ұстаған халық… Тіпті олар театрға барса да қолдарынан күрек­терін тастамайтын болып алды. Күрек­терімен құшақтасып жататындар да бар…

Бір күні бастығым шақырып алды, әуелі «нашар мамансың!» деп ақырып алды. Содан дағдарыстан даусының өзгеріп кеткеніне кешірім сұрап, жұмыстан қыс­қаратынымды мәлімдеді. Қуанып кеттім! Несі бар, екі қолға бір күрек табылады! Аштан өлмеспін! Айтпақшы, бастығым қолыма күрек ұстатып жіберді. Жаны ашығаны ғой! Халықтың жоқтау­шысы өзі… Үйге келсем, әйелімнің қолында да күрек.

– Күрегің құтты болсын! Жұ­мыс­тан шығарып жіберді ме?– деп сұрадым мен.

– Жұмысқа қабылдағаны үшін «шляпа» беруім керек екен, менен қайыр болмаған соң, қолыма күрек ұстата салды… – деген әйелім жылап қалды, – отағасы-ау, енді қалай күн көреміз?

– Қорықпа, екі қолға бір күрек бар емес пе?

Көзіме жас толып, күрегіммен көшеге атып шықтым. Қарасам, көршілерім де күректерін иықтарына қойып, «Күректер елі жасасын!» деп әндетіп барады екен. Күреп ақша табатындай соңдарынан тұра жүгір­дім! Әне, біз аштан өлмейміз, өйткені, екі қолымызда бір-бірден күрек!

Мен ҒОЙ.

 

 

АЛҒА, ҚАЗАҚ БАЙЛАРЫ!

 

Біз бай елміз. Ой, кешіріңіздер, ат төбеліндей ғана бай адамдармыз… Байлар Каспий теңізі маңынан  яхталар сатып алып, бір-бірімен жарысып жатыр!

Мен де сегіз қабат үйімді балабақша етуге бел байлап отыр едім, ол ойымнан айнып қалдым. Балалар сегізінші қабаттан құлап кетіп жүрсе… Қой, одан да яхта сатып алайын. Ресейден керемет яхта сатып алдым-ау, оны Шымкентіме жеткіздім-ау, масқара-а-а, қала маңында теңіз жоқ екен ғой! Шардара теңізіне апарып қояйын десем, ол жақ алыстау…   Енді қайттім? Де­реу есімді жиып, Арыс өзеніне ағысқа қарсы тігінен қойғыздым. Сыймаған соң, жұмысшылар жалдап, жан-жағын экс­коватормен қаздырдым. Су бөгеліп, арнасынан асып, айналасындағы ауыл­дарды басып қалды. Жұрт жағамды жеті рет жыртты. Жеті көйлек ауыстырдым. «Сендердің қамдарың ғой! – деймін мен – үйлерің су астында қалса, үкімет жаңа үйге көшіреді! Өзге жұрт үйлерін су астында қалдыра алмай жүрсе…». Содан бала-шағамызбен, достарымыз, туысқандары­мызбен яхтада думан құрып, ой бір рахатқа баттық!  «Қайда жүзіп барамыз?» деп сұрайды кенже балам. «Астанаға!» – деймін мен. «Мына Арыс өзені Астанаға бара ма?». «Жер үстімен жүзіп барамыз, балам!»  Содан бір дуакеш пе, сиқырлы әлем елінен бе, бір алба-жұлба киінген қарияны тамаққа тойғызып, су жаңа мәсі сатып әперіп, Арыс өзенін теріс ағыздым. Өзен менің яхтамнан басталып,  жоғары қарай ағады! Проблема жоқ! Яхтам той өткізетін салтанат сарайына айналып шыға келді! Небір тойлар өтеді! Үйлену тойы, сүндет той, әшейін той, бірдеңе той, түш­кірген той, жөтелген той, құдай-ау, қазақта не көп, той көп екен! Байлыққа бұрын­ғыдан бетер баттым! Күшік той деген де бар екен! Бір байдың иті көршісінің итімен көңілдес болып, күшік туыпты. Соның құрметіне! Теңізшілер сияқты киініп алдық. Балаларым — матростар, мен — кеме капи­та­нымын. Әйелім… Кемеде қандай маман­дықтар болады өзі? Айтып жіберіңіздерші, ағайын! Алға, қазақ байлары!

Қиялбай АРМАНДАҒАНҰЛЫ.

 

«ЖТ»  ЖҰҒЫП КЕТТІ!

Мәссаған, жемқорлық та «жұға­ды» екен. Жұқпалы жемқорлық! Ассалау… деп жемқор шенеунікпен амандассаң болды, ыстығың қы­рыққа секіріп, өзіңнен-өзің кекіріп, алақаныңды жаясың, ақырында ұсталып, түрмеңе қарай таясың…  Сон­дықтан, олармен амандаспау керек-ау деймін,  амандасқан күн­нің өзінде дәрігер­лер қолғабымен… Бір күні бір танысым шенеунік танысымен амандасты да, қызметі көтеріліп шыға келді.

–Ойбай, маған «ЖТ» жұғып кетті! –деді ол маған бірде.

–Немене жұқты?  – деп сұрадым мен.

– «ЖТ — жемқор тұмауы»… Аман­­дассаң болды, алақаның қышып, жөтеле бересің. Астанадағы  «кры­шаммен» амандасып едім, пәлеге қалдым… Енді тендерден ауыз тигімнің келіп тұрғаны. Же­месем, емшегім ісіп кете ме деп…

– Сенде қандай емш…

– Кәдімгі кеудемдегі нүктелерді айта­мын…  Бюджеттен жемесем бар ғой, екеуі де ісіп, салбырап кетеді, құдайдың құдыреті…  Біртүрлі ыңғайсыз екен…

–Баяғыда жеңгелеріміз сар­қыттан ауыз тимесе, «төсіміз ісіп кетеді» деуші еді… Сіз еркексіз ғой…

– Ия. Бір пәле болды. Жемесем ісіп кетеді, амандассам, жұғып ке­теді… Әсіресе, моншада жаман ұяла­мын… Сосын ғой, жей беретінім…

–Құдай сенімен бірге моншаға апармасын!

–Маған өзі сынықтан басқаның бәрі жұғады. Енді не істеймін, а?

–Әйелдердің төстартарын сатып ал…

–Мазақтама, көрші! Тиындай төсі тауықтай болған жалғыз мен емес!

Мен оның томпиып тұрған төсіне қы­зыға қарадым. Көрдіңіз бе, жемқор­лармен амандаса көрмеңіз! Әне, тағы бір танысым айқайлап келеді:

–Ойбай,  «ЖТ» жұғып кетті!

Ратқұм МІРЕШ.

 

УӘДЕ

Таңертеңгілік жұмыс басталған мезгіл. Мекеме бастығы  Берікбол Белбеуов кабинетіне кірген бойда жазу үстелінің үстін бір шолып өтіп, телефон трубкасын көтерді.

— Әлоу, Жолдыгүлмісің? Құдыреті күшті Құдайдың да «қателесетін» күні болады екен-ау. Өзің кешіре гөр, Жасаған  ием, мынадай да пендені  жарата салғаның үшін. Оу, Құдайдың бәлесі, кеше тоқсандық есеп таңертең үстеліңіздің үстінде, тура алдыңызда жатады  дегенің кәне, а? Уәде қайда?

— Сізге де қайырлы таң, Берікбол аға.

— Апырым-ай, мына күйдіргінің сөзін қарашы. Мен құдды бір онымен  сәлемдесіп тұрғандай сөйлеуін. Ау, мен сенен тапсырманы неге орындамадың  деп  сұрап тұрған жоқпын ба?.

— Өзіңіз ғой, таңертең 9-да бол­маған. Мен алып келгенмін…

— Онда неге хатшы қызға тастап кетпедің?

— Хатшы қызыңыздың таңертең жұмысқа дәл уақытында келгенін қашан көрдіңіз?

Бастық қапелімде  не айтарын білмей абдырап, сасқалақтап  қалады. Осы кезде есіктен хатшы қыз Дәмелі кірді.

— Сәлеметсіз бе, ағай.

— Міне, Жасаған ием өзінің жомарт­тығымен жарата салған пенденің  тағы біреуі келді. Оу, қайда жүрсің, қалқам?

—  Ағай, автобус қой, былай нетіп… Кептелісте тұрып қалады ылғи.

— Осылардың-ақ кептелісі бітпейді екен. Үйден неге ертерек шықпай­сыңдар?

—  Сағат 7-де-ақ шығамыз ғой. Қаланың бір шетінен келеміз. Алтыдан жетіге дейін автобусқа отыру мүмкін емес. Іші майшабақ болып кетеді.

— Не дейді? Майшабағы несі тағы?

— Адам көп болады дегенім ғой, бөшкедегі майшабақ сияқты сығы­лысып тұрады…

— Сонда сен кәдімгі ағаш бөшкеге салынған  дүкендердегі майшабақты айтып тұрсың ба?

— Иә. Бұл теңеуді ақын-жазушы­лардан естігенмін.

— Осы   ақын-жазушылар да қарап жүр­мейді. Адамды майшабаққа теңеп…

— Енді дұрыс қой айтқандары. Өзіңіз автобуспен  емес, жеңіл мәши­немен  жүргесін байқамайсыз да. Біздің күн­делікті көретін  күніміз осы. Нан­басаңыз…

— Не дегелі тұрсың сонда?

— Жәй, әншейін, сенбесеңіз, бір рет автобусқа мініп көрсеңіз дегенім ғой. Әсіресе, таңертең жұмысқа келерде…

— Жә, жә, жетер енді…Анау Жол­дыгүлді шақыр. Есебін алып келсін. Қарашы мұның, өзеуреп бара жат­қанын…Осы кептелісті мен жасап отыр дей ме екен? Оны анау өкіметке айту керек.

— Біздің сөзімізді кім тыңдайды? Сіз бастықсыз ғой. Жылда жылаймыз ғой сізге. Ылғи келесі  жылы мәселе етіп қоямын деп уәде берумен  келесіз… Міне, жаңа жыл тағы келді…

— Бар, бар, қарашы мұның сүйрең­деуін. Бастық деген ойнап жүреді дей­сіңдер ме, не болса сонымен айна­лысатын?

— Сонда олар немен айналысады екен?

Бастық ойланып тұрып қалады. Сонан соң бір нәрсе есіне түскендей даусын жұмсартып сөйлейді.

— Жарайды енді. Кейін өзің бастық болғанда көрерсің олардың немен айналысатынын. Ал енді мына ұсыныстарыңды биыл ескеремін.

— Рас па? Тағы ұмытып кетпейсіз бе?

— Жоқ, енді ұмытпаймын. Уәде беремін.

— Рахмет, ағай, жүз жасаңыз…

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *