«КҮМІС АЛҚАЛЫ» ЖАЙДАРЫ

Алатау ауданына қарасты    «Ұлжан» ықшамауданындағы  Сәуле Әшен басқаратын №23 емханаға келген тұрғындар осында мейірбике болып қызмет істейтін Жайдары Баулышқызы Сейдақановаға  қашан да ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырып  жатады.

Сырқаттары жандарын жа­быр­қатқан адамдарға дәріден бұрын жылы қабақ пен жылы сөздің өзі ем бола­тындығын  жүрегіне түйе білген Жай­дары емханаға келіп ем-дом алатын науқас­тарды ұдайы жылы шыраймен қарсы алады.  Сол мінезінен болар, аудан тұрғындары  оған жаны жайдарлы Жай­дары деп өз сүйіспен­шіліктерін білдіріп жатады.  «Жақсы сөз жан жадыратады» деген емес пе, Жайдары Баулышқызы көпшіліктің сол құрметіне қарай қызмет етуге тырысады.

Сырқаттарға емдеуші дәрігер тағайын­дап берген ем-шаралардың дер кезінде  орындалып, науқастардың дер­тіне шипа болуын қалайды. Жайдары  Талғар меди­циналық колледжінің түлегі. Мейірбике болуды бала кезінен арман­даған  Жайдары аталған оқу орнын бітіргелі  денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келеді. Жай­дарының оқу бітіргені күні кеше сияқты көрінгенмен, арада  жиырма үш жыл өте шығыпты.  Бірінші курста оқып жүргенде  тұрмыс құрды. Жұбайы Қайрат екеуі бірге оқитын құрбысының тойында танысып, сол тойда бірін-бірі ұнатып қал­ған қыз жолдас Жайдары мен күйеужолдас  Қайрат екеуі көп кешікпей отау құрды. Тұрмысқа шыққан кезде Жайдары небары он тоғыз жаста  ғана еді.

– Жастықтан болар, сол кезде оқуым­ды қалай оқимын, отбасыма қалай қызмет етемін деп те ойламаппын, Қайрат оқуыңнан қалдырмаймын, оқытамын деп уәде берген болатын. Уәдесінде тұрды.  Бағыма қарай қайын жұртым  да өте жақсы адамдар болып шықты.  Солардың арқа­сында  оқуымды бітіріп, қызметімді істеп келемін.  Көпбалалы болсақ деген арманы­мыз да орындалды. Бүгінде  Елбасы үлкен ілтипатын білдіріп, құрмет көрсетіп жатқан  көпбалалы отбасының ардақты отанасы, алты баланың  «Күміс алқалы» анасымын. Үлкен қызым тұрмысқа шық­қан.  Одан тәп-тәтті жиен немереміз бар.  Әйел үшін бақыт деген осы  бала-ша­ғаңның аман­дығы, жаныңдағы жұбайың­ның саған деген ілтипаты мен құрметі, жақындарыңның жан жылуына жылыну болса керек. Мен өзімді бақытты әйелмін деп бағалаймын, – дейді жиыр­ма үш жыл­­дан бері мейірбике болып қызмет етіп келе жатқан  қолы шипалы мейір­бике Жайдары Сейдақанова.

Жайдары  емхананың қоғамдық өміріне  де  белсенді түрде атсалысады.  «Әу» дейтін өнері де жоқ емес. Ептеп өлең жазып, көңіл парақтарын  жыр жолдарымен  ақтарып алатыны тағы бар.  Сегізінші наурыз мере­кесіне орай емханада қызмет ететін қыз-келіншектер арасында  «Біз талант­тарды із­дейміз» атты кеш  ұйымдастырыл­ды. Сол байқауда Жайдары Баулышқы­зының «Бақыт деген не?» деген өлеңі үздік таныл­ды.   Отба­сындағы жұбайы мен алты бала­сының бабын тауып, жұмысында ел алғысына бөленіп жүрген Жайдарыдан құрбылары «барлығына уақытты қайдан табасың?» деген сауалды жиі қояды, ал ол болса, «өзінің  отбасын жақсы көретін, жұмы­сын жақсы көретін адам барлық нәрсеге уақыт табады» деп жауап береді.

Еңбегің жансын, «Күміс алқалы»  мейір­гер дегіміз келеді, өз қызметіне жауапты Жайдары Баулышқызына.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *