ДҮНИЕ ДИДАРЫНДА ДИМАШ!

Біздің Димаштың есімі қазір қазақтың ғана емес, әлемнің аузында жүр. Ғажап! Осы бір аяулы есімді естіген сайын кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп кететіні-ай!

Тәкаппар Америкаңды да таңдай қақтырған алтын ұл

Жақында, дәлірек айтсақ, 10 желтоқ­санда Нью-Йорктегі (АҚШ) «Barclays Center» аренасында Димаш Құдайбер­ген­нің концерті өтті. «Barclays Center» – Jay-Z, Бейонсе, Мадонна, Рианна, Пол Маккарт­ни және өзге де әлемдік деңгейдегі жұлдыздар өнер көрсеткен жаһанға әйгілі сахна. Сол сахнада біздің Димаш өз концертін берген тұңғыш қазақстандық әнші. Аренада ине шаншар орын болмаған. Концерт билеттері санаулы күн ішінде өтіп кеткен. Әншіні тыңдауға, көруге әлемнің 54 елі мен АҚШ-тың 41 штатынан жанкүйер­лері келген.

Димаш Құдайберген АҚШ-қа аяқ басқан сәттен-ақ Джефри Кеннеди атын­дағы әуежайда әлемнің түкпір-түкпірінен келген фанаттары гүл шоқтарымен күтіп алған. Тіпті, қазақтың ұлына «Қош келдіңіз!» деп амандасып, талай жанкүйер оның тілінде сөйлеген.

Димаш «Arnau» шоуының үздік сәттері енген, жаңартылған «Arnau tour ENVOY» концерттік бағдарламасын ұсынды. Жаңа шоудың лейтмотиві – ғалам шексіздігінің ғарыштық тақырыбы. Оның негізін Димаш­тың көпке таныс еңбектері бекітті десек те, бұл жолы көрерменге әр нөмір жаңа сипатта ұсынылды. Көрермен 30 нөмірді lіve-бэндтің сүйемелдеуімен көруге мүмкіндік алды.

Димаштың айтуынша, үлкен сахнада өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін әлемге жеткізу – оның бала кезден бергі арманы болған. Алтын ұлдың арманы орындалды!

Шоудағы халық музыкасы орындалатын бөлімге Димаш­тың ізінен ерген інісі Әбіл­мансұр да қатысып, домбыра шертіп, көпті тамсандырды. Қазақтың ұлттық аспапта­ры­ның – домбыра мен сыбыз­ғының үні америкалық көрер­менді таң-тамаша қалдырды.

Кеш бойы Димаш сахна­лық бейнені бірнеше рет ауыс­тырды. Ол киген костюмдердің ең басты ерекшелігі – ұлттық  стильде болғаны.

Шоуда өзінің сүйікті «Дай­дидауын» орындағанда, сахна толы адам тікесінен тік тұрып, бірге қосылып шырқаған.

Иә, Еуразия құрлығын «жау­лап» болып, Атлант мұхи­тының арғы жағындағы тәкап­пар Американы тамсандырған  Димашпен қалай мақтансақ та жарасады.

Әже әлдиімен Өскен бала

Димаштың азан шақырып қойған аты – Дінмұхаммед. 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол ата-әжесінің тәрбиесімен өскен бала. Сәби өмірге келгенде ата-анасы студент болып­ты. Жас анасы университеттің бірінші кур­сында оқып жүрді. Келінім оқуын қамсыз бітіріп алсын, ұйқысы қанып жүрсін, алаңдамасын деген ниетпен әжесі Миуа Димашты өз бауырына басады. Сөйтіп, сәбиге қырық күн тола салысымен оның тәрбиесін өз қолына алып, бесікке бөлеп, әже әлдиімен өсіреді.

Димаш бала кезінен-ақ ата-анасымен концерттерде болып, олармен бірге сахнаға шығып жүрген. Әнші бала кезінде өте қиялшыл болған. Өзге балалар мультфильм кейіпкерлерінің суреттерін, көліктерді салып жатса, ол микрофонды және өзінің сахнада тұрған суреттерін салған. Дискі­лермен ойнауды ұнатыпты.

Балаларға арналған музыкалық сту­дия­ға барып жүргенде, фортепиано саба­ғын жүргізген Дина Ниязова кішкентай Димаштың дарынды екенін айтқан. Содан бастап Құдайберген атасы мен Миуа әжесі кезектесіп жүріп Димашты Динаға аптасы­на үш рет апарып отырған. Әрине, ол уақыт­та үлкен әнші болып кетеді деген мақсаттары болған жоқ, қатыссын, көрсін, босқа жүрмесін деп ойлаған екен.

Мейірім мен махаббат құшағында өскен Димашты ата-әжесі ерке бала емес дейді сұхбаттарында. Ол ақкөңіл болып ержетіпті. Музыкаға, жүзуге әуес. Кішкен­тайынан өлең шығарып, оларды қарындасы мен ата-анасына арнайды екен. Жақыным дегенде жүрегін жұлып беруге дайын бала болып өскен. Үнемі қиял әдемінде қалғып жүретіндіктен, отырған не жүрген жерінде бірдеңелерін жиі ұмытып, тастап кетіп, жоғалтып жүретін көрінеді. Мектепте біресе сөмкесін, біресе аяқкиімін тастап кететін дейді. Бұл әдеті әлі күнге дейін бар көрінеді.

Димаш туғанда Миуа әжесінің жасы 47-де болған. Сондықтан шығар, Димаш біраз­ға дейін өзінің туған шешесі Света екенін білмеген. Ал өздерін өнер әлемі тоғыс­тырған Светлана мен Қанат Айтбаев­тар Димаштың қазақы салтпен атасы мен әжесінің тәрбиесімен өскенін әрдайым мақтан тұтып отырады. Бүгінгі таңда Димаштың орнықты, жүйелі, әдемі сөйлей білетінінде де сол үлкендердің ұлағаты жатқаны сөзсіз.

Димаштың өз ата-анасы да танымал әншілер. Әкесі Қанат Айтбаев – облыстық филармонияның басшысы, анасы Светла­на Айтбаева – облыстық мәслихат депу­таты. Айтпақшы, Димаштың ата-әжесі де музыкаға жақын жандар. Бірі домбырада ойнаса, екіншісі ән салады.

Раушан атты қарындасы да сахнаға шығуға дайындалып жүр. Әзірше музыка­лық концерттерді жүргізіп жүрген көрінеді. Ал інісі Мансұрдың болашақта қандай саланы таңдайтыны әлі белгісіз. Бірақ ол да домбырада шебер ойнайды.

«Мен сені сүйемін»

Димаш Құдайбергнеов ең алғаш рет спектакльде ойнап таныла бастаған. Бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш әнші ретінде ән салған. Алты жасында «Айналайын» республикалық байқауының «Фортепиано» номинация­сында жеңімпаз атанған.

2010 жылы «Байқонырдың әсем дауыстары» халықаралық фестивалінің І жүл­десін жеңіп алған. 2012 жылы «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болып, осы жылы «Восточный базар» халықаралық байқауында І жүлде лауреаты атанды. Соны­мен қатар, Димаш Витебск қала­сында өткен XXІV Халықаралық эстрада­лық ән орындаушыларының «Славян базары – 2015» байқауында Гран-при жеңіп алған. Екі күн ішінде жас әнші 175 ұпай жинаған. Димаш бұл жүлдесі үшін 20 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

Димаш Құдайбергеннің атағы Қытай­дағы «І am a Sіnger» («Мен әншімін») әншілер байқауына қатысқаннан бастап дүр етті. Бір сәтте әлемге танылып шыға келді.

Оның Қытайдағы байқауда алғаш шырқаған «S.O.S» әнінің бейненұсқасын алғаш­қы күндерде 5 миллионнан астам адам көрген. 130 мыңнан аса адам бейне­роликті өз парақшаларында достарымен бөліскен. Олардың астында 7 мыңға таяу пікір жазылған. Пікір қалдырушылардың басым көпшілігі Батыс елдерінің азамат­тары екен.

Иә, Димаш осы сайыстың бірінші күнінде-ақ қазылар алқасы тарапынан ең жоғарғы ұпай жинаған. Тіпті, жоба мамандары «Тәңір өзі назарына алған жас әнші» деген жоғары баға берген. Сол сәттерден бастап қытайлар Димаштың киім үлгісіндегі киімдерді сатылымға шыға­рып үлгерген. Тіпті, бір топ қытайлық фанат әншінің ана тілін түсіну үшін қазақ тілі курсына жазылған. Ал Қытайдың weіbo желісінде Димаш Құдайберген туралы 84 мың ақпарат жарияланып, оқылым саны 3 млрд. 640 млн.-ға жеткен. Жергілікті ІT-мамандар Димаштың смартфондарға арналған бағдарламасын да ойлап тапқан. Димаштың суреті бар, қазақ тілінде «Мен сені сүйемін» деп жазылған сыйлық салғыш қаптар да кеңінен таралған. Сондай-ақ, қазақ әншісінің талантына тәнті кейбір көрермендер Димаштың құрметіне арнайы печенье де шығарыпты.

Ең сымбатты жігіт

Димаштың кіндік әкесі – танымал әнші және сазгер Ұлықпан Жолдасов, ал кіндік анасы – Айған Жолдасова.

Ең алғашқы бейнебаяны «Дайдидау» әніне түсірілген.

Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай елімізде 25 концерт ұйымдастырған.

Қазақтың қара домбырасы және фортепиано аспабында шебер ойнайды.

Ол «Amerіcana» білім орталығында ағылшын тілін оқыған. Содан да болар, ағылшын тіліндегі әндерді еркін айтады. Сонымен қатар, серб, итальян, француз, орыс, украин, қытай және тағы басқа да тілдерде әр түрлі жанрдағы вокалдық шығармаларды еркін орындай береді.

Димаштың Қытайда өткен «І am sіnger» ән байқауының бірінші кезеңінде киген сахналық киімі 158 890 юаньға (7,2 миллион теңгеге) сатылды.

Қытайдың әйгілі кино актері Джеки Чан Димашты өз студиясына шақырып танысады. Оған жас әнші ою-өрнекті шапан кигізіп, қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.

Қазақтың домбырасына таңқалған жапон журналистеріне: «Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың рухы. Ол жай аспаптан да үлкен дүние», – деп жауап берген.

Ерлер арасындағы «2017 жылғы ең сым­батты бейне – 100» тізіміне қазақ­стандық Димаш та енген. YouTube кана­лында TC Candler жариялаған рейтинг бойынша біздің ұл 76-шы орынға жайғасқан.

2018 жылғы қарашада Лондонда Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. «Іndіgo at the O2» концерт залы лық толып, қазақстандық әншінің табынушылары әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Барлығы 45 елден тыңдармандар келген.

Димаштың сахнадан тыс өмірін, жүріс-тұрысын, әр қадамын аңдыған бойжет­кен­дер әншіні көру үшін ол отыратын само­леттерге билет сатып алады екен. Тіпті, оның Қазақстанда өткен концертіне қатысу үшін банктен несие алып келген жанкүйерлері де бар.

Димаштың шынтақ тұсында қал секілді жүрекке ұқсас белгі бар.

Димаш сыртта жүргенде үйдің тамағын аңсап жүреді екен. Ашқылтым тамақтарды, қуырмашты, қызанақ, қиярды жақсы көреді.

 

Аман жүрші, сән бала!

Биылғы 2019 жыл да Димаш үшін жемісті жыл болды. 22 және 23 наурыз күндері әнші Мәскеудің Кремль сарайында екі концерт берді. Өнер мамандарының бағалауынша, екеуі де жоғары деңгейде өткен. Ресейдің бас сахнасы – Кремльдің алты мың орынды үлкен залы көрермен­дерге лық толды. Димаш­тың 56 елден кел­ген фанаттарынан бөлек, Ресейдің түкпір-түкпірінен өнерсүйер қауым көптің аузын­да жүрген қазақ әншісін тыңдауға келген. Концерт үзіліссіз екі жарым сағатқа созыл­ды. Димаш кеш барысында қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерінде ән шырқады.

8 сәуірде Димаш Алла Пугачеваның шығармашылық кешінде ән шырқады. Примадоннаның әйгілі «Любовь, похожая на сон» әнін орындады. Әнді продюсер әрі композитор Игорь Крутой сүйемелдеді.

7 маусымда Димаш Құдайберген «МУЗ-ТВ 2019 сыйлығы» кешінің арнайы қонағы болды. Арнайы мейман ретінде шақырылғандықтан, ең бірінші болып қызыл кілеммен жүріп өткен Димаш кештің шымылдығын ашты. Кеш қонақта­рымен қазақша амандасты.

29 маусымда Нұр-Сұлтанда «Арнау» атты жеке ән кешін өткізді. Онда қазақтың халық әндері, қазақстандық және шетелдік танымал композиторлардың туындылары, сондай-ақ, Димаштың заманауи үлгіде өңделген авторлық әндері шырқалды.

Биыл Димашымыз Ресейдің «Жыл әншісі» атағын иеленді.

Тамылжыған даусымен миллиондаған тыңдарманның таңданысын тудырып, қазақтың атын айдай әлемге паш еткен талантты әнші, отандасымыз Димаш Құдай­берген Америка сапарынан кейін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Төсбелгіні Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова салтанатты түрде табыстады. Сол марапаттың ізін ала Димашқа «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Оған қандай құрмет көрсетілсе де, еш артық емес.

Қазақ әнінің құдіретіне төрткүл дүниенің басын идірген Димаш енді қазақтың ғана ұлы емес, әлем әншісі. Ол барлық дәуірдегі барлық халықтың арасындағы ең үздік әнші деп танылды.

Өнер мен дарынды да, өң мен сымбатты да, тектілік пен қарапайымдылықты да, иман-ізет деген биік қасиеттерді де бір басына үйіп-төгіп бере салған сән бала, аман жүрші!

 

Робин Уильямсон (АҚШ):

– Мен мына жігіттің кім екенін де, мұның қандай шоу екенін де білмеймін. Білетінім: әншінің диапазоны сұмдық! Және осы сұмдық диапазонды ол қалай әуелетеді десеңші! Феномен!

Кристин Орбст (Германия):

– Мәссаған, мына жігіттің көмейінде тенор мен сопраноның арасындағы, ерге тән дауыс пен әйелге тән үн арасындағы бүкіл дыбыстар гаммасы түгел жүр ғой! Тұла бойым тітіркеніп кетті.

Марсия Никайдо (Бразилия):

– Бұл сайыс емес шығар деп үміттенемін. Егер сайыс болса, онда басқа қатысушыларға жасалған әділетсіздік бұл. Мұнымен жарысуға кімнің шамасы келеді? Құдды бір әншінің ішінде үш әнші тұрған сияқты. Ғажап!

Туула Хастбакка (Финляндия):

– Адам сенгісіз регистр, тұнық та кең дауыс, керемет интерпретация. Мықты әнші екен!

Кристина Дельмендо (АҚШ):

– Күлсеңіздер күле беріңіздер, бірақ мен әннің бір сөзін де түсінген жоқпын. Есесіне, дауыс қандай тамаша! Тыңдап отырып, көзімді жұмып едім, көңілім босап кетті. Көз жасым бетіммен тарам-тарам боп ағып жатыр. Тілдік кедергі бар болса да, музыка жүректерді біріктіріп, оларды мейірім мен бейбітшілікке үндей алады!

Лаки Кесоглу (Қазақстан):

– Димаштың даусы әншілерде сирек кездеседі. Оның дауыс түрі контртенор деп аталады. Әлемде контртенорлар саусақпен санарлық.

Әзірлеген – Нұржамал ӘЛІШЕВА.

 

Америкада 15 мыңнан астам адам қазақ баласымен бірге

қосылып, халық әні «Дайдидауды» шырқады

FACEBOOK жарияланымдарынан

Сағат таңғы 08.00. Америка Құрама Штат­тары. Нью-Йорк қаласы. Міне, біздің  Димаштың Америкадағы концерті  де аяқталды…

Мен бүгін ұйқыдан мүлдем басқа адам болып ояндым. Өмірімде бірінші рет мен өзімнің қазақ деген халықтың қызы екен­дігімді мақтан тұтып, кеудем тола қуа­ныш­пен ояндым. Жүрегім «Мен қазақ­пын!» деп дүрсілдеп оянды. Осы сезіммен әлемнің ең алып, ең керемет қалаларының бірінде отырып, бүгін өз елімді қатты сағындым.

Шынымды айтсам, осыған дейін жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алатын, жері пайдалы қазбаларға өте бай, тарихы да, тағылымы да мол менің елімді ешкім білмейтініне намыстанатынмын. Өз-өзімді кемшін ұлттың қызындай басқалардан төмен сезінетінмін, оны жасырып қайтем.

Мен осы ұлттың өскелең ұрпағы екендігіме ұялатынмын да.

Біз  емес, ересектеріміздің өзі халық әндерін білмейтіні және тыңдамайтыны үшін мен бүгін бірінші рет қатты ұялдым. Үлкендерге керек емес дүние бізге не үшін керек дейтінбіз. Мұндай көзқарастың бекер екенін бүгін сезіндім…

Мен қазақтың ұлттық құндылықтары мен руханиятын, өнерін  өзіміз бағалай  алмай жүргенімізді анық түсіндім. Жүрегім ауырды… Жыладым…

Кеше осынау алып ел – Америкада 15 мыңнан астам адам Димашпен бірге халық әні «Дайдидауды» қосыла шырқаған кезде мен жүрегім жарыла жыладым!

Концерт аяқталғаннан кейін, жан-жағыма  қарасам, әрбір үшінші адамның  қолында менің елімнің Көк Туы желбіреп кетіп барады.

Қандай мақтаныш десеңізші! Бұл кеште маған тіпті көк байрағымыздың  түсі де басқаша әсер етті. Тұла бойымды туған жерге деген сағыныш сезімі биледі.

Нью-Йоркте көргенімдерімнің бәрін тілмен айтып жеткізе алмаймын! Димаш Отаныма, туған жеріме, халқыма  деген менің ойымды түбегейлі өзгертті. Менің рухымды оятты. Тұңғыш рет ҚАЗАҚ екеніме қатты қуандым. Концерттен кейін, Димаш өзінің дәл осы сәтті  бала кезінен армандағанын айтты. Мәселе Америка туралы емес, Америкада ән салу да емес. Америкаға тіпті бүкіл әлемге өзімен қосылып қазақтың халық әндерін жатқа айтқызсам деп армандағанын айтты. Және  бұл арманын іске асырды да!

Кешегі «Barclays Arena»-да болған оқиға Қазақ елін, қазақ  баласын, қазақ өнерін бүкіл әлем тербеткен оқиға ретінде жаһан тарихында мәңгі қатталатын тағы­лымды сәт. Қазақ баласы американдық сан мыңдаған әнсүйер қауым  жиналған  аудиторияға  қазақтың халық әндерін шырқатты, оларды домбыраның кереметіне тамсандырып, қазақ әнінің құдіретіне жылатты.

Жаса, ДИМАШ! Жаса, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

 

Назым ЖАНҒАЗИНОВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *