Дала медбикесі

Осыдан 78 жыл бұрын  жеңіспен аяқталған  Екінші  дүниежүзілік   соғысты  бастан өткерген ардагерлер күн санап азайып барады. Олардың ерлігі ұлтқа мақтан, ұрпаққа үлгі. Біз   сол қан майданды бастан кешіп,  бейбіт  өмірде  үлгі  көрсеткен  апамыздың   соңында   қалған ұл-қыздарымен тілдескенде, біраз нәрсеге қанық болдық. Кейіпкеріміз – Балдаш  Кенжалина еді.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қырғын соғыстың аяқталғанына да 78 жылдың жүзі болыпты. Тарих шежіресінде Екінші дүниежүзілік соғыс, ал бұрынғы Кеңес Одағының халқы үшін Ұлы Отан соғысы атанған сол бір сұрапыл жылдардың жылнамасында   «талай-талай қазақ жауынгерлерінің ерлік  өнегесі көмескіленіп жатыр десеңізші. Солардың бірі  – Ұлы Отан соғысының отты жылда­рын­дағы барлық қиындықтарды бастан-аяқ кешкен   Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы  –  Балдаш  Кенжалина   еді.

Көзі тірісінде апамыз соғыс туралы әңгіме басталса болды, бұл тақырыптан үнемі жалтарып кетеді  екен. Тіпті, теледидардан соғыс туралы киноларды да қарамайтын  болған.

«Соғыс жылдарының сұмдығын сендер естімей-ақ қойыңдар, қиын­дығын көрмей-ақ қойыңдар», – деп азар да безер болатын.

Кеудесі ордендер мен медаль­дарға толы апамыздың соғыс туралы естелік айтудан неге қашқақтай­тынын түсінбеуші едік. Сөйтсек, адам төзбес ауыртпалықтарды басынан өткерген соғыс солдаты сол жылдардың сұмдығын қайталап еске алуға да жүрексінеді екен ғой.

Ұлы Отан соғысы туралы мәлі­меттер де, деректер де өте көп. Со­лардың бірі – соғыс жылдарында Кеңес армиясының қатарына 1 мил­лион 200 мыңға жуық қазақстан­дықтың шақырылғандығы, ал ең қиыны майдан даласынан сол жауынгерлердің 600 мыңға жуығы туған жеріне қайтып оралмай, сұрапыл соғыста Отаны үшін құрбан болғандығы.

Бүкіл қазақстандықтар үшін  өткен алапат  соғыс  өзге елдер сияқ­ты Қазақстанға да оңайлықпен келе қойған жоқ.  Бұл жолда мил­лион­даған адам опат болды, қалалар мен елді-мекендер қирады, мыңдаған ана жесір, мыңдаған бала жетім қалды. Майдандағы ержүрек жауынгерлер ерліктің, өрліктің неше түрлі үлгісін көрсетті. Тылдағы қариялар мен қыз-келіншектер күндіз-түні жұмыс істеді. Соның нәтижесінде  неміс фашистерінің ой-жоспары іске аспады,  өз  ұясында  күл-талқаны шықты.

Ұлы Жеңісті жақындатуға Қа­зақстан халқы ерекше үлес қосқа­нын атап өткен жөн. Қолда бар мә­ліметтерге қарағанда, соғыс жыл­дарында Қазақстаннан 12 атқыштар дивизиясы, төрт ұлттық атты әскер дивизиясы, екі атқыштар бригадасы жасақталып, майданға жіберілген екен. Бұлардан бөлек, елу полк пен батальон біріктіріліп, бірден ұрыс даласына аттандырылыпты.  Олар­дың  қатарында  қазақстандық  қыз­дар да  ұлы  ерліктің  үлгісін көр­сетті.  Бүгінде  әлем 500-ден  астам   Кеңес Одағының  батырларының  ішінде қазақстандық  батыр  қыз­дардың   есімін  жатқа  біледі  екен. Сол  қыздардың  қатарынан  біз  Балдаш  Кенжалина  апамыздың да болғанын  мақтаныш  етеміз.

Балдаш  апамыз  соғыстың  қыз­ған  кезінде  Чкалов қаласына  әс­керге  алынады.  Басынан бақай­шағына дейін қаруланған неміс әскерінің жойқын күшіне төтеп бере алмай, шегіне соғысқан кеңес жауынгерлерінің рухын көтерген қасиетті «Жеңіс»  деген сөзді  ол  осында  дала  госпиталында  есітеді. Балдаш  Кенжалықызының есімі  Сталинград қаласын қорғаушылар  қатарында  айтылып,  ерлігі бүгінгі ұрпақтары үшін әрдайым мақта­нышқа айналған ерлік десе де болады. 1942 жылдың 17 шілдесінен бастап 1943 жылдың 2 ақпанына дейін созылған Сталинград шайқасы кезінде  Чкалов қаласындағы әскери госпитальда жауынгерлермен  бірге оқ пен  оттың  ортасында   болады.

Ұлы Отан соғысының ардагері   Балдаш  Кенжалина  бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған жан. Ол  1924 жылы   Қызылорда  облы­сы,  Қазалы   ауданындағы   «Жел­дермен»  ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған   Балдаш    Қызылорда  қаласындағы   мұғалімдер  даярлайтын  курсты  бітіріп,  Арал  ауданының  Сайғонды  елді  мекеніне  жіберіліп,  осында     сауат  ашу  мектебін  ұйымдасты­ра­ды.  Бұл  жерде  өзінің  әкесімен жас­ты  үлкен  кісілерге  сабақ  үй­ретіп,  елдің  алғысына  кенеледі.  Бір  ауыл елге  сабақ  үйрету оған  қиын­­дық  әкелмейді.  Бірақ  үй  түбінде  болып  жатқан  соғыс  оның  жанын  жай  таптырмайды.  Түске  дейін  са­бақ өткізсе, түс қайта  әс­кери  комис­сариаттың есігін  аңду­мен  болады. Өжет қыз  айтқанынан  қайтпайды. Бұл  жердегі бар мәселе  оның  жасында болады. Небәрі  16 жастағы  балауса  қызды  кім әскерге  алсын.  Бірақ  ол амалын  табады. Бұл  кезде Сталинград соғысынан  және  оған  жақын  маңдағы майдан  даласында  жараланғандарды таяу  маңдағы  Чкалов  қаласындағы дала  әскери  госпиталына  әкеліп  емдеу  жүр­гі­зілу  ұйымдастырылады.  Бал­таш  апа­мыз осы  әскери  госпитальға  алынып,  талай  жауынгерлерді  өлім­­­нен  аман  алып  қалады.

Бейресми дерек көздері бойынша 75 мыңға жуық қаршадай ұл мен қыз партизан отрядтарында жауға қарсы тұрыпты.

Ел алдында қасиетті борышын өтеуге асыққан Балдаш   мен жаспын, баламын демей, майданға өз еркімен аттанып, жоғарыда атап өткен мыңдаған өрімдей жастар сияқты ерлікпен шайқасты. Кәмелет жасына толмағандарды соғысқа жібермеді деу қисынсыз болар.

Мәселе  Балдаш   Кенжалинаның туылған жылында емес, оның ел басына күн туғанда, етігімен қан кешіп, жауды жеңуге өз үлесін қосқандығы. «Жаным – арымның садағасы» деп, өз өмірін бүгінгі бейбіт күнге айырбастап, сіз бен бізге сыйға тартып кеткендігі маңызды болар. Міне, сол Ұлы Жеңіске Балдаш  апамыздың қосқан үлесі де бар. Оның ерліктері орден, медальдармен атап өтілген.

Балдаш  апамыз ел шетіне жау тигенде, жастығына қарамастан, туған Отанын  қорғаймын деп май­данға өзі сұранып барып,   жаралы  жауынгерлерді ұрысқа баптады. Осы­лайша қарапайым қазақ қыздарының қолынан да көп нәрсе келетінін ісімен дәлелдеді. Ал ерлік даңқы ешқашан өшпек емес.

– Отанымды жігіттермен бірге қорғаймын деп, әскери комиссарға дамыл бермедім, қайта-қайта комис­сариатқа бара бердім. Алғашында әскери комиссар балаң жүзімді бір шолып өтіп, бұрқ етті: «Қандай май­дан,  сен  мұнда  керексің,   адам­дар­ға білім бер, ата-анаңа көмектес!», – деді. Келесі жолы да осы жайт қайталанды… Кезекті 6ір барға­нымда менің тағы да қың­қылдап уақытын алатынын сезді ме, ақыры жылы сөйлеп: «Қызым, дайындал, ертең майданға жүресің, бірақ алғашқы бетте әскери ма­мандық аласың». Сөйтіп, қайта-қайта барып жүріп, өтінішімді орындаттым», – деген-ді.

Ол қырғын соғыста жүріп қа­зақтың «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөзінің тегін айтылмағанына көз жеткізді. Соғыс кезінде  жаралы  жауынгерлерді  қаншама рет ажал аузынан аман   алып қалды.

– Майдандас бауырларымның  барлығы  да елі үшін жан аямай күресті. Олардың барлығы да зор құрметке лайық жандар. Бейбітшілік пен берекенің қадірін біліңдер. Одан асқан бақыт жоқ . Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет  көрсету қанымыздан келе жатқан қасиет. Ең бастысы, осы қасиетті жоғалтып алмаңдар. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, ел іргесі берік болсын. Келешек ұрпағымның алдынан енді ешқандай кедергі кездеспесін. Тек қана мамыражай бейбіт заман болып, соғыс өрті тұтанбасын. Адамды адам қылатын адамгершілік пен адал еңбек қана.

Ерлік – майдан шебінде, ұрыс даласында ғана жасалмайды. Шын­туайтында, ерліктің түрі көп. Соның бірі – бейбіт өмірдегі ерлік пен батырлықтың үлгісіне бас имеу, құрмет тұтпау мүмкін емес. Әсіресе, күнделікті өмірі тәуекелмен тығыз байланысты   жандардың әрбір ба­тыл әрекеті, табанды іс-қимылы қоғамның тікелей назарында болары даусыз.

Сұрапыл соғысты да, бейбіт өмірді де бастан өткерген  Балдаш  Кенжалина  үлгілі ұл мен қыздың, әдепті немере-шөберенің әке, атасы ғана емес, өнер туындыларының да иесі болған.  Бейбіт  өмірге  аман  оралып,  Ақтөбе  облысы,  Шалқар  қала­сындағы  Мәдениет  саласына  араласып,  осындағы  халық  теат­ры­на  жұмысқа  тұрған.  Осында   Шә­ден  Көбегеновпен  отбасын  құрып,  ұрпақ  өрбіткен.  Ол кісінің артында әдемі өлең-өрнектері, айтатын адам табылса әндері де қалған.  1957  жылы  өзінің  туған  жері  Қазалы  қаласына  қоныс  ау­дарып,  осын­дағы  Мәдениет үйінің  директоры  болып 1974  жылға  дейін  қызмет  атқарған. Балдаш  апамыздың өмір жолы осылайша қамшы өріміндей өріліп, Отанды қастерлеу, шексіз сүю сезімі отбасы, ошақ қасынан басталатынын бір сәт те естен шығармаған абзал.

«Адал ұл ер боп туса – ел тірегі» деп есімі аңызға айналған Бауыржан Момышұлы соңына  өсиет қалдырып кеткендей, өзіне  жүктелген міндет­темелермен тапсырмаларды ерте түсінген өрен ертең халқы мен елінің сүйенішіне айналады. Қандай қиын-қыстау кезең туа қалған жағдайда да, берген антынан айнымайды. Сол себепті, біз жүйелі түрде жүргізі­летін қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, патриоттық-спорттық шаралар аясында Отан деген ұлы ұғым, қастерлі сөз азаттықтың, еркіндіктің тұғырлы өлшемі болып табылатынын, ол көк Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз  екенін  ұрпағының  бойына  сіңіре  білді.

Елбасымыздың ауыл тұрмысын көтеру, ауыл адамдарының денсау­лығын жақсарту, саламатты өмір салтын орнықтыру, ауылда білімді, мәдениетті, өнерді дамыту жөніндегі бағдарламаларына сәйкес өсіп, өр­кендеген, жаңарған ауылдың бүгінгі көрінісін дамытуға үлес қосу   –  бүгінгі  ұранымыз.

Бүгінде  кешегі   қар жастанып,   мұз төсенген ардагерлер әбден азайды. Солардың әлде де болса бағаланбаған ерлігі болса, соны жарыққа шығару – бүгінгі ұрпақ парызы.  Олай  болса,  біздің  бүгінгі бейбіт  өмір  сүруімізге  бар  саналы  өмірін  сарп  еткен  Балдаш  апа­мыздың  атына  өзінің  туған  жерін­де  көше,  өзі  қызмет  істеген  Мәде­ниет  үйінде  құрмет  тақтасын  ор­нат­са,  асыл  апамыздың  алдындағы  өтелген  бір  парызымыз болар  еді.

Балдаш  апамыз тәрбиелі  от­ба­сының  отанасы  бола  білді. Отағасы  Шәден  ағамыз  екеуінің ізінен  ерген  жалғыз  ұлы  Серік пен  келіні  Шәм­шәгүл  Рахметқызынан  өрбіген  ұрпақ бүгінде өсіп-өнген  отбасы. Ке­шегі  ұрпақ  бүгін  еңбек  дем­алы­сындағы  зейнеткерлер.  Ұзақ  жыл­дар  Алматы  қаласындағы  мектеп­терде  ұстаздық  еткен  Серік  пен  Шәм­шәгүл  бүгінде  үлкен  ша­ңы­рақтың  ұйытқысы  болып  отыр. Олардан  өрбіген  ұрпақ  бүгінде 25-ке  жеткен. Бәрі  жоғары  білімді,  кәсіби  мамандар.

Ел тыныштығы жолында қолына қару алып, майданға аттанған жауынгерлердің сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлік істері мен жарқын бейнелері кейінгі ұр­паққа өшпес өнеге болып, санамызда мәңгілік жаңғырып тұра бермек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close