ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, ОҚУЛЫҒЫҢДЫ ТҮЗЕ

немесе оқулық жазатындардың Жапонияға жолаушылап қайтқаны жөн-ау

Әркім өз ісімен айналыспаған соң, өз орнында отырмаған соң осылай болады. Өмірін енді бастаған оқушыны алдау, адастыру бұл қылмыстың, оның ішінде рухани қылмыстың ең үлкені. Оқулығың қандай болса, өзің де сондай боласың. Ертең «балам неге бұлай болды?» деме.

Бұрнағы күні ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулықтар сапасы жөнінде айтты. Бұл саланың басшысы әу баста бұдан көп бұрын әңгі­мені осыдан бастау керек еді. Оқулықтар түзелмей, ел түзелмейді. Министр өз сөзінде физика, география, орыс, қазақ, ағылшын тілі пәндеріндегі қателер жөнінде ғана айтты. Ал енді осы шалажансар оқулық­тардың бағасы да қолжетімді емес. Ата-ана амал жоқ алады. Демек, ақыл емес, ақша қуып кеткенбіз.

Оқулықтардың мазмұны сын көтермей­тініне министр мырза бірнеше мысал келтірді.

Оқулықтардың сапасыз болуының бір себебі — оған берілетін уақыт жеткілікті емес. Демек, асығыс жазылады. Бұдан кейін сапа туралы қандай әңгіме болмақ?

Министрдің айтуынша, оқулық жазу монография жазу емес. Оған қойылатын өз талаптары бар. Керісінше, балалардың түсінігіне, ұғымына ауыр жазылады. Бұл ретте министр мырза, оқулықтарды дайын­дау, іріктеу, сараптама жүйесін өзгертетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ең бастысы, деп түсінген дұрыс, еліміздің үздік мұғалімде­рінен сарапшылар тобын құру жоспарлан­ды. Оларды оқулық негіздерімен таныс­тырып, арнайы оқытып, сертификаттар берілмекші. Оқулық авторлары арнайы оқудан, сүзгіден өтеді. Шынында да кез-келген жақсы ғалымның оқулық жазуға бейімі бола бермейді.

Бізде көп қателік бар. Әрине, оның бәрін түзету мүмкін де емес. Бірақ неден қателесіп жүрміз, неден қателеспеуіміз керек? Ең бастысы, осы емес пе? Ал оқулықтағы қателік, оқушыны алдау бұл болашағыңды алдау деген сөз.

Оқулық – бағыт-бағдар беруші. Оқулық үлкен білім бұлағының басы. Сол бұлақтың көзін қалай ашсақ, оның ертеңгі нәтижесі де соған байланысты болмақ.

Р.S.

Өзіңде болмаған соң, оңып тұрмаған соң өмір бойы өзгенің өнегесіне тамсанып өтесің. Сол баяғы жапондар еске түсіп отыр. Қайсыбір жылы осы елде болғанда бала­ларға арналған оқулықтармен танысудың да сәті түскен. Әдебиет, тарих, математика, қайсыбірін айтарсың, бәрі де баланың түсі­нігіне сай, ұлттық ұғыммен астасып жазыл­ған. Бұның сыртында әдебиет, мәдениетке, т.б. қосымша оқулықтар және бар. Сондай-ақ, біздегідей оқушының белін қайысты­ратын зілдей емес, өте жеңіл әрі алып жүруге ықшам. Гидтің айтуынша, бұл елдегі кітаптар ең алдымен, балаларға арнап жазылады екен.

Бәлкім, министр мырза өзі айтқандай, әлгі сапасыз оқулықтарға қор болған мол қаражаттың шетінен болмашы ғана кертіп алып, алдағы уақытта жасақтайтын арнайы сарапшыларын Жапонияға бір сапаршыла­тып алса қалай болар екен!?

Ұлы Мұхаңның ұлағатты сөзін сәл бұрып айтсақ былай:

Ел боламын десең, оқулығыңды түзе!

 

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *