ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ: ИНТЕГРАЦИЯ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

28(Экономикалық әріптестіктің бір жылдағы жағдайы туралы)

Өмірзақ МҰҚАЙ

Биыл Еуразиялық одақтың құрылғанына бір жыл толды. Әрі бұл кезең әлемдік дағдарыстың ең ұшынған кезеңіне дөп келіп отыр. «Интеграциялық ауқымдағы жағдай, оның ішінде Қазақстан Республикасының жағдайы қандай?» деген сауалдың көпшілік назарын алаңдатып отырғаны да өтірік емес.

Жаңа интеграциялық бірлестікті посткеңестік кеңістіктегі маңызды фактор болды деп айта аламыз ба? Интеграциялық процестердің шүу дегеннен-ақ кібіртіктеп, біркелкі жүрмегені рас. Алайда, бастамаға деген ниет оң болды. Жылдың басынан бастап одаққа енетін мемлекеттердің заңдарын сәйкестендіруге байланысты біраз шаруа тындырылды. Одақ құрылғанға дейін айтылған кейбір күмәнді ойлардың ақиқат болып шыққаны да өтірік емес.

Қалай десекте, ол – саяси емес, экономикалық одақ. Жыл бойы одаққа мүше әр ел өзінің дербес саясатын ұстанды. Оның кейбірі әріптестерінің мүддесіне сәйкеспеді. Мәселен, Беларусь Республикасында сүт өндірісінің Қазақстанның байырғы маркаларымен шығарылған жайы анықталып, біраз дау туды. Мұндай келеңсіздіктер соңы мұнымен де біте қалған жоқ. Әлбетте, мұндайда «көш жүре түзеледінің» дәтке қуат етілетінін бәріміз де білеміз. Биылғы жаңа жылдан бастап Еуразиялық одаққа Армения мен Қырғызстан қосылып отыр. Армян елінің экспортқа шығарар құрылыстық тастан басқа тауарының жоғы да белгілі. Ал қырғыздар болса, жеңіл өнеркәсібін біршама өркендетіп отыр.

Бір көңіл бөлерлік нәрсе – қазіргі әлемдік дағдарыс ушыққан шақта, өзге елдердің төл валюталары тәлтіректей бастағанда қырғыз сомының басқалардан гөрі тұрақты валютаға айналғаны жалпақ жаһанға аян. Ол аз десеңіз, Қырғызстан Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына да басқалардан біраз жыл бұрын қосылды. Демек, Арменияға қарағанда Еуразиялық әріптестік үшін қырғыз елі біршама оңтайлы әріптес болуы мүмкін деген сөз.

Күні кеше құрылған Еуразиялық одақпен еркін сауда аймағын құру туралы келісім-шарт жасауға 40-қа жуық мемлекет ниет танытып отыр деген деректер бар. Соған қарағанда, Қазақстан Пре­зидентінің бастамасымен құрылған экономи­калық әріптестік одағының болашағы зор деп болжауға да болатындай.

Еуразиялық одаққа алғаш болып көңіл аударған ел – Вьетнам. Көпшілік біле бермейтін тағы да бір ақиқат бар. Вьетнам – тек Шығыс Азиядағы ғана емес, сондай-ақ, әлемдегі күрт дамып келе жатқан қауқарлы мемлекеттердің бірі. Мысал келтірейік. Таяуда әлемдік Блумберг агенттігі мұнай құнының құлдырауына байланысты алдағы жылы дүние жүзіндегі мемлекеттерде не болатыны, олардың қазіргі қауқары туралы сараптама жасады. Сол есепке қарасақ, 2016 жылы біраз елдің тақиясының кері айналатын түрі бар.

 

«Қара тізімде» Қазақстан жоқ!..

 

Алдымен Еуразиялық одақтағы Ресейді алайық. Бұл ел бұған дейін ішкі бюджетінің 40 пайызын мұнай саудасы есебінен жауып келді. Ал қазіргі мұнайдың бір баррелінің әлемдік құны 30 доллардың ар-жақ бер жағында. Оған Еуроодақ пен АҚШ тарапынан Ресейге салынып отырған санкцияны қосыңыз. Соны есепке ала отырып, Блумберг агенттігі алдағы жылы Ресей экономикасы 0,5 пайызға құлдырайды деген болжам айтады. Және ол тізімге тағы да біраз мемлекеттерді қосады. Ал әлемнің басқа мемлекеттері «плюс аймағында». Яғни, экономикасы бәлендей төмендемейді деген сөз.

Қаралы тізімге Қазақстанның енбей тұрғаны басы ашық жәйт. Яғни, мешін жылы экономикасы өрлеуі мүмкін деген елдердің тізімінде біз де бармыз. Ал Украина, Жапония мен Тайвань сияқты мемлекеттер басына төнген рецессия қатері біршама басым.

Блумберг рейтингінің оңтайлы тізімінің басында күрт дамып келе жатқан Үндістан тұр. Оның дамуы – плюс 7,4 пайыз. Екінші сатыда Вьетнам мен Бангладеш тұр. Олардың ықтимал даму қарқыны 6,6 пайыздан. Бұдан не байқауға болады? Жаңадан құрылған Еуразиялық одаққа алғаш назар аударған Вьетнам елінің болашақта ықтимал сенімді әріптесімізге айналуы да мүмкін. Әріптестікке қосылуға ниетті елдер арасында Израиль, Мысыр, Үндістан мен Индонезия, Оңтүстік Корея бар. Тіпті, ит өлген қиырдағы Перу мен Чили елдері де сәйкес меморандумға қол қойып отыр. Соған қарағанда, «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі» деп аталуға тиіс біздің супержобаның болашағы зор болуға тиіс деп болжаймыз. Соған сәйкес Еуразиялық одақтағы бес елмен қоса бізбен тығыз әріптестіктегі Қытайдың экономикалық қарқыны да жаңа белеске көтерілуі мүмкін. Әрі оған әлемдегі екінші экономика атанған елдің өзі де мүдделі болып отыр. Бұл жердегі қорытынды мынау: Еуразия кіндігінде күні кеше ғана құрылған экономикалық одақ әлемнің көптеген елдерінің назарын аудара бастады.

 

Ал одақтың өз ішіндегі жағдай қандай?

 

Ең соңғы деректерге қарағанда, Қазақстанның еуразиялық әріптестерімен жалпы тауар алмасу мөлшері өткен жылдың он айында 13,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде болған. Ал бұл 2014 жылдың сәйкес мерзіміндегіден 26,6 пайызға кем. Кезінде Қазақстан Республикасының бір ғана Ресеймен жылына 25 миллиард доллардың саудасын жүргізген кезі болған.

Әлбетте, тауар айналымының құлдырауы үшін Еуразиялық экономикалық одақты жазғыруға болмайды. Себебі, қазір әлемдік дағдарыс белең алып тұр. Оның одаққа мүше елдерге де тікелей әсері болды. Тағы да бір деректерге көңіл аударайық. Өткен жылдың он айында біздің еліміздің сыртқы дүниемен тауар алмасу мөлшері 64,9 миллиард доллар болған. Бұл да соның алдындағы жылдағыдан 36,9 миллиардқа кем. Еліміздің жалпы сыртқы саудасының бестен бір бөлігі Еуразиялық одақтың еншісінде. Біздің елдің экономикасы, негізінен, сыртқа шикізат шығарумен ғана айналысып келді. Қазақстанда индустриалды-инновациялық жобалар енді ғана күшіне ене бастады.

Өз кезінде баспасөз еуразиялық одақ елдері арасындағы кәмпит, болат және цемент «соғыстары» туралы жиі жазды. Демек, экономикалық одақтың ішкі механизмі әлі де болса қалыптасып үлгерген жоқ деген сөз. Жаңа одақтың шешуші буындары Ресей мен Қазақстан екені айтпаса да белгілі. Қазір осы екі ел арасында экономиканы өзара сәйкестендіру саясаты жүргізілуде. Әрине, мұндай қомақты жұмысты тындырып тастауға бір жылдық мерзім аздық етеді. Саясаткерлер экономикалық интеграцияның екі мемлекет азаматтарының да мүддесін қорғауы керек екенін ұмытпауы керек. Процесс басталғанымен, әзірге бәлендей ілгері басушылық байқалмайды. Оның үстіне, бизнестегі бәсекелестік деген тетік тағы бар. Рубль құнсызданғанда қазақстандық кәсіпкерлерге қиын соққаны белгілі. Себебі, солтүстіктегі облыстарымыз Ресейдің арзан өнімдерін, көлігін жаппай сатып алуға кірісті. Өзіндік құны жоғары жергілікті тауарлар өтпейтін болды.

Ресейлік тауарлар ағысы теңге құнсызданғаннан кейін де тоқтаған жоқ. Сөйтіп, екі ел кәсіпкерлерінің арасында нағыз өзара бәсекелестік басталып отыр. Сондықтан соңғы кезде «экспортерлермен қоса импортерлердің да мүддесі қорғалатын қазақстан­дық-ресейлік біріккен холдингтер құру туралы» мәселе көтеріле бастады.

Сарапшылардың айтуынша, ұлттық сауда-өнеркәсіп бірлестіктері –  бірлескен тиімді жұмыстың кепілі көрінеді. Бұл жердегі мәселе еуразиялық экономикалық одақ елдері кәсіпорындары арасында бірыңғай кооперациялық буындар құруға тіреледі. Екіжақты ірі жобалар керек.

Мысал келтірейік. Қазір газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің жалпы саудасын қалыптастыру мәселесі көтеріліп отыр. Яғни, екі ел стратегиялық шикізат қорын бірлесіп пайдаланады деген сөз. Оған электр энергиясы мен тұтыну мәселесін қосыңыз. Ресейдің бес облысы қазірдің өзінде электр қуатын Екібастұздан алып отыр. Сондай-ақ, Қазақстанның солтүстік облыстарынан келетін электр қуаты да бар.

Қорыта келгенде айтпағымыз, Еуразиялық одақ елдері арасында, одан да бетер, одақтың шешуші мүшелері – Қазақстан мен Ресей арасында оңтайлы, экономикалық процестер енді ғана басталғаны байқалады. Ал оның нәтижесін қашан көреміз? Оған экономикалық одақтағы басқа әріптестеріміз қалай қарайды? Бұл – болашақтың мәселесі. Ал әзірге құрылғанына бір жыл болған Еуразиялық эко­номикалық одақ елдері әлемдік дағдарысқа қарсы шаралар қарастыруда. Оның нәтижесі үстіміздегі жылдан бастап белгілі болмақ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *