ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА – ҰРАН

Жақында Алатау ауданындағы  №152 мектеп-гимназиясының қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасы мұғалімдерінің ұйымдастыруымен бейбіт күнде от кешкен ардақты азамат Болат Санабай­ұлымен кездесу кеші өтті.

ХХ ғасырдағы қанқұйлы соғыс­тардың  бірі – Ауған  соғысы. 1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып,  оның арты аяқталмас соғысқа айналды. 1979 жылы интер­националдық көмек көрсету мақса­тында кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстан Демокра­тиялық Республикасына орналас­тыруға  шешім қабылданды. 10 жылға созылған бұл соғысқа  кеңес әскер­лерінің сапында  22 мың қазақстандық қатысқаны белгілі. Солардың бірі  – 1985–1987 жыл­дары Кеңес әскер­лерінің шектеулі контингенті қатарында Ауғанстан аумағындағы соғысқа  толықтай екі жыл қатысып, ажал оғынан аман қалған, өмір мен өлімді өз көзімен көрген, Ауған соғысының ардагері   Болат Сана­байұлы  Сайлан  қазіргі күнде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымының докторы.

Болат Санабайұлы Ауған соғысы басталғанда жоғары сыныптың оқушысы еді. Бұл соғыс туралы тек соғыста қаза болып, мәйіті елге әкелініп жатқан ауылдастарының қайғысын көру арқылы біліп отырған. Көп ұзамай сол соғысқа өзі де аттанады. 730 күн, яғни толық 2 жыл  әскери қызметін  Ауғанстандағы 40-армия құрамында, 201-мотоатқыштар дивизиясының   қатарында сапқа тұрып, соғысқа қатысумен өткізді.

40-армия Ауған жерінде көптеген соғыс операцияларын жүргізді. Олардың ірілері: Паншер, Баглан, Каниса, Парван, Кунар, Хост, Ханабад, Герат, Кандагар провин­цияларындағы бандалық топтарды жоюға бағытталған операциялар. 1987 жылы  көктемде КСРО Қорғаныс министрінің мерзімі біткен әскери қызметшілерді босату туралы бұйры­ғы шығатынын естіп,  көктем мен жазды жауынгерлер асыға күткен. Ол бұйрық наурыз айының аяғында шықты, бірақ олар бұл бұйрықтан 5 ай кейін қайтқан.

Міне, осындай сұрапыл күндерді басынан кешкен Болат Санабайұлы елге оралған соң сол кездегі С.Киров атындағы  Қазақ  мемле­кеттік универ­ситетіне дайындық  факультетіне  қабылданып,  1988 – 1993 жылдары  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факуль­тетінде оқиды. 1998 жылы 28 сәуірде профессор К.Р.Аманжоловтың жетекшілігімен Ш.Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология» институтында «Ауған соғысы және оған қазақстандық­тардың қатысуы (1979-1989 ж.ж.)» тақырыбында кандидаттық диссер­тация қорғап, содан бері 150-ден астам зерттеулер,  оқулықтар,  ғылыми-әдіс­темелік еңбектер, мақалалар, оқу құралдары мен типтік бағдарламалар дайындады. Оның ішінде: «Ауған соғысының ақиқаты (1979 – 1989 ж.ж.) (2001 ж.); «Боздақтар мәңгі жа­ды­мызда (1979 – 1989 ж.ж.)» (2001 ж.);  «Кеңестік биліктегі Қазақстан­ның жастар саясаты (1917 – 1991 ж.ж.)» (2011 ж.);  «ХVІ-ХІХ ғасыр­лардағы  Қазақстанды зерттеу тарихынан» (2011 ж.); «Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымдарының құрылу тарихы (1917 – 1925 жж.)» (2015 ж.); «Кеңестік Қазақстанның фашизмге қарсы күресі: жаңа көзқарастар мен ұстанымдар» (2016 ж.); «Біз болған соғыс» (2019 ж.) атты көлемді зерттеу еңбектері мен оқу құралдарын айтуға болады. Қазақ   Елі тәуелсіздігін  алғаннан кейін Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында Ауған соғысына қатысқан қазақстан­дықтардың тарихын зерттеп, ғылыми айналымға кіргізуде іргелі ізденістер жүргізуде.  Ауған соғысының аяқтал­ғанына 10, 15 , 20, 25 және 30 жыл толуына байланысты өткізілген рес­публикалық ғылыми-практикалық конференцияларда «110 айға созыл­ған Ауған соғысының қан жылатқан кейбір шындықтары», «Ауған соғы­сының ерекшеліктері», «Қазақстан­дықтар қатысқан шектеулі контин­гент», «Ауған соғысында хабарсыз кеткен боздақтар», «Сәуір төңкерісі бастаған соғыс», «Ауған синдромы», сонымен қатар Ұлы Отан соғысын­дағы  Жеңістің 50, 55, 60, 65, 70 жыл­ды­ғына орай «Қазақстандық жастар кеңес-герман соғысында», «Қазақстан жастарының Ұлы Отан соғысы жылдарында тыл майданындағы күресі (1941-1945ж.ж.)», «Бауыржан Момышұлы және Ұлы Отан соғысы», «Жастар жанқиярлық танытқан жеңіске – 70 жыл», «Ұлы Отан соғы­сына қатысқан қазақстандықтар» және т.б. отандық тарихтағы өзекті проблемалар бойынша баяндамалар жасап, мақалалар жариялады.

Өр тұлғалы, ерен мінезді  ардагер-тарихшымен кездесу, сұхбаттасу мектеп оқушыларына үлкен ой салды. Ержүрек кейіпкерімізбен  оның  «Ауған соғысының ақиқаты» кітабын­дағы (слайд, бейне-көрсетілім) сандық дәлелдер  мен ақиқат оқиғаларға толы өрілген сұхбат оқушыларымыздың жүрегіне патриотизмді ұялата білді. Оқушылар өз Отанының нағыз патриоттары болуға, елді қорғауға ант берді. Ерлік – елге мұра,  ұрпаққа – ұран деген осы!

 

Гаухар  ЧАБДЕНОВА,

әл-Фараби  атындағы  ҚазҰУ-дың

Қазақстан  тарихы   кафдерасының  1-курс  магистранты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close