«Экологиялық білім беру күні» аталып өтті

Негізі, экологиялық жауапкер­шілік  адамның өз іс-әрекетін бақылау, табиғи ортадағы өз іс-әрекетінің жақын кездегі және болашақтағы нәтижелерін болжай білу, өзіне және басқаларға сын көзбен  қарай білу секілді бірқатар қасиеттерімен байланысты болып жатады.

Балаларға ерте жастан бастап экологиялық білім беру – бұл табиғатты пайдалануға дайындау және саланың іргелі негіздері ретінде жалпы экологияның теориясы мен практикасын иге­руге бағытталған оқыту жүйесін құру. Бұлар табиғатты қорғау білімімен тығыз байланысты. Әдетте, экологиялық білім – қоршаған ортаны қорғау үшін қажетті білімді, әдетті, ептілікті, икемдікті қамтиды. Ол кәсіби мамандарды дайындауға ықпал етіп, кадрларға білім беру мен оларды дайындаудың ажырамас бөлігі болып табылады.

Осы мақсатта Іле-Алатау мем­лекеттік ұлттық табиғи паркінде 12 мектеп орманшылығы (Ломоносовец, Экофарм, Мөлдір бұлақ, Жас өркен, Табиғат көмекшілері, Ивушка, Росток және т.б) ұйымдастырылған. Олардың негізгі міндеті – жас ұрпақты табиғатты аялауға және оған ықыласпен қарауға тәрбие­леу, орманшылық және биоло­гиялық әртүрлілік аясындағы білім­дерін кәсіби бағыттау, эко­логиялық білім беру, кеңейту, тереңдету және іс-тәжірибе жүзін­де бекіту мақсаттарымен құры­лады.

Сол себепті, Ұлттық парк мамандары мектеп ұстаздарымен бірлесе мектеп орманшылық­тарында тығыз жұмыс атқарады. Осы орайда Ұлттық парк аума­ғында экологиялық десанттар, тұқымбақтағы практикалық жұ­мыс­тар, экологиялық табиғат қорғау акциялары, оқу экскур­сиялары секілді жұмыстар ұйым­дастырылады. Осындай жұмыс­тар­дың бірі, экологиялық күнтіз­беге сәйкес, Ұлттық парктің «Алатаудың тылсым әлемі» атты  жолығу орталығындағы көрме форматында өткен «Экологиялық білім беру күні» болып табылады.

Оқушылар көрмеге қызығу­шы­лығын таныту арқылы таби­ғатқа жанашырлықпен қарау және оны аялау керектігін, таби­ғат пен адам арасындағы қарым- қатынастың өте тығыз екендігін ұғына отырып, өз баяндамаларын және экологиялық тақырыптағы өнерлерін (өз қолымен салған суреттерін) көрсетті.

Әрине, табиғат пен адам қатар ұғым. Адам таби­ғатсыз  өмір сүре алмайды. Осыны жақсы түсінген олар, болашақта  табиғат алдын­дағы жауапкершіліктің бар екенін ұғынып өседі және табиғатты қасиет тұтады. Өйткені, табиғат — тіршіліктің құт-бере­кесі. Сондық­тан да табиғатты қорғау басты міндетіміз болып табылады.

 

А.КӨкенова,

Іле-Алатау МҰТП-і Экологиялық ағарту

және туризм бөлімінің эколог ағартушысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *