Дала мінезді дара суреткер

Үйімнің төрінде ілулі тұрған  картинаға көзім түскен сайын  Зейнеп Түсіпова есіме түседі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші. Құмырадағы гүл шоғы бейнеленген осы  натюрмортты  өз қолымен сыйға тартып еді. «Тағы бір картинамды сыйлаймын» деп жүруші еді марқұм. Міне, өмірден өткеніне де бір жыл  өте шығыпты.

…Қазақтың қоңыр қызының  денесі қандай ірі болса, мінезі де кесек, табиғаты күрделі еді. Кімге, нені  болсын бетке айтып салып отыра беретін.  Кәдімгі қырдың  қасқыр мінез қызы. Түлкімінез заманда ондай адамдардың айналасымен араласуы да оңай болмағаны  анық. Адамдарды жанына көп жақындатпайтын.  Әрине,  басқалар да сосын жуыса бермейтін.  Бірақ сырты суық болғанмен,  іші  жылы адамдар болады емес пе. Тура сондай, іші өте жылы адам еді.  Кейде аңқау бала мінезі  де байқалып тұратын…

Суретші Зейнеп Түсіпованың бүкіл шығармашылығының алтын арқау, асыл тіні – ауыл, табиғат тақырыбы десек, ақиқат ауылынан алшақ кетпегеніміз. Өнер жолын ұстанғалы уықтай шаншып, уыздай ұйытқаны   да – сол ұлттық нақыш, ұлы дала­ның өзіне ғана тән ұғымдары мен ұстын­дарының қадір-қасиетін хал-қаде­рінше қалам ұшымен таныту. Айналып келіп ауыл тақырыбын табатыны да, таби­ғат-ананың құшағына тарпаңдай тығыла беретіні де – сол бар бояу нәрімен сәбиінен санаға сіңген өскен ел, өнген жұрттың өне­ге­лі өмір шежіресі екені күмән туғызбаса керек.

Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы Жаңатасқа жақын жердегі жота-жонын шоғыр тал көмгерген тау етегіндегі шашырай қонған шағын ауыл – Ақтоғай. Оның жарлауыт етегін жарып аққан өзен – суреткердің көзін ашып көргелі көкірегін тербеп, күллі дүниеге көрік қып басқан көркем әлемінің кішкентай көрінісі десек, қателеспеспіз. Үлкен суретшілік жолға әкелген сүрлеу-соқпақ сол жерден баста­лады. Алдымен тәлім нәрін алған тамыр-тегі сол өзі туып-өскен ауылдағы сыр ұшығын сырмаққа шегіп, ой жібін ою ғып басқан алтын саусақ әжелердің қол қимы­лын бағудан бастау алды. Кереге көзінен-ақ кеңістіктің кереметін бағып, кемел табиғаттың өзінен сурет салуды үйренді. Қазір қаламынан жаралған қат-қабат бояулардан қанып көз көрген, жарып көңіл тоқыған жайлар жал толқын боп сезілсе, түз мінезін, қыр табиғатын, дала болмысын баз-байырғы қалпында бере білсе – ол осы қыр мінез қазақ қызының қыр төсін емін-еркін еміп өскендігінен. Қаратаудың қойнау-қолаттарынан ескен қоңыр салқын самалдай жанға жайлылық, бағзы-байыр­ғылық, күміс көмескілік көзге ұрып тұра­тын суретші шығармаларының ой толғағын тап басам деп, тылсым тереңіне қалай тартылғаныңды білмей қаласың. Далалық өлшемге салынған даналық пішімдерді даусыз тану оңай емес. Бір атап айтарлығы, сол қат-қабат бояудың ар жағына қанша үңіліп, жалтыраған саңылауына жанарың­ды сонша жүгіртсең де иненің жасуындай суық жарқылды сезе алмайсың. Мейлі ол қайыстай қатқан қара жол бола ма, қара­уытқан құба жон бола ма, болмаса көз ұшын­да бұлдыраған жолаушы, иесіз дала­дағы шоқ ағаш, жалғыз-жарым жылып аққан бұлақ бола ма, бәрінің де көлеңке­сінен күнгейі басым, шырайлы шуағы мол, өмір қуанышын өгейсіткен жері жоқ. Өмір-өңірдің өз түсіне қолдан қара бояу жағып, қасиет құнарын кемітуге қарсы болыпты. Сонан да суретшінің талайына балаған болмыстың бар бояуы қанық, жан-жүзі жарқын, ажары айшықты, үзілген жерді де жалғап кетер үміт сәулесі басым. Соның бәрі соны жерге ат шалдырып, құйқалы жер­ге қазық қаққанының арқасы екені даусыз.

Өткен ғасырдың 70-жылдары респуб­лика өнеріне келіп қосылған біp топ дарын­ды суретшінің ішінде Зейнеп Түсіпованың шығармашылығы ерекше қырынан көрінген себебінің бір ұшы, оның кейіпкер­лерінің жан дүниесінің шынайылығында, тазалығында, қарапайымдылығында жатыр еді. Әріптестерінің көңілін бірден аударған да оның осы ауыл, дала тақырыбындағы шағын-шағын этюд-пейзаждары мен портреттері болып еді.  Жетпісінші жылдары ауыл өмірін, шопандар өмірінен  сюжет­терді, жайлау мен қойшы ауылды, дала өмірін суреттеу кескіндемешілер үшін оңай тиген жоқ. Бұл кезеңдегі көрмелерде индус­трияны, өндіріс  алыптарын жырлаған кар­тиналар мен «коммунизм құрылысшы­ларының» қаһармандық-эпикалық порт­рет­тері басты орын алды. Ал Зейнеп тақы­рыпты алыстан іздеп әуре болмай, әу бастан өзіне тым жақын, бала кезінен көріп-білген, түйсініп өскен табиғи бастауын, сүйікті ортасын тереңдеп бейнелеуге күш салды. Әу бастан ол импрессионистік бағытты таңдап, стилін ерте айқындап алған. Содан айнымай өтті. Асықпай жырлады, асықпай тереңдетті, нәтижесінде өлмес туындылар дүниеге келді.

Зейнеп Түсіпованы  қазақ бейнелеу өнеріне қосқан қомақты үлесін оның осы ұлттық тұрмысты және қaзіprі заманғы қазақ ауылын суреттеген кескіндемелік полотноларынан іздесек, қателесе қоймай­мыз. Ауыл мен дала тақырыбына келгенде көсіліп сала беретін оның полотноларында ғасырлар бойы табиғатпен үйлесімде өмір сүрген қазақ халқының өнегелі сұлулығы, өрлігі, сана-сезімі, философиясы тұнып тұрады. Барлығы шынайы, табиғи беріледі. Қазақ даласының әсем табиғатын бейне­леген  «Қаратауға барар жол», «Қазақ аула­сы», «Менің Ақтоғай ауылым», «Жаңатас таулары» және басқа да туындыларына үңілсеңіз, бәрі де нәзік эмоционалды сезіммен шебер жазылғанын аңғарасыз. Кейіпкерлерінің көбісі – қарапайым ауыл адамдары: алқызыл от лаулай жанған жерошақ басында қызыл күрең бауырсақ пісіріп жатқан әйелдер, ақ лақпен ойнаған тұлымшақты қыз, жайлаудағы малшы, күнделікті күйбең тіршілік үстіндегі жандар рухани сезімде беріледі, жүздерінен салиқалылығын, қуаныш пен ренішін, жан күйзелісі немесе мамыражай тыныштығын, тоқшылығы пен шүкіршілігін сезінесіз, соның бәрі күнделікті тұрмыс-тіршілік әуенімен астастырыла берілген.

Ауыл тақырыбы дегеннен шығады, Зейнеп Жақанқызының қазақ топырағын­дағы осы тамырлас туындылардың алдыңғы легінен табылар бірқатар картиналары Қазақ мемлекеттік өнер мұражайының төрінен орын алған. Өзіндік қанық бояу мен қайталанбас ерекшелікке толы «Жайлауда» (1977), «Қаратау» (1977), «Ауыл­да» (1987), «Тау-Түрген» (1990), сондай-ақ,  «Таң», «Көктем», «Даладағы өмір», «Бауырсақ пісіру» атты картиналары сезімге суарылған түстердің өзара тоғы­суынан бір демде пайда бола қалғандай көрінсе, ондағы табиғи тұтастықтың мұрты бұзылмағандығынан деп білген жөн. Бұл орайда қазақ бейнелеу өнерінің патриархы Әбілхан Қастеев қалап кеткен қабырғалы дәстүрді жалғай отырып, өзіндік ізбен тереңдетуді суретші қаламының басты қасиеті деп ұқсақ, дұрыс болар. Бұл жолда оның адаспағаны анық, баянды бақыты да сонда.

Алматыдағы көркемсурет училищесінде оқи жүріп, Романов, Нұрмағамбетов, Мамбеев, Гурьев, Нимец секілді сайдың тасындай қылқалам иелерінен тәлім ала жүріп, о бастан француз мектебі тудырған импрессионист бағытын ұстанған суретші қыз өз стилін қалыптастыруға баса ден қойған-ды.

Суретшінің таңдаған тақырып аясы да, сол тақырыпқа салған қолтаңбасы да сан алуан. Бұл орайдағы натюрморттары, пейзаждары, портреттері биік мәдениет пен берік үйлесімнің үндесуімен ерекшеленіп тұрады. Яғни өзіндік орындаушылық шеберлігімен, ерекше ырғағымен ел ықыла­сына бөленген еңбектер қатарына енеді. «Бүркітші», «Бүркіт», «Ымырттағы Алатау» пейзажы сериялары да қиял ұшқыр­лығы­ның қалт жібермеген құнары бөлек қырларына жатады.

Сондай бірқатар еңбектері Президенттік Мәдениет орталығында, Алматы мен Астана, облыс музейлері мен қорларында, сондай-ақ жекелеген картиналары Гер­мания мен АҚШ, Канада, Франция, Венгрия, Түркия, Корея, Ресейдің жеке коллекциясында сақтаулы.

Табиғатына жақын болғандықтан да болар, суретші шығармашылығында дала­ның сұлулық белгісі – гүлдердің де алатын орны зор. Гүлдер тақырыбындағы суреттері бойына нәзіктіктің құпия сырын бүккен, табиғаты астарлы дүниелер. Былай қарағанда, жәй ғана гүл шоқтары сияқты көрінетін мұндай натюрморттарында әйел жанының тылсым дүниесін, сұлулық сырын, тіршілік нәрін сездірер ой ағындары астасып жатыр.

Сурет өнерінде музыканың алар орны ерекше деп білетін Зейнеп Жақанқызының кейбір полотнолары тікелей әуен әсерінен туындаған. «Музыка образ тудырып қана қоймай, кейде бояудың түсіне дейін «айтып береді», – дейтін өзі бұл жөнінде. Қанша дегенмен аққуға ән жалғаған Ілекеңнің туған бауыры емес пе.

Суретші шығармаларында шетелдік сапарлардың әсерінен дүниеге келген туындылардың орны бір бөлек. Тұңғыш рет 1989 жылы Қазақстан суретшілері атынан Мозамбиктегі көрмеге қатысып, табысқа бөленді. Африка сапарынан туған «Негр қызы», «Қызыл пальма» туындылары талант­ты жанды тағы бір қырынан таныт­ты. Келесі жылы Оңтүстік Кореядағы көр­меге қатысып, шалғай елден шабыт тұлпа­рына мініп қайтты. Үнді, Греция, Пәкістан­ға барған туристік сапарлары да сазды әсерге бөлеп, бөлекше бояуға жетеледі.

Туыстас ел Түркияда қазақ суретшілері ішінен тұңғыш рет Зейнеп Жақанқызының көрмесі өткізілді. Бұл бір шығармашылық жемісінің шырын дәмін тұңғыш сезінген, шабыты шарықтаған ерекше шақ ретінде есінде қалды. 1991 жылы Анкарадағы «Гезам» галереясында өткен сол көрмедегі керемет жетістіктен соң, түрік ағайындар­дың арнайы шақыртуымен тағы сонда үш рет сурет көрмесін өткізді. Мозамбик (1991), Сеулде (1993) өткен халықаралық көр­мелерге қатынасты. Шалғай сапарлар­дың әсері шабыт ырғағын шарықша шыңдап, жаңа ізденістерге құлай құлаш ұрғызды. Пушкин, Абай, Шәкен Айманов портреттерін өзіндік бояумен жазып шықты. Сонан кейін-ақ қырықтай еңбегі қалың елді шарлап кетті.  Талай дала мінез дара суреттер тудырған суретші  2001 жылы Бейбарыс бабамыздың ізімен көне Египет жеріне барып, Каирде өткен халықаралық көр­меге қатысып  қайтты. Қылқалам қуатын Мысыр сапарындағы құм басқан тарих қойнауынан ойша тірілтіп алған бабаларымыздың сесті мүсінін соғуға жұм­сады.  «Александриядағы Қайтпай баба қорғаны», «Мысырдағы Бейбарыс мешіті» туындылары сол сапардан туған әсерлер.

Суретшінің шығармашылығында туған ауылы Ақтоғайдың алар орны ерекше дедік. Тау мен өзен аңғарында орналасқан табиғаты керемет осы бір кішкентай ауыл­дан түлеп ұшқан таланттар легі аз емес. Олар – Зейнептің туған ағасы, жазу­шы, композитор Ілия Жақанов бастаған өнер мен ғылымдағы белгілі азаматтар. Жетпіс сегіз жасында университет бітіріп, диплом қорғаған Ілия ақсақалдың бойын­дағы суретшілік қасиеттің ата-баба қаны­нан дарығанын  осының өзі де аңғартса керек.

Зейнеп Ақтоғайын бояумен аялап өтті.   Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында  «Менің ауылым Ақтоғай» атты жеке сурет көрмесін бірнеше рет өткізді. Өйткені, бүкіл шығармашы­лығы­ның алтын тіні сол бір мөлдір бастаудан өріліп шыққан. Алматыда елу жылдай тұрса да, кішкентай ауылын өз өмірінің бөлінбес бөлшегіндей сезініп өтті. Үнемі сағынып тұрды. Сол туған ауылына өмірі­нің соңында жиі-жиі ат басын бұратын болды. Ақтоғай орта мектебінің оқушы­ларының көбісі Зейнеп апайына еліктеп сурет салып кеткені, болашақта ол жерден суретші мамандығын таңдағысы келетіндер  көп шығары анық.  Сол оқушылардың талабы­на сүйсініп, бағыт-бағдар бергенін,  ауыл­дағы шәкірттермен бірге табиғат аясына бірге серуендеп, оларға шеберлік сабағын өткізгенін,  мектеп ұжымына сурет-альбо­мын тарту еткенін, сөйтіп туған жерінен Алматыға сергіп қайтқанын,  ауыл мен дала тақырыбындағы сериясын ары қарай да жалғастыра беретінін айтатын еді марқұм.

Даланың мәңгілік әуені Сарысудан шыққан саңлақ суретшінің  бейнелеу әлемінде әлі де жалғасып жатқандай. Өнердің өлмес құдіреті де сонда емес пе…

 

Төреғали ТӘШЕНОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *