КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНЫҢ ҮЗДІК ОҚУШЫЛАРЫ МЕН СТУДЕНТТЕРІ АЙ САЙЫН СТИПЕНДИЯ АЛАДЫ

Алматыда 20 наурыздан бастап аз қамтылған отбасылардың 4 мың­­ға жуық үздік оқитын ұл-қызына алғаш рет стипендия төлене бастайды. Мектеп оқушы­лары ай сайын 5 мың теңгеден, ал уни­вер­ситеттер мен колледж­дер сту­денттері 10 мың теңгеден алатын болады. 

Бұл олардың білімге деген ынта­сын арттырары сөзсіз. Сондай-ақ, көпбалалы отбасының тұрмыстық ауыртпалығын да аз да болса жеңіл­детуге үлес қосары анық.

Қала қазынасынан оқу мен студенттердің стипендиясын төлеу үшін 272,3 млн. теңге бөлінеді. Бұл нақты іс-шаралар Алматы әкімдігінің жуырда ғана жасалған «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Жалпы, Алматы бюджеті әлеумет­тік бағытқа негізделген және халықты әлеуметтік жағынан қамтуға бөлінетін қаржы көлемі жыл санап арта түсуде. Қазіргі кезде бюджеттің 50%-дан астамы немесе 200 млрд. теңгеден астам қаражат денсаулық сақтауға, білімге, тұрмысы төмен жандарға көмек көрсетуге, коммуналдық шы­ғын­­дарды субсидиялауға және түрлі жәрдемақыларды төлеуге жұмсалуда.

Бұлардан өзге, соңғы төрт жыл ішінде қалалық «Нұр Отан» партия­сының ұсынысы бойынша көпбалалы отбасылардың мүшелері, мектеп, колледж оқушылары, ЖОО студент­тері мен зейнеткерлер жолақының жеңілдетілген 50 пайызын ғана төлей­ді, бұған жыл сайын 5 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бұл жеңіл­дікпен бүгінгі таңда 350 мыңнан астам адам қамтылған.

Рахат ШИМАШЕВА,

Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

«Нұр Отан» партиясының жақында өткен кезекті съезінде Елбасы табысы төмен және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі туралы көпші­лік көңілінен шығатын мемлекеттік бастамалар ұсынғаны белгілі. Олардың арасында балалардың жәрдемақысын көтеру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфра­құры­лымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты басқа да мәселелер бар.

Бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай әсер етері сөзсіз. Бүгінде Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру белсенді түрде қолға алынып, қала әкімдігі тиісті іс-шараларды жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Сол тапсырмалардың ішіндегі бірінші кезекте қолға алынып отырған шара­лардың бірі – табысы төмен отбасылар мен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету.

Бұл іс-шараны жүзеге асыру мақсатында бүгінгі таңда аз қамтылған көпбалалы отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету қолға алынды. Атаулы әлеу­меттік көмекпен қамту өрісін кеңейту үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерий­лерін күнкөріс шегінің 70 пайызына (үлкен­дерге – 15 222 теңгеден 21 310 теңгеге) дейін жоғарылату арқылы жалпы көмектің бұл түрімен 4000 адамды қамту жоспарланып отыр (2018 жылы – 2699 адам). Оның ішінде табысы төмен отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады. Жаңа талаптарға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысына келесі жәрдемақылар есептелмейтін болады. Ол «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгі­лерімен марапатталған көпбалалы аналардың жәрдемақысы, балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақы және шәкіртақы. Қажетті құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңіл­детіліп, мүгедек балаларына күтім жасайтын отбасыларды әлеуметтік қорғау күшейтіледі. Мүгедек балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын 7 394 азаматтың жәрдемақысы 31,1 мың теңгеден 41,6 мың теңгеге көбейтіледі. Осы жылдың шілде айынан бастап медици­налық-әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің және әлеуметтік жұмысшылардың жалақы мөлшері 30 пайызға дейін көбейтіледі.

«Мемлекеттің қуаттылығы экономиканың даму қарқынымен

және тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенеді.

Сондықтан мен өзіме сенім артқан халқымның

болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді».   

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың

«Нұр Отан» партиясының  кезекті XVІІІ съезінде сөйлеген сөзінен).

 

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Алматы қаласы  әкімдігінің қолдауымен «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарламаның қаламызда тұратын тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылары үшін беретін игіліктері көп болып отыр. Осы бағдарлама аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған, табысы төмен азаматтар­ды және көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында алдағы уақытта түрлі бағыттардағы іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

Солардың бірі – Алматы қаласы бойынша әлеуметтік табысы төмен отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» орталығын ашу.

Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер мөлшерін көбейту, жаңа көмек түрін енгізу, сонымен қатар, қосымша жұмыс орындарын, кәсіби даярлау және қайта даярлау курстарын ашу жоспарланып отыр. Алматы қаласы бойынша әлеуметтік табысы төмен отбасы­ларға арналған «Бақытты отбасы» орталығын ашу ағымдағы жылдың сәуір айына жоспар­ланды. Ол «бір терезе» қағидатында қызмет көрсететін болады. Орталықты ашуға бюд­жеттен 166 млн. теңге қаражат қарастырылып отыр.

«Бақытты отбасы» орталығында әлеумет­тік қызметкердің көмегі, заңгерлік, психоло­гиялық және медициналық кеңес беру қызметтері көрсетіліп, латын графикасын үйрету, аспаздық, компьютерлік сауаттылық курстары, емдік дене тәрбиесі, йога, дене шынықтыру, фитнес және мәжіліс залдары, балаларға арналған бөлмелер жұмыс істейтін болады.

Ағымдағы жылы Орталық арқылы 5 мың адамға қызмет көрсету жоспарланып отыр. Елбасының тапсырмасы негізінде төлемдер мөлшері жан басына шаққандағы орташа табысы 2 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспай­тын аз қамтылған азаматтарға біржолғы көмек мөлшері 10 АЕК-тен (25 250 теңге) 20 АЕК-ке дейін (50 500 теңге). Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша аталған көмекті 4 мыңнан астам мұқтаж адам алса, ағымдағы жылы 5 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Осы мақсаттағы қаржы көлемі (50 млн. теңгеден) 252,5 млн. теңгеге жетті. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, зейнеткерлерге, жан басына шаққандағы орташа табысы 3 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын аз қамтылған азаматтар үшін су және газбен жабдықтауды жеке есепке алу аспаптарын орнатуға немесе тексеруден өткізуге көмек мөлшері 2 АЕК-тен (5 050 теңге) 3,4 АЕК-ке дейін өсті (8 585 теңге). Бұл шара жалпы қамту санын 1 мыңнан 2 мың адамға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Осы мақсатқа бөлінетін бюджет қаржысының көлемі 10 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге ұлғайтылды.

 

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ  АЗАМАТТАР ДА НАЗАРДАН  ТЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ

«Нұр Отан» партиясының халықтың әл-ауқатын жақсарту бағдарламасының басым бағыттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі бала­лар мен азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету болып отыр.

Олардың білім алуларына қолайлы жағдай жасау, жүріп-тұруы қиын балаларды үйде оқытуға барынша жағдай жасап, жеке оқыту жоспары бойынша мүгедек балаларды үйде оқытатын отбасыларға арналған төлемақы мөлшерін  9 АЕК-тен (22 725 теңге) 12 АЕК-ке дейін (30 300 теңге) көтеру қарастырылды. Осы мақсатқа бөлінетін бюджет қаржысының көлемі 34 млн. теңгеден 45,5 млн. теңгеге өсіп, жалпы 800 баланы қамту жоспарлануда. Әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасылардың коммуналдық қызметтердің төлемақысын өтеу үшін шығыстардың рұқсат етілген шекті деңгейі 10 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Осыған байланысты көрсетіліп жатқан көмек мөлшері 1558 теңгеден 3116 теңгеге дейін ұлғай­тылды. Көмектің бұл түрімен биыл 3 мың адам қамтамасыз етілетін болады. Өткен жылы көмектің бұл түрін қаламыздың 2,2 мың тұр­ғыны пайдаланған. Коммуналдық қызметтердің төлемақысын өтеу үшін бюджеттен бөлінген ақшалай қаражат 134 млн. теңгені құрап отыр.

Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласы мәслихаты шешімдерінің жобалары әзірленді. Қазіргі таңда Жобалар Қоғамдық кеңес пен Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқарма­сымен келісілді. Жобалар алдағы уақытта  Алматы қаласы мәслихатында бекітіліп, Әділет департаментінде тіркелген соң, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ   СЕРТИФИКАТТАРЫ БЕРІЛЕДІ

Көпбалалы отбасылар үшін ең маңызды мәселе баспана десек, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы аясында 2 па­йыздық мөлшерлемемен жалпы сомасы 15 млн. теңге көлемінде несие беру қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, жағдайлары төмен отба­сы­ларға тұрғын үй алу барысында бастапқы ақысын төлеу үшін 1 млн. теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары берілетін болады. Сертификаттар тұрғын үй алу үшін кезекте тұрған 1276 отбасына кезең-кезеңімен берілетін болады.

Көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттар 2019 жылдың 11 наурызынан бастап қабылдануда.

Қала әкімдігінің шешімімен табысы төмен отбасыларынан шыққан мектепте үздік оқитын 1950 оқушы мен 385 колледж, 1461 жоғары оқу орындарында оқитын көпбалалы отбасынан шыққан мектептің үздік оқушы­ларына 20 наурыздан бастап 5 мың теңгеден, колледж және жоғары оқу орындарында оқитын үздік студенттерге ай сайын 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы берілетін болады. Ол үшін бюджеттен 271,6 млн. теңге қарас­тырылып отыр. Мұның өзі көпбалалы отбасыларына үлкен көмек болары даусыз.

Ал 11 наурыздан бастап табысы төмен отба­сылардың балабақшаға 2 немесе 2-ден көп баласы болған жағдайда оларды тегін тамақтандыру көзделіп отыр.

Табысы төмен және көпбалалы отбасы­лардан шыққан, мектепте, орта және жоғары оқу орындарында оқитын «үздік» студенттер санатын енгізу үшін тиісті ережелерге өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы мәслихат шешімінің жобасы әзірленіп («Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары тізбесі бойынша әлеуметтік көмек көрсету, көмек мөлшерін белгілеу тәртібі»), 15 күн талқылау үшін,  4 наурыз күні «Ашық деректер» порталына орналастырылды.

 

«ЕҢБЕК» ЕҢБЕК ЕТУГЕ  БЕЙІМДЕЙДІ

Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап «Еңбек» бағдарламасы аясында көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар­дан шыққан жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру шаралары қолға алынды.

Табысы төмен және көпбалалы отбасы­ларды жұмыспен қамту және оларға жәрдем көрсету мақсатында нәтижелі «Еңбек» жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде: әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға орналастыру шаралары да қолға алынуда.

Бүгінде қала бойынша 400 әлеуметтік жұмыс орны мен 700 қоғамдық жұмыс орны қарастырылып, әлеуметтік жұмыс орындарын құру мақсатында қаламыздағы 132 кәсіпорын­мен шарт жасалса, қоғамдық жұмыс орын­дарын ашу үшін қаламыздағы 222 ұйыммен келісім-шарт жасалды.

Келешекте кәсіпорындар санын 400-ге дейін ұлғайту көзделіп, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі күнге дейін жұмыссыз ретінде тіркелген көпбалалы 135 әйелдің жетеуі әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылса, төртеуі қоғамдық жұмыстармен қамтылды. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жалпы мөлшері 455 млн. теңгені құрайтын 1200 жұмыс орнын ашу мақсатында 183 ұйыммен келісім-шарт жасалды.

Қаламыздағы еңбек нарығындағы сұра­нысқа сәйкес, жұмысшы мамандарын даярлау үшін табысы төмен көпбалалы отбасы мүше­лерін оқыту және қайта даярлау мақсатына қосымша 225 млн. теңге бөлінді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қысқа мерзімді курс­тарда оқыту үшін 68 мамандық тізімі бекітілді. Бүгінгі күнге мемлекеттік тіркеу тізілімінде 6 оқу орталығы тіркелген, 14 орталық құжат­тарын тізілімге енгізуге ұсынды. Мемлекеттік және жекеменшік колледждерді қосу мәселесі қарастырылуда.

Қысқа мерзімді кәсіби курстарға жолдау «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгеріс­тер енгізілгеннен кейін басталады.

Табысы төмен көпбалалы отбасылардан оқуға тілек білдіргендер арасынан 59 жұмыс­сыздың тізімі жасалды. Табысы төмен отбасы­ларды қолдауға арналған кешенді шараларды жүзеге асыру мақсатында алдымызға қойылған міндеттер тиісті деңгейде орындалуда және бұл бағыттағы мәселелердің барлығы тұрақты бақылауға алынды. Елбасы айтқандай, әрбір қазақстандықтардың қатарында Алматының әрбір отбасы реформа нәтижесін болашақта емес, Елбасы халықтың әл-ауқатын арттыру туралы тапсырма берген күннен бастап сезінуде дегім келеді.

 

Бүгінде  қалада 11 426 көпбалалы отбасы  бар.

Олардың ішінде:

6 177 (57%) табысы төмендер;

5 153 (45%) тіркелген;

3 398 (29%) жеке баспанасы бар.

2018 жылы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) 140 отбасы алды.

Яғни тіркелімі бар және «кедейлік шегінде» өмір сүріп жатқан АӘК ең төмен күнкөріс дең­гейінен (ТКД) 50% (1 адамға 15 мың теңге) құрайтын отбасыларға беріледі. Ағымдағы жылғы 1 шіл­деден бастап АӘК ТКД 70% төмен отбасыларға көрсетілетін болады (1 адамға 20 мың теңге).

Қиын жағдайға тап болғандарға төленетін бірреттік төлем көлемі 25 мың теңгеден 50,5 мың теңгеге көбейтілді.

Әлеуметтік төлемдер бойынша құжаттар 15 наурыздан бастап қабылданатын болады.

«Бақытты отбасы» орталығын ашу сәуір айына жоспарланып отыр. Орталықта көпбалалы отбасы­ларға әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер, психолог мамандар, медицина қызметкерлері қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» орталығында үйінде бала күтімімен отырған әйелдер үшін өз қалаулары бойынша  қатысатын түрлі үйірмелер, оқу курстары жұмыс істейтін болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *