Енді қаладағы темір гараждар бұзыла бастайды

Құттыбек АЙМАХАН

 

Өткен жылы Алматыда қор­шауларды алып тастау жұмыстары ойдағыдай жүріп, соның нәтижесінде қала­мыздың тынысы ашы­лып, көшелер кеңейіп қал­ғандай болды. Ендігі жерде шаһар аулаларын тарылтып тұрған «көненің көзіндей» болған темір гараждарды бұзу жұ­мыстары бастал­ғалы жатқан секілді. Тіпті, қазірдің өзінде шаһардағы көпқабатты үйлер аулала­рының «ұсқынын ке­тіре» тарылтып тұрған темір га­раждарды бұзудың жос­парлы жұмыстары басталып кетті десе де болғандай.

Әрине, соңғы кезде қаладағы жеке гараждар мәселесі де өзек­тілене бастады. Өйткені, қазір бір аулада тұратын әрбір екінші отба­сының автокөлігі бар екені жасырын емес. Ал олар темір тұлпарларын бар болса көпшілік гараждарға, болмаса тұратын үйлері жанындағы ашық тұрақтарға немесе тіпті, көше бойындағы ақылы автотұрақтарға қойып жүр. Әсіресе, бүгінде үй маңына немесе көше бойына тізіліп қойылып жүрген автомобильдер көпшілік тұрғын­дардың ашуын тудыратын болған. Мысалы, мына біздің өзіміз қол боста шығаратын үйдегі тұрмыстық қалдықтарды аула шетіндегі қоқыс контейнер­леріне қаптаған көлік­тердің арасы­нан әзер дегенде алып өтіп, апа­ратын болғанбыз. Оны айтасыз, өткенде жаңбырлы күні контейнер алаңына иін тірестіре қойылған көліктерден өте алма­ғанымыз да жасырын емес. Сонымен қатар, көше жиектерінде қаңта­рылған автомобильдер де соңғы кездері жұрттың емін-еркін жүріп-тұруына үлкен кедергі келтіріп жатқаны айтпаса да белгілі жәйт.

Міне, осы себептерден де қазір аулаларда қаңтарылып қойылған  автокөліктер тұрғындардың жүйке­сіне әбден тиіп болған. Бұл аздай, енді бір пысық тұрғындар аулаларға жеке гараждарын қойып тастаған. Ал олардың аулалардағы балалар және спорт алаңқайларына әжеп­теуір кедергі келтіретіні редакцияға жиі шалынатын телефон қоңырау­ларында көп айтылатын болып жатыр. Тіпті, бұл мәселе биылғы жылғы аудан әкімдерінің есеп беру жиындарында да қайта-қайта көте­рілумен болды. Мысалы, былтырғы жылдың соңына таман Наурызбай ауданындағы «Ақжар» ықшамау­данындағы №11 үйдің тұрғындары сол үй жанындағы гараждар меншік иелеріне арыз айтып, гараждар мәртебесін шешуді сұраған еді.

Жалпы, қаладағы көпшілік жеке гараждар 1989-1990 жылдары тұрғындардың өз күшімен орнатыл­ған болатын. Әрине, өтпелі кезең болғандықтан соған дейін гараж мәселесімен ешкім айналыспаған еді. Сондай-ақ, оларды орнатуға да ешқандай рұқсат беретін құжаттар берілмеген-тұғын. Тек соңғы жыл­дары ғана аудан әкімдіктері гараждардың заңдылықтары туралы мәселені қайта көтере бастаған. Бұл ретте олардың ойынша «кезінде рұқсат қағазынсыз салына салған көпшілік гараждар иелерінде жерді иеленуге құқық беретін  ешқандай мемлекеттік актінің болуы мүмкін емес. Демек, гараж кооперативтері иелерінің салық төлеп жүргені де мүлде шындықпен жанаспайды екен.

Осыған орай, қазіргі таңда қалада жеке гараждардың заңдылығы тыңғылықты тексеріліп жатыр. Тіпті, кей жерлерде гараждарды бұзу туралы түсіндірме жұмыстары да жүре бастаған дейді. Ендеше, жуық арада қала ішінде тиісті мемлекеттік актісі жоқ және заңсыз салынған гараждар бұзыла бастаса ренжи көрмеңіз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *