КӨК ЖЕЛЕТТІЛЕР ӘЛІ «ҚЫЗМЕТТЕ» ЖҮР

12Әсел ДАҒЖАН

Темір тұлпарлардың қала көшелерінің бойында жиі әрі тұрақты тұрақтайтын орындары бүгінде «көше бизнесін» дамытып жібергеніне куә болдық. Көк желеттілерге көзіміз бен бойымыздың үйреніп кеткені сонша, шаһар көшелеріндегі автотұрақтар тегін болғанына қарамастан, жүргізушілер әлі тиын-тебендерін төлеп «кіріп-шығып» жүр. Біз оған сәрсенбі күні күндізгі сағат 15.30 бен 16.30 аралығында қала көшелерін аралап жүріп, куә болдық.

Жүргізушілердің айтуынша, көк желеттілерге тәртіпті айтып, фактімен сөйлеу, тіпті, шыбын шаққан құрлы әсер етпейтін көрінеді. Біздің түсіру тобы Жібек жолының бойындағы Аэровокзалға қарай бұрылғаны сол еді, автотұрақтың бірден бес «қызметкерін» қызу жұмыс үстінде көрдік. Еркін ақша алып, шығарып салып, әдеттегідей көліктерді кіргізіп жүр. Бізді байқағандары көліктің терезесіне жақындап барып, ақшасын алып, бірден қалтасына салып үлгеріп жатты. Тіпті, ұялы телефонмен сөйлесіп те үлгерді.

– Ешкімнен ақша алып жатқан жоқпын. Біз тек тәртіпті қадағалап жүрміз, бастығымыз солай деген. Жәй сол…

Бұл орта жастан асқан «автотұрақ» қызмет­керінің сөзі. Көлігін енді ғана қойған жүргізушімен тілдескен едік. «Тұрақтың тегін болғанын білемін. Егер маған бұлар көмектесіп жатса, 50 теңгесін төлеймін, адамгершілікпен. Қазір олардың көмегінсіз өзім шықсам, онда төлемеймін», –  дейді.

Он минутқа аялдаған біз автотұрақ «қызметкер­лерінің» еркін түрде ақша алып, жұмыс істеп жатқанына куә болдық. Ал Абылай хан бойында тұрақтап тұрған көлік жүргізушісі орыс тілді Малика есімді жас қыз болды. «Ой, бұлармен айтысып абырой таппайсың, бәрібір ақша беру керек. Мен дүйсенбі күні Наурызбай–Мақатаев бойындағы тұраққа ақша төледім», – деп жылы жымиды.

Біз тағы бір «қызметкермен» сөйлесуге тырыстық. Мен жанына барғанша бір көліктен ақша алып үлгерген ол: «Біз көшенің тазалығы үшін қалдық қой, айлығымыз жүріп тұр, ешкімнен ақша алып жатқан жоқпын», – деді. Біздің көз алдымызда ақша алып, еркін жұмыс істеп жүрген «автотұрақ» қызметкерлері біздің бақылап, суретке түсіріп алғанымызды көрсе де, «ақша алмай, тәртіп қадағалап жүрміз» деуден жалықпады. Тіпті, бір жүргізуші: «Ой, қалқам, қайдағы заң, бұларға тиынын бермей қойсаң, жанды алайын деп тұр ғой», – деп ішіндегісін айтып та қалды. Әрбір жаңалыққа қоғам үйренгенше де біраз насихат жұмыстары қажет екені анық. Бұл тұста әркімнің өзіндік пікірі, айтар ойы бар болғандықтан, алматылықтардың пікірін де тыңдаған едік.

 

Аида ЕЛГЕЗЕКОВА, продюсер:

Олардың қызметі бізге ауадай қажет, бірақ, заң жүзінде…

– Қазір көлік жүргізетін әйелдер саны артқан. Олардың барлығын көліктің құла­ғында ойнайды деп айту қиын. Жасыратыны жоқ, түрлі көлік апатына себепкер болып жататындар да осы нәзікжандылар. Менің ойымша, автотұрақ қызметкерлері керек секілді. Неге десеңіз, бір жерге көлігіңді қойған соң, шығар кезіңде саған көмекке келетін жан осы автотұрақтағы қызметкерлер. Олардың қызметі бізге ауадай қажет. Бірақ, заң жүзінде. Ол үшін ақы төлеу мәселесі бір жүйеге келтіріліп, қолымызға төлем туралы түбіртек беріліп жатса, қанеки…

 

 

Кенжебек ИМАНӘЛІ, қала тұрғыны:

Жеке адамға кеткенше,  қала қоржынына түссін…

– Бұл дұрыс шешім болды. Әр жерге тоқтаған сайын қалтаңдағы 100 теңгені шаша беру – ысыраптың белгісі емей немене?! Сондықтан, көшедегі өзгеріске ризамын. Одан кейін, бұл көлеңкелі бизнестің жолын кесудің бірден-бір жолы деп білемін. Жинаған ақшаның кімнің қалтасына түсіп жатқанын да білмейсің. Мұнда жүрген көк желеттілерді мен онша жазғыра алмаймын. Бұлар да отбасын асырау үшін, біреуге бағынып жұмыс істейді. Әне, анау жігіт менің танысым. Оларға күніне әрбір адам 6 мың теңгеден өткізу міндеттелген екен. Мұнда кем дегенде 10-15 қызметкер жұмыс істесе, әрқайсысынан 6 мыңнан жинағанда қанша қаражат түседі. Қып-қызыл ақша. Жеке адамның қалтасына түскенше, қала қоржынына түскені жақсы. Бұл бастаманы қос қолдап қолдаймын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *