ЕРЕГЕС ЕЛДІККЕ СЫН…

42(Шиеленіскен Түркия-Ресей қатынасы туралы)

Көпшілік білетіндей, өткен жылғы «ұшақ оқиға­сынан» бері Түркия мен Ресейдің арақатына­сының ушы­ғып тұрған жайы бар. Еске сала кетсек, 2015 жылдың 24 қарашасында  Сирия мен Түркияның шекаралық аспанында  түріктің F-16 ұшағының  Ресей­дің Су-24 бомбалаушы әскери ұшағын  атып түсіруі екі елдің қарым-қатынасына шоқ тастап, шиеленістіріп жіберді. Бұл жөнінен әр тарап өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысып бақты. Түрік жағының айтуынша,  ресейлік бомбалаушы ұшақ шекараны бұзып, екі шақырымдай бойлай енген және әлденеше рет жасаған ескертулерге құлақ аспаған.  Ал, Ресей болса «біздің ұшағы­мыз түрік шекарасын бұзған жоқ» деп бет бақтырмады.

Осыған іле-шала Мәскеу: «Анкараның бұл әрекеті террористердің сойылын соғып, жон арқадан соққы жасау» деп бағалап, Түркияға қатысты бірқатар экономикалық санкциялар жариялап үлгерді. Ол бойынша Түркиядан тасы­малданатын көкөніс пен жеміс-жидектерге, кейбір жеңіл өнеркәсіп тауарларына шектеу қойылды. 2016 жылдың қаңтарынан бастап екі  ел арасындағы визасыз барыс-келіс жойылды. Түрік компанияларының  Ресей жерінде  жұмыс істеуіне және ол елдің азаматтарын ресейлік фирмалардың жұмысқа қабылдауына тыйым салынды. Туристік операторларға  түріктің демалыс үйлері мен курорттарына жолдамалар сатпау жөнінде нұсқау берілді.

Тіпті, Кремль  саяси-әскери мәселелерді  де назардан тыс қалдырмай, Түркиямен шекаралас аудандарда осы за­манғы әуе шабуылынан қорғаныс құралдарын шоғырлан­дырып, Сириядағы әскери-ғарыш күштері контингентін күшейтті, Ресей бомбалаушы ұшақтарын шабуылдан қорғау үшін «Москва» зымырандық крейсерін  Түркия шекарасына жақындатып апарып қойды.

«Әліптің артын бағайық» деді ме екен, Түркия өз тарапынан Ресейге қатысты экономикалық санкциялар мен шектеулерге бара қойған жоқ. Бұған қатысты  Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу: «Біз ресейліктердің мүддесіне зиян келтіретін қадамдарға бармаймыз. Өйткені, Ресей халқы — біздің халқымыздың досы. Олардың көбі үшін Анталья екінші үйіне айналған. Сондықтан да   ресейлік туристерді  қашан да құшақ жая қарсы аламыз», — деген мәлімдеме жасады.

Қажет болса,  Түрік үкіметінің ұшақтың атып түсірілуі­не қатысты барлық техникалық ақпаратты бере алатынын және де қос тараптың қарым-қатынасына байланысты барлық мәселелерді талқылауға даяр екендіктерін айтып, алайда, «Елдің шекарасын қорғау — өздерінің қасиетті борышы екенін»  еске салып өтті.

«Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады» демекші, соңғы 20-25 жыл ішінде қалыптасып, қарқынды дамып келе жатқан түрік-орыс ынтымақтастығы бір-ақ күнде шытынап шыға келді.

Осылайша түрік-орыс қатынасы ойламаған жерден шиеленісті сипат алып, халықаралық қатынастағы қиын түйіндердің біріне айналды. Бұл текетірес екі елдің байланыс шеңберінде ғана қалып қоймай, оларға тілектес мемлекеттерді әрі-сәрі күйге түсіріп, қарапайым жұртшылықтың да алаңдаушылығын тудырды. Осының бәрін талғам таразысына салып, ой елегінен өткізіп қарағанда: «әлемге танымал екі державаның қарама-қайшылығынан  кім не ұтты?» деген сұрақтың туары хақ.

Жасыратыны жоқ, Қара теңіздің қос қапталындағы ғасырлар бойы өзара жауығып, XVІ –XX ғғ. аралығында 11 рет соғысып-шайқасқан, бақталас болған екі ұлы империяның бірі-біріне жылы қабақ танытып, тиімді де пайдалы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасқа жол ашқандарына жиырма-жиырма бес жылдай уақыт болып еді. Бұлар, тіпті, бірін-бірі сенімді стратегиялық әріптес санай бастаған. Мұны бірқатар цифрлар мен мәліметтер де айғақтай алады. Олай дейтініміз, екі жақтың тауар  айналымы сонау 2004 жылғы 10,9 млрд. доллардан — 2014 жылға дейін төрт есеге өсіп, жалпы мөлшері 44 млрд. долларға жеткен. Бір қызығы, Түркия мен Ресейдің  сауда-экономикалық байланысы 2003 жылдың наурызында премьер-министрлікке  Ережеп Ердоған келгеннен кейін қарқын алып, бұрынғыдан да жандана түскені басы ашық ақиқат. Керек десеңіз, бұған дейін болмаған қадам-қарекеттер жасалынды. Баяғы бақталастық — әріптестікке, бәсекелестік — кооперациялық ынтымақтастыққа ойысты.  2004 жылдың желтоқсанында, тарихта тұңғыш рет Ресей президенті В.В. Путин Түркияға  ресми сапар жасап, екі мемлекет арасында бірқатар  келі­сім­дер жасалынды. Келесі жылдың  қарашасында ол  түрік жеріне тағы да барып, қос тарап бірігіп жүзеге асырған «Көгілдір арна» газ құбырының ашылу салтанатына қатысып қайтты.

2010 жылдың 12 мамырында Түркия мен Ресей арасында энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде түрік жерінде осы заманғы АЭС салу бар,  бас-аяғы 17 келісім-шартқа қол қойылды.

Мұндай жемісті де өрісті қадамдарды екі жақтың халқы да қуана құптап, келешегіне зор сенім артты. Өйткені, арғы Ресей патшалығы мен бергі  Кеңес одағының тұсында Түркиямен екі арадағы қатынас бұлай  өзара сенімділік пен достық жағдайында болған емес. Тарихи деректерге үңілсек, кеңестік жоғары лауазымды басшылардан тек КСРО Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы Н.В. Подгорный ғана 1972 жылы Түркияға ресми сапармен барған екен.

Түркия-Ресей сауда-экономикалық ынтымақтастығын реттеп отыратын мемлекетаралық комиссия құрылып, ол комиссия табысты жұмыс істей бастаған. 2015 жылдың наурызында Түркия сауда министрінің орынбасары  Аднан Йылдырым екіжақты келіссөздердің нәтижесінде күн тәр­тібіне еркін сауда аймағын құру мәселесі қойылып отыр­ғанын айтып, сол жылдың қазанында  Ресейдің эконо­ми­ка­лық даму министрі Алексей Улюкаев  қызмет көрсету мен инвестиция салаларында еркін сауда аймағын құру жө­нінде келісімнің жасалып жатқанын хабарлаған болатын.

Осылай қарқын алып, келешегінен үлкен үміт күткен ынтымақтастық бір-ақ күнде күрт өзгереді деп кім ойлаған?

«Бір күндік жанжалдан қырық күндік ырыс кетеді» дегенді ата-бабаларымыз текке айтпаған. Егер екі елдің дүрдараздығы ешбір зиян-залал әкеле қойған жоқ десек, онда шындықтан алшақ кеткен болар едік.

Нақты мәліметтерге сүйенсек,  Ресейдің  Түркияға шығаратын экспорт көлемі 15 млрд. доллар шамасында болса, ал тасымалдайтын тауарлары, яғни импорты 3 млрд. долларды құрайды. Ресейлік экспорттың импорттан бес есе басым болып тұрған себебі — түрік жағы ресейлік энергетикалық қуат көзінің 70 пайызын сатып алады. Дәлірек айтқанда, түрік елі  Ресей газының Германиядан кейінгі екінші ірі тұтынушысы.  Мәселен, Түркия Ресейден  2014 жылы  27,3 млрд. текше метр, 2015 жылы 27 млрд. текше метр  «көгілдір отын» сатып алған.  Екі арадағы қарама-қайшылықтың орын алып отырғанына қарамастан биылғы 2016 жылдың басында  «Газпромның» Түркияға газ отын экспорты 2,82 млрд. текше метрге жетіп, 3,4 пайызға артты. Демек, Анкара  «көгілдір отынға» байланысты келісім-шартты бұзған жоқ және ол  «Түрік арнасы» жобасының  қайта қолға алынатынынан  әлі  де үмітті.

Бұл айтылған экономикалық ынтымақтастықтарға ресейлік «Газпром», ЛУКОЙЛ, Росатом, ГАЗ, Магнитогор металлур­гия­лық комбинаты, Сбербанк, т.б.түрік жерінде жүзеге асыруды көздеген миллиардтаған сомадағы жобаларын, Мерсин провинциясындағы  қуаты 1,2 гигаваттық «Аккую» атом электрстансасын, Ресей Федера­циясының әр өңірлерінде кейінгі жылдары жемісті жұмыс істеп келе жатқан 150-ден астам түрік компанияларын, Түркияның кәсіпқой құрылысшы фирмаларының Ресейдің құрылыс индустриясын дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын, Татарстан, Башқұртстан сияқты субъектілер­мен де іскерлік, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынаста­рының  нығайғанын, АвтоВАЗ және КАМАЗ  зауыттары­ның түрік жағымен тиісті келісім-шарттарының бар екенін қосыңыз. Жоғарыда айтылғандай, ресейліктер үшін  Түркияның курорттары мен  жағажайлары ең бір қолайлы да жанға жайлы демалыс орын­дарына айналып, жылына 3 млн. турист демалып қайтатын.

Ресеймен қатынастың ушығуы ешқандай пайда бермейтінін түрік жағы да мойындайды.  Олардың есебінше, бұдан Түркия  жылына 20 млрд. доллар жоғалтады  екен. Бұл дегеніңіз — елдің ЖІӨ-нің 3 пайызы.

Халықаралық сарапшы, саясаттанушы мамандардың қай-қайсысы да қазіргідей  жаһандану құбылысы белең алған және ауық-ауық экономикалық дағдарыс бой көр­сетіп тұрған шақта ешбір мемлекеттің оқшауланып, томаға-тұйық өмір сүре алмайтынын, сондай-ақ, мемлекеттердің өзара саяси-экономикалық текетіресінен зиян-залал келмесе, пайда келмейтінін айтады.

Осындайда «Саясат дегеніміз — экономиканың  жинақ­талған көрінісі» деген анықтама дәл айтылған-ау деген ойға қаласың. Өйткені, Түркия мен Ресей арасындағы ой­ламаған жерден тұтанған саяси дағдарыстың өрті  қазіргі күні сауда мен туризмді, білім мен спортты, мәдени бай­ланысты, тіпті, адамдардың да қарым-қатынасын шарпып отыр.

Ресей жағы шиеленіскен дағдарысты шешу үшін: «Түркия ресми түрде кешірім сұрауы, келтірілген шығынды өтеуі және кінәлілерді қатаң жазалауы керек!» деген талап қояды. Ал, Анкара бұған: «Ресейден кешірім сұрайтындай және басқа талаптарын орындайтындай біздің оның алдында ешқандай айып-кінәміз жоқ» дейді.

Дегенмен, кейде өмірде, екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынаста шиеленістің тууына кездейсоқ бір оқиғалар түрткі болғанымен,  шын мәнісінде оның себеп-сыры әріде, тереңде жатады.  Сол айтқандай, бәлкім  Түркия-Ресей қарама-қайшылығының түпкі себебін Сириядағы соғыстан, Қырым оқиғасынан іздеу керек шығар. Олай дейтініміз, аталған осы екі мәселеге қатысты   Кремль мен Анкараның  ұстанымы әрқалай. Мәскеу Сириядағы Башар Асад режимін жақтап, өткен жылдың 30 қыркүйегінен оған әскери-ғарыштық күштер арқылы қолдау білдіріп отырса, Түркия оның биліктен кеткенін қалайды. Қырымға байланысты да саясаттары да басқаша. Бір айта кететіні, Анкара  Украина-Қырым оқиғасына орай АҚШ пен Еуроодақ елдеріне еріп, Ресейге қарсы санкция­лар жарияламады. Одан  өзінің де елеулі экономикалық зиян шегетінін жақсы түсінді.

БАҚ материалдарына, ғаламтордағы әр түрлі сайттарға зер салсақ, онда екі жақтың сарашылары мен саясаткер­лерінің  өз үкіметтерінің саясаттарын жақтап, жұртшылық­тың санасына сондай мазмұндағы талдау мен түсініктерді тықпалап отырғандарын аңғарамыз. Әйткенмен, ара-арасында бейтарап та объективті көзқарас білдіріп жатқандар да кездесіп қалады.

Мысалы, Ресей Орталық банкінің төрағасының бұрынғы орынбасары, белгілі экономист Сергей Алексашенко: «Ресей дереу дүрдараз болған еліне экономикалық қару қолдануға құмар. Бірақ, онысы көбінесе, керісінше, ресейліктерге зиянын тигізіп жатады» деген пікір білдірген.

Ал, Анкарадағы саясат орталығының ғылыми қызметкері, сарапшы Бурчу Гүлтегин Пунсман ханымның айтуынша: «түрік-ресей дағдарысы екіжақты қайшылық­тың шеңберінен шығып, халықаралық сипат алған. Енді оның шешілуі Сириядағы жағдайға байланысты болмақ».

Әрине, бүгінгідей әлемдік қаржы-экономикалық дағ­дарыс тұсында Украинадағы жағдайға, Қырым оқиғасына байланысты АҚШ бастаған  жетекші елдердің Мәскеуге қарсы түрлі шектеулер мен санк­циялар жариялауы  Ресейдің эконо­микасын  етектен тартып, ілгері басқан аяғын кері кетіріп отырғаны айдан анық. Бұл аз болғандай, Түр­киямен арадағы қайшылық «жығылған үстіне жұдырық» болып  қосылды.

Ақиқатын айту керек,  ресейлік кейбір экономистердің пайымдауларынша, Ресейдің экономикасын ең алдымен әлемдік рынокта мұнай бағасының құлдырауы сонан соң соңғы айтылған екі фактор, яғни, Батыстың санкциясы және Түркиямен дүрдараздық тұралатып отырған сыңайлы. Ал, базбір шетелдік бейтарап сарапшылар: «Ресей экономикасының бұлай стратегиялық тұйыққа тап болуының себебін сырттан емес, елдің өз ішінен, нақтырақ айтқанда, құрылымдық экономикалық дағдарыстан іздеу»,  керек деседі.

Дегендей-ақ, өткен жылдың аяғында Ресей үкіметінің басшысы Д. Медведевтің Пекинге жасаған екі күндік сапа­рына орай Қытайдың әйгілі «Синьхуа» ақпараттық агент­тігі сараптамалық мақала жариялады. Онда: «Ресейдің қазір қиын кезеңді бастан кешіп отырғаны жасырын емес. Қашандағыдай Ресей  экономикасының негізін мұнай-дол­ла­р­лар құрап келді. Алайда, ең басты қиындық бас­қада… 2014-2015 жж. Ресейдегі қаржы-экономикалық тұрақ­сыздықтың бірден-бір себебі – оның алдында, яғни, 2012 жылы басталған экономиканың құры­лым­дық дағда­рысында, басқаша айтқанда, экономиканың деиндустри­зациялануында  (жалпы ішкі өнімде қызмет көрсету саласы үлесінің өсуінде) және ауыл шаруашылы­ғының құлды­рауында жатқан болатын. Бұдан кейін өңдеуші өнеркәсіп пен аграрлық сектордың  еңсе көтеріп, тез қалпына келуі екіталай», — деп жазды.

Сондай-ақ, бұған қоса, аталған агенттік Қытайдағы Қазіргі халықаралық қатынастар  академиясы жанындағы Ресей институтының директоры Фэн Юицзюннің: «Украинадағы дағдарысқа байланысты Ресей стратегиялық тұйыққа тап болды. Мұнай бағасының күрт төмендеуі және Батыстың қатаң санкциялар жариялауы  Ресей экономи­касын депрессияға ұшыратты. Ресей-американ қатынасында қарама-қайшылық белең алуда, Ресей және АҚШ-тың бастауындағы НАТО бірін-бірі басты стратегиялық қарсылас көруде. Мұндайда  тұйықтан шығудың бірден-бір жолы — екі жақтың бір-біріне деген  сенім мен ымыраға келуі. Өкінішке қарай, қос тараптан ондай әрекет байқалмайды. Сондықтан Ресейге дағдарыстан шығу үшін тек өз күші мен ақыл-парасатына жүгінуге тура келеді» деген пікірін келтірді.

Ресей премьері Дмитрий Медведевтің сол жолғы сапары барысында  жабылуға жақын тұрған ресейлік Сыртқы экономикалық қатынастар банкіне ҚХР Даму банкі 10 млрд. юань қарыз беруге келісті. «Новатэк» Арктикада «Ямал-СПГ» жобасындағы  өзінің 9,9 пайыз үлесін  Sіlk Road Fund-ке сатып, қытайлық қордан  730 млн. еуро несие алуға қол жеткізді. «Сибур»  аспанасты елінің Sіnopec компаниясына 10 пайыздық акциясын сатты. Қытай инвесторлары «Ростнефти» компаниясындағы мемлекеттің үлесін сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Осы сияқты Ресей жағы  экологиялық қатер әкелу ықтималдығына қарамастан Қиыр Шығыста бірқатар қытайлық кәсіпорындарды, оның ішінде химиялық және металлургиялық зауыттарды орналастыруға келісім берді.

Ушыққан Түркия-Ресей текетіресінің біздің Орталық Азия республикаларына да салқынын тигізіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Себебі, Әзірбайжан, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Түркіменстанды Түркиямен тарихи тамырластық, тілдері мен мәдениетінің ұқсастығы, діні мен ділінің ор­тақтығы сияқты факторлар жақындастырады. Бұл елдердің арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ТТМЫК (Түркі­тілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі) құрылып, соңғы бес-алты жылдың көлемінде шама-шарқынша табысты жұмыс істеп келеді. Бір кезде КСРО құрамында болған бұларды Ресей Федерациясымен де бірқатар мүдделер байланыстырып жатыр. Оның үстіне Қазақстан мен Қырғызстан  Ресеймен бірге Еуразиялық экономи­калық одақ пен әскери-қорғаныстық ОДКБ  (Ұжымдық қауіпсіздік  келісім-шарт) ұйымына кіреді.

Сондықтан да Орталық Азия мемлекеттері  «былай тартса арба сынып, олай тартса  өгіз өлетіндей»  күйге тап болғандай.

Бұл орайда мынаны айта кеткен жөн. Биылғы 2016 жылдың 6 ақпанында  Елбасымыз Н. Назарбаев Елордада Астанаға ресми сапармен келген Түркияның премьер-министрі Ахмет Давутоғлуны қабылдап, кездесу бары­сында: «Қазақстан үшін Түркияның маңызы өте зор, біз ынтымақтастық саясатынан ешқашан бас тартпаймыз», —деді. Сондай-ақ, «Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қаты­настың күрделенуі де біз үшін үлкен проблемаға айналды. Екі ел де біздің маңызды одақтасымыз бен серіктесіміз болып саналады», – деп атап көрсетті.

Өз кезегінде Түркия үкіметінің басшысы А. Давутоғлу: «Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша қарышты дамып келеді. Біз көлік, энергетика және өзге де салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сауда байланыстары да нығаюда. Егер Түркия – Еуропаға ашылған «есік» болса, Қазақстан – Түркия үшін Еуразия кеңістігіне апаратын жол», – дегенді айтты.

Дейтұрғанмен, Қазақстан  Түркия мен Ресей арасындағы  қарама-қайшылықтың  одан әрі шиеленіспей, дипломатиялық жолмен, екі жақтың келіссөздері арқылы шешілуін қалайды.

Былай қарағанда, онсыз да экономикалық және геосаяси жағынан күрделеніп тұрған мына аламағайып заманда Түркия мен Ресейдің қарама-қайшылығы  әйгілі балалар ертегісіндегі көпір үстіндегі екі текенің  сүзісуін еске түсіреді. Бір-біріне жол бермеген ол екеуінің суға құлағанын жақсы білеміз.

Ендеше, ерегес пен текетірес ешкімге де пайда бермейді. Сондықтан қос тараптың өркөкіректік пен өкпе-ренішті ақыл-парасатпен жеңіп, мәміле мен ымыраға келгені жөн дер едік.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *