ФРАНЦИЯ – ФИНАЛДА!

Әлемдік доп додасының бірін­ші финалисі анықталды. Ол – Фран­ция құрамасы. Газетіміздің осы саны оқырман қолына тиген кезде, ол екінші жұпта (Хорватия – Англия) кім жеңгенін де біліп отырады. Ал біз әзірге алғашқы жартылай финал туралы әңгіме­лейміз.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Франция мен Бельгия әлем чемпио­наттарының финалдық сындарында осымен үшінші рет кездесті. Ең алғаш сонау 1938 жылы Париж төрінде 1/8 финалда жолдары түйіскен еді (3:1 есебімен француздар жеңген болатын). Сосын арада елу жылға жуық уақыт өткенде, 1986 жылы Мексикада екеуі 3-орынды сарапқа салды. 2:2 есебімен тең аяқталған 90 минуттан соң берілген қосымша жарты сағатта Бернар Жен­гини мен Мануэль Аморос бір-бір гол соғып, Францияға жеңіс әперген-ді.

Биылғы чемпионаттың алтын жүлде­сінен басты үміткерлер саналатын қос команда енді жартылай финалда тоқай­ласты. Қарсыластардың деңгейі шама­лас болғандықтан және бірін-бірі жақсы білетіндіктен, өзара аңдысып жүріп алған жоқ, бірден алға ұмтылды. Допты бельгиялықтар көбірек ұстап, жиірек соққы жұмсауға тырысқанымен, француздардың жылдам қарымта шабуылдары да өте қауіпті еді. Екі жақ­тың да есепті үзіліске дейін-ақ ашуға мүмкіндіктері болды, бірақ қақпашылар қырағылық танытты.

Екінші таймда да Юго Льорис пен Тибо Куртуа бірнеше рет өз қақпа­ларын голдан аман алып қалды. Алайда, 51-минутта бұрыштан әуелетіп берілген­ допты баспен торға сырғытқан Самюэль Юмтити есеп ашты. Бұдан кейін жас талант Килиан Мбаппе ғаламат паспен Оливье Жируды қақпашымен жекпе-жек шығарып еді – Куртуа шеберлік байқатты.

Бельгия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес алаңға тың ойын­шылар шығарып, шабуылды күшейтуге тырысты. Бірақ Францияның тасқамал қорғанысы сыр берген жоқ. Ақырында «Қызыл сайтандар» бас-көз жоқ айып алаңына доп асыра беруден өзге еш амал-айла ойлап таба алмады. Әуелеп келген доптарға Льорис, Юмтити, Ра­фаэль Варан және басқалар оп-оңай иелік етіп жатты.

Командасын финалға алып шыққан француз бапкері Дидье Дешам өзінің 1998 жылы ойыншы кезінде алған алтын медаліне бапкер ретінде қол жеткізер чем­пиондығын қосудан үмітті. Егер оның командасы финалда да жеңіске жетсе, Дешам әйгілі Марио Загалло (Бразилия) мен Франц Беккенбауэрдің (Германия) рекордын қайталайды.

 

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Франция – Бельгия – 1:0 (гол соққан: Юмтити, 51-минутта).

3-орын үшін матч 14 шілде күні 20.00-де, ал финал 15 шілдеде 21.00-де бола­ды.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *